Үздік үйірме жетекшісі – 2022
Индира Әбдібекова басшылық ететін аудандық Оқушылар үйінде 7 бағытта 29 үйірме жұмыс жасайды. Балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыра білетін қосымша білім беру мекемесіндегі әрбір педагог өз қызметін сүйіп атқарады. Оларға ізденіп жұмыс істеу, тың дүниелерді ойлап табу таңсық емес.
Екі жылда бір рет өткізілетін кестеге сәйкес жуырда аудандық оқушылар үйінің әдіскері Айгүл Амангелдіқызының ұйымдастыруымен қосымша білім беру педагогтарының әлеуметтік мәртебесін арттыру мақсатында «Үздік үйірме жетекшісі – 2022» байқауы өтті. Аталған іс-шараға 6 үйірме жетекшісі қатысып, бақ сынады.
Байқауға оқушылар үйінің ардагер ұстазы Төленді Мырзабаев, ардагер ұстаз Райкүл Қаратаева, халықаралық Қазақ тілі қоғамы аудандық филиалының төрайымы Гүлжауһар Раева, Қармақшы ауданы бойынша білім бөлімі қызметкерлерінің кәсіподақ комитетінің төрайымы Ләззат Есханова және «Қармақшы таңы» газеті бас редакторының орынбасары Гүлжанат Дүзенова қазылық етті.
Байқау барысында үйірме жетекшілері өз үйірмелерінің жұмыстарымен және электронды портфолиосымен таныстырды. «Шығармашылық кілті – ізденіс» кезеңі бойынша панорамалық сабақ көрсетсе, «Үйретері көп үйірме» кезеңі бойынша оқушыға пайдалы лайфхактарымен бөлісті. «Білікті ұстаз – білімді маман» кезеңі бойынша тест сұрақтарына жауап берді. Әр үйірме жетекшісінің өз саласына қатысты жұмыстары, бір-біріне ұқсамайтын ерекшеліктері, жеткен жетістіктері мен авторлық жобалардың идеялары бір-бірінен ерекшеленіп жатты. Байқау талантты балалардың қанатын қатайтып, жолын ашатын ұстаздардың еңбегі ұшан-теңіз екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Байқауда мықтыны анықтау да оңайға түспеді. Себебі бәрі жоғары дайындықпен, ынта-жігермен қатысқаны көрініп тұрды. Қазылар алқасының шешімімен жүлделі ІІІ орынды «Алтын қалам» үйірмесінің жетекшісі Перизат Жаудатова мен «Робототехника» үйірмесінің жетекшісі Нұрлыбек Малаев иеленді. Жүлделі ІІ орынға «Жас натуралист» үйірмесінің жетекшісі Мархабат Сматова мен «ART дизайн» үйірмесінің жетекшісі Қайсар Каналбеков лайық деп танылды.
Жүлделі І орынды «Жылдам оқу» үйірмесінің жетекшісі Гаухар Байдабаева еншілесе, «Руханият» үйірмесінің жетекшісі Көркем Құлбарақова бас жүлдеге ие болып, «Үздік үйірме жетекшісі – 2022» атағын жеңіп алды. Аудандық білім қызметкерлерінің кәсіподақ комитеті байқау жеңімпаздарына бағалы сыйлықтар табыс етті.
А.ӘБДІРЕЕВА,
аудандық оқушылар үйінің әдіскері
аудандық оқушылар үйінің әдіскері