» » » ЖЫР ӨНЕРІ – АДАМЗАТТЫҢ ОРТАҚ ҚАЗЫНАСЫ

ЖЫР ӨНЕРІ – АДАМЗАТТЫҢ ОРТАҚ ҚАЗЫНАСЫ

Қадірлі аудан айнасының оқырмандары, руханият жанашырлары, өздеріңіз білетіндей,республикамызда алғашқы боп іргетасы қаланған К.Рүстембеков атындағы аудандық жыраулар үйі ақындық, жыраулық өнерді насихаттауда бір толастаған емес.Ұжым Сыр сүлейлерінің мұраларын жалғастырумен қатар, жас ұрпаққа қанат бітіріп өрелі өнерге қосуда. Бүгін біз осы ұжымның басшысы, елімізге белгілі жыршы қыздарыңыз Айгерім Ешбаеваның биыл 80 жасқа толғалы отырған қазаққа «күміс көмей Көшеней» атымен таныс Көшеней Рүстембеков жайындағы «Қызылорда облысының құрметті азаматы», «Парасат», ІІІ дәрежелі «Барыс» орденінің иегері, ұлағатты ұстаз, танымал жырау Алмас Алматовпен болған сұхбатын назарларыңызға ұсынбақшымыз.
– Алмас Нұрмаханұлы, бізге сұхбат беруге уақыт тапқаныңызға алғысымызды айтамыз. Жиенбай жыраудың ұрпағы, К.Рүстембекұлының 80 жылдығына арналған сыр-сұхбатымызды неден бастағанды жөн деп санайсыз?
– Сыр бойының жыраулық өнері немесе жыр өнерін мұрат тұтынған үлкен алтын ордадай жеті атасынан жыраулықты өздеріне мұрат еткен әулеттер бар. Соның бірі де бірегейі – Жиенбай жырау, Жиенбайдан Рүстембек жырау, Рүстембек жыраудан Көшеней мен Бидас. Ал оның балалары бүгінгі Арнұр Көшеней дүниеден өтіп кетті. Арбалы, оның бер жағындағы Нұрболдың балалары жалғастырып келе жатыр. Өнер иесімен, киесімен қонған әулет. Өнердің иесі кім? Иесі – жеті атасынан мұрат тұтынған мұрагер ұрпағы. Киесі кім? Киесі – ел аузындағы аңыз-әңгімелерімен, өздерінің көздері көрген Жиенбай, Рүстембектің кезіндегі кісілердің айтуындағы әңгімелерді тыңдадық. Сонда, Көшенейдің түнде шошып оянып, анасы «Не болды, шырағым?» деген уақытында, «бір қара бура келіп, үйге дейін қуып келді. Оң жағымнан иығымнан опырып тістеп алды» дегенде, «Ә-ә, шырағым, атаңның киесі ғой, киесі қонды ғой» дейтін жері бар. Ал енді Көшеней 1946 жылы туып, 1973 жылы дүниеден өтті. Сол кезде 10-класта оқимын, мектептен түске дейін оқып, қайтып келе жатқанымда алдымнан Көшек ағайымыз бар еді, әдебиет пәнінен сабақ беретін, Нұрханов Көшек деген кісі. Сол кісіге амандастым. Қолымнан ұстап тұрып, «Алмасжан, бір қолайсыз хабар айтайын деп тұрмын» деді. Сосын ол кісіге қарадым. Ол кісі «Сен де бір өнерге талпынып жүрсің ғой, шырағым. Анау Москвада оқып жатқан Көшпан ағаң дүниядан өтіп кетті» демесі бар ма? Мектеп пен үйдің ортасында тұрмыз, екеуден-екеу. Табаныма дейін жыбырлап кетті, төбе-құйқам. Ай, Көшеней деген жас адам ғой, міне сол Көшенейдің қасіретті хабарын естіп, үйге қалай барғанымды білмеймін. Көшеней дүниеден өтті дегенде бүкіл Сыр бойындағы «мен» дейтін азаматтардың бәрі теңселіп кетті. Одан арғы тарих кітапта жазылып, айтылып жатыр. Көшенейді алғаш көруім сол 8-класс оқитын кезім. Киікшіқазған деген жерде Тоқсанбаев Қартаңбай дейтін кісінің әйелі ұл туып, бірнеше қыздан кейін соған ат шаптырып, той берді. Бұл енді сол 1970 жыл болар. Соған ат қоса баратын болдық. Талпынып тұрмын. Өзімде мінетін ат жоқ. Сағилат Нысанбаев деген кісінің қорасында торы төбел құнан бағулы тұр. Етігімді киіп алып сол кісіге бардым. Ол