МАҚСАТЫМ – ЖАҢАШЫЛДЫҚҚА ҰМТЫЛҒАН ҰРПАҚ ТӘРБИЕЛЕУ
Қазіргі технология қарқынды дамыған заманда робототехника – балалардың болашағына жол ашатын маңызды бағыттардың бірі. Осы бағытта аудандағы «Оқушылар үйінде» «Робототехника» үйірмесі жұмыс істейді. Жетекшісі – Нұрлыбек Малаев. Үйірме барысында оқушылар заманауи технологиялардың қыр-сырын меңгеріп, өз қолдарымен түрлі жобалар жасап, шығармашылық қабілеттерін шыңдауда. Білім мен тәжірибені ұштастырған бұл ортада жасөспірімдер тек техникалық дағдыларды игеріп қана қоймай, болашақ мамандықтарына алғашқы қадамдарын жасауда. Төменде үйірме жұмыстары туралы толығырақ тарқататын боламыз.
– Бұл салаға қалай келдіңіз? Қызығушылық неден басталды? – Робототехника саласына келуіме негізгі себеп – технологияға, әсіресе автоматтандыру мен бағдарламалауға деген қызығушылық болды. Бала кезден түрлі техникалық құрылғылардың қалай жұмыс істейтіні ерекше қызықтыратын. Алғашында қарапайым электрондық бөлшектерден шағын құрылғылар құрастырып, олардың жұмыс істеу принциптерін түсінуге тырыстым. Осы алғашқы қадамдар техникалық ойлау қабілетімді дамытып, жаңа дүниелерді үйренуге деген ынтамды арттырды.
Уақыт өте келе робототехника саласының мүмкіндіктері өте кең екенін түсіндім. Бұл тек бір ғана техникамен шектелмейді, керісінше бірнеше бағыттың тоғысқан тұсы. Мұнда логика, математика, физика заңдылықтары мен бағдарламалау тілдері қатар жүреді. Сонымен бірге, әрбір жобада шығармашылық көзқарас та қажет, өйткені кез келген роботты жасау барысында тың идея мен ерекше шешімдер маңызды рөл атқарады.
Робототехникамен айналыса бастағаннан кейін тек құрылғы құрастыруды ғана емес, сонымен қатар мәселені жан-жақты талдап, тиімді шешім табуды үйрендім. Бұл сала шыдамдылыққа, ұқыптылыққа және үнемі ізденісте болуға баулыды.
Оқушылармен жұмыс істеу барысында бұл қызығушылық одан әрі арта түсті. Балалардың жаңа нәрсені тез меңгеруі, өз қолымен бір құрылғы жасап шығаруы маған үлкен мотивация берді. Осылайша, тек хобби емес, негізгі кәсіби бағытыма айналды.
– Үйірмеге көбіне қандай жастағы балалар келеді? Бүгінде неше бала білім алуда?
– Робототехника үйірмесіне негізінен 4-11 сынып аралығындағы оқушылар қатысады, яғни шамамен 9-17 жас аралығындағы балалар қамтылады. Бұл жас кезеңі – баланың логикалық ойлау қабілеті қарқынды дамып, жаңа білімді тез қабылдайтын, сонымен қатар техника мен инновацияға деген қызығушылығы арта түсетін маңызды уақыт. Сондықтан дәл осы кезеңде робототехникамен айналысу олардың ой-өрісін кеңейтіп, болашақ мамандық таңдауына да оң әсерін тигізеді.
Қазіргі таңда үйірмеде 46 оқушы тұрақты түрде білім алуда. Оқушылардың қабілеті мен дайындық деңгейін ескере отырып, олар бірнеше топқа бөлінген. Бастауыш деңгейдегі топта робототехникаға жаңадан келген балалар негізгі түсініктермен танысып, қарапайым құрылғыларды құрастыруды және бағдарламалаудың алғашқы қадамдарын меңгереді. Орта деңгейде тәжірибесі бар оқушылар білімдерін тереңдетіп, күрделірек жобалармен жұмыс істейді, түрлі тапсырмаларды өз бетінше орындауға дағдыланады. Ал жоғары деңгейдегі топта оқушылар нақты жобалар жасап, оларды жетілдіріп, түрлі жарыстар мен байқауларға қатысуға дайындалады.
Осылайша, деңгейлік жүйе әр оқушының жеке мүмкіндігін ескеріп, олардың біртіндеп дамуына және робототехника саласында өз орнын табуына тиімді жағдай жасайды.
