» » Жаңа жоба – келешек кепілі

Жаңа жоба – келешек кепілі

Қазір өз ісін бастап, аяққа тұруды ниет еткендерге мемлекет тарапынан көрсетілетін көмек көп. Жоба әзірлеп, қайтарымсыз қаржыға ие болғысы келгендер мен жаны сүйетін істі бастау мақсатында жеңілдетілген несие иемденуді ниет еткендерге үкіметтен қолдау аз емес.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 11 қаңтарда ҚР Парламенті Мәжілісінде бизнес жүргізуге кедергілерді азайтып, саладағы сыбайлас-жемқорлық сипатындағы іс-әрекеттерге жол бермеу, яки әділ бәсекелестікті қалыптастыру және мемлекеттік қолдау шараларын барлық бизнес өкілдеріне қол жетімділігін қамтамасыз етуді, мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде бизнесті қаржылай қолдау көлемін арттыруды тапсырды. Бұл қазір қалай жүзеге асуда?
Осы сауалға жауап алып, оны кеңірек тарқату мақсатында аудандық кәсіпкерлік және туризм бөлімінің басшысы
Еркебұлан Әбдікеровті
әңгімеге тартқан едік.
– Өзіңіз білетіндей, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бизнес өкілдеріне қолжетімділікті қам­тамасыз ету, мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде бизнесті қаржылай қолдау көлемін арттыру секілді мәселелерді назарға алды. Бұл бағыттағы жұмыстардың беталысы қалай?
– Әрине, мәселен жұмыссыздар мен әлеуметтік аз қамтылған азаматтардың бизнес бастамаларына берілетін грант көлемі 200 АЕК-тен 400 АЕК-ке көбейту жолға қойылды. Бұл бағытта «2022-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» бағдарламасы әзірленді. 2022 жыл көлемінде бағдарлама шеңберінде Қармақшы ауданы және Байқоңыр қаласын қоса есептегенде 475 грант беру жоспарланып отыр.
– Жаппай кәсіпкерлікті дамыту үшін ауданда қандай жұмыстар жүргізілуде?
– Жоғарыда аталған жоба ауданда жаппай кәсіп­керлікті дамытуға айтарлықтай үлес қосатыны белгілі. Өзіңіз ойлап көріңіз, бір ғана грант есебінен 500-ге жуық жаңа кәсіпкер пайда болады. Бұдан бөлек, жеңілдетілген пайызбен несиелендіру бағдарламаларын қосыңыз. Қазірдің өзінде өңірлік «Микробизнес-Қызылорда» бағдарламасы шеңберінде облыстық бюджеттен шағын бизнесті несиелендіруге қаржы бөлініп, жобаларды іріктеу жұмыстарын бастап кеттік. Бір сөзбен айтқанда, жаппай кәсіпкерлікті дамытудың бірден-бір жолы – мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде шағын бизнесті қаржылай қолдау арқылы жүзеге асырылатын болады.
– Қазіргі уақытта аудан бойынша тіркелген жалпы кәсіпкер саны қанша?
– Аудан бойынша тіркелген кәсіпкерлік субъек­тілер саны 3300 бірліктен асады. Байқоңыр қаласын қоса есептейтін болсақ 3900 бірліктің шамасында. Бұлардың 90 пайыздан астамы белсенді кәсіпкерлік субъектілер болып табылады.
– Ауылдық жерлерде шағын несиелерді кепілдендіру жұмыстары қалай жүреді?
– Соңғы жылдары елді мекендердегі азамат­тардың жобаларын несиелендіру барысында кепілдеме мәселесі өз шешімін тапты десем қателеспеймін. Оның бірден-бір дәлелі «Еңбек» және «Микробизнес-Қызылорда» бағдарламалары шеңберінде бизнес жобаларды несиелендіретін қаржы ұйымдары кез келген елді мекендердегі, кез келген құрылыс материалдарынан салынған жылжымайтын мүлікті кепіл ретінде ала береді. Қойылатын талап жылжымайтын мүліктің құжат­тарының дұрыстығы және тәуелсіз бағалау компанияларынан бағалаудан өтуі қажет.
– Ауданда туризм бағытында атқарылып жатқан жобалардан хабардармыз. Әсіресе жол бойындағы кешендерді мақтайтын жолау­шы көп. Жалпы туризм саласы бойынша тар­қат­саңыз.
– Туризм саласының бағыттары – жол бо­­йындағы қызмет көрсету, қонақ үй бизнесі, және турлар ұйымдастыру. Жол бойындағы қызмет көрсету бойынша 13 нысан жұмыс істейді. Оның ішінде «А» санатындағы бір, «В» санатындағы бір кешен және «С» санатындағы 6 кешен жұмыс атқарады. «Д» санатындағы екі кешен жұмыс істейді және бір кешеннің құрылысы жүргізілуде. «Д» санатындағы қызмет көрсетуге жанармай құю бекеттері кіреді. Сонымен қатар, санатсыз 3 қызмет көрсету нысаны бар. 2022 жылға «С» санатындағы 2 кешен мен 2 санитарлық-гигиеналық торап құрылысы жоспарлануда. Ауданда 3 қонақ үй және 1 туристік агент қызмет көрсетеді. 2021 жылы тіркелген «Qarmaqshy Demeu Travel» туристік агенттігі Түркістан, Шымкент, Алматы қалаларындағы туристік орындарға қысқа мерзімді турлар ұйымдастырып келеді. Биыл ішкі туризмді дамыту мақсатында аудан және облыс көлеміндегі тарихи-мәдени орындарға турлар ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз.
– Айтыңызшы, ауданда кәсіпкерліктің қай бағытын дамытқан дұрыс деп ойлайсыз?
– Кәсіпкерлікті дамытуда ең бірінші басым­дықты өңдеу өнеркәсібі саласына береміз. Оның ішінде тамақ өнеркәсібі, жеңіл өнеркәсіп, жиһаз және құрылыс материалдар өндірісін айтқан жөн. Былтыр ауданда 57 шағын өндірістік цех іске қосылды. Ағымдағы жылға да елді мекендер бөлінісінде цехтар ашу бойынша жоспар бекітілді. Бұл жобалардың басым бөлігі қаржылай қолдауға бағытталған бағдарламалар шеңберінде іске асырылатын болады. Сондай-ақ, мал шаруашылығы мен қызмет көрсету, сауда саласындағы жобаларды да қаржыландыру жалғасын таппақ. Мәселен, 2021 жылы барлық бағдарламалар шеңберінде жалпы құны 1,9 млрд теңге болатын 539 жоба қаржыландырылды.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұқбаттасқан Айнұр ӘЛИ
Суретті түсірген СӘДУҰЛЫ

29 қаңтар 2022 ж. 501 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 027

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031