СПОРТШЫНЫҢ ДОСЫ – ТАБАНДЫЛЫҚ ПЕН ТӨЗІМДІЛІК
Спорт – адам өмірінің маңызды бөлігі. Ол денсаулықты нығайтып қана қоймай, адамның күш-жігерін, төзімділігін және тәртібін қалыптастырады. Сонымен қатар спорт адамды мақсат қоя білуге, жеңіске ұмтылуға және қиындықты жеңуге үйретеді. Әсіресе жастардың бос уақытын тиімді өткізуде спорттың маңызы зор.
Спорт саласындағы жаттықтырушы – жай ғана мамандық иесі емес, үлкен жауапкершілікті талап ететін кәсіптің бірі. Ол шәкіртін жаттықтырып қана қоймай, оған бағыт-бағдар беріп, жігерлендіріп, психологиялық тұрғыдан қолдау көрсете білетін ұстаз. Осы ретте №15 Қармақшы ауданының олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебінің дзюдо бөлімшесінің жаттықтырушысы, дзюдо және қазақ күресінен Қазақстан Республикасының спорт шебері Ерлан Жақсыбековпен әңгімелескен едік.
– Ерлан Зейнуллаұлы, спорт жолын таңдауыңызға не себеп болды?
– Спортқа қадам басуыма ең үлкен ықпал еткен адам – әкем. Ол кісі жастайынан спортпен айналысып, спортты ерекше жақсы көрген. Әкемнің спортқа деген қызығушылығы мені де бала кезімнен осы салаға жақындатып, жаттығуға деген ынтамды арттырды. Уақыт өте келе спорт менің өмірімнің ажырамас бөлігіне айналды. Дзюдомен айналыса бастаған кезімде бұл спорттың адамды тек физикалық тұрғыдан шынықтырып қана қоймай, мінезі мен рухын да қалыптастыратынын түсіндім. Дзюдо маған тәртіп сақтауды, сабырлы болуды, жауапкершілікпен әрекет етуді және қандай қиындық кездессе де берілмей, соңына дейін күресуді үйретті. Осы қасиеттердің барлығы әсер етіп, спортты өмірлік жолым ретінде таңдауыма себеп болды.
– Жетістіктеріңіз туралы айта отырсаңыз?
– Спорттық жолымда бірқатар жетістікке жеттім. Дзюдо күресінен Қазақстан Республикасының жастар арасында ел чемпионатында екі дүркін чемпион атандым. Жастар арасында өткен Азия чемпионатының екі дүркін күміс жүлдегерімін. Еуропа кубогінің жүлдегері және де көптеген халықаралық жарыстың жеңімпазымын.Дзюдо, самбо және қазақ күресінен Қазақстан Республикасының спорт шеберімін. Ересектер арасында Қазақстан Республикасының екі дүркін қола жүлдегері атандым.
Бұл жетістіктердің әрқайсысының артында үлкен еңбек, төгілген тер, тәртіп, жаттығу және өзіңе деген сенім мен талап тұр. Спортта нәтиже бір күнде келмейді. Тынымсыз жаттығудың арқасында ғана биік белестерді бағындыруға болады.
– Осы жеңістеріңіздің ішінен қайсысын ерекше бағалайсыз және жеңіс бар жерде, жеңіліс те бар, жеңілістен кейін өзіңізді қалай жинақтайсыз?
– Ерекше бағалайтын жеңісім – ол жастар арасында Қазақстан Республикасы чемпионатында 1 орын алған сәтім. Жарыс болған соң жеңіс те, жеңіліс те болады. Сол себепті жеңіліске көңілімді түсіріп, жігерсіз сезінуге жол бермеймін. Керісінше, әр сәтсіздіктен сабақ алуға тырысамын. Жарыс барысында жіберген қателігімді талдап, келесі бәсекеде оларды қайталамауға, нәтижемді жақсартуға күш саламын.
– Жоғары нәтижеге жету үшін спортшыға қандай қасиет қажет. Өзіңіздің бапкеріңіз туралы айтсаңыз?
