» » » ЖҮКТІЛІКТІ ЖОСПАРЛАУ КЕРЕК

ЖҮКТІЛІКТІ ЖОСПАРЛАУ КЕРЕК

Дүниеге дені сау ұрпақ әкелу – әрбір болашақ ананың арманы. Десе де, елімізде жүкті болғаннан кейін ғана дәрігерге қаралатындар қатары көп. Ал, шетелде бұл дайындық алдын ала жүргізіледі. Жалпы, жүктілікті жоспарлаған дұрыс па? Тақырыпты қаузау үшін акушер-гинекологпен сұқбаттасқан едік.
Отбасын құрудағы басты мақсат – бала сүю. Алайда, дүниеге бала әкелу адамның денсаулығына байланысты, әрі ана өміріне өзіндік салдарын тигізуі мүмкін. Физикалық, психологиялық және әлеуметтік жағдайы да тағы бар. Мұнан соң, көптеген отбасында жоспарлы бала туу ұғымы пайда болады. Жалпы, жүктілікті жоспарлаған дұрыс па?
– Әрине, жоспарлаған дұрыс. Десе де, баланы жоспарлап туу дегенде, көбіне бала санын шектеу деген ой келеді. Түптеп келгенде олай емес. Себебі, бала – отбасының ізбасары. Сол үшін де бала өміріне жауапкершілікпен қараған дұрыс. Бұл ең алдымен ана денсаулығына әкеп тірейді. Жоспарсыз арасына жыл салып босану ана денсаулығына зиянын тигізеді. Әйелдер көбіне жүкті екенін білген соң ғана медициналық тексеруден өте бастайды. Қазір экологиялық ахуалға байланыс­ты әртүрлі сырқат түрлері бар. Қаназдық, бүйрек, жүрек жетіспеушілігі, жатырдағы инфекциялық аурулар, қан қысымы секілді ауруларға жеңіл қарауға болмайды. Себебі, бұл құрсаққа біткен бала денсаулығына әсер етеді. Сондықтан, жүктілікті жоспарлап, емделіп, алдын ала медициналық тексеруден өтіп, сосын барып сәбиін өмірге әкелуге дайындалған абзал.
– Бүгінде жас аналардың көбі бірінші құрсақтан кейін қайталай бала көтере алмай жатады. Оның себебі неде?
– Босанған соң әйел өзін күтіп, тазалық сақтауы керек. Әртүрлі аурулардан қорғануы тиіс, әрі өз гинекологына жиі барып қаралып, тексеруден өтуі шарт. Әйтпегенде жатыр іші және жатыр түтікшелері қабынуы, жабысқақтар пайда болуы мүмкін. Өкініштісі, қазіргі кезде кейбір жас келіншектер бұларға көп көңіл бөлмегеннен екінші рет ана болу қабілетінен айырылып қалып жатады.
– Жүктілікке дейін қандай мамандарға бару қажет?
– Балалы болуды қалайтын барлық әйел жалпы қан талдауын, қанның биохимиялық талдауын, жалпы несеп талдауын, сондай-ақ, жағынды және жыныс жұқпаларына қан талдауын тапсыру керек. Бұлардан табылған ауытқушылықтардың көбі құрсаққа зиянын тигізеді. Сондай-ақ, ерлі-зайыптыларға меди­ци­на­лық-генетикалық кеңес алу қажет. Терапевтке қаралған жөн, оның мақсаты созылмалы ауруларды анықтап, емдеу. Созылмалы ауру жүктілік барысын ауырлатуы мүмкін, сондықтан оларды анықтау және емдеу өте маңызды. Әйелге гинекологқа қаралу ұсынылады. Жалпы қаралу, УДЗ, гормондық профильді анықтау және функционалды диагностиканың кейбір тестілері әйелдің репродуктивті жүйесін бағалауға, бала көтеру проблемаларына әкелетін патологияларға қажет болғанда коррекция жүргізуге мүмкіндік береді.
Созылмалы, уақытылы анықталмаған және емделмеген вирусты немесе бак­териялық жұқпа жүкті болмаудың негізгі факторларының бірі болуы мүмкін. Жұқпа процесі құрсаққа тікелей әсер етпесе де, эмбрионның дамуына кесірін тигізеді, тіпті оның өліміне себепші болады. Созылмалы эндометрит, эндокринді және аутоиммунды бұзылуларға әкеледі.
Бұл талдауларға бағыттау қағазын гинеколог немесе терапевт береді. Әйелге қызылшаға тұрақтылығын тексеру қажет, егер ол қажетті деңгейде болмаса, жүктілікті жоспарлағанға дейін шамамен 3 ай бұрын екпе жасауы керек.
– Бүгінде болашақ ана бала көтеру үшін де ұл немесе қыз боларын алдын ала есептетіп барып көтереді. Бұл қаншалықты сәйкес келеді. Жалпы, құрсақтағы нәрестенің жынысын қалай анықтауға болады?
– Құрсақтағы сәбиді УДЗ арқылы анықтау жүктіліктің 15-16 аптасында жүзеге асады. Яғни, тәжірибелі УДЗ дәрігері жобалап баланың жынысын анықтай алады. Баланың бейнесі көріне бастаған уақытта және де толғақ алдында да тексеріледі. «Халық айтса қалып айтпайды» демекші, ел аузында да құрсақтағы нәрестенің жынысын анықтайтын әдіс-тәсілдер бар. Сондай-ақ, бірыңғай қыз немесе бірыңғай ұл босанған келіншектер бала көтермес бұрын маманға барып есептетеді. Мұның әртүрлі методтары бар. Егер нақты есептесе, болжам бойынша сәйкес келуі әбден мүмкін.
– Сәби сүйіп, жүктілік бақытына кенелгісі келетін қыз-келіншектерге көкейге түйіп жүретін қандай кеңес берер едіңіз?
– Егер таңнан кешке дейін кеңсе жұмысында істейтін болса, қалай да уақыт тауып, физикалық белсенділікті үдеткен жөн. Себебі, спортпен шұғылдануға көп уақыт кетпейді. Таңғы жаттығу, болмаса кешкілік жұмыстан кейін бір мезгіл жаттығу жасау керек. Егер әйел бойын физикалық белсенділікке үйретсе, бала көтергеннен кейін де оны жалғастыру жеңіл болады. Жүктілікке дейінгі белсенділік гестационды қант диабетінің алдын-алып, жүктіліктің жеңіл өтуіне септігін тигізеді. Аяғы ауырлағанға дейін патша көңіл қалаған спорттың түрімен шұғылдануға болады. Ал, бойға бала біткеннен кейін, алғашқы триместрде мейілінше ана денсаулығы үшін қауіпсіз, белсенділіктің жұмсақ түрімен шұғылданған ләзім.
– Сұқбатыңызға рақмет!
Сұқбаттасқан: Айнұр ӘЛИ,
«Қармақшы таңы».
15 қыркүйек 2018 ж. 2 933 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

№97 (10362)

07 желтоқсан 2024 ж.

№96 (10361)

03 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 738

Сұхбат

Мәдениет

Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.
БАБАДАН ҚАЛҒАН ҰЛЫ ӨНЕР

БАБАДАН ҚАЛҒАН ҰЛЫ ӨНЕР

08 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 791

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031