Жаз қызығы – жағажай
Соңғы жылдары кентіміз бұрынғысынан да көркейіп, көгалданып келеді. Бірқатар маңызы бар істер атқарылып, жылдан-жылға күрмеуі шешілмеген түйіткілді мәселелер де оң шешімін табуда. Жыл сайын игілікті істер атқарылып, халықтың әл-ауқаты біршама жақсарды деуге де негіз бар. Жолдар да жүйелі жөндеуден өтуде. Бұдан бөлек, санитарлық тазарту, көркейту-көгалдандыру жұмыстары да өз деңгейінде атқарылып жатыр. Аяқсу мәселесі де оң шешімін табуда.
Дамушы елдің қайсыбірі болмасын әуелі ауылшаруашылығы мен оны көркейту жұмыстарына ден қоятыны белгілі. Сондай-ақ сол салалардың тамырына қан жүгіртуге күш салады. Өйткені бұқара халық үшін өмір сүруге қолайлы орта қалыптастырмай, дамудың даңғыл жолына түсу мүмкін емес. Ауданымызда да ауқымды жобалар атқарылып жатқанын айта кеткен жөн. Жыл өткен сайын кент ішінде де көңіл көншітерлік жұмыстар жасалып, алға өрлеп келеді.
Бүгінде кент ішінде тозығы жеткен кей көшелердің келбеті жақсы. Аудан әкімі Жандос Еркінбекұлының қолдауымен тұрғындардың көкейінде жүрген жол мәселесінің түйіні тарқатылуда. Бір кездері көшеміз нашар, жауын жауса лай батпаққа айналады дегендер қазір алғысын айтып жүр. Қазір Жосалы кентінде тұрғындар қоныстанған 122 көше бар. Оның ішінде 90 көше асфальтталған, 21 көшеге қиыршық тас төселген, 11 көше топырақты. Өткен жылы «Ауыл ел бесігі» бағдарламасымен 21 көше асфальтталған екен.
Иә, Жосалы біраз жаңарған. Саябақтара да сән кіріп, айналамыз ажарлану үстінде. Жаңадан ашылған дәмханалар, ойын-сауық орталықтары, мекемелер тұрғындарға сапалы қызмет көрсетуде. Сонымен қатар, заман талабына сай салынған спорт кешені, автовокзал, мейрамхана мен автокөлік жөндеу шеберханалары, мемлекет тарапынан ел мүддесіне арналған заманауи үлгідегі мектеп, балабақшалар, әлеуметтік нысандар да кенттің керемет көрінісіне айналды. Сірә, мұны тұрғындар да байқап жүрген болар. Көптен үйден шықпаған жандар орталыққа қарай бас сұға қалса, «мына жерді әдемі етіп қойыпты» деген пікірін естіп қуанып қаласыз.
Қазіргі уақытта кентімізде құрылыс жұмыстары қарқынды. Атап айтар болсақ, Т.Рысқұлов көшесіндегі жаяу жүргіншілер жолы мен Жолдыбаев көшесіндегі аяқ су лотоктарын орнату жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар аймақ басшысының қолдауымен салынып жатқан «Руханият» орталығының құрылысы қызу жүріп жатыр.
Жақында жағажай жұмысы да басталмақ. Бұл тұрғындар үшін ерекше тарту болғалы тұр. Сырдария өзені бойындағы бөгеттің К.Тәуекелов көшесінің тұсындағы бөлігі былтыр абаттандырылып, дария жақ бөлігі темірмен қоршауланып, тас төсеніштер төселіп, саябақ орындықтары қойылып, жарықтандырылды. Биыл айналасы көгалдандырылып, көшеттер отырғызылып, автокөлік қоятын орындар дайындалуда. Қазірде бұл жер тұрғындардың бір мезгіл серуендейтін демалыс орындарының біріне айналды. Сондай-ақ аудан әкімінің тапсырмасына сәйкес, балалардың өмір қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында, алдын ала сақтық шаралары қабылданып, қоршалған темір шарбақтың ортасынан бала өтіп кетпес үшін оюлы темірлермен дәнекерленді.
Мұндай өзгеріске кент тұрғындары дән риза. Расымен де жыл сайын жаңа жобалар қолға алынып, нәтижесіне де көп күттірмей қол жеткізудеміз. Кейде жоқты тізе бермей, барымызды да бағамдап отырған дұрыс секілді.
Ақнұр САҒЫНТАЙ