– Балалардың қызығушылығы қалай? Оны арттыруда қандай жұмыс атқарасыз?
– Балалардың робототехникаға деген қызығушылығы өте жоғары, әсіресе олар өз қолымен құрастырған роботтың алғаш рет қозғалған сәтін көргенде ерекше әсер алады. Сол сәт олардың бойында «мен де жасай аламын» деген сенімді қалыптастырады. Бұл қызығушылықты сақтау және дамыту үшін мен сабақтарды тек теориямен шектемей, міндетті түрде практикалық жұмыстармен ұштастырамын. Әр тақырып нақты тапсырмалармен бекітіліп, оқушылар өз қолымен құрастырып, бағдарламалап, нәтижесін бірден көре алады.
Сонымен қатар, әр оқушының қабілетін ашу мақсатында жеке шағын жобалар жасауға мүмкіндік беремін. Бұл олардың өз бетінше ойлануына, шығармашылық тұрғыда ізденуіне және нақты мақсат қоюына көмектеседі. Топтық жұмыстар мен командалық жарыстар да жиі ұйымдастырылады, өйткені олар балаларды бірлесіп жұмыс істеуге, өзара пікір алмасуға және жауапкершілікті сезінуге үйретеді.
Сабақ барысында қарапайым ойын элементтерін енгізу де жақсы нәтиже береді. Мысалы, роботтар арасында жарыс ұйымдастыру, белгілі бір тапсырманы кім тез әрі дұрыс орындайтынын анықтау – балалардың қызығушылығын арттырып қана қоймай, олардың бәсекеге қабілеттілігін дамытады. Мұндай әдістер сабақты жандандырып, оқушылардың белсенділігін арттырады.
– Сабақ барысында оқушылар ең алдымен қандай дағдыларды меңгереді?
– Робототехника сабағында оқушылар тек құрылғы құрастыруды ғана емес, бірнеше маңызды әрі өмірде қажет дағдыларды қатар меңгереді. Ең алдымен, олардың логикалық ойлау қабілеті дамиды – әрбір әрекетті жүйелі түрде жоспарлап, себеп-салдар байланысын түсінуге үйренеді. Сонымен қатар, бағдарламалау негіздерін игеру арқылы алгоритмдік ойлау қалыптасады, яғни кез келген тапсырманы кезең-кезеңімен шешуге дағдыланады. Инженерлік ойлау да маңызды орын алады: оқушылар құрылғыны жобалау, оны жетілдіру, қателіктерін түзету барысында нақты тәжірибе жинақтайды. Ал мәселе шешу қабілеті әрбір тапсырмада шыңдалып, олар қиындықтарға дайын шешіммен емес, өз бетінше іздену арқылы жауап табуға үйренеді. Бұған қоса, командалық жұмыс барысында бірлесіп әрекет ету, пікір алмасу, жауапкершілікті бөлісу сияқты әлеуметтік дағдылар да дамиды.
Салаға қызығушылық танытқан балалардың бойынан бірқатар жақсы қасиет айқын байқалады. Олар әдетте сабырлы келеді, өйткені кез келген құрылғыны құрастыру немесе бағдарламалау уақыт пен төзімділікті талап етеді. Ізденімпаздық қасиеті де ерекше дамиды. Олар үнемі жаңа ақпарат іздеп, өз білімін толықтыруға тырысады. Сонымен қатар, мұндай балалар қателіктен қорықпайды, керісінше әрбір сәтсіздікті тәжірибе ретінде қабылдап, одан сабақ алуға үйренеді. Жаңашылдыққа ұмтылу да олардың басты ерекшеліктерінің бірі, себебі олар дайын үлгілермен шектелмей, өз идеяларын жүзеге асыруға талпынады.
– Алдағы уақытта үйірмені дамыту бойынша қандай жоспарларыңыз бар?
– Алда бірнеше бағыт бойынша жұмыс жоспарлануда. Айтап айтар болсақ, оқушыларды республикалық және халықаралық жарыстарға қатыстыру, заманауи құралжабдықтарды көбейту, 3D модельдеу және жасанды интеллект элементтерін енгізу, онлайн сабақ форматтарын дамыту. Сонымен қатар мектептер арасында робототехника фестивальдарын ұйымдастыруды ойға алып отырмыз. Негізгі мақсат – үйірмені тек оқу орны емес, шағын инновациялық зертхана деңгейіне жеткізу.
