Жосалы жаңару жолында

Бүгінде кентіміз көркеюде. Мұны тұрғындарда байқап жүрген болар. Ауылдан ұзап кеткен жақыныңыз туған топыраққа табан тірегенде «Жосалымыз жаңарып қалыпты» дегенді жиі айтады. Бұрынғыдай келген қонақты қайда апарамыз деген уайымымыз да сейілген. Себебі ажарланған ауданымызда әдемі ғимараттар көбейіп келеді.
Иә, қазіргі таңда кенттегі жол жөндеу, инфрақұрылым тарту, балалар мен жастарға арналған нысандар салу, халықтың әл-ауқатын арттыру бағытындағы ауқымды жобалар – бәрі де ел игілігіне қызмет етуде. Бұл жұмыстардың артында тынымсыз еңбек пен жоспарлы істер тұр. Әрбір бастаманың түбінде елдің ертеңіне деген жанашырлық пен сенім жатыр.
Осы орайда біз Жосалы кентінің әкімі Алмасхан Досмұратовпен арнайы сұхбаттасып, кенттің бүгінгі тыныс-тіршілігі, алдағы жоспарлар мен халықты толғандырып жүрген мәселелер төңірегінде ашық әңгіме өрбіткен едік.
– Алмасхан Әріпханұлы, қазірде кенттің келбеті көрікті. Ел ішін жиі аралаймыз. Сол уақытта байқайтынымыз, Жосалымыз жаңарып, жасарып келеді. Кенттегі өзгерістерді өз аузыңыздан естісек...
– Иә, рас айтасыз, Жосалымыз бүгінде мүлде басқа кейіпке енуде. Бұл халықтың ортақ еңбегі, жүйелі жұмыстың жемісі. Қазір кенттің келбеті көрікті. Көшелер асфальттанып, жарықтандырылып жатыр. Жаңа ғимараттар бой көтеріп, жасыл желек көбейіп келеді. Облыс әкімінің қолдауымен спорт кешендері мен балалар алаңдары бой көтеріп, жастарға, жасөспірімдерге арналған игі істердің ауқымы кеңеюде.
Су, жарық, жол – тіршіліктің күретамыры десек, осы мәселелердің шешімі де кезең-кезеңімен өз нәтижесін беріп жатыр. Бұрын халық арасында айтылатын «көшемізде жарық жоқ еді», «асфальт қажет» деген сөздер бүгінде сиреп барады. Бұл – нақты атқарылып жатқан жұмыстардың көрінісі.
Тағы бір қуантарлық жағдай – кәсіпкерлік саласында да серпіліс бар. Жаңа жұмыс орындары ашылып, кент тұрғындарының тұрмыс сапасы артуда. Жергілікті кәсіпкерлердің белсенділігі, жастардың бизнеске бет бұруы Жосалымыздың экономикалық дамып жатқанының дәлелі.
Ең бастысы – халықтың ниеті оң, бірлігі берік. Жосалы – тарихы терең, тамыры мықты мекен. Оны жаңғыртып, жаңарту баршамыздың ортақ парызымыз. Ал бұл бағытта атқарылып жатқан әрбір жұмыс туған жерге деген адалдықтың көрінісі деп білемін. Жосалы күннен күнге жасаруда. Бұл үрдіс алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.
– Кентте қандай жаңа бастамалар жүзеге асуда? Алдағы уақытта жоспарланып отырған ірі жобалар бар ма?
– Жосалы кентінің көркі мен тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыру бағытында аудан басшысының қолдауымен бірқатар жүйелі жұмыс қолға алынып, кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Соның ішінде көше-жол инфрақұрылымын жаңарту, әлеуметтік нысандар салу және аяқ су жүйесін жақсарту сынды маңызды бағыттар бойынша нақты жобалар іске асырылып келеді.
Атап айтқанда, Ақмаржан көшесіне орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу мақсатында тиісті жоба-сметалық құжаттары әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан сәтті өткізілді. Аталған жобаның жалпы құны – 82 332,4 мың теңге. Қаржы бөлінген жағдайда жол жөндеу жұмыстары толыққанды жүзеге асырылатын болады.
