» » Есім қоюға да естілік керек

Есім қоюға да естілік керек

Адам баласы іңгәлап өмір есігін ашқан соң жақындары оған есім береді. Бұл үрдіске қазақ халқы аса қатты мән берген. Нәресте өмірге келгенде арнайы той жасап, молда алдыртып, азан шақырып, үш рет құлағына естіртіп атын қойған. Бұрындары баланың есімін үлкен ата-әжелері, жолын берсін деп ел арасында жүрген беделді, сыйлы адамдарға қойғызған. Ал қазір көп жағдайда отбасы мүшелері ішінен біреуі есім таңдап жатады. Ел арасында есім қою жөнінде де дау көп. Бірі – өмір көрген әулет үлкендері қойсын десе, жастар өздері балаларына заманауи есімдерді бергенді қалайды. Жалпы есімді кім қойса да, бұл сол отбасының шешімі. Тек балаға берілген есімге жауапкершілікпен қараса игі. Себебі қазір шетелде еліктеушіліктен туған небір есімдер ортамызда жүр. Бұл ол есімді арқалап жүрген балаға да оңай соқпайды. Сыныптастары арасында келеке болып, көптің мазағына айналып, өзін есімі үшін қор санайтындар да бар. Дұрыс есім берудің мәні осында. Адам оны өмір бойы өзіне серік ететіндіктен бұл жайтқа аса қатты мән беру керек.


(сурет ашық дереккөзден)

