» » » КӘСІПТІҢ БАҒЫ – ТҰРАҚТЫЛЫҚТА

КӘСІПТІҢ БАҒЫ – ТҰРАҚТЫЛЫҚТА

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарымен бүгінгі күнді мүлдем салыстыруға келмейді. Еліміз жыл санап өсіп, өркенін жаюда. Оның ішінде ел экономикасына елеулі үлес қосып отырған кәсіпкерлік саласын айтпай кетуге болмас. Күрделі экономика мен әлеуметтік қатынасқа төтеп беріп, жоқтан бар жасаған кәсіп иелері біздің ауданымызда да бар. Оның бірі – белгілі кәсіпкер Жомарт Жаппасбаев. Төменде кәсіп иесімен болған сұхбатымызды оқырман назарына ұсынамыз.
– Жомарт Қайырбекұлы, сұрағымызды бастамас бұрын сәл өмір жолыңызға шегініс жасасақ...
– Мен 1957 жылы Жосалы кентінде туғанмын. Ата-анам ұстаздар болды. №414 орыс мектебін бітіріп, Алматыдағы Энергетикалық институттың «Өнеркәсіп орындары мен қалаларды электрмен жабдықтау» факультеті, инженер-энергетик мамандығы бойынша оқуға түстім. Жоғары оқу орнын үздікке аяқтадым. Мұнан соң әскери борышымды өтеп қайтсам, әрі қарай аудандық «Сельхозэнергия» мекемесінде шебер, бөлім бастығы, бас инженер қызметтерін атқардым. 1986-1994 жылдары аудандық «Казсельхозтехника» бірлестігінде айырбастау пунктінің меңгерушісі, бастауыш партия ұйымының хатшысы болдым. Сонымен қатар 1985-1989 жылдары Қазақ ауылшаруашылығы институтының «Механика» факультетінде сырттай оқып, инженер-механик мамандығын меңгердім. 1991 жылдан бастап экономикамыз құлдырай бастады. Одақ ыдырады. «Казсельхозтехника» арқылы Ресей, Украйнадан ауылшаруашылығына керекті техника, тыңайтқыш, бөлшек заттар келетін де, ол барлық елді мекенді қамтамасыз ететін. Озаттар қатарында еңбек етіп, мекеме талай мәрте облыс, аудан көлемінде жеңімпаз атанды. Сол 1991 жылдан бастап тоқырау, қиын заман басталды ғой. Ақша, айлық жоқ. Рубль құнсызданды. Айлық бермейтін болды. Мекеме банкротқа кетіп бара жатыр. Ойлана келе 1992 жылдан бастап кәсіпкерлікті қолға алдым. Себебі мен үшін қиындықтан шығатын жол – осы ғана еді.
– Қоғам басқа формацияға өтті, кәсіпкерлік деген тың дүние болатын. Бұған сіз қалай тәуекел еттіңіз?
– Иә, дымсыздан, нөлден бастадық. Қандай кәсіппен айналысу керектігі толғантты. «ПЧ» деген мекемеде Айтбай Бекниязов деген кісімен жақсы едім. Сол ағамыздың мекемесінің бір бөлмесін жалға алып, (бұрын техникамен жұмыс істегесін қалалармен байланысым бар) көлік құралдарының бөлшек заттарын сатумен айналысуға бел будым. Қарызға алып, нар тәуекел етіп, сауданы бастап кеттік. Сенімдерінен шыққасын олар да сұрағанымызды беріп отырды. Біз де уәде бойынша айтқан уақытында салып отырдық қаражатты. Кәсіпкерлікте бір кәсіппен тоқайрап қалуға болмайды, өйткені нарықтың сұранысымен санасу да керек. Халықтың көп сұранысына ие – күнделікті тұтынатын азық-түлік өнімі екенін ескере отырып, енді азық-түлік дүкендерін ашып, жұмысымызды одан әрі жалғастырдық. 1999 жылы «Ақ бидай» дүкенін салып алдық. 2000 жылы «Бес аспап» базарынан тағы да «Ақ бидай» дүкенін аштық, бірақ оны кейіннен сатып жібердік. 2000 жылдан бастап халықтың жағдайы түзеле бастады, зейнетақы, жалақы уақытында берілетін болды. Елдің қажеттілігіне сай, дүкендеріміздің бәрін азық-түлік өнімдеріне икемдедік. Теміржол бойындағы қойманы да сатып алып, ол жердің де жұмысын жандандырдық. Тапсырыс берген тауарымыз вагонмен келеді, бір жақсысы тасымалданбайды. Одан бөлек, құрылыс заттары, көмірмен айналысатын орын керек болды. Оны да ыңғайлап, науқанында 100 вагонға дейін көмір тасымалдап, халықты қатты отынмен қамтыдық. Қазір енді көгілдір отын келгесін, оны тоқтатып қойдық та құрылыс заттарына маңыз бердік.
