» » » БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІ ҰРПАҚ ТӘРБИЕЛЕУ – БАСТЫ МАҚСАТ

БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІ ҰРПАҚ ТӘРБИЕЛЕУ – БАСТЫ МАҚСАТ

– Гүлзира Мұратбекқызы, бүгінде сіз басқарып отырған мектеп-лицей білім беру кеңістігінде өзіндік орны қалыптасқан, жетістіктері мол оқу орны ретінде танылып отыр. Жалпы білім беру ұйымын табысты дамыту үшін, сіздің ойыңызша, ең алдымен қандай құндылықтар мен қағидалар басшылыққа алынуы тиіс және бұл қағидалар сіздің мектеп-лицейде қалай жүзеге асып отыр?
– Менің ойымша, кез келген табысты білім беру ұйымының негізінде үш маңызды құндылық жатыр. Олар – сапалы білім, тұлғалық даму және ынтымақтастық мәдениеті. Біздің мектеп-лицейде білім беру тек академиялық нәтижелермен шектелмейді, біз оқушының тұлға ретінде қалыптасуына ерекше мән береміз. Соңғы жылдары оқушыларымыз облыстық және республикалық пәндік олимпиадаларда жүлделі орындарға ие болып, ғылыми жобалар байқауларында жоғары нәтижелер көрсетіп келеді. Сонымен қатар мектепте дебат клубы, театр клубы, ғылыми үйірмелер мен оқушылардың өзін-өзі басқару ұйымы белсенді жұмыс істейді. Мұғалімдеріміз де өз білімдерін үнемі жетілдіріп отырады. Олар түрлі біліктілік арттыру курстарына қатысып, педагогикалық байқауларда тәжірибе алмасып жүр. Осындай жұмыстардың арқасында мектебімізде бір-бірін құрметтейтін, ашық пікір алмасатын, жауапкершілігі жоғары жақсы білім беру ортасы қалыптасқан.
– Жетістікке жеткен оқушылармен жұмыс тәжірибесін ескере отырып, дарынды балаларды ерте анықтау және оларды дамыту бағытында қандай әдістемелік немесе ұйымдастырушылық тәсілдерді қолданасыздар?
– Дарынды балалармен жұмыс – біздің мектеп үшін өте маңызды бағыттардың бірі. Біз оқушылардың қабілетін ерте байқап, дамытуға тырысамыз. Ол үшін түрлі пәндік байқаулар, олимпиадаларға және ғылыми жобаларға дайындық жұмыстары ұйымдастырылады. Дайындық барысында мұғалімдер оқушылармен жеке жұмыс жүргізіп, күрделі тапсырмаларды талдау, зерттеу әдістерін қолдану арқылы олардың білімін тереңдетуге көмектеседі. Сонымен қатар мектептегі заманауи технологиялармен жабдықталған оқу кабинеттері мен интернет ресурстары дарынды оқушылардың білімін тереңдетіп, сапалы дайындалуына мүмкіндік беріп отыр. Осындай дайындықтың нәтижесінде биылғы оқу жылында 35 оқушы облыстық деңгейдегі, 10 оқушы республикалық деңгейдегі пәндік олимпиадалар мен ғылыми жобалардан жүлделі орындарға ие болып, жоғары нәтижелер көрсетті. ҚР Оқу-ағарту министрлігінің қорытындысымен оқушымыз Қайсар Жансеріков жаратылыстану-математикалық бағыттағы республикалық олимпиадада «Ең үздік ауыл оқушысы» номинациясына ие болды. Бұл біздің мектеп үшін үлкен мақтаныш және мұғалімдердің тынымсыз еңбегінің арқасы деп білемін.
– Әрбір табысты мектептің негізінде мықты педагогикалық ұжым тұратыны белгілі. Сіздің ұжымыңыздың кәсіби деңгейін тұрақты түрде арттыру үшін қандай ұзақ мерзімді стратегиялар мен қолдау тетіктері жүзеге асырылуда?
– Шынында да, мектептің басты капиталы – мұғалім. Сондықтан біз педагогтердің кәсіби дамуына ерекше көңіл бөлеміз. Мектепте тұрақты түрде жаңашылдыққа бағытталған әдістемелік жұмыстар жүргізіледі. Сондай-ақ біздің педагогтер «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры мен Білім беруді тұрақты дамыту қоры бірлесіп жүзеге асырып жатқан ауылдық жерлердегі тірек мектептердің әлеуетін дамыту бағдарламасы аясында Қызылорда қаласындағы «Назарбаев Зияткерлік мектебінде» педагогикалық тәжірибеден өтті. Бұл бағдарлама барысында мұғалімдер сабақты тиімді жоспарлау, оқытудың инновациялық әдіс-тәсілдерін қолдану, сараланған оқыту тәсілдерін пайдалану, оқу үдерісінде сандық ресурстарды тиімді қолдану, CLIL әдісін тиімді пайдалану бағыттары бойынша тәжірибеден өтті.
– Лицей мәртебесі білім беру мазмұнына белгілі бір талаптар қоятыны анық. Осы тұрғыда оқу бағдарламасын жетілдіруде қандай инновациялық тәсілдер мен авторлық жобалар жүзеге асырылуда?
