» » » АБЫРОЙ ЕҢБЕКПЕН КЕЛЕДІ

АБЫРОЙ ЕҢБЕКПЕН КЕЛЕДІ

Ардагер – құрметті есім. Оның өмірден көрген-білгені, жиғантергені көп. Тентегін тезге салып, тура жол көрсететін де осы аға буын өкілі. Ақылын айтып, айналасын жақсылыққа үйіретін, елдің ауызбірлігі мен ынтымағы жолында да еңбегі күшті. Бір сөзбен айтқанда, ардагерлеріміз қашанда өнегелі істердің ұйытқысы, игі жаңалықтың бастамашысы болып жүреді. Сондай азаматтың бірі – Қармақшы ауданының құрметті азаматы, «Қармақшы ауданына – 90 жыл», «Қызылорда қаласына – 200 жыл» мерекелік медальдарының иесі, Қармақшы ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұхтар Таңбаев ағамыз. Жуырда ауылға барудың сәті түсіп, ақсақалдың шаңырағында болдық. Ауылдың жаңалықтарымен қатар, өзі басқаратын ардагерлер кеңесінің бүгінгі атқарып жатқан жұмысы, жаңа бастамалары жайында сұрап білдік.
– Мұхтар аға, «Сабақты ине сәтімен» деп ауылдарыңызға келіп қалдық. Елге жақындағаннан-ақ күрежолдың екі бетін жапқан түлік малы даланың сәнін келтіріп, шырайын шығарып тұр. Ірі қарадан түйе, жылқы, сиыр малының жайылып жүргені тіпті де әдемі көрініс береді екен. Ауылдың берекесі осы ма деп қалдық. Қармақшы ауылы басқа елді мекендермен салыстырғанда шағын болғанымен, уыздай ұйыған ауыл ғой. Ал енді шағын мекеннің келімін келтіріп, бірлікте болуына атсалысып отырған істің мәнін, елмен етене жұмыс істей білетін өзіңіздей ақсақалдарымыз. Әңгімемізді өзіңіздің жүріп өткен жолыңыздан, ауылға еткен еңбегіңізден бастасақ қалай қарайсыз?
– Рақмет, айналайындар, елге қош келдіңіздер! Өмірбаяныма келер болсам, мен осы жердің тумасымын. Кіндік қаным осы жерде тамған. 1948 жылы бұрынғы Қызылтам ауылдық кеңесінде дүниеге келгенмін. 1963 жылы сегізінші сыныпты бітіріп, кешкі жастар мектебінде оқыдым. Одан соң Қазалы ауылшаруашылығы техникумының «Зоотехника» бөлімінде білім алып, оны 1969 жылы бітіріп шықтым. Ата-анам үлкен кісілер болды. Соларға қарайлай, қайта ауылға келіп бастауыш комсомол ұйымы хатшысының орны бос екен, партия ұйымының басшысы шақырып алып, сол орынға ұсыныс жасады. Солай алғашқы еңбек жолым комсомолдан басталды. Екі жылдай хатшы болдым. Мұнан кейін мамандығым бойынша еңбекке араласуға бел будым. Ол уақытта ауылда екі-ақ қой шаруашылығы фермасы болған. Соның екінші фермасының жағдайы өте төмен, жоспары орындалмайды екен. Соған мені партиялық тапсырмамен жұмысқа жіберді. Сол фермада ұзақ жылдар еңбек етіп, қолымнан келгенше пайдамды тигізуге тырыстым. Нақты айтқанда, 14 жыл зоотехник, 15 жыл ферма меңгерушісі болып қызмет атқардым. Шопандарды, басқа да мамандарды ұйымдастырып, ферманы алдыңғы қатарлы фермалар санатына қостым. Сол кездегі жеткен басты жетістігіміз – асыл тұқымды қой фермасын ұйымдастырғанымыз болды. Десе де, 1996 жылы денсаулығым мазалап, жүрегім сыр берді. Басында үшінші топ, кейін екінші топ мүгедектігіне өтіп, жұмыстан босауыма тура келді. Мамандығымнан қол үзсем де, бос қарап жатпадым. Қоғамдық жұмыстарды атқарыстым. 1998 жылы ардагерлер кеңесінің мүшесі болып қабылдансам, 2008 жылы ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы болып сайландым. Содан бері міне арада 18 жыл өтіпті. Кеңеске басшылық етіп келемін. Одан басқа, ауылдық билер және келісім кеңесінің де төрағасымын.
