Жыраулық өнерде – бабалар аманаты мен ұрпақ мұраты жатыр
Әйгерім Ешбаева,
жыршы-термеші:
жыршы-термеші:
Елбасының "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" бағдарламалық мақаласы жарияланғалы бері көптеген көмулі жатқан рухани көмбе аршылып, халыққа жол тартуда. Бұл тұрғыда Қармақшының жыршы-термеші қыздарының сіңіріп жүрген еңбегі ұшан-теңіз. Соның бірі – халықаралық, республикалық байқаудың жеңімпазы, Жиенбай жырау мектебінің өкілі Әйгерім Ешбаева. Төменде жыршы-термешімен болған әңгімені оқырман назарына ұсынып отырмыз.
– Өнер әлеміне қадамыңыз қалай басталды?
– Алтыншы сыныпта оқып жүргенімде әуез мектебіне бардым. Кішкене кезден республикаға аты дүркіреп шыққан туған әпкем Айнұр Бостанқызының дауыс ырғағын, салған әні мен жыр-термесін естіп өстім. Ол алты Алашқа белгілі жырау Бидас Рүстембековтің шәкірті еді. Өкінішке орай, Айнұр өмірден ерте өтіп, жырсүйер қауымның қабырғасын қайыстырды. Дәстүрлі өнерге, ұлттық құндылыққа қызығушылығымды байқаған әпкем қолы босай қалса маған домбыра шертуді үйрететін. Әуелгі жаттаған жырым Кете Жүсіптің "Ер жігіт" термесі. Жыр үйренгеніме мәз болып, "Енді мен де домбыра тарта аламын" деп қуанғаным әлі есімде. Өнерге келуіме Гаухар Сейдалиева есімді құрбым септесті. Мектептегі жиынның бірінде Гаухар жыр-терме орындады. Кейін білгенімдей, ол Бидас Рүстембековтен сабақ алады екен. Ойымның кеткені соншалық одан: "Мен де қатыссам бола ма, бала қабылдай ма?" деп сұрадым. Ол да көп кідірмей, "жүрсей" деп қолымнан ұстап Бидас ағайға ертіп апарды. Сыныпқа кіргенде біраз оқушымен ағай тамсанып сабақ өтіп жатыр. Мені көрген бойда: "Әйгерімсің бе, Айнұрдың сіңлісі? Келе ғой. Домбыра шерте аласың ба, бізге не орындайсың?" – деп отырысымды, дауысымды тексерді. Талаптан шыққаным шығар бірден бірінші сыныпқа қабылдады. Сол жерде ағайдан аудандық әуез мектебінің "Жыр-терме" сыныбының мұғалімі Б.Рүстембековтен бес жыл білім алдым. Орта мектепті әуез мектебімен қоса аяқтап, сертификат алдым.
– Он үш жастан өнерде келесіз. Әрине ізденіс пен аянбай төккен тердің бары аңғарылады. Бүгінде жыр қорында кімдердің шығармасы бар? Сол секілді ұстаздық жолыңыз жайлы айтып өтсеңіз?
– Жыр қоржында көптеген терме, толғау бар. Омар Шораяқұлы, Тұрмағамбет, Дүр Оңғар Дырқайұлы, Балқы Базар, Ешнияз сал, Алтын Сейітжан сияқты Сыр сүлейлері мен ақындарымыз Талайлы Досымова, Сәнтөре Пірмановтың шығармасын орындап жүрмін. Көлемі жағынан үлкені – "Көрғұлы" дастанын атар едім. Себебі, Бидас ағамыз оны маған төрт жыл бойы үйреткен. Тұрмағамбеттің аудармасымен жарыққа шыққан Фердаусидің "Шахнамасын" айтқан жөн. Оның ішінде "Кіріспе", "Киамырстың патша болғаны", "Зал батырдың туғаны", тағы басқа бөлімін жатқа білемін. Қазір Занедин Ибадуллаевтың "Түлкібай батыр" дастанын жаттаудамын. "Ұстазсыз – шәкірт тұл" деген бар. Өзіңіз білетіндей өңірдегі жыраулар үйі 2006 жылдан жұмыс істей бастады. Содан бері осы құтты мекенде "Көшеней жырау" үйірмесіне жетекшілік етудемін. Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің түлегімін. Жырау Алмас Алматовтың "Музыка және жыраулық дәстүр" мамандығын тәмамдағам. Үйірмеден қанаттанған шәкірттердің бірқатары өнер жолын таңдады. Шәкіртім Гүлжазира Құрақбаева Қазанқап атындағы музыка колледжін бітіріп, әуез мектебінде. Алған білімін қажетіне жаратуда. Малика Алдамжарова Бакуде өткен мақам-саз орындаушылардың халықаралық фестивалінде екінші орын алды. Нұршат Қылышбаева қаладағы өнер колледжінің екінші курс студенті. Алдымда отырған шәкірттерім әлі кішкентай. Сонда да болса олардың ішінде сахнаға шығып жүргені аз емес. Айтпақшы, оқырманның құлағына алтын сырға. Шәкірт тәрбиелеуде үйірмеге үшінші сыныптан бастап қабылдаймыз. Келген баланы міндетті түрде иекеміне қарай тексереміз. Кез келгенді ала берсек, мұғалімге қиын. Үйрете алмайды, болмаса қанша күш жұмсағанмен алымы нашар болса бекерге уақыт кетеді. Сол себептен бізге келушінің есту қабілеті мен дыбыс қабылдауын, ынтасы мен ықыласын басты назарға аламыз. Сонымен қатар, білетін әнін тыңдап, дауысын ескереміз. Еске сала кетсем, жыраулар үйінде әрбір үйірмеде он сегіз баладан келеді. Шәкірттерімді айтар болсам, Айдана Амантай, Рәбия Ибрагимнің болашағынан зор үміт күтемін. Жас та болса талантымен халыққа танылып келе жатқан өнерпаздар.
– Жыраулық өнер – жастардың қалыптасып, өмірде бой түзеуіне таптырмас бірден-бір тәрбие құралы. Ашығын айтқанда, ұлттық құндылықтан гөрі батыстық даңғыраның кейде таразы басын басып кететіні бар.
– Елдің жыраулық өнерге көзқарасы жақсы. Үйірмеге ата-аналар: "Осы баламды үйретші" деп шын ықыласпен өздері әкеліп жатады. Сабаққа келіп кетуін қадағалайды. Бұл біздің жұмыс істеуімізге жағымды жағдай туғызады. Үйден қадағалау болса, баланы баулу аса қиындық тудырмайды. Олай етпегенде, кішкентай бала жыраулық өнердің не екенін бірден түсіне қоймайды. Отбасында қолдап, демесе бала мақам-сазды тез игеріп құлшынысы артады. Тәрбиелік мәніне келсем, өте көп. Бидас ағайдан сабақ алып жүргенде ол үнемі: "Жыр-термеде жүрген адамға басқа біреудің ақылы мен өсиетінің қажеті жоқ. Өйткені, бүкіл өсиет пен даналық осы жыр-толғаудың ішінде тұнып тұр. Тәлім де, тәрбие де осында" деп айтатын. Қай шығарманың да баланың рухани дамуы мен еңсе тіктеуіне маңызы зор. Мойындауымыз керек, бізде ұлттық өнерді насихаттау кемшін. Мысалы, менің өзім үйірмеге келетін он сегіз оқушыға ғана сабақ өтемін. Оған қоса, алдын ала белгіленген концерттік бағдарламамен шектелеміз. Тәрбие сағатын өткізетін болсақ, даңғырадан да, даңғазадан да жастарды қорғауға болады. Жас жеткіншектердің арасында жергілікті жыр шайырларының шығармасы көбірек насихатталып тұрса. Орта мектепте "Жыр-термені" оқу бағдарламасына енгізсе, қаншама қазақтың қаракөз баласы домбыраға қызығар еді. Сондай-ақ "...Өнер жолына осылай келген" деген сияқты Сыр сүлейлерінің өткен өмірі мен бастан кешкен оқиғасын ойына тоқытсақ, неге ұлттық аспапқа қызықпасқа? Жырда үлкен оқиғалар суреттеледі. Одан үзінді жырлауға болады. Мысалы "Көрғұлы" дастанын айтқанда кез келген бала тыңдайды. Әрбір өтілген сабақта назарын аудару үшін "Осындай Қызылбасты Шағдат деген хан болған екен...." деп сипаттама жасаймыз.
– Жыраулық өнер үйрету немесе баулу арқылы даритын дүние ме, әлде атадан-балаға қанмен берілетін қасиет пе?