– Робототехника балалардың болашақ мамандық таңдауына қалай ықпал етеді?
– Бұл сала – бүгінгі күннің ғана емес, болашақтың да ең өзекті бағыттарының бірі. Оқушылардың кәсіби бағдарын ерте айқындап, олардың түрлі мамандықтарға саналы түрде бет бұруына мүмкіндік береді. Робототехникамен айналысу барысында балалар тек құрылғы құрастыруды үйреніп қана қоймай, нақты салаларға қажетті іргелі білім мен дағдыларды меңгереді.
Ең алдымен, бұл бағыт IT саласына қызығушылықты арттырады. Бағдарламалау негіздерін меңгерген оқушы болашақта бағдарламашы, жүйе инженері немесе бағдарламалық жасақтама әзірлеушісі сияқты мамандықтарды таңдауға дайын болады. Сонымен қатар, инженерлік қабілеттері дамыған балалар автоматтандыру және өндіріс саласына оңай бейімделеді. Қазіргі зауыттар мен өндіріс орындарында роботтандыру қарқынды дамып жатқандықтан, мұндай мамандарға сұраныс күннен-күнге артып келеді.
Робототехника ғылыми-зерттеу бағытында да үлкен мүмкіндіктер ашады. Оқушылар тәжірибе жасап, түрлі жобалар арқылы зерттеу жүргізуді үйренеді, бұл олардың ғылымға деген қызығушылығын оятады. Болашақта олар жаңа технологияларды ойлап табуға, инновациялық жобалар жасауға қабілетті маман болып қалыптасуы мүмкін.
Бүгінгі технология қарыштап дамыған заманда робототехникамен айналысқан бала еңбек нарығында әлдеқайда бәсекеге қабілетті болады. Себебі ол тек теориялық біліммен шектелмей, нақты тәжірибеге ие, заманауи құралдарды меңгерген, жаңашыл ойлай алатын тұлға ретінде қалыптасады. Мұндай дағдылар кез келген салада жоғары бағаланады.
Сондықтан робототехника – тек бір үйірме немесе қосымша сабақ емес, бұл оқушылардың болашағына салынған маңызды инвестиция. Ол олардың кәсіби бағыт-бағдарын айқындап қана қоймай, заман талабына сай, жан-жақты дамыған тұлға болып қалыптасуына үлкен ықпал етеді.
– Шәкірттеріңіздің жетістігі қандай?
– Үйірме оқушылары робототехника саласында түрлі деңгейдегі жарыстарға қатысып, жоғары нәтижелер көрсетіп келеді. 2023 жылы облыстық «Robotek Grant Tournament» байқауында Е.Жетпісбаев пен Б.Жанұзақов ІІ орын иеленсе, сол жылы аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен өткен «Robotek Grand Tournament» турнирінде «кегельринг-квадро» санаты бойынша Р.Рахымбек пен Ұ.Аманғалиев І орын, ал «робо-сумо» санаты бойынша Е.Жетпісбаев пен Б.Жанұзақов І орын алды. 2024 жылы техникалық, шығармашылық және өнертапқыштардың аудандық кезеңінде «тікелей жүретін автотрассалық модельдер» бағыты бойынша А.Алтынбек І орын иеленді, ал 2025 жылы облыстық Qyzylorda First Regional жарысында «Компас» командасы чемпион атанып, үйірме оқушыларының дайындығы мен әлеуетінің жоғары екенін дәлелдеді.
– Балалар робот жасауда көбіне қандай қиындықтарға тап болады?
– Оқушылар робототехникамен айналысу барысында бірқатар қиындыққа жиі кездеседі. Атап айтқанда, бағдарламалау кезінде кодтың дұрыс жазылмауы, сымдарды қате қосу, сенсорлардың жұмыс принципін толық түсінбеу, сондай-ақ нәтиже бірден шықпағанда шыдамсыздық таныту. Алайда бұл қиындықтарды жеңу үшін сабақта қадамдап үйрету, қателерді бірге талдау және қарапайымнан күрделіге көшу әдістері жүйелі түрде қолданылады, ең бастысы – оқушыларға қателесіп үйренудің табиғи әрі маңызды бөлігі екенін түсіндіру арқылы олардың сенімін арттыруға баса мән беріледі.
– Уақыт бөліп, әңгімелескеніңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Ақнұр САҒЫНТАЙ
















