ЗИЯТКЕР ҰРПАҚ ҚАЛЫПТАСТЫРУ – БАСТЫ МІНДЕТ
Білім беру – қоғам дамуының басты тіректерінің бірі. Жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беру жолында мектептің рөлі ерекше. Ал осы маңызды істің басы-қасында жүріп, білім ордасының бағыт-бағдарын айқындайтын тұлға – мектеп директоры. Мектептегі оқу-тәрбие процесінің ұйымдастырылуы, ұстаздар мен оқушылар арасындағы қарым-қатынас, білім сапасын арттыру жолдары туралы толығырақ білу мақсатында біз Елеу Көшербаев атындағы №279 мектеп-лицейінің директоры Фарида Амановамен сұхбаттасқан едік.
– Сұхбатты мектептің ашылу тарихынан бастасақ. Білім ордасы құрылған уақыттан бері қандай негізгі өзгерістер мен жетістіктерге қол жеткіздіңіздер?
– Сұхбатты мектептің ашылу тарихынан бастасақ. Білім ордасы құрылған уақыттан бері қандай негізгі өзгерістер мен жетістіктерге қол жеткіздіңіздер?
– Білім мен тәрбиенің алтын ұясына айналған мектебіміз 2015 жылы Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында пайдалануға беріліп, алғашқы шәкірттеріміз мектеп табалдырығын аттады. Мектептің жалпы сыйымдылығы – 600 орындық. 2021 жылы аудан әкімінің бұйрығымен Елеу Көшербаев есімі, облыстық қаржы басқармасының бұйрығымен мектеп-лицей статусы берілді. Бүгінгі таңда білім ордасында 580 оқушы білім алып, 93 мұғалім жұмыс жасайды. Оның ішінде, 23 педагог-зерттеуші, 30 педагог-сарапшы, 26 педагогмодератор және 12 магистр шәкірттерімізге сапалы білім береді.
Білім ордасы құрылған сәттен бастап – сапалы білім беріп қана қоймай, жан-жақты дамыған, бәсекеге қабілетті тұлға қалыптастырып келе жатыр. Осы бағытта жүйелі жұмыстар жүргізіліп, мектептің материалдықтехникалық базасы нығайтылды, заманауи пән кабинеттері пайдалануға берілді. 2025-2026 оқу жылында «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының «Ауыл мектебі: тең мүмкіндік» қайырымдылық жобасы аясында «Самұрық-Қазына» Акционерлік қоғамының қолдауымен жаңа модификациялы физика, химия, биология кабинеттері ашылды. Жаңа кабинеттер қажетті құрал-жабдықтармен, интерактивті тақталармен, цифрлық ресурстармен толық қамтамасыз етілген. Жаңа пән кабинеттерінде оқушылардың жанжақты, сапалы білім алуына толық жағдай жасалған. Сонымен қатар, мектебімізде педагогтердің кәсіби біліктілігін арттыруға ерекше көңіл бөлініп, тәжірибе алмасу, түрлі семинар мен шеберлік сабақтары тұрақты түрде ұйымдастырылуда. Нәтижесінде оқушыларымыз білім, ғылым және спорт салаларында аудандық, облыстық, республикалық деңгейдегі байқауларда жүлделі орындарға ие болып келеді. Бәріне тоқталмай-ақ, биылғы оқу жылындағы бірер жетістікті атап өтсем. Ауыл мектептерінің 9-11 сынып оқушыларына арналған жалпы білім беретін пәндер бойынша Республикалық олимпиаданың республикалық кезеңінде 11-сынып оқушысы Нұрдаулет Қайырбекұлы математика пәні бойынша жүлделі І орын, 11-сынып оқушысы Балауса Бектібай химия пәні бойынша ІІІ орын, 11-сынып оқушысы Алтынай Қуантханова қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша жүлделі ІІІ орын, 10-сынып оқушысы Альбина Успанова орыс тілі мен әдебиеті пәні бойынша Алғыс хат иеленді. Ал жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық ғылыми жоба конкурсының финалдық республикалық кезеңінде 10-сынып оқушысы Ержан Абдрахманұлы тарих секциясы бойынша жүлделі ІІІ орын иеленіп, мектебіміздің мерейін республика төрінде тағы бір мәрте таныта білді. Жетістіктер жетістіктерге жалғасып, 6-сынып оқушысы Сұлтанбек Нұрғалиев Астана қаласында өткен халықаралық «KazRobodrone 3.0» конкурсының жеңімпазы атанды. Бұл жетістіктеріміздің бір парасы ғана.
