» » Қасиеттің үлкені – имандылық

Қасиеттің үлкені – имандылық

Биыл Қостанай өңірі халқының рухани-діни ордасы атанған «Марал ишан» мешітіне 130 жыл толды. Тобыл өңірі халқының бойтұмары атанған қасиетті дін үйінің мерейтойын қостанайлықтар республикалық деңгейде атап өтуде дайындық үстінде.
Мерейтой алдында оны ұйымдастырушылар, яғни баба ұрпақтары Орал Таңжарықов, Ибраш Естаев, Серік Омаров, Тұрсынбай Сәдуақасов, облыстық «Қостанай таңы» газетінің тілшісі Қыдырбек Қиысханұлы бастаған бір топ баба ұрпақтары ауданымызда болып, Марал ишан мәңгілік мекен тапқан қорымда баба рухына тағзым етіп, ас берді.
Осы ретте, қадірменді қонақтардың бірі – Орал Таңжарықов ағамызды сөзге тартқанымызда ол: «Биыл өңірімізде аталып өтілетін ірі іс-шараның бірі – үш жүздің Пірі болған Марал ишан баба атындағы Қостанай қаласындағы мешіттің өңір мұсылмандарына діни қызмет жасай бастағанына да биыл 130 жыл толуда. Мерейтой аясында әруақтарға арнап ас беріліп, басқа да іс-шаралар ұйымдастырылады. Ал, біздің киелі Қармақшы өңіріне келуіміздегі басты мақсатымыз – Қостанай өңіріндегі Ұзынкөл ауданына қарасты Нұрынбет елді мекенінде орналасқан зиратта  мәңгілік мекен тапқан Марал ишанның әкесі Құрман Кенжебайұлына тағзым етіп, баба зиратынан бір уыс топырақ алып, қасиетті Қармақшы топырағында  Марал баба Құрманұлы мен оның анасы Фатима ана жерленген зиратқа топырақты салу және Марал баба басынан топырақ алып, оны әкесінің зиратына салу болып табылады. Бұл жұмысты да абыроймен атқарып, біздің көңіліміз бірленді», – деді баба ұрпағы.
Ал, енді үш жүздің Пірі болған Марал бабаның әкесі Құрман әулие кім болған, елге нендей еңбек сіңірген, осы жайлы айтып өтсек. Марал ишан күллі қазаққа танымал тұлға. Ол Кенесары хан әскерінің даңқты қолбасшысы, сенімді серігі, пікірлес болған батыр. Орыс патшасына қарсы ғазауат соғысын жүргізген тұлға деп танимыз. Ал, оның әкесі Құрман әулие Кенжебайұлын келсек, ол батыр, діндар, емші болған. Тарихқа жүгінсек, Жоңғар қонтайшысы Қалден-Сереннің үйленген әйелі, қазақ қызынан туған екі қызының бірін Құрман әйелдікке алған деседі. Одан Марал, Құлқожа, Арал есімді үш ұл дүниеге келген екен. Сонымен қатар, патша әскері қазақ жерінің шекарасына бекініс салып, сол маңда тұратын қазақ халқын ығыстыра бастағанда Құрман баба оларға қарсы шығып, орыс  әскеріне қарсы тосқауыл құрған деген дерек бар.
Бүгінде Құрман бабаның зираты Тобыл өңірінідегі Троебрат ауылы маңында орналасқан Нұрымбет елді мекеніндегі қорымында. Бұл өңір талай дарын иелеріне, атап айтар болсақ Аспантай абыз, Жолшара әулие, Тәтіқара жырау және басқа да иісі қазаққа танымал тұлғалардың атамекені болған.
«Біз өмірден өткен Әлжан есімді атамыздың ұрпақтарына көрсетіп кеткен Құрман баба жерленген қорымға барып зират етер кезде сол өңірдегі аудандық «Балықты» мешітіне  аялдап, әруақтарға Құран бағыштадық. Содан кекйін Құрман бабамыздың басына барып, дұға жасадық. Баба ұрпақтары үшін тағы бір қуанышты жаңалық, жуырда Ұзынкөл ауданы ақсақалдарының, жамағатының шешімімен «Балықты» мешітіне «Құрман әулие» есімі берілетін болыпты. Бұл баба ұрпақтары ғана емес, күллі қазақ жамағаты үшін үлкен қуаныш. Осы жерде айта кететін бір ерекше жайт, қасиетті Қармақшы еліне сапарымыздың басты мақсаты – Марал баба басына Құран бағыштап, зиярат ету. Сонымен қатар, Құрман баба басынан алған бір уыс топырақты Марал ишан басына қойып, одан алған топырақты Құрман әулие басына апару. Иә, адамзат баласы үшін ең үлкен қасиет – имандылық. Имандылық бар жерде бәрі бар. Қанағат та, байлық та, мейірімділік те, патриотизм де, сыйластық та. Біз қазақ халқы осының бәрін ұстанған ұлтпыз. Осы ретте, бізді күтіп алған қармақшылық ағайынға ерекше ыстық ықыласымды жеткізіп, алғаусыз алғысымды айтқым келеді. Сонымен қатар, Құрман бабамызға арнап ескерткіш белгі қойған Қызылорда қаласының тумасы, Алла оған денсаулық, кәсібіне береке берсін Марат қажы Аяповқа да ерекше ризашылығымды білдіргім келеді», – деді баба ұрпағы Ибраш Естаев ағамыз.
Ел, енді Тобыл өңірінен арнайы сапарлап келген қонақтарды күтіп алған еңбек ардагері, Қауыс ишан  ұрпағы Смағұл аға өз сөзінде: «Қостанайлық ағайындардың ауданымызға сапарынан біз біршама баба туралы маңызды деректер алдық. Жақында Тобыл төрінде өңір халқының діни  ордасы атанған Марал ишан мешітінің 130 жылдық мерейтойы  аталып өтіледі екен. Олар арнайы шақырту әкеліп, сол іс-шараға қатысуымызды қалап отыр. Ол той бізге де ортақ. Сонымен қатар, Орал ақсақал бастаған қонақтар баба рухына Құран бағыштады. Арнайлап, өздерімен алып келген малын сойып, ас берді. Құрман әулие бабамыздың өмірі жолынан көптеген ақпарат алдық. Бұрын көрмеген ағайындармен танысып, арқа-жарқа болып қалдық», – деді ол.
Нұрбай ЖАНӘДІЛОВ
03 маусым 2023 ж. 517 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 288

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 383

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930