Қайырымдылықтың қайырын біліп жүрміз бе?
Осыдан біраз жыл бұрын алғаш рет еріктілер жинап, қайырымдылық тобын құрған болатынбыз. Жақсылық жасауға асыққан бір топ жас алғашқы мұқтаж отбасына аяңдадық. Балаларға тәтті-пәттісін, үйге қажет азық-түлігін алып бір қуантсақ деп алып-ұштық. Жария садақа деген бар. Әлеуметтік желіде сол жасаған жақсылықты жазып, өзге де жомарт жандарды қатарымызға шақырдық. Алайда біз ойлағандай бәрі оңай болмады...
Ертеңіне бізден көмек алған көпбалалы ана байланысқа шықты. Дауысында мұңлы зар, ашу-ыза бар. Не болды деп біраз таңырқап қалдық. Сөйтсек, көмекке мұқтаж азаматтардың тізімінде тұрған ол көмек алудан намыстанатынын айтып, тіпті сотқа дейін баратынын жеткізді. Жігеріміз жонылды...
Һәкім Абай неден түңілді? «Қайраны жоқ көлден без, қайыры жоқ елден без» демеп пе еді? Енді сол қайырды көрсеткенде қайырымның өлшемін қалай бағалап жүрміз? Жо-жоқ. Біздікі көпке топырақ шашу емес. Алайда қайыры жоқтардың арамызда бары өзекті өртейді. Бұрын анамыз таң атқаннан қара кешке дейін түрлі ауыр жұмыстарды істейтін. «Балаларым қатарынан қалмасын. Еңсесі түспесін» деп көйлегімізді көк, қарнымызды тоқ етті. Мемлекетке сары ауыз балапандай «бер, берлеп», атойсалып алаңда жүрмеді. Оның орнына біздің тәрбиемізге барынша көңіл бөліп, күннің ыстығы мен суығына төзіп, табаны жерге тілінді. Қазір ше? Әлеуметтік желі дегеніңіз жақсы болған. Алдымен шын мұқтаж жандар емге, баспанаға, көпбалалы анаға көмек көрсетуге жарнамалар жазып, қолындағы карточкасының нөмірін көрсетеді. Жоқ емес. Бір күнде миллиондап қаржы аударатын жомарт жандар талайына үміт сыйлауда. Ал біз жазғалы отырған ішіміздегі өлген ит қайырымдылыққа әбден еті сіңген кей жандар жайында болмақ.
Бірде әлеуметтік желіде жалғызбасты ананың мұңы айтылып, көмекке қол ұшын созғандар қатары көбейді. Жомарт жандар, еріктілер сол кісінің үйіне барып, қолдан келгенше жақсылық жасады. Бірақ, бір емес, екі емес, үшіншісінде ашынған жұрт ол кісі жайында әлеуметтік желіде бар сырды жайып салды. Өзі «бер, берлеп» шарқ ұрғанымен балалары үйінде, ал анасы сауық-сайран құрып жүр. Бірақ көңіл шіркін, ала бергенді қалап тұр. Бұл бір ғана мысал. Ал біз біле бермейтіні қаншама? Мүмкін кейбірі «Жарлы болсаң, арлы болма» дегенді желеу ететін шығар? Ендеше, осы ауыздан ауызға тараған, ел айтып жүрген мақалдың мағынасын електен өткізіп, қайта сарапқа салған жөн. Енді қараңызшы, Абай өзінің 29-шы қара сөзінде осы тектес сөздерді сынайды. Онда ол адал тірлік етуге, ерінбей еңбектенуге шақырады. Ал біз Абай сөзін санамызға тоқып жүрміз бе?
«Адамның әуелден тоқымашы немесе хатшы болып тумайтыны сияқты, қайырымдылық пен жаман қылық та адамға әуел бастан жаратылысынан дарымайды» дейді Әбу Насыр әл-Фараби. Жас емен ағашын күтіп баптаған сайын түзу өсетіні секілді, ізгілікті жанына серік еткен ел, баласына жақсы амал жасауды жастайынан үйреткен ел қайырымды ұрпақ өсіреді. Ізгілікті ту еткен жомарт жандардың игі ісінің бірі – мұқтаж жандарға қамқорлық жасау. Өзгеге үміт сыйлаушылар барда ол жасала береді. Дегенмен, қайырымдылықтың қайырын да түсіне білген жөн болар...
Айнұр ӘЛИ