– Әрбір жеңістің артында жетекшінің өлшеусіз еңбегі бар екені айтпаса да түсінікті. Мектеп ұстаздары да белсенді секілді.
– Оныңыз рас. Мұғалімдер де өз ісінің нағыз мамандары. Мәселен, химия пәнінің мұғалімі, жас маман Нұрия Таңатова Алматы қаласында өткен «Дарынды балаларға – талантты ұстаз» республикалық байқауының І дәрежелі дипломын, жалпы білім беретін мектептердің сынып жетекшілері арасында өткізілген «Үздік сынып жетекші – 2024» республикалық байқауының республикалық кезеңінде қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Ж.Жақсылық жүлделі ІІІ орынды, мектептің педагог-психологі Эльмира Медеуова Алматы қаласында өткізілген республикалық «Педагогикалық идеялар фестивалі» конкурсының және республикалық «Үздік психолог – 2024» байқауларының жүлделі ІІІ дәрежелі дипломын иеленіп, жеңімпаз атанды. Жыл сайын оқу жылының қорытындысымен мектебіміз үздік ұйымдардың қатарынан көрініп, марапатталып келеді. 2024-2025 оқу жылында мектепті бітірген 32 түлек Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысып, өз білімдерін 103,1 орташа балдық көрсеткішпен дәлелдеп шықты. Оның ішінде 16 түлек 100-ден жоғары балл жинады. 32 бітіруші түлектің 4-еуі «Алтын белгі», 5-еуі «Үздік аттестат» иеленіп, таңдаған мамандықтары бойынша 100 пайыз мемлекеттік білім гранттарын жеңіп алды. Бүгінде білім ошағы – жаңашылдыққа ұмтылған, ұлттық құндылықтарды дәріптей отырып, заманауи талаптарға сай дамып келе жатқан білім беру мекемесіне айналды.
– Оқушылардың білім деңгейі жоғары екені байқалады. Шәкірттеріңізді осындай нәтижеге жеткізуде қандай әдіс-тәсілдер тиімді болып отыр?
– Оқушыларымыздың жоғары нәтижеге жетуі – ең алдымен жүйелі әрі мақсатты жұмыстың жемісі деп білемін. Біз оқу үдерісінде заманауи педагогикалық әдіс-тәсілдерді тиімді қолданып, оқушының жеке қабілеті мен қызығушылығына ерекше мән береміз. Саралап оқыту, критериалды бағалау, жобалық және зерттеу жұмыстары арқылы әр оқушының өз әлеуетін толық ашуына мүмкіндік жасалуда. Сонымен қатар, ұстаздарымыз үнемі кәсіби дамуға ұмтылып, тәжірибе алмасу, біліктілікті арттыру курстары арқылы өз білімдерін жетілдіріп отырады. Цифрлық ресурстарды кеңінен пайдалану да білім сапасын арттыруға оң әсерін тигізуде. Ең бастысы, оқушы, мұғалім және ата-ана арасындағы тығыз байланыс пен ортақ жауапкершілік бар. Осындай бірлескен жұмыстың нәтижесінде шәкірттеріміз биік белестерді бағындырып келеді.
– Сіздің ойыңызша, дарынды оқушыны анықтау мен оны дамытуда ең маңызды фактор қандай?
