» » РУХАНИ ҚАЗЫНА САҚШЫЛАРЫ

РУХАНИ ҚАЗЫНА САҚШЫЛАРЫ

Кітап – адамзат өркениетінің алтын қазығы, ой мен парасаттың мәңгілік жемісі. Ал сол баға жетпес рухани байлықты сақтап, насихаттап, оқырманға жеткізетін тұлға – кітапханашы. Кітапханашы мәдениеттің жаршысы, халықтың рухани өмірін жаңғыртушы, мәңгілік білім мен ізденістің шамшырағы іспетті. Қазан айының 24 жұлдызында елімізде кітапханашылар күні атап өтіледі. Халықтың рухани азығын күтіп-баптап, көзінің қарашығындай сақтап қызғыштай қорғап, рухани шөліркеген жанға адал қызмет ететін осынау қызмет иелеріне деген құрмет те өзгеше.
Кітапханашылар күні елеусіз мереке секілді көрінгенімен, бұл – маңызы аса зор мамандық иелерін ұлықтайтын мереке. Осы күн арқылы біз қоғамдағы рухани байлық пен мәдениеттің, білім мен ғылымның дамуына үлес қосып жүрген кітапхана қызметкерлеріне деген зор алғыс пен құрметімізді білдіре аламыз.
Иә, заман көші алға озған сайын түрлі мамандықтар көбейіп, кейбірі көмескіленіп, тасада қалып жатады. Адамзат баласы смартфонға үңілген қазіргі таңда да кітапхана ұғымы мен кітапханашы қызметі кейінге ысырылып қалғандай елестейді. Бірақ бұл – қате пікір, теріс көзқарас. Бүгінгі заманда кітапханашының рөлі бұрынғыдан да арта түсті. Цифрландыру дәуірінде электрондық кітаптар, деректер базасы, онлайн оқырмандармен жұмыс істеу сияқты жаңа бағыттар дамып келеді. Технология қанша дамыса да, адаммен тілдесіп, жылы жүзбен қарсы алып, рухани кеңес беретін, кейде кітаптың өзі оқыған тұсын адаспай табатын, шығарма жайлы өз ойын білдіріп, пікір алмасатын нағыз маманның орнын ешбір жасанды интеллект алмастыра алмайды.
Бүгінгі кітапханалар – ақпарат пен технологияның тоғысқан, ой мен пікірдің, ізденіс пен жаңашылдықтың орталығы. Ал сол орталықтың жүрегі – кітапханашы. Ол оқырманға бағыт береді, кеңес айтады, іздеген ақпаратын табуға көмектеседі. Кітапханашы әрбір келушінің жан дүниесін тануға, рухани сұранысын түсінуге тырысады.
Кітапханашы еңбегі – қоғамға өлшеусіз пайда әкелетін еңбек. Әрбір кітап сөресіне жүйелеп орналастыру, жаңа әдебиеттерді таныстыру, көрмелер мен әдеби кештер ұйымдастыру – барлығы да зор жауапкершілікті, жан-жақты білімді қажет етеді. Кітапханашы өз ісін сүйіп, әр оқырманға ерекше ықыласпен қарайды.
Кітапханашылардың еңбегі қоғамның мәдени келбетін қалыптастырады. Олар жас ұрпақтың бойына кітапқа деген сүйіспеншілікті ұялатып, ой-өрісін кеңейтеді. Әрбір баланың алғашқы оқыған кітабы, алғашқы алған әсері көбінесе кітапхана мен кітапханашының ықпал етуіне байланысты болып келеді. Бұл – олардың өмірлік жолына әсер ететін үлкен тәрбие мектебі. Сондықтан кітапханашылардың еңбегін бағалауды рухани құндылықты бағалау деп түсінгеніміз жөн. Олардың сабырлы да сыпайы мінезі, ізденімпаздығы, жан-жақтылығы – көпке үлгі. Кітапханашының басты мақсаты – оқырманды ізденіске баулу, кітапқа деген қызығушылығын арттыру.
Кітапханашылар күні – кәсіби мереке болуымен қатар, руханият пен мәдениеттің, мейірім мен парасаттың мерекесі. Бұл күні біз кітап пен білімге деген құрметті жаңғыртып, кітапхана ісін дамытуға үлес қосқан барлық жандарға ризашылығымызды білдіреміз.
Лаура БАҚТЫБАЕВА
23 қазан 2025 ж. 78 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№80 (10448)

21 қазан 2025 ж.

№79 (10447)

18 қазан 2025 ж.

№78 (10446)

14 қазан 2025 ж.

Хабарландыру

ХАБАРЛАНДЫРУ

ХАБАРЛАНДЫРУ

15 қыркүйек 2025 ж.
Хабарландыру

Хабарландыру

02 қыркүйек 2025 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 1 715
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңарған Жосалы
02 қыркүйек 2025 ж. 453

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031