» » Мәулітте баспана сыйлады

Мәулітте баспана сыйлады

qarmaqshy-tany.kz Жер жүзінің мұсылмандары асыға күтіп, бір ай бойына тойланатын ерекше мереке бар. Ол қасиетті – Мәуліт мерекесі. Мәуліт сөзі араб тілінен аударғанда туу уақыты немесе туған күн дегенді білдіреді. Яғни бұл уақытта Алла елшісі дүниеге келіп, жер жүзі қуаныш пен нұрға бөленді. Сондықтан әр жылы рәбиғәләууал айында Пайғамбарымызға салауат айтып, мәулітті атап өту дәстүр болып қалыптасты. Қасиетті мереке көптеген мұсылман елінде кең көлемде тойланса, мерейлі іс-шара аудандағы «Қармақшы ата» мешітінде де ерекше аталып өтті.
Исі мұсылман үшін бес күн жалған дүниеде Пайғамбар өмірінен алар өнеге көп-ақ. Ғасырдан бері тойланып келе жатқан мерекенің басты мақсаты – ардақты Пайғамбарымыздың діни ілімін насихаттап, оған салауат айту. Болашақ ұрпақты имандылыққа тәрбиелеп, адамгершілікке тарту.
Рухани шарада «Қармақшы ата» мешітінің бас имамы Өміржан Жұмаділдәұлы жиналған жұртшылықты Мәуліт мерекесімен құттықтап, пайғамбарымыздың өмірінен сыр шертті.
– Екі дүниенің сардары, адамзаттың асыл тәжі болған, сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммедтің туған айы Мәуліт мерекесімен араға жыл салып, қайта қауышып отырмыз. Ардақты пайғамбарымыз Исламның асыл құндылықтарын адам бойына сіңіру үшін басқаларға өнеге көрсете отырып, бар күш-жігерін сарп етті. Ол өз іс-әрекетімен және көркем мінезімен көпшілікті тәнті ете білді. Соның нәтижесінде тұла бойы асыл қасиетке толы саңлақ сахабалар үмметі пайда болды. Ол қою қара түнек жапқан қоғамға жарық сәуле шашып, дүниені нұрға бөледі. Адамдардың жүрегіне нұр, мінезіне көркемдік дарытып тәрбиеледі. Ендеше осынау айда мүмкіндігімізше пайғамбарымызға салауатты көбірек айтып, салауат айтуды айналамыздағы ағайын-туысқа, балаларымызға насихат етуді ұмытпайық. Осы мерейлі Мәуліт мерекесі баршамызды рақымға бөлеп, имандылық пен бауырмалдылықтың арта түсуіне сеп болғай, – деді бас имам.
Кезінде Имам Нәуәуи өзінің бір хадисінде «Жыл сайын Пайғамбардың туған күніне сәйкес келетін осы күндердегі садақалар, жақсылыққа шақыру және адам бойынан көрінетін көркем мінезділік пен қуанышты істер осы заманның ең жақсы жаңалығы» деген екен. Қайырымдылық іс-шара аясында Барыс жылында 1974 жылы туған, аудандағы No26, No27, No105, No121, No183, No250-ші мектепті 1991 жылы бітірген азаматтар мұқтаж 2 отбасыға баспананың кілтін табыстап, 20 отбасыға азық-түлік қоржынын таратты. Сонымен қатар қайырымды іс ретінде көпбалалы ана Ләйлә Әсенованың үйіне газ орнату жұмысын бастаған. Мерекенің жылдағы үрдісі бойынша 1974 жылы туған аудан азаматтары мүшел жасқа аяқ басқан кейінгі толқын 1975 жылғыларға игілікті істі жалғастыруға аманат хат тапсырды. Күтпеген жерден баспаналы болған кент тұрғындары ағаларына алғыстарын жаудырып, рақметін айтты.
– Сіңілім екеуіміз студентпіз. Қаладағы медициналық колледжде медбике мамандығын алып жатырмыз. Мәуліт мерекесінде баспаналы болғанымызға өте қуаныштымыз. Шынымызды айтсақ бұл жаңалықты естігенімізде жылап жібердік. Анамыз ерте өмірден өткен. Содан бері әпкеміздің қолындамыз. Бұйырса енді өз баспанамыз болады. Мәуліт мерекесімен анамыздың туған күні қатар өтіп жатыр. Осы күні қуаныш сыйлаған барша ағаларға үлкен рақмет айтамыз. Жақсылығы екі қайтсын, – деді апалы-сіңлілі Жұлдызай мен Алтынай.
Ал көпбалалы ана Марта Әбділова төрт жылдан бері пәтер жалдап тұрып келген. Ол да қайымдылық іс көрсеткен ағаларына ыстық лебізін білдірді.
– Өзім кент әкімшілігінде қоғамдық жұмыс жасаймын. Осы уақытқа дейін жөндеу жұмысын көрмеген пәтерлерді жалдап тұрдым. Бір күні осы азаматтар үйіме келіп, көріп кетті. Бірақ мен үйлі боламын деп ойламадым. Уақыт жақындап, баспаналы болатынымды естігенімде қуаныштан жарылып кете жаздадым. Ол кісілерге Алланың нұры жаусын. Алғысым шексіз, – деді көпбалалы ана.
Мерекелік шарадан соң жамағат мешітке кіріп, уағыз тыңдады. Ал 1974 жылғы азаматтар жиылған жұртқа ас беріп, өмірден өткен құрдастарына Құран бағыштады.
Ерсін ӘБЛӘКИЕВ

18 қазан 2022 ж. 777 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№87 (10352)

02 қараша 2024 ж.

№86 (10351)

29 қазан 2024 ж.

№85 (10350)

25 қазан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 2 813

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930