» » САҢЛАҚ СПОРТШЫ

САҢЛАҚ СПОРТШЫ

Халқымыз ежелден денсаулықтың қадiрiн жете түсiнiп, оны басты байлыққа балаған. Сол себеп­ті де «тәні саудың  – жаны сау» деп текке айтпады. Әрине, тән саулығы ол – спорт. Спорт адамды  табандылық пен төзімділікке үйретеді. Әрі шымыр да ширақ болып өсуге бейімдейді. Бала күнінен спорт­ты өміріне серік еткендер қатарында Әлжан Төремаханов та бар. Алғашқы еңбек жолын №2 жылжымалы механикаландырылған колоннада жұмысшы және жүргізуші болып бастаса да спорттан қол үзбей аудан, облыс және республикалық жарыстарға қатысып жүлделі орындарға ие болады. Спорт саласындағы үздіксіз еңбегінің арқасында 1975 жылы еркін күрестен Қармақшы ауданында бірінші болып «КСРО спорт шебері» атағын алады.

1976-1987 жылдары аудандық білім бөліміне қарасты спорт мектебінде еркін күрестен жаттықтырушы қыз­метін атқара жүріп, Шым­кент қаласындағы дене шынық­тыру техникумын жат­тықтыру­шы мамандығы бойынша бітіріп шығады. 1987 жылы осы мектептің оқу ісі жөнін­дегі меңгерушісі қызметіне кө­терілді. Тынымсыз еңбегінің нәти­жесінде аудандағы жасөспірімдер мен балалар арасындағы спорттың дамуына және шеберлігінің шыңдалуына үлкен үлесін қосады. Жас буынды спортқа тәрбиелеудегі еңбегі елеусіз қалмай 1993 жылдың қыркүйек айында аудандық спорт мектебінің директоры қызметіне тағайындалады. Спорт мектебінде еңбек еткен жылдары Әлжан Төремаханов ұжымда беделді, өзін іскер басшы, талантты ұйымдастырушы және үнемі өзін-өзі жетілдіру жолында ізденіспен еңбек ететін маман ретінде көрсетеді.
Спортта жеңілген сәттер болды ма деген сауалымызға:
– Әрине, жеңілген сәттер болды. Өмір де жеңіс пен жеңілістен тұрады емес пе? Спортқа 11-12 жасымда келдім. Алғашқы екі жылда бірде жеңіп, бірде жеңіліп жүрдім. Осылайша ширай түстім. Шыңдалдым. Жеңіске жеттім, – дейді кейіпкеріміз.
Ол тәрбиелеген спортшылар аудан, облыс, республика көлемінде өткен жарыстарда жүлде алып, жоғары жетістіктерге қол жеткізді. Оның ішінде халықаралық дәрежедегі спорт шебері, қазақ күресінен Әлем Чемпионы, самбо күресінен ерлер арасында Азия Чемпионатының жүлдегері бар.
Әлжан Төремаханов Қазақстан Рес­публикасында дене шынықтыру және спортты дамытуға қосқан үлесі үшін Туризм және спорт министрлігінің алғыс хатымен марапатталады. Сонымен бірге «Қазақстан Республикасының спортқа еңбегі сіңген қайраткер» атағын алды.
Әлжан Әлімханұлы үлгілі жанұя қатарында. 2 ұл, 1 қыз тәрбиелеп отырған ардақты әке, адал жар. Балалары да бүгінде әке жолын қуып спорт саласына бет бұрған.
– Ұлдарым өз еріктерімен спортты таңдады. Менің ықпалым болмады (күледі).  Үлкен ұлым Әбу аудандық спорт мектебінде жаттықтырушы болса, кенже ұлым Марат №250  мектеп-лицейде дене шынықтыру пәні мұғалімі болып жұмыс істейді, – дейді Әлжан Әлімханұлы.
 Бүгінде 9 немересінің қамқор атасы достарының арасында сыйлы, беделді, жан-жақты. Зейнеткерлікке шықса да қарап отыра алмайды. Қоғам өмірі мен жаңалықтан да үнемі хабардар болып жүреді. Үлкеннің де, кішінің де көңілін көтеріп, қалжыңдасып ортасын қызыққа толтырып жүретін спорт майталманына мықты денсаулық пен қажымас қайрат тілейміз.
Ақнұр САҒЫНТАЙ,
«Қармақшы таңы».
08 мамыр 2019 ж. 1 702 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№87 (10352)

02 қараша 2024 ж.

№86 (10351)

29 қазан 2024 ж.

№85 (10350)

25 қазан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 2 813

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930