» » Тіл тақырыбы түйткілге айналмауы тиіс

Тіл тақырыбы түйткілге айналмауы тиіс



Тіл – мемлекеттің тұғырлы тірегі, халықтың рухани байлығы, өткені мен болашағының айқын көрінісі. Ана тілінің қадір-қасиетін білген халқымыз оны ұлттың рухына, қазына байлығына балайды. Себебі, тіл – халықтың жаны, сәні, тұтастай кескін-келбеті, ұлттық болмысы. Адамды мұратқа жеткізетін – ана тілі мен ата дәстүрі.
Біздің осындай халықтық қасиетті мұрамыз, ана тіліміз – қазақ тілі. Тілді өркендету – баршаның ісі. Тіл қарым-қатынас құралы ғана емес, ұлтымыздың биік тұғыры да. Президенттің жыл сайынғы халыққа Жолдауында да мемлекеттік тілді жан-жақты дамытуды басты назарда ұстап келеді. Қоғамда қазақ тілінің мемлекеттік дәрежесін нығайту еліміздің саясатының басты басымдығы болып қала бермек.
Мемлекеттік тіл саясаты өз жұмысын толықтай атқарып отырғаны белгілі. Себебі өткізілген басқосулар, келісті кездесулер көп-ақ. Алайда тіл мерейінің артып, қолданыс аясының кеңеюі тақырыбына келгенде жұртшылықтың пікірі екіге жарылады. Бірі – тәуелсіздік алғалы төл тіліміз мемлекеттік мәртебеге ие болып қолданыс өрісі кеңейді. Өнер, әдебиет, мәдениет, баспасөз, теледидарымыз тоқсаныншы жылдармен салыстырғанда «қазақша сайрап тұр» деген ойды қостайды. Біз замандастарымызбен тәуелсіз елдің ұрпағымыз. Сондықтан ол жылдардағы қазақ тілі жайы үлкендерден естігеніміз болмаса, арғы жағы беймәлім. Сыр өңірінде де мемлекеттік тілді күнделікті қолдануда ешқандай қиындық жоқ. Осы жерде туып, қазақ тіліндегі мектепте білім алып, үлкен өмір жолым солтүстік өңірде жалғасты. Мемлекеттік грантпен Көкшетау қаласына оқуға түстім. Қазақ тілінде қымсынбай сөйлеп жүрген маған солтүстікке барып сіңісу оңай болмады. Осы кезде ғана мемлекеттік тіл мәртебесі мәселесімен бетбе-бет келдім.
Жоғарыда пікірлердің екінші тобы – әсіресе солтүстік өңірде мемлекеттік тілдің жағдайы мәз емес екенін алға тартады. Осы тұста солтүстікте студенттік шағын өткізген менің де бұл пікірге қосылмасқа лажым жоқ. Себебі көзбен көрдім, сол ортада 5 жыл өмір сүрдім. Мамандығым «қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі» болғандықтан білім алуда қиындық болған жоқ. Ал өзге жерде орысша білмегенің үшін жерге кіріп кете жаздайтын едік. Жасыратыны жоқ, «осы жерде қазақ апай тұрады» деп өзіміздің қазақ дүкеншілеріне барып, керегімізді алуға тырысатынбыз. Алайда «қазақ апайымыздың» арасында біздің қазақшамызды түсінбейтін, білсе де сөйлегісі келмейтіндері болды. Осыған қарап қынжылатынбыз.
Өткенге көз жүгіртсек, қазақ халқының басында талай қиын нəубет, зұлматтың, қайғылы күндердің болғаны тарихтан белгілі. Еліміз жетпіс жылдай Кеңес Одағының қарамағында болды. Ата-әжеміз өздері қалағандықтан емес, тәртіп бойынша орыс тілін ұлықтап өскен. Сол кездегі саясат қазақ халқын өзінің тілін, ділін, тіпті салт-дəстүрін ұмытардай халге жеткізген. Дегенмен, «сабақты ине сəтімен» дегендей, еліміз 32 жыл бұрын сан ғасыр аңсаған тəуелсіздікке қол жеткізді. Сондай ауыр сəттерде, сын сағаттарда атамекен қонысын тастап босқан халықтың өзімен бірге алып жүрген байлығы – ана сүтімен санасына дарыған ана тілі ғана. Ұлтымыздың ұлы перзенті Мағжан Жұмабаевтың бұл жөнінде:
«Жауыз тағдыр жойды бəрін не бардың…
Алтын күннен бағасыз бір белгі боп,
Нұрлы жұлдыз, бабам тілі, сен қалдың!» деп жырлайды. Сан уақыттың сүрлеруінен өткен тіліміз енді құлашын кеңге жайып кемелденуі керек. Алайда, қанша жылдан бері атқарушы билігіміз тіл туралы саясатты жүзеге асырып келе жатса да, қазақ тілінің дамуы əлі де болса кешеуілдеп келеді.