кеңшар ашылғалы аурухананың дәрігері, меңгерушісі болған кісі еді. Қаталдау адам. Сол кісіге барып, «Ассалаумағалейкүм» дедім. Құнанның арқасын сипап тұр екен. «Уағалейкүмассалам» деді. «Аға, торы құнанды сұрап кеп тұрмын. Киікшіқазғандағы тойға барайын деп едім». Ана кісі зер салып қарап тұрды да, баласына ерді алдыртты. Содан Киікшіқазғанға тартып кеттім. Оның қайда екенін де білмеймін. Сөйтіп, таңертең шықты деген аттардың ізімен барсам, үй тігіп той болып жатыр екен. Сол құнанды ана жақтан келгеннен кейін үлкен кісілер өбектеп, қаңтарып қойып жатырмыз. Бағымдағы мал. Сөйтіп жатқанда той кешінде «Көшеней жырлайын деп жатыр» деген әңгіме болды. Сосын жырға сірә, құмармын. Көрерменнің алдына қарай шығып, Көшекеңе қарама-қарсы келіп отырдым. Көшекең қасында бір жігіт бар, ұзын жеңді ақ көйлекті, жеңін білегіне дейін түрген екі жігіт отыр төрде. Көшекең сонда жырлады. Қарап отырмын. Алғашқы көргенім.
– Ағамызды алғаш көргенде қандай әсерде болдыңыз?
– Ол кісінің сипаты бөлек-тін. Алқаға түскенде кейіннен біз енді тәжірибе жинақтағаннан кейін білдік қой, адамның бетінде нұр болады ғой. Бұл адамның алқаға түскендегі соншалықты бетінен нұр шашып, өзінің сипаты бөлектеніп отыруы – сол бойындағы өнердің құдіреті. Жырлады. Жырлап терме-толғаулардан айтып келе жатыр. Үлкендер жағы айтты, «Ау, Көшенейжан, Рүстембектің «Көрұғлысын» тыңдап едік. Рүстембектің Көрұғлысын салаға сал» деді. Сала дейді ол кезде. Сөйтіп, «Көрұғлыға» түсіп кетті. Жырды бірталай жерге дейін айтып, Үргенішке жететін жеріне дейін әкелді. Осылай отырғанда, Әмзе, Сартай, бізбен қатарлас жігіттер, біз де өлең айтуға Жаңақала ауылынан талаптанып жүрген уақыттар. «Мына алдыңдағы балалардың да талабы бар деді. Қанекей, көрейік» деп, жылт етіп домбыраны бізге қарай берді. «Ал, қанекей айтыңдар» деп жатыр. Ойымызға түскенін айтып жатырмыз. Тыңдап отыр қабақты қағып. «Ай, мыналар жақсы екен» деп, қолымыздан домбыраны алып, қайта жалғады. Бұл Көшенейді бірінші рет көруім болатын. Бәйге атқа көп шаптық. Келесі жылы Аққұрт ауылында шопандардың слеті болды. Сонда Базарбай Жүсіпбаев, Көшеней Рүстембеков, Әсия бастаған өнерпаздар келді. Меңдібала деген күйші ағамыз концерт қойып жатыр. Көшекең сырнаймен «Ақгүлім» деген әнді айтып шығып жатыр. Ақсақалдар, «баяныңды таста, ана қолыңдағы домбыраңды ал» деп жырлатты. Жарқ етіп күліп, сахнаның сыртынан домбырасын алып шығып, жырлады. Дәл сол қайтыс болатын жылы біздің Жаңақалаға сол желтоқсан айы болар, жағалап жүріп жырлады-ау. Қаратай Қуаңбаев, Тілеубай Байғабылов, Жарылқасын Жылқышев осы үш үйге анықтап тұрып жырлады. Ел-халық ізіне еріп жүріп жырын тыңдады. Ар жағында қаңтар, ақпан, наурыз ғой. Соңғы келуі сол болды. Көшеней туралы кейіннен Мардан Байділдаев ақсақалдан түбегейлі сұрап білдік. Сонда К.Рүстембековті қолынан жетектеп Алматыға апарып, Әбділда Тәжібаев, Мұхамеджан Қаратаев, Нұрғиса Тілендиев, Сұлтан Қожықов, Сәбит Мұқанов бастаған қаламгерлер Мардан ағамыздың үйінде неше қайтара үлкен алқаға салып, жырлатып өнерін шыңдаған сол М.Байділдаев болды.
– Жыраудың артында қалған мұралары жайында не айтар едіңіз?
