Шежіреші Әбдікәрім
Ол кезде баламыз. Ауылда тұрамыз. Ауданнан әкемнің үлкен ағасы келді дегеннен үйден далаға ойнауға қашатынбыз. Сондағы далаға безінгендегі себеп, әлгі көкеміз бізді, соның ішінде мені қасына шақырып алып жібермей, аяқ қолын уқалатып әбден бастырады. Әрі қарайғысы енді басталады. «Тәк, кімнің баласысың?» Мен: «Сәдудің». «Ол кімнің баласы?...». «Пәленшенің...». Осылай жеті атам толық айтылып, қатесіз болғанша сұрала береді.
Қазақ «Жеті атасын білмеген жетесіз» демей ме? Сол кезде бізге жетесіз күйде болма, арғы аталарыңды таны, шежірені біл деп үйреткен тәлімі ғой. Кейін есейе келе санаға түйіп, түйсіндік. Жалпы жеті атаны білудің мақсаты – қан тазалығын бұзбау, жақын туыспен некелесуден сақтану. Қазақтар үшін шежіре үлкен маңыздылыққа ие.
Ел ішінде шежірені жинайтын әрі тарататын шежіреші болған. Мұндай адамдар тек өз жұртының ата тегін ғана емес, басқа рудың да тарихын білген. Бүгінде олардың ізін жалғап жүргендер бар. Кент тұрғыны Әбдікәрім Құдабаев ағамызды айтамын. Былайғы жұрт есімін «Әпше» деп атайды. Көпшілікке солай таныс. Кездескенде шежіре туралы әңгіме қозғалса анау ата-бабаңның арғы аталары мен бергісінің ұрпақтарын жіпке тізіп бергенде мұқият тыңдап қана қаласың. Мұнша шежірені санағы сыйдырып жатқа айту да үлкен өнер, қайталанбас қабілет. Жиырма екі жасымда қызығушылығым басталды деді Әпше ағамыз сөзін әріден бастап.
– Бұрын аудандағы военкоматта жазушы болып жұмыс істедім. Сонда Қошқаралының жігіті елге еңбегі сіңген Балмаш Ахметов деген кісіден он екі беттен тұратын шежіре жазып алып қалыпты. Содан маған көрсетіп, оқып берді. Одан мен сұрап алып, бір күнде жазып алдым да жатқа айтып бердім. Осыдан кейін шежіреге ықылас пайда болып, кірістім. Ауданмен оған қарасты ауылдардың, Қызылорда, Жалағаш, Тереңөзектегі әр рудың үлкендеріне сәлем бере барып, шежірелерін жазып алдым. Өйткені ол кісілер айтпаса келешекте шежіре айтатын адам болмай қалады. Сол себепті барлығының үйін араладым. Тіпті атап айтсам, Тілеу Жұбаев, Қасым Жүсіпов, Иіркөл ауылында Әбдібек Ерманов, Ақтөбеде Ерназар Сексенбаев, Аралбай Мыңбаев, Нәзікбай, Таян Жүсіпов әкеміз, Аппаз Серіков, Аққали Қосуақов, Әпен Маханов, Запа Дәулетбаев, Смағұл Қожахметов, Тұрмағамбет ауылында Тілеуқабақ деген атақты кісілер шежірені жақсы білгендер. Сөйтіп 1995 жылы халықтың ықыласымен, «Кете-Шөмекей шежіресі» деген кітап шығардым. Кітапта ауданның шежіресі қамтылды. Алдымен баспаға бермей тұрып шежірені газетке жариялап, әбден бақылаудан өткіздік. Халық сол кезде қосатынын қосты. Кітап жарыққа шыққанан кейін жақсы бағасын алды. Жалпы шежіре жазу оңай дүние емес. Ол төзімділікті, ізденуді, зерттеуді талап етеді. Сонымен қатар есте сақтау қабілетің де мықты болу керек, – дейді шежіреші.
Ағамыздың сол жылдарда бастап жазған қалың шежіре дәптері әлі де сақтаулы. Ауданда әр рудан тараған жандардың ұрпақтарын дәптерге түртіп жазып отырады. Шежіре дәптерден өз әкемді тауып, астына баласы деп мені де тіркеттім. Кейде әр үйге барғанда қабырғада ағашқа ойып жеті ата жазылған тақтайшаны көреміз. Сол үйдің үлкендерін танып, қай елден тарағанын біліп жатамыз. Былай қарағанда артыңдағы ұрпағыңа жазып қалдырған үлкен мұра болмақ. Қазіргі өскелеңге ата текті білу маңызды.
– Кез келген адам шежірені, жеті атаны білу керек. Ол руға бөліну емес. Біріншіден, туысыңды танисың, екіншіден, жеті атадан асып қыз алысасың. Ертеректе Керей мен Жәнібек хан Өтейбойдақ деген емшіден қазақта жазылмайтын ауру қандай деп сұрапты. Сонда ол «Жеті атаға жетпей үйленіп, ұрпақ сүйіп, ұрпағы ауруға шалдықса емдеу қиын» деген екен. Сол уақыттағы ең ауыр жаза таспен ұрып немесе аттың артына жегіп өлтірген. Солай қатты тәртіппен ұстаған. Шежірені білгеннің арқасында Қазақстанның бірталай елін араладым. Той-томалақ, жиындарға барғанда жолымызды білеміз. Үлкендермен танысқанда кімнің-кім екенін шежіресінен біліп отырамын. Қазақта «сұрай, сұрай қарын бөле шығады» дейді ғой, үйтеуір сол елмен бір туысқан болып шығасың. Кейде үйлерде қабырғаға ілінген жеті атаны көріп, дұрыс жазылмаған жерлері болса ескертіп отырамын. Кезінде бір ғұлама «Көргенін, білгенін айтпаса үлкен кінәлі, оны тыңдамаса жас кінәлі» деп айтқан екен. Сондықтан үлкендер тарихты, шежірені білген жөн. Жастар жеті атасын біліп жүрсін деп өздерінің руынан тараған шежірені жазып беремін. Көп адамға солай тараттым. Руға байланысты қыз алысуда туындаған мәселелердің талайын шештік. Ол да оңай шаруа емес. Жеті атаны дұрыс талдай білуің керек. Кейде түнгі уақытта да хабарласып жөн сұрап жатады. Ондай кезде менмендікке салынбай дұрысын айтамын. Шүкір осы уақытқа дейін шежіре білгеннен еш жамандық көрмеппін, – дейді Әбдікәрім ағамыз.
Шежірешінің балалары да бұл өнерден алыс емес. Әсіресе үлкен ұлы Еркебұлан Астанада теміржол саласында қызмет істесе де әке жолынан жаңылмаған.
Жеті атасын білу – аталарының есімдерін білумен шектелмейтінін әрбір қазақ біледі. Алайда кейбір жандар қазақ аталары турасындағы шежірені білмей жатады. Сондықтан дені сау, ақылесі бүтін ұрпақ мемлекеттің байлығы десек, ата-бабаларымыз ұстанған жеті ата дәстүріне берік болғанымыз жөн.
Ерсін СӘДУҰЛЫ