Жаңа мешіттің қазығы қағылды
Адам баласы үшін имандылық тәрбиесінің орнын ештеңе баса алмайды. Аталарымыздың иманды, ибалы болудың ұрпағына насихаттап кеткені жай емес. Адамгершілік, ізеттілік қасиеттері де осы имандылық атты бұлақтан бастау алады десек, татулыққа, бірлікке, рухани құндылыққа шақыратын, үндейтін бірден-бір орта ол – мешіт.
Сонау тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында жамағатқа қызмет көрсеткен «Марал баба» мешіті Нақыповтар әулетінің бастамасымен, көпшіліктің асарлатып салуымен бой көтерген еді. Ел ағаларының осылайша ұйытқы болуымен жұмысын бастаған қасиетті орында өнегелі талай іс-шара өтіп, ата-бабалар рухына құран бағышталды. Жұрт көкейінде жүрген діни сауалдарға да жауапты осы жерден алып, туралыққа жүрген болатын. Дегенмен, араға жылдар салып, мешіттің құрылысы сыр беріп, жарамсыздығынан жабылып қалды. Үш жүздің пірі болған «Марал баба» атындағы мешітті қайта жаңғырту жайы соңғы жылдары жиі айтылып та, жазылып та жүрді. Тіпті оның жаңа заманауи құрылыс жобасының үлгісі аудан ардагерлері мен тұрғындарына таныстырылып та үлгерілді. Міне, жақында осы мешітке қатысты тағы бір жақсы жаңалықтың көпшілік куәсі болды.
Ол – Мөлтек ауданында жаңа мешіттің іргетасы қаланып, оған мәслихат төрағасы Әділ Қошалақов, баба ұрпақтары, «Марал баба» қорының төрағасы Мұхамедхан Омаров, Смағұл Қауысов және басқа да кенттің белсенді тұрғындары қатысты.
– Жаңа мешітіміздің территориясы ат шаптырым жер. Онда бірнеше қызмет түрі көрсетіледі. Қазір Қызылорда қаласынан мердігер компания құрылысын бастады. Құлшылық үйінің іргетасы мықты болсын деген оймен, жерді қазып, астынан да үстінен іргетас қаланады. Бұл жұмыстар бұйырса, бірер аптада бітіп қалады деп отырмыз. Басына 3 вагон апарып қойдық. Суы, жарығы келіп тұр. Құрылысшылардың ас-суына, басқа да шаруаларға ағайын-туыстар да көмектесуде. Бәріне Алла разы болсын, – дейді Смағұл Қауысов ағамыз.
Мешіт құрылысына көмек беру – сауабы үзілмей келіп тұратын қайырлы іс. Сол себепті ауданымызда жаңадан бой көтергелі жатқан құлшылық үйіне сауабымды арттырамын, қайырымдылық жасаймын болмаса басқа да жәрдем беремін деген кісілер болып жатса, бұл соған үлкен мүмкіндік болар еді.
Іс-шарада құрбан шалынып, құран оқылды.
Сәрсенкүл АҚКІСІ