Тіл оразасы туралы не білеміз?
Көпшілік қауым асыға күтетін, он екі айдың сұлтаны болған, адамдарды тура жолға бастаушы Рамазан айының бірнеше күні де өте шықты. Рамазан айында мұсылмандарға ораза ұстау парыз етілгені белгілі.
Ораза тұту – Алла разылығы үшін таң атқаннан күн батқанға дейін шынайы ниет ете отырып, тамақ жеуден, сусын ішуден және ер мен әйелдің қатынасынан тыйылу. Осыған сай кей ораза ұстаушылар жоғарыда аталған нәрседен ғана өзін тыяды. Алайда бұл түсінік қате. Өйткені оразаның ақиқаты мен мақсаты бұл айтылғандардан да әлдеқайда ауқымды.
Пайғамбар хадисінде «Кімде кім ауыз бекіткенімен жалған куәлік беру, жалған айтуын қоймаса, оның ішіп-жеуді тастағанының еш қажеті жоқ» (Бұхари) деп ораза сауабынан айырылатынын ескерткен. Ораза ұстаушы тілмен болатын ғайбат, өтірік сөйлеу, жалған куәлік беру, өсек айту, адамдарға тілімен зиян беру секілді шариғатымызда тыйым салған жаман амалдардан өзін тыюы керек. Өйткені тілмен болатын бұл амалдар оразаның негізгі мақсатына қайшы әрі оразаға нұқсан келтіріп, сауабын жояды.
Мәселен, ғайбат – біреудің сыртынан айтылған сөз. Ол өзіңнің жаныңды ауыртып қоймай, өзгеге де жамандық әкелетіні хақ. Жалпы шариғатта да, кешегі бабалар қалдырған өсиетте де өсек, өтірік, ғайбат пен үстірт пікірге сақ болуды ескертеді. Алайда бүгінгі қоғамда әлеуметтік желіде де, қарапайым өмірде де ғайбат сөздердің көбейіп келе жатқанын көріп налитының анық. Жамандығын жасырып, жақсылығын асыратын, үлкенге құрмет, кішіге ізет қылатын халықтың ұрпағы едік. Әйтсе де, осы заманда өзгенің кемшілігін жариялап, өзіне ұпай жинайтындар көбейіп келеді.
Шежіреден сыр шертсек, ертеде Лұқпан Хакімге бір кісі малдың ең тәтті жерін алып кел десе, қойды сойып, тілін әкеліпті. Ал енді ең ащы жерін алып кел десе, тағы да тілін алып келіпті. Ол кісі «Сіз неге қайта-қайта бір нәрсені әкеле бердіңіз?» дегенде «Жақсылық та, жамандық та тілден, тіл байқап сөйлемесе тас жарады, тас жармаса бас жарады» деп жауап беріпті. Осыған орай дана халқымыз «Басқа пәле тілден» деген мақал қалдырған. Бірде бір ғұлама «Мына дүниенің өсегі тозаң сияқты. Жан-дүниеңнің айнасын жауып қалады. Сен ақыл-есіңді жина да, үндемей жүруді әдетке айналдыр» дейді. Иә, расымен де тілімізге тиек қоюды өзімізден бастағанымыз жөн.
Ислам дінінде ғайбаттың, сөз тасып, жала жауып, өсек айтудың қате екені қатаң ескертіледі. Себебі ол қоғамдық өмірдегі бірлік пен берекетті, адамдар арасындағы жылылықты жояды. Тән жарасынан гөрі жан жарасының жазылуы қиын. Тағы бір хадисте Пайғамбар «Ғайбат зинадан да ауыр күнә» екенін айтады. Сонда қасындағылар «қалайша?» деп сұрайды. «Кісі зина жасайды, сосын тәуба етеді, Алла оны кешіреді. Ғайбат жасаушы жамандаған адамы кешірмейінше кешірілмейді» деген жауап алады. Сондықтан адамның жүрегін жаралап, рухына дақ салатын ғайбат кісінің жеке құқығына қол сұғуға жататындықтан, оны тек қана ғайбатталған адам ғана кешіре алады. Құл ақысын Алла тағала емес, тек құлдың өзі кешіреді. Сондықтан кісінің бүкіл жақсы амалдарын тып-типыл ететін ғайбат сөзден әркез сақ болған абзал.
«Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ» демекші, пенде болған соң адамның күнә жасауы мүмкін. Біздің міндетіміз – кімнің де болса күнәсін барынша жасырып, жария етпей, қайта оның сол кемшіліктер мен күнәлардан арылуы үшін қол ұшын созып, тілекші болу.
Сондықтан да тілмен жасалатын ғайбат, өсек сияқты шариғатымызда тыйым салынған нәрселер оразаның негізгі мақсатына қайшы. Бұл оразаны бұзып, ауызды ашып жібермесе де бұлай ұсталған оразаның кемшілігі болады. Тіпті тілден табатын күнәдан тыйылмасақ оразаның парызын орындағанымызбен, Рамазанда уәде етілген сауаптардан мақұрым қалуымыз мүмкін.
Тіл – Алла Тағаланың пенделеріне берген ұлы нығметінің бірі. Тілді орынсыз пайдалану жақсы амалдардың сауабын жояды. Тіпті адам баласын тозаққа да түсіреді. Сондықтан екі дүниемізге пайдасы бар сөздерді сөйлеп, пайдасыз, күнәлі сөздерден тілімізді сақтауымыз керек. «Жақсы сөз сөйле, болмаса үндеме» деген қағиданы санаға бекітсек, тіліміз түзелері анық. Ал тіл түзелсе имандылығымыз да, елдігіміз де түзелмек.
Адамның аузынан шыққан әрбір жаман сөз, ғайбат сөз әуел бастан ғайбат айтқан адамның өзін жоятынын, адамшылығын құртатынын, басқаның жанын жаралайтынын, қоғамды бөліп жаратынын, елдің ауызбірлігіне нұқсан келтіретінін ұмытпайық. Рамазан айында мол сауаптарға кенелгіңіз келсе тіл оразасын қаперге алған жөн. Ал ғайбат сөзден ораза кезінде ғана емес, өмірде де аулақ болайық.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