– Бүгінгі жаңа қоғамды құруда, оның әлеуметтік-экономикалық дамуында ардагерлеріміздің қосқан үлесі зор. Олардың өмірлік, еңбектегі тәжірибелері қай кезде де құнды болып қала береді. Зейнетке шықса да елді айрандай ұйытып, қандай да бір мәселені шешуге атсалысуы – үлкен өнеге мектебі. Осы тұрғыда өзіңіз басқарып отырған ардагерлер кеңесі қандай жұмыстар атқаруда, қанша ардагеріңіз бар?
– Ұйымның құрамында 103 ардагер бар. Оның 48-і ер кісі болса, қалғаны әйел-аналар. Оның ішінде жасы 80-нен асқаны 11, 80-ге дейінгісі 38 кісі, қалғаны 63 жастан жоғары. Ардагерлер ауыл әкімшілігімен бірлесе отырып, елді мекеннің өсіпөркендеуіне, халықтың әл-ауқатының жақсаруына атсалысып, мемлекеттің алға қойған міндетмақсаттарын іске асыруда халық алдында талқылау, түсіндірмелер ұйымдастырып, жұмыстар жүргізеді. Аға буын өкілдері ауылдағы барлық шаруаға араласады десем, қате емес. Көпшілігі ауылда түрлі салада абыройлы қызмет атқарғандар. 1970 жылы оқу бітіріп келгенімде соғыс ардагерлері болатын, жандары жәннатта болсын. Қазір олардың орнын келесі буын басқан.
Жыл сайын мерекелерде – жаңа жыл, 22 наурыз, 8 наурыз, Қарттар күні, Конституция, Тәуелсіздік, тағы басқа атаулы күндерде ардагерлерге арналып іс-шаралар жасаймыз. Концерт, мерекелік салтанаттар, мерейтойлар ұйымдастырылады. Оның ішінде, Қарттар күнінде ардагерлерге құрмет көрсетіліп, сый-сияпаттар жасалады. Ісшараларды өткізуге байланысты ереже бекітілген. Соған сай, 70, 75, 80, 85 жасқа келген мерейгерлерге айрықша құрмет-қошемет жасалады. Алғыс хаттар табыстаймыз, басқа да сияпаттар тапсырылады. Алдымызда қандай жұмыстар атқарамыз, басқа да мәселелер бар ма деген сауалдармен ай сайын тұрақты түрде кеңестің мәжілісі өткізіледі. Онда мәжілістің күн тәртібіне қойылған мәселелер талқыланып, шешімдер қабылданады. Әрбір үш ай сайын жиналыс өтеді. Онда да ауыл әкімімен бірлесе отырып, ардагерлер жағынан қандай қолдау, көмек керек, болмаса ардагерлерге қандай да бір қолдау, көмектер керек болып жатса – соларды ақылдасып шешуге жұмыстар жүргіземіз.
– Сізге келерден бұрын ауыл әкімі Аязбек Тайжанұлында болып, жақсы жаңалыққа қанығып жатырмыз. Ауылдарыңызда үш жылдан бері қылмыс тіркелмепті. Көпке үлгі етіп айтарлықтай дүние екен. Осындай игілікті істе ауыл ардагерлерінің де өлшеусіз еңбегі жатқаны анық қой...
– Ол рас. Ауылымызда үш жылдан бері құқықбұзушылық фактісі тіркелмеді. Әрине, мұндай нәтиже қазақтың хас батыры Бауыржан Момышұлы «Тәртіпке бас иген құл болмайды, тәртіпсіз ел болмайды» демекші, етек-жеңі түзелмеген елдің жағдайы қандай болары белгілі емес пе?! Бұл – тұрғындардың тәртіпке бағынуы мен ауызбірлігінің арқасы екені сөзсіз. Ауыл әкімшілігі, учаскелік инспектордың және елді мекен халқының бір мақсат, бір мүддеге ұйып, бірлескен жұмыстарының жемісі деуімізге болады. Оның ішінде алдыңғы буын ардагерлердің де еңбегін айтпай кетуге болмас.
Мал ұрлығының алдын алуда қандай жұмыстар жүрді дегенге келсем, қазан, қараша айларынан бастап тікесінен тік тұрған кезекшілік жүргізіледі. Ірі қара малы сыртта жайылады. Түнемелікте қалады. Малы бар екі адамнан кешкі сағат 7-ден бастап таңғы 4-ке дейін ауыл инспекторымен бірлескен кезекшілік қойылады. Мына жағымыз Қараөзектің көпірі, мына жағымыз Қызылтам шекарасы, сол екі ортада түнемелік кезекшілік өткізіледі. Мал ұстап отырғанның көбі – расын айтқанда ардагерлер. Қармақшы ауылының халқы жеке малымен, шаруасымен отырғандар, сол себепті де өзіміздің ақ-адал малымызды ұры-қарыдан сақтау, ұрлыққа жол бермеу – көп болып күресетін іс.
