» » Жоралғыны жолға қойған ауыл

Жоралғыны жолға қойған ауыл


Өңірде өнер, спорт, білім, денсаулық саласында жағымды жаңалықтар орын алса, имандылық ғұрыптарында да бірқатар жақсы істерді тілге тиек етуге болады. Облыста алғашқы боп ауданның 1960 жылғы туған азаматтардан бастап қазірге дейін Мәулітте ас беріп, олар жылма-жыл үйсіз жүрген немесе көмек қажет ететін мұқтаж жандарға жәрдемдесіп келе жатса, жуырда Ш.Уәлиханов атындағы №26 орта мектептің ардагерлері мен мұғалімдері мектеп құрылған 1895 жылдан бергі марқұм әріптестеріне арнап құран оқытты. 300-ге жуық адамға дастархан жайды. Оған елдің әр түкпірінен қайтыс болған марқұмдардың ата-аналары, балалары, бауырлары келіп, дұғаға қол жайды. Бұл үрдіс те ауданда бірінші рет болып отырған игі іс десек, қате емес. Бұл аудан халқының бірлігі мен ықыласы саналса, Дүр Оңғар ауылында ширек ғасырдан астам уақыт ауылдағы ата-баба қорымына тазарту жұмыстарын жүргізіп, ас беру де қалыпқа айналған дәстүр. Бейіт маңын тазартуға осы елді мекеннің азаматтарымен қатар, қалаға, басқа өңірге қоныс тепкен туған жер перзенттері де имандылық шарасынан қалмай, отбасы, бала-шағасымен келеді. Белгіленген күнде бірнеше қазан асылып, жиналған қауым уағыз тыңдап, іс-шарадан рухани азық алады. Жыраққа кеткендер ауыл жаңалығын естіп, сағынған топырағына аунап-қунап үйлеріне тарқасады. Мұның ізгілігін, астарында жатқан тәрбиелік мәнін қалайша айтпай кетеміз. Мақсат – мақтау немесе мадақ емес, ел ішіндегі жақсы дүниелерді көре білу мен өзгеге ой салуда.
Осындай жағымды істің жалғасын Дүр Оңғар ауылынан көріп отырмыз. Оның бірі – тойдың дастарханы мен қаралы үйдің ас мәзірі. Екі түрлі жағдай. Екі түрлі қарама-қайшылық. Бірақ, жайылатын, елді күтетін дастархан мәзірі бір. Неге? Бірі – қуаныштан шат болып, барын шашуға тырысатын болса, бірі – жалғызынан немесе ата-анасы, бауырынан айырылып, етегі жасқа толған азалы шаңырақ. Саралай беріңіз. Қуаныш, той онсыз да түсінікті жағдай. Ал қайғыдан қан жұтып, жаны жаралы жанның ондайда есі бірде – кіресілі, бірде – шығасылы емес пе? Бір ұяты, осы күйде жүріп, дүкеннен дастархан алады. Мәйітті жууға кіргендерге (таратуға) киім-кешек сатып алады. Ел аралап, ірі қара мал іздейді. Бағасын саудалайды. 20 метр ақтықты қарызға іздеп, сабылғанды да көріп жүрміз. Көз жасқа ерік беріп, жоғалтқанын жоқтап отырудың орнына, адамнан ұят болады, тыныш кетпей сынап кетеді деп, бар-жоғын түгендеп, сарсаңға түсіп отырғаны. Қала берді қалта ауыстыру бар. Ол – ішіне екі метр мата салынған целофан пакет. Шынын айтқанда, ол қалтада еш мән жоқ. Ол не көйлекке жарамайды, не басқа қажетке асусыз. Жүздің қолынан өтіп, жүз бірге жетіп жүрген жарамсыз шүберек. «Барар жерге бос барғанша, қолға бірдеңе ұстап барайын» деген түсінік қана бұл жерде. Басқа түк те емес. Бірақ бір жақсысы, тозығы жеткен мұндай үрдістен бас тарта бастағанымыз байқалады. Оған осы екі түрлі дастарханның мәзірін тәртіпке келтіріп, «жүгірмек қалта», жыртыс пен жүздікті тоқтатқан Дүр Оңғар ауылының ауызбірлікті халқы сөзімізге дәлел.   
Істің мән-жайына қанығу үшін діни жоралғыларды жолға қоя білген ауылдың ардагерлер кеңесінің төрағасы Бақытбек Тәуекеловтен  сұрап көрген едік.
