» » » ДЕПУТАТ ХАЛЫҚШЫЛ БОЛУ КЕРЕК

ДЕПУТАТ ХАЛЫҚШЫЛ БОЛУ КЕРЕК

Әншейінде сауалын арқалап тілші барса, орнынан таптырмайтын, болмаса «сауалыңды тастап кет, ойланып жазбаша жауап берейін» дейтін шенеуніктердің сөзіне әбден құлақ үйреніп кеткен бе, бара сала кең бөлменің төрін ұсынып, емін-еркін жайғасып, емен-жарқын әңгімелесу жанға жаққандай. Мемлекеттік қызметкер дейміз ғой, оның ішінде саяси сауалға тігісін жатқыза отырып, тұщымды жауап беру кез келгеннің қолынан келе бермейтіні рас. Білекті түріп жіберіп, әңгімені әріден бастаған аудандық мәслихат хатшысы Марат Наятұлымен сайлаудағы тың өзгерістер жайлы сұрағанымызбен, депутаттық мандаттың қызметі, халық қалаулыларының атқарған жұмысын айналып өте алмадық.


– Марат Наятұлы, желтоқсан айы мерекеге толы. Оның үстіне жылды аяқтар тұс. Тәуелсіздік мерекесі құтты болсын!
– Әңгіменің әлқиссасы мереке болған соң, бір ауыз айта кетейік. Сонау Керей мен Жәнібек ту тігіп, еншісін алғаннан бері бастау алған қазақтың тәуелсіздігі ғой бұл. Бабалар арманын аманат қылып артып, онан бері де қаншама толқын осы ұлы ұғымның астарындағы ауқымды тірлікті атқарды. Үш жүздің басын қосқан хан Абылайдың да, Алашорда үшін арпалысып өткен Әлихан Бөкейханұлы, Міржақып Дулатов, Мұстафа Шоқайдың да арманы осы еді. Желтоқсанда мұзда жаққан алау көңілге қуаныш ұялатып, бөркімізді аспанға аттық. Рас, қанмен келді. Бірақ, ел болуымыз үшін талай шапқыншылықты көріп, мемлекеттік мүддені өз басымыздан биік қойған елміз. Ендеше, ұлт болып ұйысып, шаңырағына бақ келіп шынтақтап жайғасқан қазақ елі, мереке құтты болсын!
– Әңгіменің түп төркіні сайлау туралы заңға енгізілген өзгерістен туындайды. Бұған дейін де хабардармыз. Жалпы, бұл заңға қандай өзгерістер енеді және өзіңіз қандай пікірдесіз?
– Негізінен айта кетейік, біз айтып отырған «Қазақстан Республикасының Сайлау туралы» Конституциялық Заңы 1995 жылы қабылданып,  оған осыған дейін 14 мәрте өзгеріс пен толықтырулар енгізілді. Мысалы, осыған дейін мәслихат депутаттығына үміткерлер белгілі бір сайлау округі бойынша өзін-өзі ұсыну жолымен немесе қандай да бір қоғамдық бірлестік арқылы ұсынылып,  басқаларға қарағанда көпшілік басым дауыс алған кезде депутат болып сайланатын. Ендігі өзгерісте, яғни келесі сайлаудан бастап депутаттар саяси партиялар ұсынатын партиялық тізім бойынша сайланатын болады. Сондай-ақ, конституциялық заңға енгізілген басқа да өзгерістер, яғни округтік сайлау комиссияларының таратылуы, аумақтық сайлау комиссиясы мүшелерінің өкілеттігі кәсіби деңгейде жүзеге асырылуы, ҚР сайлаушыларының бірыңғай электронды тізілімінің жүргізілуі және сайлау комиссияларының мүшелерін жергілікті бюджет есебінен оқыту, тағы басқаларды атап өткеніміз абзал.
Жұртшылықтың көзқарасында депутат деген ұғым мүлдем бөлек. Мұрнын көкке шүйіріп, маңғазданып жүретін біреуді көрсе «Әй, не депутат боп кеттің бе?!» деп кекетіп жатады. Ал, кейбірі тіпті депутатты жатып ішер ретінде сипаттайды.  Мұндай жағдайлармен ұшырасқан боларсыздар...
