Қағаздан – электронды форматқа
«Ұмытшақтық түбіме жететін болды-ау» деген жеңгем ызалы дауыспен үйге енді. Үш баласын тастай сала, апыл-ғұпыл «бір терезеге» кетіп еді. Екінші мәрте жеке куәлігін ұмытып кетіпті. Әрине, қай жерде болмасын жеке басты куәландыратын құжатсыз аттап басу мүмкін емес. Бар жұмыс соның арқасында бітеді. Содан жеңгеміз үйден шыға алмай тағы да апталап жұмысын кейінге шегерді. Ал осы аралықта жағымды жаңалық есе кеткен еді.
Қазір уақыт өткен сайын дамып барамыз. Қайда? Шетелдіктердің әлдеқашан қол жеткізген цифрлануы бізге жақында ғана келсе де көштен қалмаудамыз. Бізде қазір жеңіл әзірленетін тағамдарға тапсырыс беріп, үйге алдыру ауылдық жерлерде де пайда болуда. Ал оны бұрын кинодан ғана көретін едік. Тарихы болса әріректе. Алғаш рет екінші дүниежүзілік соғыстан соң АҚШ пиццаны жеткізуді қолға алды. Осы кезге дейін арада қанша уақыт өтті? Бұрын ондайдың не екенін білмеген біз соңғы кездері осы ас түріне ептеп алдық. Рас қой? Бұл дамуымыздағы алғашқы дәлелдің бірі. Одан соң сырт елдерде зат алса, киім кисе қалтадағы картасын шығарып онлайн төлем жасайтын. Оны да фильмдерден көріп «апыр-ай» дестік. Қазір ондай төлем жүйесі аудандағы бірнеше шағын маркетте бар. Тағы да шетелдіктердің қалтафонмен талай бағдарламаны шертіп отырып бар жұмысын бітіргенін көріп, таңдай қақтық. Қазір өзіміз де үйден шықпайақ несие төлеп, оқу, балабақша ақысын, коммуналдық төлемдерді еркін төлейміз. Ал қайда барсаң жеке куәліксіз жұмыс бітпейтіні баршаға мәлім. Жоғалтсаң, ұмытсаң өзіңнің бір бөлшегіңнен айырылғандайсың. Барынша сөмкенің қауіпсіз жерде тұрғанын қадағалайсың. Бірақ ол бүгінгі күнге дейін ғана еді. Ендігі қазақстандықтарға жеке куәлігін өзімен алып жүрмеуге болады. Себебі бізге eGov mobile қосымшасындағы жеке куәлікті электронды түрде көрсетуге мүмкіндік беретін қызмет қолжетімді болды. Компания мамандары қосымшадағы қосымша қызметтерді дайындады. Құжат Android және iOS платформаларындағы eGov mobile қолданушыларының барлығына қолжетімді. «Егер жеке куәлігіңіздің түпнұсқасы өзіңізбен болмаса, оны электронды түрде көрсете аласыз. Ендігі, мысалы, нотариуста құжаттарды рәсімдегенде, eGov mobile қосымшасындағы электронды жеке куәлігіңізді көрсетуге болады. Мұнан кейін сізге QR-код арқылы рұқсат беру қызметі ұсынылады. Осылайша, нотариус сіздің құжатыңыздың шынайы екеніне оңай көз жеткізе алады» деп жазған еді «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-ның баспасөз қызметі. Олардың сөзінше, eGov mobile жұмыста, салық, елшілік және өзге де ведомстволарда көрсету үшін қажетті анықтамалар мен құжаттарды алуға мүмкіндік береді. Ол үшін ЭЦҚ болуы және eGov порталындағы жеке кабинетте мобильдік телефон нөмірі тіркелген болуы қажет. Мұнан кейін сотталмағаны туралы анықтама, жылжымайтын мүлкінің бар не жоқ екені туралы анықтама, есімін, тегін өзгерткені туралы анықтама, неке туралы және некені бұзу туралы анықтамалар, зейнетақы қорынан үзінді көшірме және басқа да құжаттарды жүктеп алуға болады. Осылайша, мобильдік қосымшадан қажетті анықтамаларды кез келген уақытта жүктеуге болады. Қолдану қызметі барынша ыңғайлы болуы үшін, «Электрондық үкімет» порталының веб-әзірлеушілері Face ID немесе Touch ID (саусақ таңбасы арқылы қол қою) кіру жүйесін әзірледі. Қайтадан кірген кезде электрондық-цифрлық қолтаңбаны енгізудің қажеті болмайды.
QR-кодты баста түсінбесек те қазір оңай меңгеріп алдық. Мәселен, қарапайым түсіндіріп өтсек. Жұртшылықтың күнде адамдармен байланысатын WhatsApp құралын компьютерге жалғауыңыз керек болды. Ол үшін сіз ғаламтордан WhatsApp Web жүйесіне енесіз. Ал қалтафоннан құрылғылар бөліміне кіріп дәл осы атаудағы жүйені шертесіз. Сонда смартфон экранына QR-код шығады. Сол арқылы компьютердегі жүйені сканерлеп, өзіңіздің байланыс жүйеңізді үлкен экраннан қоса аласыз. Онлайн несие алғанда да сіздің сол клиент екеніңізді аңғарту үшін қалтафоныңыздан QR-кодты сұрайды. Тек осы арқылы сұраған ақшаңызды ала аласыз. Солай өзіңізді растау үшін бұл кодтың алар орны айрықша болмақ.
Заман өзгерген сайын жаңа технологияларды меңгеру қажет-ақ. Әсілінде электронды құжаттарды қалай пайдалану маңызды. Тек жыл соңына дейін үйреніп алсаңыз болғаны. Себебі, мекемеаралық байланыста, азаматтармен қарым-қатынас кезінде қағазбастылықтан бас тартқан абзал. Ал бұл жайында Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев халыққа жолдаған Жолдауында "Жыл соңына дейін ең қажетті анықтамалардың қағаз түрінде талап етілуін тоқтатып, мәліметті цифрлық түрде растау тәсілін қамтамасыз етуді тапсырамын. Бізде мекен-жай, мүліктік және өзге де анықтамалар бойынша оң тәжірибе бар. Мемлекеттік органдар жеке куәлікті, дипломды, жүргізуші куәлігін электронды түрде қабылдауға тиіс. Халыққа электронды сервистерді қолдануды ыңғайлы ету үшін мемлекеттік қызмет көрсету ісінде де, бизнесте де биометрияны кеңінен пайдаланған жөн» деп қадап айтқан болатын.
Айнұр ӘЛИ