    Өткенге көз жіберсек, қазақ баласының есімі әр түрлі жағдайға байланысты қойып отырған. Баласының дені сау болсын деп Тасболат, Темірбек, Болатбек, Шымырбай деген есімдерді таңдаса, өмір жасы ұзақ болсын деп Жүзбай, Жанұзақ, Ұзақбай, Өмірбай, мереке күндері дүниеге келген балалардың есімін Мейрамкүл, Мейрамбек, Наурыз, Жеңіс деп қойған. Ал перзентін сағына күткендер Арман, Сағыныш, Аңсар, Қуаныш деп қойса, кенже балаларын еркелетіп Кенжебек, Еркеназ, Ақкенже деп қазақтың иісі аңқыған, естігенде құлаққа жағымды есімдерімен атаған.
     Қазіргі таңда жастар сәбилеріне мағыналы керемет есімдерді емес, шетелдік жұлдыздардың есімін қойғанына мәз. Кейде қойылған есім баланың болашақ өміріне тікелей байланысты екенін біле ме екен?! Балаға есім қоярда ойланып, тереңінен зерделеп, зерттеп, азан шақырып қою керек. Жаңаша етіп қоямын, ерекше болсын деген мақсатпен ұлының есімін Диас, Ринат, ал қыз баланың есімін Алина, Анел, Жанел, Элзура деген мән-мағынасыз есімдерге құмар болып бара жатырмыз. Шетелдік түрік, кәріс киноларын үзбей көретін қазақтарымыз сол елге еліктеп жұлдыздардың есімдерін ырым етіп қойып жататыны рас. Бірақ өзімізде де жұлдыздардың небір әдемі есімдері бар емес пе?
     Қазіргі кезде азан шақырып қоюды да үйінде үлкен қария болмаса ұмытқан. Азан шақырып ат қою – сәбиге есім қоюдың мұсылманша дәстүрі. Сәбидің бір құлағына шақырып, екінші құлағына қамат айтып есім қою сүннет амал болып саналады. Бұл амал нәрестенің жынысына байланысты емес, ұлға да, қызға да жасалады. Ислам дінін ұстанған қазақ халқы үшін дәстүрлердің бірі болғандықтан «азан шақырып қойған аты» деген тіркесті күнделікті қолданысқа енгізгенбіз. Перзентінің құлағына азан шақырып, жақсы есім қою – ислам дінінің ата-анаға жүктейтін жауапты міндеттерінің бірі. Кей адамдар атты неге азан шақырып қояды деп дұрыс мән бермейді. Күнделікті бес уақыт намаздың уақыты кіргенін мұсылмандарға хабарлағанда азан айтылады. Сондай-ақ сәбиге ат қояр сәтте де азан үні болғаны дұрыс. Себебі оқылған азан мен қамат сәбиге жасалған алғашқы иман қадамы болып табылады. Азан мағынасы мен мазмұнында терең имандылыққа жетелейтін мән жатыр.
 Есім таңдаудағы ерекшеліктер өзге халықтарда да көптеп кездеседі. Мәселен, Африканың кей елдерінде баласына бұрын өмірден өткен жақынының есімін берген. Қайтыс болған қай туысынын есімін баласына қоюды бақсы, балгерлер шешкен. Ал Австралияда балаға атты оның түшкіргеніне байланыстырып қою дәстүрі бар. Бұл үрдіс былайша өрбиді. Әкесі баласының бойынан көргісі келетін қасиеттерді әндетіп атайды. Қайсы атауға келгенде бала түшкірсе сол есімге тоқталады. Кейде баланың түшкіруін күндеп, апталап күтетін кездер де кездеседі екен.
   Бір қызығы, Испанияда әрбір бай адамның 6 есімге құқығы бар, тіпті кейбіреулері 12 есімге ие болады. Ең жоғары лауазымды адамдардың атында шектеу болмайды. Әрбір есім көктегі жебеуші есімі болып саналады, адамның есімі қаншалықты көп болса, оның қорғаушылары да көп болады деген түсінік бар. Бірақ әрбір атау үшін сол атауларды берген шіркеуге ақы төлеуге міндетті. Сондықтан кедейлер мұндай ғұрыпқа жағдайы келмей, бір-екі атаумен шектеледі. Сондай-ақ көптеген елде адамның бірнеше аты бар. Олардың бірі – балаға нәресте шағында, екіншісі – жасөспірім шағында, ал үшіншісі – ересек кездерінің басталуымен қойылады. Мәселен, Қытайда баланың бірінші балалық шағындағы еркелетіп айтатын аты болады. Екіншісі – кәмелет жастағы есімі, азаматтық жасқа толғанда балаға әкесінің тегі беріледі. Бастапқыда мұндай есімдер ер адам есімдерінен кейін қолданылған.
    Ал корей халқының түсінігі мүлде басқаша. Атын таңдау кезінде туған уақыт (минутқа дейін) пен баланың тегі маңызды рөл атқарады. Кәсіби маман иероглифтер арқылы бес элементтің үйлесімділігі мен тепе-теңдігін сақтай отырып есім таңдайды. Бұл – болашақта сәттілік әкеледі және осы қағида бойынша таңдалған есім адамды бақытты етеді деп санайды. Балаға есім таңдау шамамен 200 мың вон (170 доллар) тұрады, бірақ оның бағасы «ат қоюшының» танымалдығына байланысты өзгеруі мүмкін. Айтпақшы, ат қоюшымен тікелей өздері хабарласпай, достары арқылы келуі қажет. Баланың атын таңдау 1-2 күнге созылады. Бірнеше ұсынылған атаулардың ішінен біреуін таңдау шарт. Ақырында сәттілік пен өркендеуге кепіл болатын, құпия мағынаны білдіретін иероглифтермен жазылған алтын бедері бар хат шығарылған.
Орыс халқында балаларды туыстарының құрметіне әулиелердің атымен атайтын дәстүр кездеседі. Кейбірі мұрагерлеріне әдемі есім қоюға тырысады немесе еуропалық сәнге айналған есімдерді қояды. Ал жапондықтар нәрестеге туған күніне, айына, жылына, мезгіліне, жұлдыз-жорамалына байланысты есім берген.
Иә, әр елдің салты басқа болғандықтан, есім қоюда да өзгешелік көп. Соның ішінде санамызға сіңгені ұлттық есім беруіміз. Неге десеңіз, қазақтың әрбір атауында жақсы ниет пен тілек жатыр. Баланың есімі өміріне ықпал жасайтын болғандықтан қазақта «Атына заты сай болсын» деген әдемі тәмсіл бар. Бір қуанарлығы, қазір қазақы есімдер қайта жаңғырып келе жатыр. Оны біз өткен жылға қорытынды жасаған ұлттық статистика бюросының мәліметінен аңғардық. Онда былтыр көп қойылған есімдер көшін Әлихан, Омар, Айсұлтан, Әмір, Алдиярлар бастаса, қыз балаларға Медина, Айша, Асылым, Айым, Аяла есімдері таңдалған. Мұнымен қатар, қазір мұсылманша аттардың да көбейіп бара жатқанын да мойындаймыз. Ол тіпті құлағымызға сіңісті, естігенде жағымды болып барады.
    Бүгінгі ұрпақ – ұлт келешегі, мемлекеттің тірегі. Сондықтан ұлтымыз әрі қарай да ұлықтала берсін десек, есім қоюда естірек болыңыз. Бастысы – әрбір есім мәнді, сәнді, жарасымды болғаны құба-құп.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
06 қаңтар 2024 ж. 239 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 256

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 356

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930