КІТАПХАНАШЫНЫҢ МІНДЕТІ – ОҚЫРМАННЫҢ ЖҮРЕГІНЕ ЖОЛ ТАБАТЫН КІТАПТЫ ТАУЫП БЕРУ
Қоғамның рухани дамуы мен оқырманның кітапқа деген қызығушылығын арттыруда кітапхананың атқарар рөлі зор. Кітапхана – талай буынның танымын кеңейтіп, рухани әлемін байытқан киелі мекен. Заман өзгергенімен, кітаптың адам өміріндегі маңызы ешқашан жоғалмақ емес. Керісінше, бүгінгі кітапханалар оқырманға жаңа форматта қызмет көрсетіп, заман талабына сай жаңғыра түсуде. Осы орайда аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Гүлшара Қаниевамен тілдескен едік.
– Әуелгі сұрақты мамандығыңыздан бастасақ. Кітапханашылық жолға қалай келдіңіз?
– Иә, бұл мамандықты таңдауымның негізгі себебі – кітапқа деген ерекше сүйіспеншілігім. Мектеп қабырғасында жүрген кезімнің өзінде кітапты көп оқып, кітапхананың тыныс-тіршілігіне қызығушылықпен қарайтынмын. Кітапхана мен үшін жай ғана кітап алатын орын емес, білім мен ізденістің, руханият пен тәрбиенің ордасы болды. Сол кездің өзінде болашақта кітапханашы боламын деген шешімге келдім. Уақыт өте келе бала күнгі арманым кәсіби таңдауыммен ұштасып, кітапханашылық саласына деген қызығушылығым, сүйіспеншілігім одан әрі арта түсті.
– Мемлекет басшысы жастар арасында кітап оқу мәдениетін қалыптастырудың маңызын жиі айтуда. Осы үндеу кітапхана жұмысына қандай серпін берді?
– Мемлекет басшысының кітап оқу мәдениетін дамытуға, әсіресе балалар мен жастардың тұрақты оқу дағдысын қалыптастыруға басымдық беруі кітапхана жұмысына үлкен серпін берді. Осы жылғы 16 мамырдағы Жарлықта кітап оқу мәдениетін дамыту мен зерделі ұлт қалыптастыру мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі ретінде айқындалды.
Бұл бізге кітапхананың тек кітап беретін орын емес, оқырманның ой-өрісін дамытатын, білім мен руханиятты тоғыстыратын заманауи мәдени орталық болуы керектігін көрсетті.
Осы бағытта жастарды кітапханаға тартудың жаңа жолдарын іздестіріп, кітап көрмелері, әдеби кездесулер, кітап оқу марафондары, «Кітап керуені» сияқты түрлі жоба мен акцияларды ұйымдастыруға ерекше мән беріп келеміз. Әлеуметтік желілер мен цифрлық мүмкіндіктерді де тиімді пайдаланып, кітапты жастарға заманауи форматта насихаттауға көңіл бөлудеміз.
Ең бастысы – жастарға «кітап оқу керек» деп айту ғана емес, кітап оқуды қызықты әрі қажетті әдетке айналдыру. Оқырман санының артуы, жастардың өздері оқыған кітаптарын ұсынып, пікір бөлісуі – осы жұмыстарымыздың нақты нәтижесі деп ойлаймын.
Бүгінде кітапханашының міндеті – кітап пен оқырманның арасындағы алтын көпір болу. Сондықтан Мемлекет басшысының бұл бастамасы біздің жауапкершілігімізді арттырып, жұмысымызға жаңа бағыт, жаңа идея және үлкен серпін берді.
– Президенттің кітап оқуға қатысты бастамалары аясында кітапханада қандай жаңа жоба немесе іс-шаралар қолға алынды?
– «Кітап оқу марафоны», «Кітап оқитын ұлт», «Кітаппен бірге өсеміз» сияқты жобаларды ұйымдастыруға ерекше мән берудеміз. Сонымен қатар оқырмандар арасында кітап талқылау, әдеби кездесу, буккроссинг акциясы, кітап көрмесі мен танымдық іс-шаралар тұрақты өткізіледі. Сонымен қатар «Жылдың 10 үздік оқырманы» жобасымен қыркүйек айында «Үздік оқырман» бауқауы өткелі жатыр. Бұл бірінші кезекте ауылдық кезеңде іріктеледі, кейіннен аудандық, одан соң облыстық кезеңде жалғасын табатын болады.
– Қазіргі жастардың кітап оқуға қызығушылығы қандай деңгейде? Соңғы жылдары оқырмандар саны артты ма?
– «Жастар кітап оқымайды» деген пікірмен толық келіспеймін. Керісінше, олардың кітапқа деген қызығушылығы жақсы. Дей тұрғанмен олардың кітап таңдау талғамы мен оқу форматы өзгерді. Мысалы, Қазақстандағы зерттеулерде 18-29 жас аралығындағы жастар тұрақты кітап оқитын белсенді топтардың қатарында екені көрсетілген. Біздің тәжірибемізден де жастардың көркем әдебиетпен қатар психология, тарих, тұлғалық даму, жаңа технологиялар және заманауи әдебиетке қызығушылығы жоғары екенін байқаймыз. Қазір жастар кітапты тек қағаз нұсқасында емес, электронды форматта да оқиды.
Жастардың өз таңдауына мүмкіндік берген дұрыс. Оларға міндетті түрде классикалық шығармаларды ғана ұсынбай, өздері қызығатын психология, тарих, мотивация, заманауи әдебиет, ғылым мен технология тақырыптарындағы кітаптарды ұсыну керек. Ең бастысы – кітап оқуға мәжбүрлеу емес, кітап оқудың қызықты екенін сезіндіру. Бұл жерде отбасы, мектеп және кітапхана бірлесіп жұмыс істегені маңызды.