Томанов көшесіндегі «Ақ бидай» шағын дүкенімізді заманауи талапқа сай «Алтын орда» деп атап, еңселі етіп құрылысын қайта салып шықтық. Менің кәсіпкерлікпен айналысқаныма биыл 34 жыл толады екен. Жалпы кәсіпкерлік – көптің қолы жете бермейтін сала. Бұл саланы адам оқып білмейді, табиғи болмысы, қабілеті арқылы меңгереді. Ең бірінші батылдықты қажет етеді. Біз бастағанда қазіргідей мемлекеттің қолдауы болмады, төмен пайызда несие берілмейтін. Есіме түсірсем, біздің сауда-саттығымыз сенім арқылы жүрген екен. Сонау Қостанай облысынан жүк көлігімен ұн, жем тасып, халыққа қарызға беріп, оны жинап айналым жасадым. Сонымен бірге ауылшаруашылығына ауадай қажет ауылшаруашылық техникаларының бөлшектерін Жамбыл облысынан әкеліп, оны күрішке айырбастап аудандағы техникалардың тоқтаусыз жүруіне септігімді тигіздім. Бұл кез азаттықтың таңы енді атып, ел экономикалық тоқырауға ұшырап жатқан қиын шақтар болған. Содан бері де жаман емеспіз. Маркетингті ұтымды пайдаланудың нәтижесінде алға қадам басудамыз. Қазақта, «Елім маған не береді емес, мен еліме не беремін» деп өмір сүр деген жақсы ұстаным бар. Еңбекті сүюім мен туған жерге деген құрметім – ардақты ата-анамның тәрбиесінің жемісі деп білемін. Қандай қиын-қыстау кезеңде де шыдамдылықпен, жаңа кәсіп көзін табуға, ерінбей еңбек етуге деген құлшыныс мені алға жетеледі, шабыттандырды.
– Кәсіп бастағанның бәрі оны алып кете бермейтіні анық. Өз тәжірибеңізбен бөліссеңіз...
– Бір кәсіппен қарап отыру шын кәсіпкер үшін әбестік болар еді. Аудан орталығынан халықты арзан әрі сапалы тауарлармен қамтамасыз ететін бірнеше дүкендер желісін аштым. Ал дүкендерді азық-түлікпен, тұрмысқа қажетті тауарлармен қамтамасыз ету үшін үлкен зат сақтау қоймасы қажет болды. Тиімділікті ескергендіктен екі қойма соқтық. Бүгінде 15 тұрғынды жұмыспен қамтып отырмын. Айлықтарын уақытылы береміз. Қайырымдылық шараларын жасап, тұрмысы әлжуаз отбасыларына көмектесуді назардан тыс қалдырған емеспін.
– Кәсіпте қандай табысқа жеттіңіз? Құламайтын кәсіпті қалай тұрғызуға болады?
– Кәсіпті ұстап қалудың сыры – заманға сай көзің ашық болуы керек. Немен айналысу керек, халыққа не қажет? Алдымен елдің сұранысын зерттеуге көңіл бөлу қажет. Сосын бір кәсіпті бастағасын тұрақтылық керек. Көбісі бастайды да қиын екен деп тастап кетеді. Құламайтын кәсіпті құру үшін қаржылық сауаттылық та өте маңызды. Бастысы – пайда бар ма, жоқ па деген есеп керек дер едім. Бір кәсіппен тұрып қалу – кейде кәсіптің құлдырауына әкеледі. Жаңа айтқанымдай, біз алғашында кәсіпті автокөліктердің бөлшектерін сатумен бастасақ, уақыт өте келе сұранысқа орай азық-түлікке қарай ойыстырдық. Өйткені, сұраныс сол жақта болды.
– Өмірдегі ең үлкен құндылық – отбасы. Отбасыңыз туралы айтсаңыз, сонымен қатар кәсібіңізді жалғастырып отырған балаларыңыз бар ма?
– Еңбек етуіме отбасымның көп көмегі тиді. 1985 жылы математика пәнінің мұғалімі Дәмегүл Рахатова есімді бойжеткенмен шаңырақ көтердім. Бүгінде зайыбым зейнет демалысында. Мектепте жоғары санатты математик, білікті ұстаз болды, «Ы.Алтынсарин» медалінің иегері атанды. 2 ұл, 1 қыз, 9 немереміз бар. Балаларымыз жоғары білімді мамандар. Тұңғышымыз Біржан Астанада тұрады. «Қазмұнайгаз» ұлттық компаниясында жетекші маман болып істейді. Алматыдан Политехникалық институттың «Мұнай» факультетін бітірген. Мұнай саласы бойынша докторлық қорғады. Отбасылы, келінім Айгерім Шүлтіковамен 4 бала тәрбиелеп отыр. Одан кейінгі балам – Нұржан қолымда. Кәсібімізді осы баламыз жалғастыруда. ҚазМУ-дің «Қаржы» факультетінің түлегі. Келінім Ырысты Бақтиярқызымен 3 бала өсіруде. Қызым Айжан №250 мектеп-лицейін «Алтын белгіге» бітіріп, Narxoz университетінен экономист мамандығын алған. Күйеубаламыз Ердос Таутеновпен бірге 2 бүлдіршіннің ата-анасы.