Сонымен қатар, Б.Момышұлы көшесінің табиғи жағдайын зерделей келе, жер асты ыза суларының әсерінен бүлінген бөліктердің топырағы алынып, орнына құрғақ топырақ төселіп, қиыршық таспен нығыздау арқылы сапалы асфальт жабынды салу жоспарланып отыр. Сондай-ақ, жаяу жүргіншілер жолы мен түнгі жарық шамдарын орнату да көзделуде. Бұл жұмыстарға демеушілік қолдау арқылы жоба-сметалық құжаттар әзірлену үстінде.
Меңей батыр көшесінде бос жатқан 0,06 сотық жер телімі бойынша меншік иесімен келіссөздер жүргізіліп, бұл аумақты мемлекет меншігіне қайтару бағытында тиісті шаралар атқарылуда. Егер жер телімі мемлекеттік қорына өткізілсе, аталған аумақта балаларға арналған шағын ойын алаңы мен баскетбол алаңын салу жоспарда бар.
Бала тәрбиесіне арналған нысандарды дамыту да назардан тыс қалмайды Жосалы кентіндегі №5 «Айгөлек» балабақшасының жаңа ғимаратын салу үшін Келмембет батыр көшесінен 1 гектар жер телімі белгіленіп, бүгінде құрылыс жұмыстарына қажетті жоба-сметалық құжаттар әзірленіп жатыр.
Су жүйесін ретке келтіру мақсатында да нақты қадамдар жасалуда. 2025 жылы кент аумағында жалпы ұзындығы 11 780 метрді құрайтын арықтар мен су өткізу трубаларының іші тазартылып, су айналымын жақсарту бағытында ауқымды жұмыс атқарылды. Тұрғындардың өтінішіне сай Жамбыл, Мүсірбаев, Рысқұлов және Көмекбаев көшелеріне 320 метр жаңа аяқ су арықтары қазылды. Сондай-ақ, Жосалы – Жалағаш трассасынан Мүсірбаев көшесіне дейін су өткізу трубасы тартылды.
Дегенмен, бұрын аяқ су келгенімен, соңғы жылдары су жетпей отырған немесе мүлдем аяқ су жүйесі қарастырылмаған 42 көшені қайта жаңғырту мәселесі де күн тәртібінде тұр. Бұл көшелерге мамандардың қатысуымен жер бедері зерделеніп, қазіргі уақытта ахуал актілері жасалуда. Алдағы уақытта осы көшелерге аяқ су жүйесін тарту үшін жоба-сметалық құжаттар әзірленіп, кезең-кезеңімен іске асыру жоспарлануда.
– Жол, жарық мәселесі қай деңгейде шешілуде?
– Жосалы кентіндегі 10 көшені (Тұрмағамбет Ізтілеуов, Келмембет батыр, Тоғанас батыр, Меңей батыр, Мәдірайым ишан, Қонысбек Қазантаев, Қабылан батыр тұйығы, Нұржігіт Нақыпов, Ідіріс Тұрмағамбетов, Қалқай ишан) жарықтандыруға жоба сметалық құжат әзірленіп, сараптама қорытындысы алынған. Жобаны құны – 359,3 млн теңге. Егер жыл көлемінде қаржысы қолдау тапқан жағдайда тиісті жұмыстары жүргізілетін болады.
Сонымен қатар, 19 көшені (Сүлеймен Есқараев, Молдахмет жырау, Ізтілеу Мүсірбаев көшесінің Жалағаш трассасына шығатын жолы, Сейітжан ақын тұйығы, Алтын асар, Ерназар Сексенбаев, Сахи Кішенов, Аяған Боханов, Сырлытам, Балқы Базар, Иманәлі, Жосалы, Энгельс, Ғарыш, Ә.Жангелдин, Ынтымақ, Әлия Молдағұлова, Мұхтар Әуезов тұйығы, Наурыз) жарықтандыру үшін 4-ші деңгейлі бюджеттен бөлінген 16 млн теңгеге 167 дана бағана мен қажетті тауарлар сатып алынып, демеушілікпен орнатылуда.
– Кенттегі «Таза Қазақстан» акциясы туралы айта отырсаңыз... Жосалының абаттандырылуы, көгалдануы бойынша қандай жоспарлар бар?