– Менің ойымша, дарынды оқушыны анықтау мен оны дамытудағы ең маңызды фактор – баланың табиғи қабілетін дер кезінде байқап, оған дұрыс бағыт-бағдар бере білу. Әр оқушының бойында белгілі бір дарыны болады, басты міндет – сол қабілетті көре білу және оны жүйелі түрде дамытуға жағдай жасау. Бұл ретте мұғалімнің кәсіби шеберлігі мен бақылағыштығы ерекше рөл атқарады. Ұстаз оқушының қызығушылығын, бейімділігін ескеріп, жеке жұмыс жүргізе алса, дарындылықтың ашылуына үлкен мүмкіндік туады. Сонымен қатар, қолдау көрсететін орта – мектеп, ата-ана және қоғам арасындағы тығыз байланыс та аса маңызды. Дарынды баланы дамыту – тек білім берумен шектелмейді, ол – баланың шығармашылығын, сыни ойлауын, өзіне деген сенімін қалыптастырумен қатар жүретін кешенді үдеріс. Осындай жүйелі жұмыс арқылы біз оқушылардың қабілетін шыңдап, үлкен жетістіктерге жетуіне жол ашып келеміз.
– Мектеп ұстаздарының біліктілігі – білім сапасының негізгі көрсеткіші. Педагогикалық ұжымның ерекшелігі мен кәсіби деңгейі туралы не айтасыз? Мұғалімдердің кәсіби дамуына қандай мүмкіндіктер қарастырылған?
– Әрине, ұстаз біліктілігі – білім сапасының негізгі көрсеткіші екені сөзсіз. Біздің педагогикалық ұжым – тәжірибе мен жаңашылдықты ұштастыра білген, өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын, кәсіби деңгейі жоғары мамандардан құралған. Ұжымымыздың ерекшелігі – бірлік пен үздіксіз даму қағидатына негізделген орта қалыптасқандығында. Әр мұғалім өз пәнін терең меңгеріп қана қоймай, оқытуда заманауи әдіс-тәсілдерді тиімді қолдануға ұмтылады. Мұғалімдердің кәсіби дамуына келетін болсақ, бұл бағытта жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Педагогтер біліктілікті арттыру курстарына тұрақты түрде қатысып, түрлі семинар, вебинар, коучинг пен шеберлік сабақтары арқылы тәжірибе алмасады. Атап айтсақ, 2024 жылы Астана қаласында өткізілген «Химиядан олимпиада тапсырмаларын шешу» тақырыбындағы халықаралық семинарға химия пәні мұғалімі С.Нұржанова, мектебіміздің география пәні Г.Жолмаханова 2024 жылы сәуір айында Түркістан қаласында өткен Түркі Әлемі Бірінші Халықаралық География конгресінде «Бізге беймәлім Барсакелмес қорығы», 2025 жылы Түркияның Анталия қаласында өткен V Географиялық білім беру философиясы жөніндегі Халықаралық Конгресінде «Байқоңыр – туризм орталығы» тақырыбындағы баяндамасын, 2026 жылы наурыз айында Бұхара қаласында өткен ІІІ Түркі әлемі географтарының Халықаралық конгресінде «Цифрлық картография және ұлттық картографиялық қызметтерді дамыту» тақырыбындағы баяндамаларын қорғап шықты. Алматы қаласында өткен Халықаралық «Шығыстың шеберлері» қазақ-қырғыз кәсіби суретшілері мен этно-арт дизайнерлері, көркем еңбек пәнінің мұғалімдері симпозиумында көркем еңбек пәні мұғалімі Н.Мылтықбаева «Көрмедегі үздік туындысы» үшін дипломмен марапатталды. Биология пәні мұғалімі Г.Мәжитова «Білім келешегі: адал азамат, кәсіби маман» тақырыбындағы облыстық тамыз кеңесінде «Биология сабағында қолданылатын бірнеше бейнелерді пайдалана отырып бейнеролик ұсыну» тақырыбында істәжірибесін таратты. 