– Осы саланың білікті маманы ретінде әлі де болса ауданға қандай кәсіп түрлері қажет деп ойлайсыз?
– Істеймін деп талап еткенге кәсіптің сан түрі бар. Адамның қай кәсіп түріне икемі, бейімі бар, соны төңіректеуі тиіс. Бізде жер алып, мал бордақылаумен айналысқан тиімді деген ойдамын. Шөбіңді өзіңде дайындап, шағын шұжық цехын ашсаң, табиғи өнімді тұтынушылар табылады. Қазір кәсіпкерлікке мемлекеттен қамқорлықтар жетерлік. Субсидия беріледі. Соны неге ұтымды пайдаланбасқа?!
– Еңбек жолыңызда бірқатар биікті бағындырыпсыз...
– Бесінші шақырылған аудандық мәслихаттың депутаты болып сайландым. «Қаржы, бюджет, әлеуметтік жастар саясаты, құқық қорғау, спорт және мәдени» мәселелер жөніндегі тұрақты комиссияның мүшесі болдым. Ауданда өтетін спорттық, мәдени іс-шараларға демеушілік жасап, әрбір тіршіліктің оңтайлы шешілуіне қолымнан келгенше көмектесіп тұрамын. Еңбегімді көре жүріп, аудан басшылары марапаттап, қанаттандырып отырады. «Қайырымдылық керуені» жалпыұлттық акциясындағы демеушілігіме және мүмкіндігі шектеулі балаларға қол ұшын беріп, қамқор болғанға және 2014 жылы ҚР Премьер-Министрдің орынбасары, ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрі Ә.Исекешовтың, облыс, аудан әкімінің бірнеше мәрте Алғыс хатымен марапатталдым. 2006 жылы «Сауда қызметіндегі үздік кәсіпкер», 2008 жылы «Іскер адам», 2021 жылы «Жылдың үздік кәсіпкері» номинациясымен мадақталдым. ҚР Тәуелсіздігіне 10 жыл, Қызылорда облысына 70 жыл, Қармақшы ауданына 90 жыл, «Қазақстан мәслихаттарына 20 жыл», тағы басқа да мерекелік медальдердің иегерімін.
– Тәуелсіздігіміздің түлеуіне үлес қосқан ел ағасы ретінде жастарға айтар қандай тілегіңіз бар?
– Жастарға айтарым, дәулетті өмір сүремін десе – кәсіпкерлік соның жолы. Кәсіпкерде демалыс деген болмайды. Бейнетіне де дайын болу керек. Үнемі қозғалыстасың. Айлық тауып беруің қажет. Қарамағыңда жұмыс істейтін адамдардың жағдайын жасайсың. Олардың жағдайын жасағанда сенен кетпейді. Бізде ұзақ жыл жұмыс істеп, зейнетке шыққандары да болды. Кәсіппен шұғылданамын десе, қорықпау керек. Қандай кәсіп түрі болсын, (тігін, шаштараз, дәнекерлеу ісі, сауда, қызмет) адалдық, табандылық керек.
Саудада өтірік айтуға болмайды. Келешегін саудадан көрген жан бойын өтіріктен аулақ ұстауы керек. Бір мәрте сенімнен шыққан адамға ешқашан сенім болмайды. Тәртіп пен адалдық – басты қағида. Табандылық қана кәсіпті ғұмырлы етеді.
Елдегі кәсіпкерліктің нығаюы мен керегесі кең болып, шаңырағы биік болуы үшін бизнес саласының қиындығы мен қызығын қатар көріп, шыныққан кәсіпкерлер Жаңа Қазақстанның экономикасы мен бірлігінің нығаюына да үлес қосуы қажет деген ойдамын. Сондықтан әлі де еліміздің, туған жеріміздің гүлденуі үшін қажет екенімізді жақсы сезінеміз, туған жерімізді гүлдендіруге атсалыса береміз.
– Алтын уақытыңызды бөліп, сұхбат бергеніңізге көп рақмет!
Әңгімелескен Сәрсенкүл ЖАУДАТБЕК
14 сәуір 2026 ж. 70 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№27 (10495)

14 сәуір 2026 ж.

№26 (10494)

11 сәуір 2026 ж.

№25 (10492)

07 сәуір 2026 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 2 871
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

ҚЫС КӨРІНІСІ
10 қаңтар 2026 ж. 533

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
27282930