– Бұл мәселелер ауылдың ардагерлерін, ауыл имамы мен белсенді азаматтарын көптен ойландырып жүрген. Әсіресе марқұм болған кісілерді жөнелту кезінде жасалатын кейбір артық ысыраптар жайсыздық тудыратын. Ақылдаса келе, бақилық болған адамдарды жерлеу кезінде жеті аталыққа шапан-шақпат, сапта тұрғандарға садақа ақша таратпау, құдайыжолы және ас беруде дастархан мәзірін тойдағыдай қылмай, шектеуге ұсыныстар жасалды. Сонымен қатар, әйел кісілер тарапынан апарылатын айырбас көйлек-орамалдар (пакет) апаруды доғару туралы да пікірлер көпшілік тарапынан қолдау тауып, нәтижесін берді. Біздің ауылда жыл сайын маусым айының 16-сында орталық қорым жанында әруақтарға арнап ас беру, тасаттық жасау үрдісі дағдыға айналған. Іс-шаралар тұрғындардың өз еркімен қаражат жинау және «Жаңажол» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің демеушілігімен өткізіледі. Шара аясында тұрғындар бірер күн бұрын қорым басында тазалық жұмыстарын жүргізеді. Биыл осында жиналған ағайынға жоғарыда айтылған ұсыныстарды айтып, ортақ келісімге келдік. Елдің ауызбіршілігі мен ақсақалдар бас болып, өз аталығындағы шараларды қадағалап отыруының нәтижесінде бұл мәселелер оң шешімін табуда, – дейді ардагерлер кеңесінің төрағасы  әңгімесінде.
Тіл-көзіміз тасқа, жалпы Дүр Оңғар ауылы аудандағы тіршілігі қайнаған, түтіні түзу ұшқан берекелі мекен. Дегенмен, бұлақтың көзін табу, арнасын аршу – мыңды бірге жерге ұйыстыра білуге ақыл-парасат, көрегенділік керек. Мұндайда кез келген істе көппен тіл табысу, ұйымдастыра білу аса маңызды. Оның ішінде дін мәселесі басқаға қарағанда нәзік келеді десек, қателеспейміз. «Өзім білемін» деген заманда өмір сүріп жатқанымызды ескерсек, біреуге бір нәрсе дәлелдеу үшін де білім-білік, азаматтық бет-бейне қажет. Ел арасында әбден өріс алып, қанға сіңісті болып кеткен кейбір діни жоралғыларға төтеп беру де оңай емес. Себебі әркімнің ой-өрісі әртүрлі, түсінігі саналуан. Дегенмен, «Көргені жақсы көш бастайды» дегендей, халқына жаны ашыған жанның қам-қарекеті қашан да жемісін береді екен. Осындай істің басы-қасында жүрген ауыл имамы Шарафадин Ахметовпен тілдескенімізде осы жайттарды анық аңғарғандай едік. Ол әңгімесін әріден бастады.
«Ауылдың тумасымын. 1990 жылы пединститут бітірдім. 1993-жылдары Болатбек Сүлейменов деген кісі Кеңес өкіметі кезінде  аудандық атқару комитетінің екінші хатшысы болып істеген. Ауылға  төраға болып келді. Біздің отбасымыз ата-бабаларымыздан бері қарай молда болған әулетпіз. Сол себепті ағамыз отбасымызға, үйдегі  ақсақалымызға имам бол, деп қолқа салды. Ауылда мешіт салатынын айтты. Сол құлшылық үйіне менің ықыласым кетті. Өзім Сирияда әскерде болып, азын-аулақ арабша сауат алғаным бар еді. Содан соң медреседе оқып, мешітке имам болдым. Келген кездегі бірінші қолға алғаным, фәдия деген болатын. Молдалар дүниеден өткен адамның басында отырып, шүберектің басына ақша түйіп, оның бірін ұшын бір адамға, бір ұшын өзі ұстап отырып, сол адам жетпіске келген болса, соның он төрт, он бес жылын алып тастаса, елу бес, елу алты жылдық өміріндегі оқылмаған намазының әр жылын, тұтылмаған оразасының әр жылын шүберекті екінші жағын ұстап отырған адамға бағыштайтын. Өлген адамның оқымаған намазы мен тұтпаған оразасының қарызын сол адам мойнына алатын. Осы нәрсе жүректен орын таппай, имам болып келгенде ең бірінші қолға алып, тоқтатқан нәрсем осы – фәдия түсіру болды. Одан соң ақсақалдарға жүздік деген нәрсені қойдырайық деп айтып жүрдім. Оны қойдыру өте қиынға түсті. 