2023 жылы облыстық оқу орталығының ұйымдастыруымен «Халықаралық зерттеулер: Ізденіс. Тәжірибе. Нәтиже», «Цифрлық білім беру ортасындағы тарих пәнінің оқытудағы заманауи әдіс-тәсілдері» тақырыптарындағы облыстық семинарларда, 2025 жылы «Балалар кітапханасы – білім мен шығармашылықтың кілті» әдістемелік күні және «ҰБТ нәтижелері мен болашақ мамандық: табысты таңдау стратегиясы» атты облыстық вебинарда, «Әрбір бала бір жұлдыз» түзетедамыту бағытындағы арт терапияны қолдану тәжірибесі» тақырыбындағы облыстық семинарларда мектеп мұғалімдері облыс көлемінде іс-тәжірибелерімен бөлісті. Сонымен қатар, мектепішілік әдістемелік бірлестіктердің жұмысы жолға қойылып, жас мамандарға тәлімгерлік қолдау көрсетіледі. Бүгінгі күні цифрлық білім беру ресурстарын меңгеру, инновациялық жобаларға қатысу, зерттеу жұмыстарын жүргізу арқылы ұстаздарымыз өз кәсіби деңгейін үздіксіз жетілдіріп келеді. Осындай мүмкіндіктер мен қолдаудың нәтижесінде педагогикалық ұжымымыз сапалы білім беруде жоғары нәтижелерге қол жеткізіп отыр.
– Қазіргі заман талабына сай білім беру үшін қандай инновациялық әдістер мен технологиялар қолданылуда?
– Қазіргі заман талабына сай білім беру – үнемі жаңашылдықты талап ететін үдеріс. Сондықтан біздің мектепте оқыту сапасын арттыру мақсатында бірқатар инновациялық әдістер мен заманауи технологиялар кеңінен қолданылуда. Ең алдымен, сабақ барысында цифрлық білім беру ресурстары, интерактивті платформалар, онлайн құралдар мен жасанды интеллектіні тиімді пайдаланып, оқушылардың қызығушылығы мен белсенділігі арттырылуда. Сонымен қатар, саралап оқыту, жобалық және зерттеу әдістері арқылы оқушылардың өздігінен ізденуіне, сыни ойлау қабілетін дамытуға ерекше мән беріледі. Осы бағытта мектепте «Цифрлы білім» жобасы аясында мұғалімдерге және оқушыларға арналған түрлі тақырыптарда іс-шаралар өткізіледі. Жоба жетекшісі – информатика пәнінің мұғалімі Құралай Абдикерова. Бұл жоба арқылы мұғалімдер сабақта қолданылатын түрлі әдіс-тәсілдер, тиімді платформаларды қолдану, жасанды интеллект арқылы сабақтарды түрлендіру бойынша шеберлік сағаттарын, коучинг, білімділік сайыстар, дебат, тренинг тағы басқа іс-шараларды өткізу арқылы білімдерін, шығармашылықтарын шыңдайды. Біз үшін оқушының тек білім алып қана қоймай, алған білімін өмірде қолдана білуі маңызды. Осы бағытта STEM элементтері, тәжірибелік жұмыстар, пәнаралық байланысқа негізделген тапсырмалар жүйелі түрде енгізілуде. Сондайақ, мұғалімдеріміз Lesson Study, коучинг, кері байланыс сияқты заманауи тәсілдерді қолданып, өз тәжірибесін үнемі жетілдіріп отырады. Осындай инновациялық көзқарас пен технологияларды тиімді пайдалану – білім сапасын арттыруға және оқушылардың жан-жақты дамуына үлкен мүмкіндік беріп отыр.
– Заман көшіне ілесіп, заманауи технологияларды білім беруде қолданғандарыңыз өте орынды. Ал ұлттық құндылықтарды дәріптеу бағытында қандай жұмыстар жүргізілуде?