Меніңше, бүгінгі кітапханашының міндеті – кітапты оқырманға жай ғана ұсыну емес, оқырманның жүрегіне жол табатын кітапты тауып беру. Сонда телефонға телмірген жас кітаптан да өзіне қажетті дүниені іздей бастайды.
– Өз қызметіңіздегі ең үлкен жетістік деп нені атар едіңіз?
– Мен үшін қызметімдегі ең үлкен жетістік – оқырманға кітапты сүйіспеншілікпен оқытып, кітапханаға деген қызығушылығын арттыру. Себебі кітапхана – тек кітап сақталатын орын емес, адамның ойы толысып, дүниетанымы кеңейіп, рухани әлемі байитын ерекше мекен. Әрбір оқырманның өзіне қажетті кітабын іздеп тауып, оны қызығушылықпен оқып, жаңа дүниені тануға талпынып жүргенін көру – еңбегімнің жемісі.
Әр оқырманның кітаппен табысуы – үлкен жетістік. Бір оқырманның кітапқа деген қызығушылығын оятып, оның тұрақты кітапхана оқырманына айналуына ықпал ету – қызметімнің ең маңызды нәтижелерінің бірі. Өйткені кітап оқуға деген сүйіспеншілік адамның жан дүниесіне жарық түсіріп, болашаққа деген көзқарасын қалыптастырады.
Кітап пен оқырманның арасын жалғап, әр адамның жүрегіне қажетті рухани азығын табуына себепші болу – үлкен мәртебе. Еңбегімнің ең үлкен бағасы да, ең қымбат жетістігі де – кітапханаға асыға келетін, кітапты іздеп оқитын, білімге құштар оқырмандардың көбейе түсуі.
– Қазір кітап оқығаннан телефонға телмірген адам көп. Осы ретте, кітапқа деген ынтаны қалай арттыра аламыз? Қандай өзгеріс жасау қажет, қалай ойлайсыз?
– Қазіргі заманда телефон мен әлеуметтік желі жастардың күнделікті өмірінің бір бөлігіне айналды. Сондықтан телефонды кітаптың қарсыласы ретінде емес, кітапқа бастайтын құрал ретінде пайдалануымыз керек деп ойлаймын.
Біріншіден, кітапты жастарға қызықты әрі заманауи форматта ұсыну қажет. Мысалы, қысқа бейнероликтер, кітапқа шолу, оқырман пікірлері, QR-кодтар, онлайн кітап талқылаулары арқылы жастардың назарын аударуға болады. Қазір кітапханалардың цифрлық сервистерге көшуі де осы қажеттіліктен туындап отыр.
– Қазіргі таңда оқырмандар көбіне қандай жанрдағы кітаптарды таңдайды? Қазақ әдебиетіне қызығушылық байқала ма?
– Қазіргі оқырманның кітап таңдау талғамы әртүрлі. Жоғарыда айта кеткенімдей, елімізде жүргізілген зерттеулерде тарихи шығармалар, тарихи романдар, өмірбаяндар мен публицистикалық әдебиеттерге сұраныс жоғары екені байқалады. Сонымен қатар детектив, шытырман оқиғалы шығармалар, психология және өзін-өзі дамытуға арналған кітаптар да көп оқылады.
Жастар арасында фэнтези, фантастика, заманауи әдебиет және психологиялық шығармаларға қызығушылық та байқалады. Бұл – қазіргі оқырманның тек көңіл көтеру үшін емес, өзін тану, өмірлік сұрақтарына жауап іздеу және жаңа дүниені танып-білу үшін кітап оқитынын көрсетеді.
Ал қазақ әдебиетіне деген қызығушылық бар және соңғы кезде бұл қызығушылықтың артып келе жатқанын байқауға болады. Биылғы жылдың алғашқы тоқсанында кітапханаларда сұранысқа ие болған шығармалардың қатарында Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат, қызық мол жылдар», Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа», Қабдеш Жұмаділовтің «Тағдыр», Дулат Исабековтің «Қарғын», Шерхан Мұртазаның «Ай мен Айша», Смағұл Елубайдың «Ақ боз үй» сияқты қазақ әдебиетінің таңдаулы туындылары оқылған.
– Өзіңіз ерекше жақсы көретін сүйікті кітабыңызды атай аласыз ба?
– Менің сүйіп оқитын кітабым әйел-аналарға арналған шығармалар, соңғы кезде оқып жүрген кітаптарымның қатарында Санжар Керімбайдың Өзбекәлі Жәнібеков пен Қаныш Сәтпаев туралы еңбектері бар.
– Сұхбатымыздың соңында оқырмандарға қандай тілек немесе үндеу айтасыз?
– Ең алдымен кітапты құрметтейтін, кітапхана оқырмандары көп болсын деген тілегім бар. Әрбір оқырман кітаппен дос болса екен деймін. Әр оқыған шығармаңыздан жаңа ой, жаңа білім, жүрекке жылу сыйлайтын әсер таба беріңіздер. Кітап – адамды биіктететін, ой-өрісін кеңейтетін рухани қазына. Әр күндеріңіз бір жақсы кітаппен, әр оқыған бетіңіз пайдалы оймен өрілсін! Білімге құштар, ізденімпаз, зерделі оқырман болыңыздар.
– Уақыт бөліп әңгімелескеніңізге үлкен рақмет!
Сұхбаттасқан Ақнұр САҒЫНТАЙ