Бүгінде кейбір мекемелерге барсаң орыс тілінде сауатты жазылған сөз қазақ тілінде мүлдем ұйқассыз аударылып, есіктерінде ілініп тұрады. Мұны көргендердің бірі – езу тартып күліп, енді бірі оған мəн бермейді де. Біздің қоғамның басты кемшілігі осы болар, бəлкім. Бұған жауап ретінде ақын Оразақын Асқардың мына бір өлең жолдарынан мысал келтіруге болады:
«Ана тілінде ата-баба сыры бар,
Аудармадан түпнұсқадай кім ұғар.
Өсе келе құстың тілін білсең де,
Ана тілсіз оның қандай құны бар».
Қазіргі қоғам басқа тілді үйренуге еш шек қоймайды. Себебі әлемдік өркениетке қадам басу үшін қазақ тілімен қатар орыс және ағылшын тілдерін де жетік білуді талап етуде. Жас ұрпақтың білім ордаларында осыған орай шет тілін меңгеру үшін білім алып жатқаны да қуантады. Әрине, әлемдік даму үрдістерінен кейін қалып қоюға болмайды. Алайда ұлт тілі әрдайым жүрегіңде, тіліңде, діліңде, қаныңда болуы тиіс. Онсыз «ұлтыма жанашырмын, елдің атын шығарамын» деу бос сөз.
Егемендігімізді алғаннан кейін мәдениетімізге, әдебиетімізге, салт-дәстүрімізге, тілімізге айрықша мән беретін күн туды. Саяси шектеуі жоқ, еркін елміз. Отанға деген құрмет пен сүйіспеншілік – ана тілден бастау алады. Қазіргі өмірде елімізде қазақ тілінің қолдану аясын кеңейтуге де, мемлекеттік тілді дамыта түсуге ешқандай кедергі жоқ. Азаматтардың құқықтары мен заңнамалық негізі бар. Кез келген тілді меңгеру мәселесіндегі басты шарт – адамның өзінің ішкі ой-ниеті мен қажеттілігі. Жетпей тұрғаны – адамдардың ықыласының аздығы. Осы ықыласты оятып, қазақ тілін қоғамдағы бірінші қажеттілікке айналдыру керек. Енді өз тілімізбен өмір сүретін уақыт жетті. Тіл жанашыры М.Шаханов:
Өз тіліңді менсінбеуің,
Өз тіліңді жерсінбеуің,
Қай дәуірде болып еді тапқырлық?
Ол – рухи мүгедектік, әрі ұлттық сатқындық, дейді.
Әрине, ХХІ ғасырда Қазақстанда «қазақ тілін дамыту» көңілге кірбің ұялатады. Қазақ тілін «орта деңгейде білем» деген қызметшінің өзі «не етіп, неден, не істеп келе жатырмын» дейді. Бұл – жалпақ жұртқа топырақ шашқандық емес. Бұл – күнделікті тұрмыста көзге сүйелдей көрінетін дәлел. Тіпті әлеуметтік желілерде де мұндай бейнелер тез таралып, көп қаралым жинауда. Қазақ тілін қорлап тұрғанын өзі де білмейтіндер көптің күлкісіне қалып, жағымсыз пікірлердің астында қалуда.