1993 жылы имам болып келгеннен насихатталған мәселеміз, 2001 жылы, яғни 8 жылдан кейін барып іске асты. Алла тағала қандай да болсын оң істің іске асуы үшін сол істің атқарылуына бір себептер жібереді. Ауылымыздың бір отбасының 3-4 жыл ішінде 4 адамы бақилық болды. 4-ші адамы кеткенде ауылдың сол кездегі ардагерлер кеңесінің төрағасы Әбдіғани Әбжалиев деген кісіге үй есі келіп, «Апамның қырқын атқаратын мал табармын, бірақ жүздігін атқара алмаймын» деген ұсынысын айтады.  Осыдан соң ақсақалдардың бас қосып, жиналыс жасап, жүздік мәселесін қойдыру туралы ойларын жеткізеді. Жиында неше жылдан бері айтылып жүрген мәселе қолдау тауып, содан беріде жүздік дегенді біздің ауыл атамайды» дейді имам.    
– Мынадай жағдай. 1990-1995 жылдар аралығында, одан да әрігеректе молданы көрші үйден бөлек жайлайтын. Сонда қайтқан адамға киім пішеді, құран оқиды. Молдаларға бөлек уақ мал сойылады. Осы үрдіске де қарсы шығып, біз елден бөлектенбейміз, елмен біргеміз деп, осы артық дүниелерді алып тастауға себепкер болдым.  Жыртыс жайына келсек, оны түбегейлі қойдыру басында мүмкін болмады. Тоқтатудың алғы шарттары жасалды. Үлкен апалардан сұрай отырып, әйел-анаға бір көйлектік неше метр мата керек, деп сұрадық. 2-3 метр матадан бір көйлек шығады екен. Онда сол көлемдегі матаны жыртып, әжелерге беріңіздер дедік. Келесі бір жағдайда тәбәрікті алған адамға емес, басқа алмаған адамға беріп, кезектестіріңіздер дегенді айттық. Мұны осылайша жолға қойдық. Кейін келе жыртыс алаңсыз жойылды. Келесі күрескеніміз – дастархан. Аста-төк дастархан, алмұрт, жүзім, алма, ананас, неше түрлі жеміс-жидек, салаттың неше атасы қойылып келді. Осыны да біртіндеп азайтып, ақырындап жолын таптық. Бір сезгеніміз – дастархан жайнап тұрған кезде, өлікке келіп отырған (әлі жаназасы шықпаған оң жақта жатқан адамның) басқа бір бөлмеде адамдардың күліп-ойнап тойда отырған сияқты эпизодтар талай көз алдымыздан өтті. Бұл сөзсіз дастарханның себебінен болды. Екшеп айтып кететін дүние, бір имамның қолынан ешнәрсе келмейді. Ол ақсақалдар тарапынан қолдауға ие болғанда ғана жүзеге асады.
Пакет алып баратын еді, шүберек-шаршы салып. Оны да әрбір отырыста  насихат айтып, оның орнына егерде қайырлы болсын, армасын айтуға 5-6 көрші ұйымдасып баратын болса, 200, 500 теңгеден жинаса да, азалы үйге бір көмек, сөйтіп апарғандарыңыз дұрыс деп, ол жағы да шешілді. Тағы бір мәселеміз – тасаттық болған. Б.Сүлейменов ағамыздың ауылға сіңірген еңбегі зор. Оны айта кету керек. Өйткені сол азамат ең алғаш рет түйелер бейіттерге сүйкеніп, зиян келтіргенде бастама көтеріп, қорымды қоршатты. Бүкіл ауыл болып киіз үй тікті. Қазан көтерілді. Іріқаралар сойылды. Сол шараның жалғасы етіп, Бөкең кеткеннен кейін неге тасаттық ұйымдастырмасқа деп имам ретінде ұсыныс айтып, алғаш рет тасаттық ұйымдастырдық. Сол шарамыз шамамен 25 жыл көлемінде іске асып келеді. Бүгінгі дінге, амал-қарекеттерге қатысты Дүр Оңғар ауылының жағдайы осындай, – дейді ауылдағы жоралғыларға байланысты ойын білдіріп.     
Сәрсенкүл АҚКІСІ           
28 қазан 2023 ж. 190 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№34 (10299)

30 сәуір 2024 ж.

№33 (10298)

27 сәуір 2024 ж.

№32 (10297)

23 сәуір 2024 ж.

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031