– Жалпы Сыр бойындағы ақын-жыраулардың мұраларын жинау, насихаттауда бұл кісінің еңбегі ерен болды. Сол М.Байділдаев арқылы әдебиет институты өнер академиясына шақырылып, тәжірибеде болып, одан кейін Мәскеуге жіберілді. Өмірі аз болды. Кедайш Покровская дейді, Мәскеудегі үлкен ғалымдар, кешегі белгілі теоретиктер, барлығы бұл кісімен жұмыс істей бастады. Өзінің де ғылыми жұмыстарын бастап жазды. Өкінішке орай сол жазған, түрткен дүниелері біздің қолымызға әлі жеткен жоқ. К.Рүстембеков толықтай зерттелді ме деген үлкен сұрақ тұр. Көшенейдің мұрасы әлі толық зерттеліп болған жоқ. Біз тек естелік айтумен ғана жүрміз. Сондықтан алғаш рет Төлепберген Тоғжан екеуміз сол Көшенейдің орындауындағы «Көрұғлы» жырын Көшеней, Рүстембек екеуінің жырлауында нотаға түсіріп, жинақ қылып шығардық. Бірінші дүниеміз сол. Ол жөнінде «Жұлдыз боп аққан жыр ғұмыр» деген атпен Талайлы Досымова кітап шығарды. 60 жылдығын жақсы тойлап өттік. 70 жылдығы да аталып өтілді. 60 жылдығындағы үлкен жаңалық – К.Рүстембеков атындағы жыраулар үйінің ашылуы, Сыр бойындағы ең үлкен жетістігіміз болды. Сол кездегі аудан әкімі, қоғам қайраткері Ырзақұл Нұртаевтың өзінің жеке ұсынысы бойынша «Комсомол» кинотеатрын «Жыраулар үйі» қылып бекітті. Ауданның мәслихаты арқылы штатын бекітіп беруі – бұл бірде-бір жерде, Қазақстанда іске асқан жоқ. Барлығына тәуекел еткен Ырзақұл Нұртаев інімізге рақметімізді айтамыз. Ал Көшенейдің ұрпақтары жөнінде де әлі көп жазылған жоқ. Жары Жұпарға жол үстінде үнемі соғып отыратынмын. Ол да жолға қарап отырады. Сағыныш қой. Көшекең 27 жасында кетіп қалған адам. Қарап отырып, «Алмасжан, Көшпанымды көргендей боламын ғой, істеп жүрген ісің, қимылың, кірген-шыққаныңа дейін мен сенен Көшпанымды көремін» дейтін. «Апа, бәрі жақсы болады, балалар ертең-ақ жетіледі», деп мен де арқасүйеу болатынмын. Сонда «Аго, Аго, аманат» дей беретін.
Маңдай тер еңбегімізбен жоғары музыкалық оқу орнында кәсіби білікті маман дайындауға қол жеткіздік. Оның барлығы бір күнде келген жоқ. Оған дейін сол бөлімді ашу жөнінде Мардан Байділдаев – фольклортанушы ғалым, Әсия Мұхамбетова, Саида Еламанова секілді жанашыр адамдардың арқасында кафедра ашылды. 1990 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетіне келіп, «Халық әні» кафедрасын ашып, он бес бала қабылдадық.
– Балаларды іріктеп алдыңыздар ма?
– Иә, балаларды өзім іріктеп алдым. Оның талаптары болды. Ең әуелі кезекте жеті атасынан ақындық, жыраулық өнерді мұрат тұтқан балаларды жинақтадық. Сол мыңжылдықтардан жеткен өнердің қосшылығын жегу – сіз бен бізге бұйырды. Бүгінгі таңда К.Рүстембеков атындағы Қармақшыдағы жыраулар үйінде өзіңіз айтқандай, жүздеген шәкірт тәрбие алып отыр. Нәтижесінде, болашағында музыка мектептеріне, музыкалық колледжіне, бакалавр, магистратура, PHD докторантура дейміз бе, түгелдей дерлік оның алды ашылды. Биылғы жылы ғана өзіңнің К.