– Мектепте «Біртұтас» тәрбие бағдарламасы аясында ұлттық құндылықтарға негізделген іс-шаралар өткізілуде. Атап айтатын болсақ, күнделікті «Ұлттық ойын – ұлт қазынасы» айдарында үзіліс кезінде оқушылар асық ату, тоғызқұмалақ, бес тас, тағы басқа ойындарын ойнайды. «Өнегелі 15 минут» айдарында ата-аналар баласымен 15 минут ішінде өзекті тақырыптардың бірі бойынша немесе ұлттық салт-дәстүр, қазақтың ырым-тыйым сөздері туралы жеке әңгімелесу өткізеді. Мұны сынып жетекшілері ұйымдастырады. Ал «Күй күмбірі» айдары бойынша әрбір қоңырау дауысына қазақ күйі қойылса, үлкен қоңырауда ұлттық күйіміздің әуені мектеп ішінде тыңдалады. Қазіргі уақытта тәрбие сағаттарында және пәнге ұлттық құндылықтарды кіріктіріп оқыту жолға қойылды. Тақырыпқа сәйкес құндылықтар, оның ішінде салт-дәстүр, жеті ата, жеті қазына, бата беру, тұсау кесу, бесікке салу секілді дәстүрлеріміз насихатталып келеді. Сонымен қатар мектепішілік өткізілетін мәдени-іс-шаралар арқылы «Ұлттық киім күні», «Домбыра күні», Наурыз мерекесі, «Қайырымдылық күні», Бата беру сайысы, мерекелік әдеби кештер, сахналық қойылымдар, «Наурыз аруы» қыз сыны байқаулары өткізілсе, «Салт-дәстүрді білесің бе?», «Қазақ елі қандай ел?» тақырыптарында зияткерлік ойындар өткізілді. Ұлттық ойындар күнінде мектеп оқушылары, атааналар, ұстаздардың қатысуымен асық ату, тоғызқұмалақ, арқан тарту, қол күрес ойындарын өткізді. Мектепте «Асыл әжелер», «Ардақты аталар», «Тағылым», «Әкелер» клуб мүшелері түрлі іс-шара барысында мектеп оқушыларына ұлттық құндылықтарға негізделген өмірлік тәжірибелерімен бөлісіп, әңгімелесу өткізіледі. Оқушылардың қолымен жасалған қолөнер көрмелері арқылы ұлттық әшекейлер, киіз үй макеті, ұлттық нақышта ойылған ою-өрнек, құрақ көрпешелердің мән-мағынасын, құндылығын сипаттайды. Әлеуметтік желілерге жариялайтын челлендж арқылы «Менің ұлттық киімім», «Күй күмбірі», «Менің отбасымның дәстүрі», «Ұлттық тағамдар» тақырыптарында оқушылар өз үлестерін қосты. Мереке күндеріне орай «Ұлттық бұрыш» ұйымдастырылады.
– Болашақта мектепті одан әрі дамыту бойынша қандай жоспарларыңыз бар?