– Көш жүре түзеледі. Халықтың депутатқа деген көзқарасы түзелді. Бұрын, тіпті жұртшылық өзінде жоқ нәрсені «депутаттан аламын» деген түсінікте болатын. Рас, ауыр кезеңдер болды. Қазір шүкір, жағдай жақсарды. Депутат жалақы алмайды, ол – қоғамдық жұмыс. Қайырымдылық қоры емес. Бұқара мен биліктің арасындағы алтын көпір. Халықтың жанайқайын жеткізуші. Қай жерде не мәселе бар, оның шешілу жолдарына ұсыныс беруші. Міне, нақты осындай анықтама айта аламын. Мәслихат хатшысы болған алғашқы сәттерімде қабылдауда ұзынсонар кезек тұратын. Барлығының мұң-мұқтажын тыңдап, тіркеп алып отырамыз. Қазір басындағы мәселені кейде телефонмен айтады, кейде анонимді болу үшін тұрғынға тиімді тетіктерін пайдаланып, үйінен де тыңдап қайтамыз. Көшеде кетіп бара жатып, жолда да тыңдап қаламыз. Өйткені, бұрынғыдай қабылдауға келіп күтіп отыру қажеттілігі жоқ. Осы алты шақырылымда 54 мың сайлаушы болды, қаншама азамат депутат боп сайланған. Олардың арасында кәсіпкерлер де бар. Мемлекеттік бағдарламаларды насихаттайды, аудандық комиссияның құрамында мүшелікте жүреді. Ұзын сөздің қысқасы, депутат атқарушы органмен елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайын шешуге бірлесе атсалысатын тұлға.
– Кейде біз теледидардан Парламент, Сенат депутаттарының қызыл кеңірдек болып, мәселені талқы таразысына салып жатқанын байқаймыз. Бірақ, бізде сол нәрсе кездеспейді. Бұған не дейсіз?
– Неге кездеспейді? Сессия отырысының алдында тұрақты комиссиялардың бірлескен отырысы өтеді. «Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің» дейді ғой, талқылаудың көкесі сонда болады. Сессияның да өзінің заңдылығы бар. Анықталмаған, нақтыланбаған мәселелерді онда көтеруге болмайды. Депутаттың өзіне тән мәдениеті мен әдебі де назарда. Түптеп келгенде бұл заңдылықтар сақталмаған жағдайда төраға депутатты залдан шығарып жіберуге де құқылы. Депутатты көпшілік түсіне бермейді, түсінудің бір ғана жолы бар. Ол – депутат болу. Депутатты депутат қана түсіне алады.
– «Солай дейік, солай боларына сенейік» деген екен. Енді жылды да аяқтап қалдық. Биыл халық қалаулылары қандай қызмет атқарды? Нендей шаруа бітірді?
– Халық қалаулылары деп өзіңіз айтып отырсыз. Аты айтып тұрғандай, олар халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтаушы тұлғалар. Биыл бір мектеп, екі балабақша пайдалануға берілді. Көшелеріміз асфальттанып, жарықтандыру жұмысы жүргізілді. Айта берсек, көп. Кент орталығына келер жылы газ тарату жүйесі іске қосылмақшы. Бұл да сүйінші жаңалықтардың қатарында. Ауызсу мәселесі де шешімін тапты. Елді мекендердің біразы қазір тәулік бойы су ішіп отыр десек, артық айтқандық емес. Бұрынғымен салыстырғанда бүгінгінің көрінісі тіпті бөлек. Көшеден ағып тұратын суға тұтас ауыл мойнын созып отыратын. Арбалап та, арқалап та тасыды. Бұйыртса, арқалап отын да тасымайтын күнге жетеміз. Депутаттардың көптен көтеріп жүрген жазғы тынығу лагерінің де мәселесі шешілуге жақын. Осының барлығын бюджетке ұсынып, талдап-таразылап жүрген де осы – халық қалаулылары. Ауқымды жұмыс атқардық. Ең бастысы, халықтың қолын аузына жеткізетін мемлекеттік бағдарламаларды насихаттап, кәсіпкерлікті дамыту мен қолдау жылында көп шаруаны бітірдік деп айта аламын. Әрине, биылмен тоқтап қалған жоқ, жұмысты ары қарай жалғастыра береміз.
– Депутаттардың арасында түрлі сала өкілдері бар екенін білеміз. Сіз айтып отырған кәсіпкерлік саласынан да ел назарындағы тұлғалар бар. Депутат қайырымдылық қор болмағанмен, қайырым­ды­лықпен айналысып жүрген болар...