– Мұның екеуі де бар. Атасынан баласына берілуі де мүмкін. Мұндайда ұрпақ бар арамызда. Өйтіп те беріледі. Содан соң жасөспірімнің қызығушылығымен әрмен қарай алып кетуі әбден мүмкін. Ондай да бар. Әрине, негізі қанмен келетін қасиет қой. Кейде менен: "Осы сенің бір жағыңда жырау ата-бабаң болған ба?" деп сұрайды. Әкемнің әкесі Махантай деген кісі заманында шертпе күйлер тартқан. Домбыраны өзі үйренген. Сол қасиет әкеме берілді. Үйде домбырасын қолға алып, "гөй-гөйлеткенде" сүйіп тыңдайтынбыз. Алашада Күндебай атты сықақ өлең айтатын әнші әкеміз болған. Кезінде Нартай Бекежанов бригадасының белсендісі болған. Жырау болмаса да домбыраның құлағында ойнаған. Халықты күлдіргі әзіл-сықақ әндермен қарық қылған. Ол жайлы Нартай ақынның "Аманат" атты кітабында кеңінен жазылады.
– "Рухани жаңғыру" бағдарламасы халыққа не беріп жатыр? Көңіл көншітеді ме?
– Елбасының "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" бағдарламасы арқылы ұлттық құндылығымыз насихатталып, біршама жұмыс істелуде. Соның бір парасы – К.Рүстембеков атындағы аудандық жыраулар үйінің ұйымдастыруымен көптеген шара өтуде. Жақында жүз жыраудың мекені атанған Тұрмағамбет ауылында ақын Сүйінбай Ақбаевтың туғанына 100 жыл толуына орай облыстық жыршы-термешілердің фестивалі өтті. Оған республиканың түкпір-түкпірінен белгілі жыршы-термешілер қатысып, қармақшылықтарды жырмен сусындатты.
– Ізденіп қарманбасаң кез келген нәрсе тоқырайды. Шығармашылық ізденісте кімдермен жылы қарым-қатынастасыз?
– Қазақ Ұлттық Өнер консерваториясының "Жыр-терме" факультетінде Ұлжан Байбосынова ұстаздық етеді. Еліміздегі дәстүрлі өнерді дәріптеп жүрген әнші-термеші бірнеше жобаның авторы. Соның бірі – "Сегіз қырлы" телевизиялық жобасына шәкірттеріммен бірге қатысып тұрамыз. 2009 жылы Ұ.Байбосынованың шақыртуымен айтулы телевизиялық сайыста бақ сынадық. Ал 2011 жылы Серік Жақсығұлов, Шолпан Бимбетова, Руслан Ахметов төртеуміз тағы да осы бағдарламаның түсірілімінде болдық. Жыршылық дәстүрдің тізгінін ұстаған соң қарым-қатынасымыз осылай жалғасады ғой. Сонымен қоса, облыстық халық шығармашылығын дамыту орталығы жыр секторының меңгерушісі Майра Сәрсенбаевамен, жыр көгінде жұлдыздай жарқырап жүрген Елмұра Жаңабергеновамен жұмыс барысында жиі сырласып, тәжірибе алмасамыз.
– Алда қандай жоспар бар?
– Алла қаласа осы жылдың аяғына таман аудан сахнасына шәкірттеріммен бірге концерт беруді белгілеудеміз. Соған сай, жыр қоржынды "Түлкібай батыр" дастанымен толықтыруды дұрыс деп шештік. Қазір эпостық жырды жаттап, репертуарымызға басқа да терме-толғауды қосумен айналысудамыз. Сондай-ақ бұған дейін ешбір жерде айтылмаған Тұрмағамбет шайырдың термелерін орындауды мақсат етудеміз.
– Өнер жанашыры ретінде елге тілер тілегіңіз болса?
– Елімізге бейбітшілік тілеймін. "Қолда бар алтынның қадірі жоқ" демей, тәуелсіздігіміздің көк туын жоғары көтере білейік. Өнер, жыр сүйер қауымға "Айтушыдан тыңдаушың мықты болсын" дегендей, атадан балаға мирас болып келе жатқан жыраулық дәстүріміз әрі қарай да дами берсін. Сол сияқты ұлтының болашағына бей-жай қарай алмайтын көкірегі ояу, көзі ашық тыңдарман көп болсын.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұқбаттасқан Сәрсенкүл ЖАУДАТБЕК
Пікір 1