– Болашақта мектепті дамыту бойынша бірнеше маңызды бағытты жүзеге асыруды жоспарлаймын. Біріншіден, оқу-тәрбие үдерісін жетілдіруге басымдық беремін. Оқушылардың сапалы білім алуына жағдай жасап, заманауи әдіс-тәсілдерді, цифрлық технологияларды кеңінен енгізуді көздеймін. Екіншіден, мұғалімдердің кәсіби дамуына ерекше көңіл бөлемін. Әріптестердің біліктілігін арттыру курстарына қатысуын қолдап, тәжірибе алмасу алаңдарын ұйымдастыруды жоспарлаймын. Үшіншіден, мектептің материалдық-техникалық базасын нығайту – маңызды бағыт. Интерактивті құралдармен жабдықтау, қауіпсіз әрі қолайлы білім беру ортасын қалыптастыруды мақсат етемін. Төртіншіден – оқушылардың жан-жақты дамуына жағдай жасау. Үйірмелер, спорттық және шығармашылық жобаларды көбейтіп, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге ерекше көңіл бөлемін. Осы жылдан бастау алған «Балалар кітапханасы» жобасы, «Оқитын мектеп – табысты мектеп» инновациялық педагогикалық тәжірибе аясында жалпы білім беретін бастауыш сынып оқушыларына арналған «Мазмұндама» жобаларын алдағы уақытта кеңінен жүргізуді жоспарлап отырмыз. Жобаның мақсаты – оқушылар тек негізгі оқу бағдарламасымен ғана шектелмей, көркем, танымдық және қосымша әдебиеттермен жүйелі әрі мақсатты жұмыс жүргізу. 2024 жылдан бастап, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті және Т.Қуанышбаев атындағы химия-биологиялық зерттеулер ғылыми білім беру орталығымен меморандумға отырып, мектеп мұғалімдері университеттің аға оқытушы, ғылыми қызметкерлерімен бірлескен ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Сонымен қатар, ата-аналармен тығыз байланыс орнатып, мектеп-оқушы-ата-ана үштігінің бірлігін күшейтуге жұмыс жасаймын. Жалпы мақсатым – сапалы білім беретін, қауіпсіз, заманауи және тәрбиелік мәні жоғары мектеп қалыптастыру.
– Сіздіңше, бүгінгі оқушы қандай болуы керек? Заманауи білім алушының бейнесін қалай сипаттар едіңіз?
– Менің ойымша, бүгінгі оқушы – тек білім алушы ғана емес, өз ойын еркін жеткізе алатын, сыни тұрғыда ойлайтын, үнемі ізденісте жүретін тұлға болуы тиіс. Заманауи білім алушы – ақпаратты қабылдап қана қоймай, оны саралап, өмірде тиімді қолдана білетін, өзгермелі ортаға бейімделе алатын жан-жақты дамыған азамат. Бүгінгі оқушыдан ең алдымен жауапкершілік, дербестік және белсенділік талап етіледі. Ол жаңа технологияларды еркін меңгеріп, цифрлық сауаттылығы жоғары, бірнеше тілде қарым-қатынас жасай алатын, әлемдік деңгейде ойлайтын тұлға болуы қажет. Сонымен қатар, біз үшін оқушының адамгершілік қасиеттері де аса маңызды. Құрмет, адалдық, еңбексүйгіштік сияқты құндылықтарды бойына сіңірген, елінің болашағына бейжай қарамайтын саналы ұрпақ қалыптастыру – басты мақсатымыз. Осындай қасиеттерді бойына жинақтаған оқушы бүгінгі күннің ғана емес, ертеңгі жарқын болашақтың да сенімді кепілі деп есептеймін.
– Жас ұрпаққа, сондай-ақ ұстаздарға айтар тілегіңіз бен кеңесіңіз қандай?
– Жас ұрпаққа білімге деген құштарлықтарыңыз ешқашан жоғалмасын. Әрдайым ізденіп, жаңаны үйренуге талпыныңыздар. Алдарыңызға мақсат қоя біліңіздер, сол мақсатқа жету жолында табандылықпен еңбек ете біліңіздер дегім келеді. Білім – болашақтарының берік іргетасы екенін ұмытпаса, адамгершілік қасиетті биік ұстап, елге пайдалы, саналы азамат, азаматша болуға ұмтылса екен деймін. Ал ұстаздарға айтар тілегім – ұрпақ тәрбиесіндегі жауапты әрі абыройлы еңбектері жемісті болсын деймін. Ұстаз – шәкірт жүрегіне жол тауып, олардың болашағына бағыт-бағдар беретін шамшырақ іспетті. Сондықтан үнемі ізденісте болып, кәсіби дамудан қол үзбей, жаңашылдыққа ұмтылулары аса маңызды. Еңбектері еленіп, шәкірттерінің жетістігі әрдайым қуанышқа бөлей берсін!
– Уақыт бөліп, сұхбаттасқаныңыз үшін рақмет!
Әңгімелескен Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
