– Менің ойымша, спортшының белгілі бір нәтижеге жетіп, алдына қойған мақсатын бағындыруы үшін ең алдымен шыдамдылық, табандылық және қайсарлық қажет. Жетістікке жетудің қарапайым жолы – жаттығуды үзбей, тұрақты түрде еңбектеніп, өзіңді үнемі дамыту. Күн сайын жасаған кішкентай қадамың уақыт өте келе үлкен нәтижеге алып келеді.
Әрине, жетістікке жетуім жаттықтырушым Дархан Нұрымұлының еңбегі мен қолдауының арқасында дер едім. Ол әрдайым дем беріп, жігерлендіріп, алға ұмтылуыма күш берді. «Саған өзіңнен де қатты сенемін» деген сөзі маған ерекше мотивация беріп, кез келген қиындыққа мойымай, жеңіске ұмтылуыма шабыттандырды. Сол үшін де ол кісіге деген құрметім шексіз.
– Ал енді шәкірттеріңізге келетін болсақ, қазіргі таңда олардың қандай жетістігін атай аласыз?
– Бүгінде жинаған тәжірибемді шәкірттеріме беріп, жаттықтырушы ретінде еңбек етудемін. Шәкірттерімнің арасында дзюдо күресінен жасөспірімдер арасында Қазақстан Республикасы чемпионатының күміс жүлдегері және самбо күресінен Қазақстан Республикасының чемпионы, Азия чемпионатының күміс жүлдегері Арқар Асқарұлы деген шәкіртім бар.
Сонымен қатар Сұңқар Асқарұлы, Әлтай Ержанұлы, Шахназар Жасұланұлы республикалық, халықаралық және облыстық турнирде жеңімпаз, жүлдегер атанып жүрген болашағынан үлкен үміт күтетін шәкірттерім. Мен үшін шәкірттерімнің әрбір жетістігі – үлкен қуаныш. Өз жеңісің бір бөлек, ал өзің тәрбиелеген баланың жеңісін көру – жаттықтырушы үшін ерекше сезім, зор мақтаныш. Себебі олардың жетістігіне өз еңбегіңнің де үлесі бар екенін сезінесің.
– Дзюдомен айналысқысы келетін балалар мен жастарға қандай кеңес берер едіңіз және жалпы спорт саласында өзіндік орны бар тұлға ретінде кейінгі буынға айтар ағалық ақылыңызбен сұхбатымызды қорытындыласақ?
– Дзюдомен айналысқысы келетін балаларға айтар кеңесім – бұл спортқа үлкен дайындықпен келу керек. Дзюдо спортшыдан күштілікті, ептілікті, икемділікті және төзімділікті талап етеді. Бұл – қарсыласпен тікелей байланысқа түсетін спорт түрі болған соң, физикалық тұрғыдан жақсы дайындық маңызды. Жаттығуға жауапкершілікпен қарап, денені шынықтырып, спорттық шеберлікті біртіндеп дамыту қажет. Ең бастысы қорықпай, еңбекқорлық пен табандылық таныту.
Жастарға айтар ең басты кеңесім – қандай мақсат қойсаңдар да, оған жету жолында табандылық пен еңбекқорлықты жандарыңа серік етіңдер. Үлкен жетістікке бір күнде жету мүмкін емес, күн сайын өздеріңді дамытып, алға ұмтылып отыру қажет.
Кейде жолда қиындықтар кездесіп, жеңілістер болуы мүмкін. Бірақ сәтсіздікке мойымай, одан сабақ алып, қайта талпыну керек. Ең бастысы – бастаған істі соңына дейін жеткізіп, өз мақсатыңа деген сенімді жоғалтпау. Спортпен айналысу тек чемпион атану үшін ғана емес. Спорт адамды тәртіпке, жауапкершілікке, сабырлылыққа және төзімділікке тәрбиелейді. Сондықтан әрбір жас өзіне қызықты спорт түрін таңдап, денсаулығына көңіл бөліп, бос уақытын тиімді өткізуге арнағаны жөн. Ең бастысы – нақты мақсат қойып, сол мақсатқа қарай күн сайын аз болса да қадам жасау. Еңбек, тәртіп және тұрақтылық бар жер міндетті түрде жемісін береді.
– Әңгімеңізге рақмет. Еңбегіңіз табысты бола берсін.
Сұхбатты жүргізген Құралай АЛТАЙҚЫЗЫ














