Балуандар белдесуі

Әсет Сүлейменов – дзюдо күресінен жоғары жетістіктерге жетіп, Қазақстан Республикасының «Спорт шебері» атағына ие болған, қайсар мінезді, өз ісіне адал азамат. Ол спортта талай жастардың үлкен өмірге нық қадам басуына жол көрсетті. Оның есімі елге қызмет етудің, еңбексүйгіштіктің жарқын үлгісін көрсете білген тұлға ретінде халық жадында мәңгі сақталады.
Жыл сайын спорт шеберін еске алуға арналған турнир өткізу дәстүрге айналған. Биыл да үрдістен жаңылмай Әсет Сүлейменовті еске алуға арналған 2011-2012 жылдары туған жасөспірімдер арасындағы дзюдо күресінен республикалық турнир өтті. Турнирдің ашылу рәсіміне аудан әкімі арнайы қатысып, спортшыларға сәттілік тіледі.
– Осындай тағылымды шаралар арқылы жастарымыздың бойында өткенге құрмет секілді тәрбиелік мәні зор ұғымдар қалыптасатыны сөзсіз. Биылғы додаға республикамыздың әр өңірінен 300-ге жуық жас спортшы қатысуда. Осы ретте жарыстың жоғары деңгейде ұйымдастырылуына атсалысып жүрген барша азаматтарға шынайы алғысымды білдіремін, – деп шараның маңыздылығын атап өтті.
Сондай-ақ облыстық жоғары спорт шеберлігі мектебінің директоры, облыстық дзюдо федерациясының вице-президенті Бағдат Каленов және Әсет Сүлейменовтің інісі Бауыржан Сүлейменов қатысып, ізгі тілектерін білдірді.
Аталған дүбірлі додаға еліміздің әр өңірінен 25 команда жиналып, 300-ге жуық жас спортшы өз бақтарын сынады. Үш күнге созылған жарыс жоғары деңгейде ұйымдастырылып, қатысушылар мен көрермендерге ерекше әсер сыйлады. Турнир тек жарыс қана емес, жас дзюдошылардың тәжірибе жинақтап, шеберліктерін шыңдайтын маңызды алаң болды.
Жарыстың басты мақсаты – жасөспірімдер арасында дзюдо спортын дамыту, салауатты өмір салтын кеңінен насихаттау, сондай-ақ спортшылардың өзара тәжірибе алмасуына мүмкіндік жасау. Бұл мақсат өз деңгейінде орындалып, турнир барысында көптеген жас балуандар өздерінің болашағынан зор үміт күттіретінін дәлелдеді.
Әр белдесу тартысқа толы болды. Қатысушылар жеңіске деген жігері мен қайсарлығын көрсетіп, тартымды күрес үлгісін паш етті. Әсіресе финалдық кездесулер көрермендердің зор қызығушылығын тудырды. Әр салмақта үздіктер анықталып, жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы дипломдармен, медальдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Мамандардың айтуынша, мұндай жарыстар жасөспірімдердің спортқа деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, олардың тәртіпке, табандылыққа және жауапкершілікке тәрбиеленуіне зор ықпал етеді. Сонымен қатар, болашақ чемпиондардың қалыптасуына да негіз қалайды.