– Сіздерден тағы бір жақсы жаңалықты құлағымыз шалды. Ел болып елдік іске, «Арақсыз ауыл» деген мақсатқа ұмтылып жатыр екенсіздер?
– Өткен жылдың жазында ардагерлер кеңесі мүшелері ақылдаса келіп, ауылды «Арақсыз ауыл» қыламыз деген бастама көтерді. Себебі, барлық қасірет, жаманшылық, қылмыс, бұзақылық осы ішімдіктен келіп жатады. Соған қазір қозғалыс жасап жатырмыз. Азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттырып, қоғамдық тәртіпті сақтауға байланысты аудан прокуроры, аудандық әкімдік мамандарымен бірлесіп бірнеше мәрте жиын өткіздік. Елдің арасын тату ұстау, келеңсіздіктерге жол бермеу, мемлекетіміздің болашағы – жас ұрпағымызға тәлімді тәрбие беру, дұрыс бағыт-бағдар көрсету – ардагерлердің үздіксіз атқаратын жұмыстарының бірі. Ауыл, көпшілік болғасын кейде өзара келіспеушілік, түсініспеушіліктер кездеседі. Осындайда үлкендер араласып, істің оң шешілуіне күш саламыз. Тараптарды келістіріп, татуластырып, қол алысқызамыз.
– «Отбасы – өмірдің бастауы» дейміз. Кейде сол отбасында кикілжіңдер болып тұрады. Мұндайда кеңес мүшелерінің іс-әрекеті қандай болмақ?
– Бірер жылдың көлемінде ауылымызда ажырасу орын алмады. Жалпы тұрғындардың отбасы, басқа да мәселелерге қатысты шаруалары болып жатса, алдымен маған хабарласады, маңдай тірейді. «Әкімге айтасыз ба немесе өзіңіз көмектесе аласыз ба?» деген сыңайда. Өзара сөйлесіп, мәселесінің шешілуіне әрі қарай атсалысамыз. Қажет болғанда қасыма ардагерлерді ертіп барып, кеңесімізді беріп, ашық сөйлесеміз. Мұндай жағдайларда ренжіскендердің бір бітімге келуіне, жақсы болып кетуіне әсеріміз көп.
Ардагерлер кеңесінің 7 алқа мүшесі бар. Олардың қатарында ел ағалары Бекет Тоқбаев, Шакизада Смадияров, Камаладин Кішкенбаев, тағы басқалары бар. Бұл азаматтар бұрын елге қызмет істеген, көпшілікпен сөйлесе білетін, ақыл-кеңесін бере алатын адамдар. Олардың әрқайсысына сала бойынша жұмыстар бөлінген. Ауылшаруашылығы, кәсіпкерлік, ардагерлердің жағдайы, ем алуға, жастар тәрбиесі, мектеп-балабақша, көше тазалығы, көгалдандыру, бәріне жауапты адам бөліп қойғанбыз. Ай, квартал сайын олардың есептері тыңдалады. Ауыл әкімі де қандай шаруа істелінді, алда қандай шаруа атқарылады, жоспарлары жайында есеп береді.
– Күнкөрістің қамымен ауылдан қалаға көшіп жатқан жайлар көп. Ауылда бұл жағы қалай?
– Ауылда отырғасын, көбісінің сұрағы – халықтың көші-қоны. Ертеректе шаруашылықтар тарағанда біраз отбасы қалаға, сыртқа қоныс аударды. Оның басты себебі – жұмыссыздық еді. Күнкөрістің көзін табу оңай болмады. Қазір шүкір, тұрақты. Бюджеттік мекемелерден бөлек, адамдарымыз вахталық жұмыстар істейді, мемлекеттің қолдауымен ақылы қоғамдық негіздегі жұмыстарға тартылады. Бұл да болса, жұмыссыздық мәселесін шешуге септеседі.
Мынаны айта кетейінші. Ардагерлер кеңесінің төрағалығына сайланған кезімде ең бірінші ойым, үлкен кіреберіс жолдан келетін көшеміздің екі жағы қоршалса екен деп едім. Сол жерге ағаш егіп, көркейтіп-көгалдандырсақ деген арманым болатын. Жері биіктеу болғасын су жүруі қиындау еді. Биыл үш жыл болады осы жұмыстар қолға алынып, әкімімізбен ақылдаса келе сол жерді көркейтуге ыңғайлап, былтыр соған мыңға тарта көшет отырғыздық. Ауылда басқа да бақтар бар, солардың шықпай тұрған жерлеріне де көшет егілді. Іс-шараларымыз өтеді. Жастар волейбол, футбол ойнайды. Наурыз тойларында спорттық жарыстар болады, солардың барлығын ұйымдастыруға ардагерлер атсалысады. Әлеуметтік аз қамтылған жандарға көмек көрсетіледі.
