Ерікті болу еңселі іс
Ауданда 13 419 жас бар. Бұл дегеніңіз, жалпы халықтың 24,7 процентін құрайды. Ал олар "Еріктілер жылына" қаншалықты үлес қосып жатыр?
Бұл күндері әр аймақта еріктілер клубы жасақталып, олар өз туған жерінде түрлі қайырымдылық шараларды ұйымдастыруда. Еңбегі үшін ақы сұрамайтын жақсы жандар көмекке мұқтаж жандарға жәрдемдесіп, түрлі іс-шараларға өзіндік үлес қосып келеді. Осы орайда еріктілер қатарына күн санап қосылып жатқан жастарды айтпасқа болмайды. Жалындаған шағында айналасына қамқорлық танытып, жақсылық жасап жүрген бозбала мен бойжеткендер көпке үлгі.
Аудан еріктілері де атаулы жылда бірнеше үлкен істің басын қайырды. Мәселен, сәуір айынан бастап ауылшаруашылығы бөлімі мен Жастар ресурстық орталығы бірігіп "Бизнес періште" жобасының 2 кезеңін бастады. Қазіргі таңда 4 ауылдық округте 6,7 гектар жерді игеруге 6 жұмыссыз және 1 жұмыссыз жас отбасы жұмылдырылған. Олар түрлі дәнді-дақылды, оның ішінде картоп, сәбіз, қауын, қарбыз егіп болды. Өткен жылы мұндай іске 3 жұмыссыз жас тартылып, 3 гектар жер игер3лген.
Сондай-ақ, карантиндік талаптарға байланысты онлайн режимде "BizBirgemiz" акциясының аясында "#ҮйдеБол" атты бейнеролик байқауы өткізіліп, жеңімпаздар желіде жарияланды. Мамырдағы мерекелер қарсаңында да бейнеқұттықтау, "Фото time" мен "Ерлікке тағзым" атты челлендждер ұйымдастырылды. Мұның барлығы белсенді жастардың өз уақытын қызықты әрі тиімді өткізу үшін жасалды.
Еріктілер аудан бойынша 20 үйге күрделі жөндеу жұмыстарын да жүргізуде. Көмекке шын мұқтаж жандардың үйін жөндеуден өткізіп, барынша көмек қолын созуда. Төтенше жағдай кезінде де жұмыстарын тоқтатпай, тұрғындарға үнпарақ пен бетперделер таратты.
Жыл сайын ұйымдастырылатын "Жақаев ізбасарлары" еңбек оқыту лагеріне жастарды тарту жоспарда бар. Мемлекеттік "Жасыл ел" бағдарламасы бойынша жұмыстар төтенше жағдайға байланысты әзірге тоқтап тұр.
P.S.
Ертеден қазақтың қанына сіңген кеңпейілділік ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса бермек. Сол атадан қалған асыл қасиетті жалғастыратын да, кейінгіге үлгі ететін де – жастар. Оны еріктілердің еңселі ісінен аңғарасыз. Әсілінде қоғамның қозғаушы күші жастар барда алынбайтын қамал жоқ.
Ертеден қазақтың қанына сіңген кеңпейілділік ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса бермек. Сол атадан қалған асыл қасиетті жалғастыратын да, кейінгіге үлгі ететін де – жастар. Оны еріктілердің еңселі ісінен аңғарасыз. Әсілінде қоғамның қозғаушы күші жастар барда алынбайтын қамал жоқ.
Аслан ЖАЙҚОНЫСҰЛЫ