– «Оң қолыңның бергенін сол қолың білмесін» дейді ғой. Кәсіпкерлеріміздің көбісі бергенін айтпайды, оны жарнамалап суретке түсіру былай тұрсын. Ал, депутаттар арасындағы кәсіпкерлеріміздің жасап жатқан ісін ел аузынан естіп разы болып жатасың. Бір ғана мысал айтайын, «Тұрмағамбет» ЖШС директоры Нұржан Пірмантаевты білетін боларсыз. Таяуда ғана науқаннан соңғы диқандар то­йында қызметкерлеріне сыйақы тағайындап, тіпті кейбіріне су жаңа темір тұлпар мінгізді. Аудандық мәслихат депутаты, өзіндік ой-пікірі бар азамат. Биыл «Алтын күзде» жаман болғанымыз жоқ, аудан марапатқа қол жеткізді.
– Депутат болу дегеніміз...
– Депутат болу жай нәрсе емес. Адам бұл мінберге шын ықыласымен келу керек. Сондай-ақ, мемлекетшіл, халықшыл болғанда ғана ол сол орында абырой арқалай алады. Бұған дейін шаруашылық төрағасы болдым, күрішші болдым. Сөйтіп жүріп, мен депутат болам, мәслихат хатшысы болам деген үш ұйықтасам түсіме кірмепті. Бірақ, сол кезеңдерде жеке қожалық ашып жатқандарға халық басқаша көзқараспен қарайтын. Елдің аузындағыны жырып әкетіп бара жатқан теріс пиғылды адам деп бағалады. Талай қиындықтан өттік. Аяқсу үшін арпалыстық. Көптеген мәселе болды. Одан бөлек үнемі тура жолдан тайқымауға тәрбиелеген ата-анамыздың рөлі зор болды. Міне, мұның барлығы осы депутат болуға үлкен себеп болған шығар деп ойлаймын. Менің осыған дейін атқарған қызметтерімнің бірді-екілісі болмаса, басым көпшілігі сайлаумен отырғызды. Бүгінгі сайлау жайлы басталған сұқбатта ойыма оралып отырғаны ғой...
– Шынтуайтын айтқанда, кей кездерде біз құзыры жоғары органдарды жергілікті басшы­лық­­тың астына жығып беретін тәріздіміз. Негізгі аудандық мәслихаттың араласпайтын саласы жоқ. Бірақ қазір өз функциясын атқарып жүр ме?
– Аудандық мәслихат депутаттарының араласпайтын саласы жоқ екеніне қосыламын. Ауыл әкімдерін де сайлайтын мүмкіндігі бар. Елге қалтқысыз қызмет ететін мамандар ғана сұрыптаудан өтіп, сыннан сүрінбейді. Оларды сайлағаннан кейін жылы жауып қоя салмаймыз, жұмысына баға беріп, бақылауда ұстаймыз. Өйткені, мойнымызда елдің жауапкершілігі бар. Бізге нақты жұмыс істейтін іскер азаматтар керек. Оның үстіне, кент, ауыл әкімдіктерінің бюджеттері дербес боп бекітілді. Бақылау одан сайын арта түспек. Мұнан бөлек, ауыл әкімдерінің есебін тыңдаймыз. Ауданда бағдарламалар барысын нықтау, сайлау комиссиясының құрамын бекіту де біздің жұмысымыз. Қазір қай басшыға болмасын, жөнді жұмыс істей алмайтын туысқанынан білікті кадр жоғары тұрады. «Аға, көкенің» дәурені өткен. Мәслихаттың тағы бір қызметі марапаттау комиссиясы. Беделді атақтардың бірі «Құрметті азамат» атағын аудан әкімі ұсынады, мәслихат шешім шығарады. Қай мемлекеттік органмен болмасын, тонның ішкі бауындай біте қайнасып, жұмыс істейміз. Онсыз тірлік болмайды. Ауданда істелген қайсыбір тірлік болмасын, депутаттардың ұсынысымен орындалып жатыр. Міне, осыдан-ақ, халық қалаулыларының қызметіне баға беруге болады.
– Марат Наятұлы, сұқбатыңызға рақмет.

Сұқбаттасқан
Дәулет ҚЫРДАН,
«Қармақшы таңы».
25 желтоқсан 2018 ж. 3 279 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031