Рүстембеков атындағы жыраулар үйінен шыққан шәкірттеріңіз музыкалық колледжін, Қорқыт ата университетін бітіріп, Малика Алдамжарова Анкарадаға «Дәстүрлі өнер-музыка» университетінде докторантураға түсіп отыр. Бұл – нәтиже. Күнсұлу Түрікпен – біздің мектепте жасынан шәкірт болып келе жатыр. «Өнертану» мамандығына оқуға түсті. Демек, біз армандаған, кешегі Мардан Байділдаев ақсақалдың, өзіміздің армандаған дүние іске асты. Біз тек қана консерваторияны, я болмаса жоғары оқу орнында тәрбиелеу ғана емес, бұның ғылыми, методикалық, методологиялық тарихи негізін ғылыми тұрғыдан зерттеуге, зерделеуге қол жеткіздік. Олай болса, жыр өнері бұл бір аймақтық, не болмаса ауылдың деңгейіндегі өнер емес, жыр өнері – адамзаттың ортақ қазынасы деп қарауымыз керек. Юнесконың жанындағы материалдық емес, кәдімгі байлық негізінде халықаралық үлкен жобалар жүріп жатыр. Соның басты бағыты – қазақ даласындағы жыр өнері. Оның таратушысы жыраулық, жыршылық дәстүрі болуы керек. Сол жөнінде жұмыс істелуде. Жыр өнері – бұл адамзаттың ортақ қазынасы. Біз Египеттегі пирамиданы, Вавилондағы теңселмелі мұнараларды айтып таңғаламыз. Ал қазақта көгілдір мұнара жырдан соғылған. Миллиондаған жол жыр мұрасы төбемізде тұр. Біз байқамаймыз. Әрі-бері өтіп жүрміз. Санаға саңылау кіріп, бізде не бар деген уақытында, сізге төбеңізде 550-ден астам дастан ғана қалдырып кетті. Ақыл, жады, ес, зерде көзімен төрт таған арқылы бүгінгі ұрпаққа жеткізді. Ал осы кездегі ғылымитехникалық прогресс, қазір компьютерлік заман деп отырмыз, я болмаса жасанды интеллект дейтін дүниеге келдік. Ал жасанды болғаннан кейін ол жасанды. Ал натурал дүние жыр өнері мен жыраулық өнерді алдына қарай мақсат қойып келе жатқан ұрпақтар. Бұлардың алып келе жатқан мұрасын жасанды дүние істей алмайды. Сондықтан да біз бүкіл әлемдегі болып жатқан жаңалықтарды біле отыра, сонымен қаруланып алдыға қарай жылжып отыруымыз керек. Қазіргі жыраулардың жыр қорын цифрлық технология арқылы бұған дейін батырлар жырын 120 сағат жырладық. Онан кейін «Шаһнамананы» 68 сағат жырладық. «Ер Едіге» жырын 60 сағат жырлап, халыққа ұсындық. Кеше «Асыл мұра» бағдарламасы бойынша мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің жетекшілігімен бүкіл «Алтын қордағы» дүние халыққа ұсынылды QR арқылы. Енді сіз бен бізге де алда атқаратын жұмыс өте көп. Қармақшының табанында көптеген мұралар жинақталып, 1950 жылдан бастап Мардан Байділдаев жырауларды лентаға жазды. Сол секілді Ленин кеңшарында Оңғарбай деген ағамыз жинақтады. Зайыр Рахатов, Сүйінбай Ақбаев секілді кісілер осы мұраларды жинақтады. Осы мұралардың қиқымын қалдырмай келешек ұрпаққа аманат болатындай жақтарын белгілеуіміз керек. Міне, сол уақытта барып біз мұраны келешек ұрпаққа аманаттауға жұмыс жасаймыз.
– Рақмет, аға. Өсіп келе жатқан ұрпаққа мазмұнды әңгіме айттыңыз. Енді келесі сұрақ жақында өзіңіздің әлеуметтік желіде жариялаған жазбаңызда Көшеней мен Бәтима Батырбекованың рухани байланысы жөнінде айтқан едіңіз.