– Лицей мәртебесі бізге білім мазмұнын тереңдетіп, оқушыларға кең мүмкіндіктер ұсынуды талап етеді. Осы бағытта біз жобалық оқытуды, оқу процесінде STEM технологияларын тиімді қолдануды, қазіргі таңда жасанды интеллектіні меңгеріп, сабақ барысында тиімді пайдалануға бейімделді. 2025 жылы мектебімізде «Кәсіпкерлік мектебі» оқу-өндірістік комбинаты ашылды. Оқу-өндірістік комбинат «тігінші», «аспаз», «ағаш өңдеу», «компьютерлік графика және web дизайн» біліктілігіне кәсіптік даярлау мақсатында жүргізілетін қолданбалы курстардың білім беру бағдарламаларын іске асырады. 2025-2026 оқу жылында осы біліктіліктер бойынша 82 оқушы білім алуда. Осы тұрғыда оқушылардың қызығушылығы мен болашақ мамандығына бағытталған білім алуына жағдай жасалып отыр.
– Сіздің ойыңызша, қазіргі заман оқушысы тек білімді ғана емес, сонымен қатар қандай тұлғалық қасиеттерге ие болуы керек және бұл қасиеттерді қалыптастыруда мектеп қандай рөл атқарады?
– Қазіргі заман оқушысы тек білімді ғана емес, сонымен қатар жауапкершілігі жоғары, сыни ойлай алатын, жаңашыл және әлеуметтік белсенді тұлға болуы керек. Бүгінгі қоғамда икемділік, коммуникация дағдылары, командада жұмыс істей білу сияқты қасиеттер өте маңызды. Мектеп осы қасиеттерді қалыптастыруда үлкен рөл атқарады. Біз оқушыларды түрлі әлеуметтік жобаларға, дебат клубтарына, еріктілік қызметіне тарту арқылы олардың көшбасшылық қасиеттерін дамытуға тырысамыз.
– Білім беру үдерісінің табысты болуы ата-ана, мектеп және қоғам арасындағы тығыз байланысқа тәуелді. Осы үшжақты серіктестікті дамытуда сіздердің тәжірибелеріңіз қандай?
– Біз ата-ананы білім беру үдерісінің белсенді қатысушысы деп санаймыз. Сондықтан мектепте ата-аналар жиналыстары, ашық сабақтар, бірлескен жобалар және қоғамдық іс-шаралар жиі ұйымдастырылады. Атап айтсам, «Ата-аналарға педагогикалық қолдау көрсету» орталығы құрылған. Онда сынып жетекшілер ата-аналарға кеңес беріп, қолдау көрсетеді. «Әжелер мектебі» мен «Аналар мектебі» жобалары жұмыс істейді. Мұнда аналар өз өмірлік тәжірибелерімен бөлісіп, қыз тәрбиесіне ерекше назар аударуға бағытталады. Сонымен қатар «Әкелер кеңесі» құрылған. Кеңес ұл балалармен тәрбиелік жұмыстар жүргізуге бағытталған. Осындай жобалар арқылы мектеп, ата-ана және оқушы арасындағы байланыс нығайып, тәрбие жұмыстарының тиімділігі артады. Сонымен қатар ата-аналармен тұрақты кері байланыс орнатуға ерекше мән береміз. Қоғамдық ұйымдармен және жергілікті мекемелермен де серіктестік байланыс орнату арқылы оқушыларға түрлі тәжірибелік мүмкіндіктер ұсынамыз.
– Бүгінгі қол жеткізген нәтижелеріңізді ескере отырып, мектеп-лицейді одан әрі дамыту үшін қандай стратегиялық мақсаттар қойылып отыр?
– Алдағы мақсатымыз – мектеп-лицейді заманауи білім беру орталығы, яғни тірек мектеп ретінде одан әрі дамыту. Соңғы екі жылдың көрсеткіші бойынша 20242025 оқу жылында біздің оқушыларымыз республикалық олимпиада мен ғылыми жобалардан 6 жүлделі орын алған болса, 2025-2026 оқу жылында бұл көрсеткіш 10 оқушыға жетіп, орта есеппен 66,7%-ға өсті. Ал 2024-2025 оқу жылында ҰБТ-ның орташа көрсеткіші 94,2 балға жетіп, 8 оқушы «Алтын белгімен», 3 оқушы «Үздік аттестатпен» аяқтаса, биылғы оқу жылында 6 оқушы «Алтын белгіге», 9 оқушы «Үздік аттестатқа» үміткер. Болашақта біз оқушылардың ғылыми-зерттеу және шығармашылық қабілеттерін одан әрі дамыту, педагогтердің кәсіби біліктілігін арттыру, заманауи технологиялар мен инфрақұрылымды енгізу, сондай-ақ республикалық, халықаралық жобаларға қатысуын кеңейту арқылы білім сапасын одан әрі көтеруді жоспарлап отырмыз.
– Сіз үшін директор болу тек басқарушылық қызмет пе, әлде бұл белгілі бір миссия ма? Осы қызметтің сіз үшін ең маңызды қыры неде?
– Мен үшін директор болу – ең алдымен үлкен жауапкершілік пен миссия. Себебі мектеп – болашақ ұрпақ қалыптасатын маңызды орта. Менің басты мақсатым – мұғалімдерге кәсіби тұрғыда қолдау көрсетіп, оқушыларға өз мүмкіндіктерін толық жүзеге асыруға жағдай жасау. Егер мектептен шыққан әрбір оқушы білімді, мәдениетті және елінің дамуына үлес қоса алатын азамат болып қалыптасса, мен өз миссиямды орындадым деп есептеймін.
- Уақыт бөліп әңгімелескеніңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
04 сәуір 2026 ж. 65 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№24 (10491)

04 сәуір 2026 ж.

№23 (10490)

31 наурыз 2026 ж.

№22 (10489)

27 наурыз 2026 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 2 781
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

ҚЫС КӨРІНІСІ
10 қаңтар 2026 ж. 493

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
27282930