ҚАРМАҚШЫДА АУДАНДЫҚ АРДАГЕРЛЕР КЕҢЕСІНІҢ КЕЗЕКТІ КОНФЕРЕНЦИЯСЫ ӨТТІ
«Руханият» орталығында Қармақшы аудандық ардагерлер ұйымының кезекті есеп беру, сайлау конференциясы өтті.
Конференцияға аудан әкімі Жандос Еркінбек, аудандық мәслихат төрағасы Әділ Қошалақов, Қызылорда облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев, 80-нен аса аудан ардагерлері, кент және ауылдық округ әкімдері мен БАҚ өкілдері қатысты.
Конференцияда алғашқы болып сөз сөйлеген аудан әкімі Жандос Еркінбек ардагерлер ұйымының аудан өміріндегі орнын ерекше атап өтті. Сондай-ақ аудан дамуы жолында атқарылып жатқан жұмыстарға қысқаша тоқталып, ардагерлерге өз алғысын білдірді.
Күн тәртібіне екі мәселе шығарылды. Алғашқы мәселе бойынша аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Асқар Мереков 2021–2025 жылдары атқарылған жұмыстар туралы баяндама жасады. Баяндамада ардагерлер ұйымының қоғамдық-саяси өмірге белсенді араласуы, жастарға өнеге көрсету, бірлік пен тұрақтылықты нығайту бағытында атқарылған жұмыстар кеңінен айтылды.
Есептік баяндаманы талқылау барысында ауданның Құрметті азаматы, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Әбдірахман Құлдүйсенов, аудандық білім саласы ардагерлер ұйымының төрайымы Талмаш Жұмабаева, Қармақшы ауылы ардагерлер ұйымының төрағасы, ауданның Құрметті азаматы Мұхтар Таңбаев сөз сөйлеп, ұйымның жұмысына оң баға беріп, бірқатар ұсыныстарын ортаға салды.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша ұйымның Пленум және Алқа құрамдары сайланды. Алқа мүшелерінің дауыс беруі нәтижесінде Қармақшы аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы болып Мереков Асқар Ермағанбетұлы, ал орынбасары болып Таңбаев Кенжебек Ерманұлы бірауыздан сайланды.
Конференцияны қорытындылаған Қызылорда облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Әбішұлы аудан ардагерлерінің белсенділігіне жоғары баға беріп өтті.
Сондай-ақ қоғамдық-саяси өмірде белсенділік танытып жүрген бірқатар ардагерлерге аудан әкімі атынан және облыстық ардагерлер кеңесі тарапынан Алғыс хаттар, Құрмет грамотасы мен «Қызылорда облысының Құрметті ардагері» төсбелгісі тапсырылды.
Қармақшы ауданы әкімінің баспасөз қызметі
