– М.Байділдаев бұл кісіні академияға алдырып, әдебиет және өнер институтына тәжірибеден өтуге алды. Сол күннен бастап Батима Батырбековамен институтта бұл кісілер бірге жұмыс істейді. Көшенейдің Жиенбай жыраудың тұқымы дегеннен соң барып қозғалыс болды. Біз көп жағдайда Мардан ағамыздың еңбегін атай бермейміз. Ол – Рүстембек, Тұрмағамбет, Көшенейдің, барлығын ұйымдастырған жалғыз адам. 1976 жылы әскерден оралдым. Қармақшы ауданына аудандық партия комитетіне шақырды. Сол жерде М.Байділдаев ақсақалмен жолықтым. Сол күннен бастап ол кісіге шәкірт болып ізіне ердім. Бірде ол Ақжарға Көшенейдің үйіне барып, қайтыс болғаннан кейін бата оқып келе жатыр екен. Сол жерде «халық үшін қызмет жасаймыз. Халық үшін қызмет жасау ақыпұл сұрамайтын біз құсаған құлдардың қызметі. Ақы да, алғыс та алмайсың. Бұны неге айтты, рақмет алмайсың дегені несі? Сонда бағанағы Көшенейдің анасы Мардан барған уақытында «Мардан, Көшенейді оқытамын деп жүріп сен өлтірдің» деген әңгімені естіп келе жатырмын деді. Ана ғой баланың қасіретіне шыдамаған шығар. Артында ұрпағы қалған екен. Жетіледі де, жетіледі, – деді.
Тұрмағамбеттің шығармасын зерттеген уақытында Тұрмағамбет халық жауы, өзімнің әкем де халық жауы, екі халық жауының жүгін бірге көтеріп жүріп, бұдан да рақмет алған жоқпыз, – деді. Ескерілетін шаруа. Сонда бүкіл Сыр бойының мұраларын тапсырып отырып айтқаны «Шырағым, бұл құлақкесті құлдың атқаратын жұмысы» деп. Ә.Тәжібаев айтқан ғой, «Мардан бар жерде құлдың қажеті жоқ» деп. Көшеней дүниеден өткеннен кейін бір күні Таласбек Әсемқұлов «Сені Төлеген Тоқбергенов іздеп жүр» деді. Сол кісі осында келе жатыр деді. Сөйтсек, бағанағы Бәтима Батырбекованың күйеуі екен. Үйіне бардық. Сонда 90-ға келген анасы және ауыр дерттегі Бәтима Батырбекованы алғаш әрі соңғы көруім болды. Осы отбасының Көшенейге деген махаббаты, Көшенейге деген өздерінің бауырынан шыққан баласы есебіндегі ықыласын таныдым. Тоқсандағы кейуана Көшеней үйге келмесе, дастарқан басына келмей қояды дейді ана бала ашығып жүр деп. Көшенейді жан-жақтан іздейміз дейді. Жас жігіт бірде анда, бірде мұнда кетіп қалады. «Көшеней, айналайын, кел, тамақ ішіп, мына кісіге көрініп кет» деп отыратындарын айтқан. Көшекең сол соңғы аттанарында да Төлеген Тоқбергеновтің үйінен Бәтима жеңгесінің қолынан ас ішіп, осы жерден жолға шыққан. Жарты киімі де осында қалған екен. 1987 жылы консерваторияға жұмысқа бардым. Жаздыгүні Шамшат Төлепова, Қали Шыңғысов, Алшынбек Сәрсенбаевтар келді. Бір кезде Мәкең шкафтың ішінен костюм шығарып тұр. «Киіп ал, мынаны. Қазір суретке түсеміз» деді. Кисем, шап-шақ екен. Бір кезде жымиып күлді де «Көшенейдің костюмы ғой» деді.
Қорыта айтқанда, құндылықтарды зерттеу немесе тұлғаның шығармашылығын зерттеп, ыждағаттап, оны бір жолға салу біздің барлығымыздың мойнымыздағы міндет. Сондықтан, өзіңе үлкен шығармашылық табыс тілейміз. Көптен-көп рақмет!
– Алмас аға, сүбелі сұхбат беріп, қонақ болғаныңызға, тарихи сәттермен бөліскеніңізге сізге де көп рақмет!
Сұхбатты жүргізген Айгерім БОСТАНҚЫЗЫ
31 қаңтар 2026 ж. 64 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№8 (10476)

31 қаңтар 2026 ж.

№7 (10475)

27 қаңтар 2026 ж.

№6 (10474)

24 қаңтар 2026 ж.

Хабарландыру

ХАБАРЛАНДЫРУ!

ХАБАРЛАНДЫРУ!

18 қараша 2025 ж.
Шұғыл хабарландыру!

Шұғыл хабарландыру!

04 қараша 2025 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 2 326
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

ҚЫС КӨРІНІСІ
10 қаңтар 2026 ж. 196

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031