» » Сыры бөлек сабақтастық

Сыры бөлек сабақтастық

qarmaqshy-tany.kz Күллі мұсылман үшін қасиетті Мәуліт мерекесі ауданда кең көлемде аталып өтілді. Адамзат баласының асыл тәжі, ардақтысы болған Мұхаммед пайғамбарымыздың дүниеге келген айына құрмет пен қайырымдылық көрсету ісшарасы биыл Жосалы кентінің орта мектептерінде білім алған 1975 жылы туған түлектердің үлесіне тиді. Өткен жылы аманат қабылдап алған олар мерекені жоғары деңгейде атап өтті. Мерекеге ұйымдастырушылармен бірге, ардагерлер, өмірден өткен қатар-құрбыларының ата-аналары, бауырлары, отбасы мүшелері қатысты.
Бейіт басында құрбан шалынып, бата тілеуден басталған ісшара орталықтағы «Қармақшы ата» мешітінде жалғасын тапты. Онда мешіттің бас имамы Рахат Қожанов жиналған жамағатқа тілегін айтып, құттықтау сөз сөйледі.
– Мәуліт – елімізде Қазақстан Мұсылмандар діни басқармасының ұйымдастыруымен тойлануда. 2000 жылдан бастап белсенді түрде өтуде. Ауданда да 15 жылдың көлемінде ұйымшылдықпен аталуда. 1960 жылы туған аға-апаларымыздың бастамасымен бастау алған мереке қазірге дейін сабақтастық тауып, жалғасып жатыр. Бұл дегеніміз – елдің ауызбірлігін, имандылығын танытумен қатар, кейінгі ұрпақ үшін үлгілі де сауапты іс болып табылады.

Мерекеде ұлық Пайғамбарымыздың атына салауат айтылып, діни уағыздар әңгімеленеді. Қасиетті Құран Кәрімде айтылғандай, татулық пен бірлік, имандылық пен тәрбие насихатталады. Бір сөзбен айтар болсақ, Мәуліт иісі мұсылманды жақсылыққа шақырып, игі іс істеуге үндейтін мереке, – деді ол.

Мұнан соң бас имам 1975 жылғы азаматтардың демеушілігімен бірге оқыған бір құрдастарына құны 1 млн теңге тұратын үш бөлмелі пәтердің кілтін және тағы бір денсаулығы сыр берген сыныптастарының еміне деп 500 мың теңгенің сертификатын табыстады. Сонымен қатар тілсіз жаудан уланып, бақилық болған келесі бір құрдастарының отбасына да жәрдем ретінде 1 млн теңге көлемінде қаржылай көмек қолын созды.
Қайырымдылық іс-шарасынан соң жиналған қауым мешітте уағыз тыңдап, бақилық болған жандардың рухына арналып оқылған Құран қатымға қол жайды.
Мәуліт мерекесі «Сұлтан» мейрамханасында ас берумен жалғасты. Мұнда да Құран оқылып, әруақтарға дұға бағышталды. Өмірден өткен 1975 жылғы азаматтардың ата-аналары, бауырлары, бала-шағалары ұйымдастырушыларға риясыз алғыс айтып, ардақтыларын сағына еске алды.
Аста көпшілікке сый-сияпат көрсетілді. Жасы тоқсанға таяған Сәду Шалабаев ақсақал мереке жайында жылы лебізін жеткізіп, батасын берді. Бір ескеретініміз, Мәуліт мерекесі 15 жыл шамасында біздің ауданда аса ұйымшылдықпен аталып келе жатқанын айтып өту ләзім болмақ. Бұл – ұлық мерекеде жан-жақта жүрген қатар-құрбының бір сәтке басы қосылып, саналы істер атқаруы – үлкен жетістік.
– «Тойдың болғанынан боладысы қызық» дегендей, бір демде өтіп кететін іс-шара үшін жыл бойына қаншама шаруа атқарылды. 7 мектептің 1975 жылғы түлектері өмір ағынымен әр жақтамыз. Тіпті кейбіріміз шетелде жүрміз. Еліміздің түкпір-түкпірінен жиналдық. Ауылдағымыз бар. Көптен көрмегендеріміз бір-бірімізді көріп, бір жасап жатырмыз. Осы ретте, «Мыңның түсін білгенше, бірдің атын біл» дегендей, құрдастарымыз Берік Әбдіхалықов, Әділбек Маликов, Талап Шауменов, Ерхан Ерімбетов, Сәуле Сериева, Бауыржан Козанов, Асылхан Өтегенов, Гүлшара Самалова, Ғазиз Жүнісов, Райхан Казакова, Ербол Ешмұратов, Қайрат Аққайыров және басқаларына ұйымдастырушылық еңбектері үшін шын көңілден алғысымызды білдіреміз, – дейді құрдастары риза пейілде.

Осы жылғы іс-шараны абыроймен атқарып шыққан 1975 жылғы мектеп түлектері келер жылдың Мәуліт аманатын өздерінен кейінгі 1976 жылы туған азаматтарға ілтипатпен табыс етті.
Сәрсенкүл АҚКІСІ
10 қазан 2023 ж. 761 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 274

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 371

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930