Мәуліт айы құтты болсын!
Мәуліт» – сөзінің тілдік мағынасы «туған уақыт, туған күн» дегенге саяды. Ал, шариғаттағы терминдік тұрғысынан алғанда, екі ғаламның рахым нұры, пайғамбарлардың мөрі, мейірімі шексіз жаратушы Иеміз – Алла Тағаланың жер бетіне жіберген соңғы елшісі – Мұхаммед (оған Алланың игілігі мен рахымы болғай) пайғамбардың туған күні деген мағынаны білдіреді.

Ал, енді мәуліт мерекесін атап өту жөнінде көрнекті Ислам ғалымдарының айтқандарына тоқталар болсақ, Хасан әл-Басри: «Менің Ухуд тауындай алтыным болса, оны Алла Елшісінің мәулітін оқытуға жұмсар едім», – десе, Жәләлуддин Суюти: «Бір үйде немесе мешітте пайғамбарымыздың мәуліті оқылса, сол үйдің немесе мешіттің адамдарын періштелер орап алады, олардың барлығына Алла Тағаланың рахымы болады және олар нұрға бөленеді. Себебі, періштелер пайғамбарымызға мәуліт оқығаны үшін ол адамға салауат айтып тұрады». Демек, Мәуліт айында сауапты амал көп жасап, пайғамбарымызға деген сүйіспеншілігімізді арттырар болсақ, шексіз сауапқа ие болатынымыз ақиқат. Яғни, үстіміздегі мәуліт айларында үйді-үйлерде пайғамбарымыздың құрметіне дастархан жайылып, оған ағайын-туыстар шақырылып жатса сауапты да ғибратты іс. Әрине, ондай жиындарда пайғамбар өмірінен өнегелі өрнектер мен хикметті хадистер айтып, көбірек салауат айту Мәуліт дастарханының мәні мен сәні. Осындай ұлы күндердің құрметіне жетім-жесірлер мен жарлы-жақыбайларға көмек қолын созып, өскелең ұрпаққа пайғамбар есімімен қатар, тәрбиеге толы ғибратты ғұмырын насихаттау оның атына салауат айтуды үйрету – бүгінгі мұсылман үмметінің атқарар сауапты амалы.
Қасиетті Отанымыз – Қазақстан Тәуелсіздік байрағын желбіреткелі әлімсақтан мұсылман халқымыз асыл дінімізді дамытып, ата-бабаларымыз дәріптеп кеткен, кейінгі ұрпаққа берері мол діни мерекелерімізді қайта жандандырып келеді. Солардың бірі – Ислам әлемінде айшықты орны бар Мәуліт мерекесі. Діни мерекелер мен құлшылық уақыттары мұсылманша күнтізбемен есептелетіндіктен биылғы жылы Мәуліт мерекесі қараша айының 19-жұлдызы, дүйсенбіге сәйкес келіп отыр.
Қадірменді ағайын! Тау тұлғасы тәрбиеге толы, салиқалы өмір жолында үмметіне үлгі-өнеге калдырған Мұхаммед (оған Алланың игілігі мен рахымы болғай) пайғамбардың туылған күні – Мәуліт мерекесі құтты болсын! Алла Тағала елімізге амандық, әрбір отбасыға бақ-береке беріп, ұрпағымыздың иманды да тәрбиелі болып өсуін нәсіп еткей!
Жақсыбек қажы ӘБИҰЛЫ,
аудандық «Қармақшы ата»
мешітінің бас имамы.