– Сіздің шаңырағыңыздан 14 педагог шыққаны рас па? Не үшін балаларыңыз мұғалім мамандығын таңдады?
– Мен өзі оқу бітіріп келген 1969 жылы шаңырақ көтердім ғой. Ата-анам үлкен кісілер болды да, әрмен қарай жоғары оқу оқуға ұмтылмадым. Сол кісілерді қарауым керек еді. Әкем бірде маған: «11 жыл мектеп оқыдың, 3 жыл техникум оқыдың, жұмыста жүрдің, енді бізге кім қамқорлық қылады, бізге қолғанат алып бер» деді. Әке-шешемнің айтуымен отбасын құрдым. Өзіммен бірге оқыған Алтынкүл есімді осы ауылдың қызымен бас қостым. Медбике болып жұмыс істеді. Жолдасым, өкінішке қарай 2013 жылы өмірден өтті. Тату-тәтті, бақытты өмір сүрдік. Екеумізден 8 бала дүниеге келді. 5 ұл, 3 қыз. 1 ұлымыз қайтыс болды, қалған ұл-қызымыз өз орындарын тауып, қазір бәрі отбасылы. Жоғары білімді мамандар. Менің шаңырағымнан 14 мұғалімнің шыққаны рас. Келіндерім, балаларым бар, барлығын қосқанда. Мен бірыңғай сыртта, шаруашылықта жұмыс істедім. Айдың басында кетеміз, аяғында келеміз үйге. Одан қайтадан сол шаруашылыққа кетемін. Отбасыммен бірге болғаннан, болмаған күндерім көп. Балалар сағынады. Үйдің тірлігінен де кейде алыспын. Бірақ жұмыстың аты жұмыс. Балаларым өсе келе, «сендер не оқысаңдар да, үйден кіріп, үйден шығатын оқу оқыңдар» дедім. Сонымен отбасымда мұғалім, экономист, дәрігер мамандық иелері бар. Балаларымнан 25 немере, 27 шөбере сүйіп отырған атамын. Немерелерімнің де бірсыпырасы жоғары оқу орындарында білім алып жүр. Қызмет ететіндері де бар. Үлкен баламның қызы медицина институтын бітіріп, Алматыда онколог-дәрігер болып істейді. Екінші баласы тіс дәрігері. Немерелерімнің өзі отбасын құрып, солардан шөбере көрудемін.
– Адам болғасын бастан түрлі дүние өтетіні бар. Өмірде қиналған кезіңіз болды ма?
– Аса қиналдым деп айта алмаймын. Әкем 1970 жылы, менің 22 жасымда қайтыс болды. Анам 1994 жылы дүниеден озды. Әкем қайтыс болғанда өзімнен кейінгі 2 қарындасым, 2 інім де мектепте оқитын. Жұмысқа орналасқаныма бір жыл ғана болған. Анамның бір жағында жүріп, оған қолғабыс етіп, бауырларыма қарайлау сол кездерде қиындау болды. Бірақ адал еңбегімнің, алға қойған мақсатымның арқасында ел қатарына жеттім.
– Соңғы сұрағымызды тілегіңізбен түйіндесеңіз?
– Тілегім – елдің әлеуметтік ахуалы көтеріліп, бала-шағасын өсіріп, алда жақсы нәтижелерге қол жеткізе берсін. Жаңа Ата заңымыз қабылданып жатыр. «Адам – мемлекет үшін емес, мемлекет – адам үшін» деген қағиданы ұстанып, адам капиталына жоғары мән берілуде. Біздердің, ардагерлердің тілегі – сол елде бейбітшілік пен тыныштық заман болсын. Бүгінгі таңда технология күннен-күнге дамып барады. Әлем алақанға сыйып кеткен уақытта өмір сүріп жатырмыз. Сол үшін де жастарға айтарым – абырой тек еңбекпен қана келеді. Ізденіңіздер, оқыңыздар, еңбектеніңіздер. Басылым – елдің айнасы. Аудандық редакцияның елге таратар жақсы, жағымды жаңалықтары көп болсын.
– Әсерлі әңгімеңізге рақмет, ел-жұрт аман болсын!
Сұхбатты жүргізген Сәрсенкүл ЖАУДАТБЕК
28 наурыз 2026 ж. 72 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№22 (10489)

27 наурыз 2026 ж.

№21 (10488)

23 наурыз 2026 ж.

№20 (10487)

17 наурыз 2026 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 2 729
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Сұхбат

АБЫРОЙ ЕҢБЕКПЕН КЕЛЕДІ
28 наурыз 2026 ж. 73

Суреттер сөйлейдi

ҚЫС КӨРІНІСІ
10 қаңтар 2026 ж. 464

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031