– Кентті көгалдандыру жұмыстарына келсек, күн сайын тазалық жұмыстары мен сенбілік жұмыстары тұрақты ұйымдастырылып келеді. Халық оны көріп, бағасын беріп те жүр. Қазіргі уақытта кент орталығында он көшенің жолақтары сызылып, күннің ыстығына байланысты күнделікті таңғы, кешкі уақыттарда су себіліп жатыр. Оған қоса 2024-2025 жылы 7000-нан аса тал көшеттері егілді. Оның 95%-ы көктеп тұр. Алдағы уақытта кент орталығының 5 көшесіне газон, гүл егу жұмыстары жоспарланып отыр. Биыл егіп көрдік. Қандай гүлдер шығады, қайсысы шықпайтынына тәжірибе жасадық. 2026 жылы жоғарыда аталған газон, гүл егуді жүзеге асыруға ниет етіп отырмыз. Теміржол өткелінің арғы бетіндегі Томанов, Мүсірбаев көшелеріне тал егіп бастағымыз келеді. Ол жақтағы басты мәселеміз жайылып жүрген сиырлардың көкті жеп кетуі. Күз айына қарай қоршау дайындап, тағы 2000-3000 тал егіп көреміз. Биыл біршама ағаш пен гүл түріне сынама жасап көрдік. Соның нәтижесінде алдағы уақытта көгалдандыру жұмыстарын жалғастыратын боламыз. Өзімнің басты көңіл бөлетін дүнием де осы – көркейту-көгалдандыру жұмысы. Адам бар жерде қоқыс та болады. Дей тұра тазалықты да ұмытпау қажет.
– Кәсіпкерлікті дамытуға және жұмыс орындарын ашуға қандай қолдау көрсетілуде?
– Бұрынғыдай емес, қазірде ауданда кәсіпкерлікке қатысты бәсекелестік қалыптасты. Тамақтану орындары мен қызмет көрсету жағынан ілгерілеу бар. Оның тағы бір дәлелі жақында ашылған бассейн орталығы. Ол да үлкен жаңалық. Келесі жылы кәсібін кеңейтіп, үлкен демалыс орнын ашқысы келеді. Кәсіпкерлеріміз де заман ағымына сай бейімделу үстінде. Халықтың қазір көзі ашық. Әлеуметтік желіні парақтайды, ізденеді, өзге аудандардан тәжірибе алады. Өзгеше кәсіпті меңгеруге ұмытылыс жақсы. Кәсіпкерлікке байланысты үлкен жобалар күтіп тұр. Қыркүйек айында қаржыландыру жұмыстарын күтуде. Осы кезде 60-70 жоба дайын. Аталған жобалардың бәрі іске асса, бірқатар азамат жұмыспен де қамтылатын болады.
– Халықтың сенімін ақтау үшін әкім ретінде басты қағидаңыз қандай?
– Әкім ретінде менің басты қағидам – халықтың сенімін ақтау. Бұл – тек лауазымдық міндет емес, үлкен жауапкершілік. Маған артылған сенім – бүкіл елдің үміті, аманаты деп білемін. Сондықтан жұмыстағы басты ұстанымым – әрбір тұрғынның пікірімен санасу, оларды тыңдай білу, ашық диалог жүргізу. Әкім мен халық арасында шынайы байланыс болғанда ғана нақты мәселелер шешіледі, ал бұл өз кезегінде сенімнің нығаюына жол ашады.
Аптасына кемінде екі рет азаматтарды жеке қабылдаймын. Бұл – мен үшін тек формальды кездесу емес, керісінше, нақты проблемалармен бетпе-бет келіп, әр адамның мұң-мұқтажын тыңдайтын маңызды сәт. Қабылдауға келген әр тұрғынның мәселесіне жан-жақты қарап, шын ниетпен көмектесуге тырысамыз. Қандай да бір шешім қабылдамас бұрын міндетті түрде халықтың пікірін сұрап, көпшілікпен ақылдасып, ортақ мәмілеге келуге тырысамын. Бұл тәсіл тек әкімдік деңгейінде емес, жалпы қоғамда келісім мен түсіністікті қалыптастырады.
– Уақыт бөліп әңгімелескеніңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Ақнұр САҒЫНТАЙ