» » Баба рухына құран бағышталды

Баба рухына құран бағышталды


Қазақ елінде рухани кемелденіп, имандылық әдептеріне елеулі үлес қосқан тұлғалар аз емес. Дегенмен, солардың арасында шоқтығы биік тұратын үш жүзге пір болған Марал ишан Құрманұлының есімі ерекше аталады.
Ол 1780 жылы Қостанай облысының Жетікөл ауданына қарасты Қайранкөл ауылында дүниеге келген. Алланың берген ғұмырында Марал баба халқына діни, емшілік қасиеттерімен қызмет етіп, «әулие» атағына ие болған көптеген керемет иесі. Қазақтың қарадомалақ балаларының діни сауатын ашып, мешіттер салдырған. Ізінен көптеген шәкірттер тәрбиелеген ірі дін өкілі. Халықты адалдық пен тазалыққа, Ислам дініне насихаттап, ұрпақ болашағы үшін пәрменді күрес жүргізгені тарихтан белгілі. Сондай жауапкершілігі күшті жұмысты мойынына алып, қарапайым қазақ баласына оқу-жазу үйретіп, имани тәрбиеге баулыған. Кейбір алғыр шәкірттерін Шығыстың мәдени-ғылыми орталықтарына білімін тереңірек жетіл­діруге оқуға да аттандырып отырған.
Жалпы ел арасында Марал бабаның кереметтері жөнінде көптеген әңгіме бар. Соның біріне тоқталып өтсек. Әдетте, пенде жүрген жерде пендешіліктің қоса қабат жүретіні бар ғой. Ишанның әулиелік атақ-даңқы Сыр мен Қырға жайыла бастаған тұста оны көре алмаушылар мен қызанышпен қараушылар да болыпты. Атақты әнші Жаяу Мұсаның астындағы атын алып қойып, өзін жаяу қалдырған Арқадағы Арғын руының шонжарлары Мұса мен Шеген Шормановтар бірде Марал бабамызға: «Біздің өз әулиеміз бар. Сен әулие емессің, сиқыр жасайсың, егер әулие болсаң кереметіңді көрсетпеймісің. Әйтпесе бұл арадан көшесің» деп қысым көрсетеді.
"Сонда мен не көрсетуім керек?" депті Марал баба сабырлы қалпымен.
"Сені қырық түйеге артылған сексеуілдің астына жатқызып өртейміз, содан аман шықсаң ғана, біз сені әулие деп мойындаймыз" депті шонжарлар да қасқайып. Бұл оқиға Сырымбет тауының «Мыңбұлақ» маңайындағы «Тескен су» деген жерде болған екен дейді көнекөздердің айтуынша. Қырық түйемен жиналған томардың астына жатуға ыңғайланған Әулие бабаға қасындағы қалпелері: "Жоқ тақсыр, біз жатайық, егер сізге бір жағдай болса, біздің қолымыздан ешнәрсе келмейді. Ал, бізге бірдеңе болса, сіз жәрдем ете аласыз» депті де үйілген мол томардың астына Тұрғанбай, Төртқара деген қалпелер барып жатады. Оларды отқа өртеп жатқанда Марал ишан Сарыбауыр арғымағымен жанған оттың үстіне 40 аршын биіктікте қалқып тұрған деседі. Лаулаған қызыл от жанып біткенде әулие дауыстап, қалпелерінің атын атап, «тұрыңдар» дейді. Сонда күл арасынан отқа түскен қалпелері түк болмағандай аман-есен шыға келіпті. Отты айнала қоршаған қожа, молда, төре, билері бар мұндай таңғажайыпты көргенде «Құдай сақтасындап» жағаларын ұстапты. Осы көріністі Алтын руынан шыққан Сейітжан ақын:
"…Қырық түйедей томар жағып,
Қос қалпесін атты отқа,
Маңына ешкім бара алмады,
От гүрілдеп жанған шақта.
Ұлық-кішік жамағаттар,
Мұны көріп қылды тәуба.
Сарыбауыр атпен Марал ишан,
Көк дүниеге көтеріліп,
Найза бойы тұрды сонда..." деп сипаттайды.
Марал баба Сыр бойына келген соң да осындағы елді бірлікке, берекеге үндейді. Асыл дініміздің өркен жаюына үгіт жүргізіп, халыққа қызмет етуге аянып қалмайды. Осы аймақтан да мешіттер тұрғызып, балаларды оқытады. Әрине әрі қарай да Марал Құрманұлының кереметтері мен Алланың оған берген нығметтерінен қызықты әңгімелер өрбітуге болар еді. Дегенмен, айтпағымыз басқада. Аудан халқына жақсы жаңалығымызды бөліспекпіз. Тәуелсіздік алған жылдарда өшкеніміз жанып, өткеніміздің ортамызға қайта оралғаны баршаға аян. Соның бірі – араға жетпіс жылдан аса уақыт салып ата-бабаларымыз қастерлеп ұстаған Ислам дінімен қауышқанымыз. Дін – апиын деп санамызды улап келген қызыл дәуірдің келмеске кеткені салт-дәстүріміз бен дінімізге жарқын жол ашты. Сонау тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында аудан орталығынан бой көтерген "Марал ишан" мешіті тұрғындардың есінде болар. Бертінде ғимаратының құрылысы сыр беріп, жұмысын тоқтатқаны да көптің көз алдында. Әйтсе де, қазіргі кезде Жосалы кенті орталығында "Қармақшы ата" және "Ораз ахун" мешіттері елге абыроймен адал қызметін көрсетуде. Имандылық ордасының артығы болған емес. Жақында "Малике ана" мейрамханасында аудан ардагерлері мен Марал баба ұрпақтарының басқосуымен биылғы жылы заманауи үлгіде бой көтереді деп жоспарланып отырған (С.Сқақов көшесі бойынан түсетін) "Марал баба" мешіті құрылысының таныс­тырылымы өтті. Онда қоғам қайраткері Исағали Жұмағұлов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қаршыға Есдәулетов, аудандық мәслихаттың хатшысы Әділ Қошалақов, Қармақшы ауданының құр­метті азаматы Әбдірахман Құлдүйсенов, Жосалы кенті ардагерлер кеңесінің төрағасы Ерболат Ұзақбаев, еңбек ардагері Есет Назарқұлов, ишан ұрпақтары Тілеуберген Нақыпов, Смағұл Қауысов, "Марал баба" атындағы қордың президенті Мұхамедхан Омаровтар сөз сөйлеп, өздерінің ұсыныс-пікірлерін білдірді.
Іс-шара соңында Шәкім Ашабаев ақсақал батасын берсе, аудандық "Қармақшы ата" мешітінің бас имамы Өміржан Тобжанов әруақтарға арнап Құран бағыштады.
С.ДАТ
12 наурыз 2022 ж. 418 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 043

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031