Қазір еліміздегі қай қалада болсын көшелер жарнамадан көз ашпайды. Үлкен кермелерде көздің жауын алған жарнамаларды ілушілер нені насихаттаса да, зиян көрмейтіні анық. Халық көп жүретін ортада жасалған жарнама нәтижесін сол затты немесе қызметті тұтынушылар мен пайдаланушылар санының артқанынан білуге болады. Көрер көздің назарын өзіне аударатын сансыз жарнамаларда екі тілде жазылатын нұсқалары да баршылық. Солардың арасында оңды-солды аударудың салдарынан жұрттың қылжағына айналған сөздер көбейіп, кейде өз сөзімізді өзіміз түсінбей жататын жағдайға жеттік.  Мүлдем түсініксіз, кейде тіпті қисынға келмейтін аудармаларды өздеріңіз де кездестіріп жүрген шығарсыздар. Терминологиялық электрондық қор жасау жөніндегі әңгіме де шешімін таппады. Әлі күнге дейін осындай қордың болмауынан бір терминнің алты рет қабылданған кезі де болыпты.
Осындайда, қазақ тілінің ойран-топырын шығарып, сансыз қателердің орын алғанын көргенде, орыс тіліндегі сөздерді оқып-ақ өте бергің келеді. Мемлекеттік тілдің абыройын асқақтату – әрбір қазақстандықтың абзал борышы. Біздің барша ұлттық келбетіміз бен болмысымызды, салт-санамыз бен дініміз осы ұлттық мәдениет пен тілімізде жатыр. Тәуелсіз елдің елдігі жас ұрпағын парасатты да білімді, іскер де қабілетті, отансүйгіш те ұлтжанды тұлға етіп қалыптастыруда мемлекетік тілдің атқаратын қызметі орасан зор. Тіл – таусылмайтын байлық. Қанша тіл білсең, өзгеден сонша кез биіксің. Дегенмен, алдымен туған еліңнің не тұрып жатқан еліңнің мемлекеттік тілін білуге міндеттісің.
Қазақ тілі – өте бай тіл. Ол шаруашылықтың бар саласын өркендете түсуге себепші күш, халқымыздың мәдени дәрежесін көтере беруші пәрменді құрал, жұртшылықты жаппай отаншылдық рухта тәрбиелеудің құралы, қуатты қаруы. Ана тілі – ар өлшемі. Олай болса, тілді шұбарлау – арды шұбарлау, көңіл тұнығын лайлау. Ұлт мәдениеттің гүлденуі мен адамдардың тарихи қалыптасқан тұрақты қауымдастығы ретінде ұлттың өзінің болашағы ана тілдің дамуына, оның қоғамдық қызметінің кеңеюімен тығыз байланысты.
Тіл байлығы — әрбір ұлттың мақтанышы. Әр азамат өзінің ана тілін, көзінің қарашығындай қарауы және ана тілінің орынсыз шұбарлануына қарсы тұруға тиісті. Амал не, туған тілімізді шұбарлап, аралас сөйлейтіндерді жиі кездестіреміз. Басқа халықты айтпағанда, өз ішіміздегі шала қазақтарды таза қазақ қылатын кез болды.
Бүгінде де кейбіреулердің қазақ тілін білмеуі, білсе де сөйлемеуі – қазақ тілін жақсартып, биік белестерге көтермеуіміздің қатерлі дерті болып табылады. Туған тілден безінген азаматтарды көргенде Паустовскийдің «Туған тіліне жаны ашымаған адам жәндік» деп ашына айтқаны ойға оралады. Елінің болашағын ойлаған әр азамат ана тілінің болашағын да қолынан келген көмегін аямауы тиіс. Өкінішке орай, соңғы кезде көптеген қазақ жастары өз ана тілін бұрмалап сөйлеуді әдетке айналдырған. Ата-ананы қадірлеу қалай керек болса, өз ана тілімізді қадірлеуді, қастерлеуді, аялауды қолға алайық. Төл тілінде сөйлеуден безу – ана сүтін беріп өсірген анаңды ұмытумен бірдей.
Билік басына келген депутаттар арасында да мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру мәселесі қайта-қайта айтылуда. Арнайы заң қабылдауға құлшыныс көп. Жақсы, заң қабылданды делік. Соның өзінде ұлт тілі ұмытылмасын десек, сол заңның тиісті деңгейде орындалуына күш салынуы тиіс. Кешенді бағдарлама әзірленсе де қос қолдап құптар едік. Себебі туған тіліміз егемен ел бола тұра түйткілді мәселеге айналмауы тиіс. Ұлт тілінің ғұмыры ұзақ болсын десек, тіл тағдырына алаңдап, оны ұлықтауды өзімізден бастайық.
Ардақ СҮЛЕЙМЕНОВА
03 тамыз 2023 ж. 449 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 259

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 358

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930