«САНАЛЫ ӘКЕ БОЛУЫ ҮШІН ӘР АЗАМАТ ДАЙЫНДАЛУЫ ҚАЖЕТ»
Бүгінде әкенің орнын, оның отбасындағы рөлін қоғам болып қайта жаңғырту маңызды. Мемлекеттің отбасы саясатының басты мақсаты жанұядағы ана, бала, әке, атап айтқанда, әрбіріне айрықша қолдау көрсету. Әке – әр перзент үшін орны бөлек асқар тау. Балаға – қорған. Ол отбасының асыраушы тірегі. Әрбір әке өзінің орнын, міндетін ұрпақ алдындағы парызын сезіну керек. Осы орайда Ш.Уәлиханов атындағы No26 орта мектептің ата-аналар комитетінің төрағасы Айдынбек Іскендіровпен сұхбаттасқан едік.
– Ата-аналар комитетінің төрғасы ретінде жиналысқа жиі қатысасыз. Сондайда бізде үнемі аналар жүреді де, әкелер бой көрсете бермейді. Бірақ тәрбие ортақ қой. Қалай ойлайсыз, әкелер неге жиналысқа бармайды?
– Енді қазір нарықтық қоғамда әкелер көбіне-көп түзде болады. Әрине, бірінші кезекте отбасы қамымен жүреді. Ер азығы мен бөрі азығы жолда деген емес пе?! Ер азаматтар табиғатынан солай қалыптасқан ғой. Мысалға Абайдың тәрбиесінде Зередей әжесі балапан құстай баулыған. Қазақ тарихында мұндай ана, әже тәрбиесінде болған даналарымыз жетерлік. Әлбетте әке тәрбиесі мен мектебінен өткен баланың осал болмайтыны хақ.
– Әке тәрбиесі – өте маңызды. Себебі әкенің бергенін ана бере алмайды. «Жақсы әке жаман балаға қырық жыл азық» дейді. Қазіргі әкелер мұны қаншалықты түсініп жүр деп ойлайсыз?
– Әке – асқар тау. Әке дегенде әр баланың көз алдына арқа сүйер қорғаны елестеу керек. Бала қандай жағдай болмасын әкесіне арқа сүйей білгені жөн. Әрине, әкенің орны қашанда биік. Әкеге қарап ұл, шешеге қарап қыз өседі. Бала жақсы болса да, жаман болса да әкесі кім еді деген. Бүгінгі күні әкелер бұл мәселеге бір жақты қарамау керек. Балаға 40 жыл азық болу үшін әке мықты, парасаты мен пайымы жоғары болу керек шығар деймін.
Бала бойындағы ер мінезді, отансүйгіштікті әке қалыптастырады. Отбасының тірегі де, жүрегі де – ер адам. Қазіргі қоғамда әкелік болмысымызды саналылыққа бағыттау қажет секілді. Себебі әке – өз баласына, отбасына жауапты азамат. Саналы әке болу үшін әр азамат дайындалуы керек. Отбасы туралы кітаптарды көбірек оқуы қажет. Өйткені саналы әке болу деген – жауапты әке болу. Бізде осы жауапкершілік ақсап бара жатқандай...
– Қазір әлеуметтік желіде отбасылық құндылықты дәріптеуге арналған түрлі іс-шаралар, челлендждер жиі өтеді. Бір қарағанда мұның бәрі жасанды көрінеді. Шынайы өмірде мұның бәрін жасай бермейтініміз анық. Сіздіңше бұл тәрбиенің түйткілін тарқата алып жатыр ма?
– Жасыратыны жоқ, қазіргі жастар болсын, жасөспірім болсын әлем желінің арбауында екені ақиқат. Меніңше, мұндай біркелкі дүниелер бала тәрбиесін шешіп тастайды деп айта алмаймын. Бала тәрбиесіндегі басты құндылық – ата мен әже мектебі.
– Дұрыс айтасыз, тәрбие ортақ деп жатамыз. Жоғарыда дана Абайға анасы мен әжесінің ықпалы туралы сөз қозғап қалдыңыз. Сіздей ұлды өсірген анаңыздың орны бір төбе. Жарыңыз Қамар да – тектілік бойына дарыған жыраудың ұрпағы. Отбасындағы өнеге қос тараптан да беріліп тұрған сияқты. Осы орайда жарыңыз бала тәрбиесімен қалай айналысады?
– Жарым екеуміздің де көп уақытымыз жұмыста өтетіндіктен, балалардың қасында үнемі өзімнің анам болады. Әжесінің қамқорындағы балалардың қауіпсіздігіне, тәртібіне аса қатты алаңдамаймыз. Дегенмен, бала үшін ананың орны ерекше болады ғой. Балалардың қажеттілігіне анасы жауапты. Біз ер адамдар ұсақ-түйекке араласпайтын болғандықтан, ұлдарым анасымен ашық, еркін сөйлеседі, сырласады, еркелейді, сабағын қадағалау жағынан да өзі үйлестіреді. Өнерге, еңбекке баулу жағы да Қамардың сабырлығы мен тиянақтылығының арқасында.
– Барлық қоғамды түзете алмайтынымыз анық. Десе де бір-бірімізді түзеуге қауқарымыз жетеді. Кейде бала бізді де тәрбиелеп жатады емес пе?! Осындай қызық сәттер сіздің басыңызда болды ма? Бөлісе отырсаңыз...
– Қызық сұрақ, әрине. Әлі балаларымның ондай сәттері болмапты. Өсе келе мүмкін болып қалар. Әзірге әкелерінің айтқаны кітапқа түспеген заң болып тұр...
– Жасыратыны жоқ, бүгінде баланы ата-ана емес, телефон да тәрбиелеп барады. Осы тұрғыда не айтасыз?
– Ол рас енді. Оның жақсы жағы да, зиянды жағы да бар. Қазіргі цифрлық дәуірде бұл қажет. Рас, мобильді телефон қазір балаларды құртып жатыр. Сол үшін қажет кезде ғана қолданса деймін. Қазір – ақпарат заманы. Телефонға телмірген жас бала мәліметтерді саралай алмайды. Сондықтан ата-ана балаға көңіл бөліп, ақ-қараны тануда, ара жігін ажыратуда көмек көрсету керек. Смартфон ұстаған балаға қазір әлеуметтік желідегі видео мен кинолар қызық. Ата-ана осы «бәсекелестікті» жеңе білуі қажет. Баланы қосымша түрлі үйірмелерге беріп, оны бір сәтке бұл сымтетіктен алыстатуға болады. Бала тілін таба білу оңай емес. Әке мен ана балаға деген сүйіспеншілікті арттырып, махаббатты, дұрыс сыйлай білуді үйренген абзал. Сонда ғана бала үлкен әлемде, ақпараттық кеңістікте өзін қауіпсіз сезінеді.
– Үш ұлдың әкесісіз. Олардың білімді, жан-жақты болып өсіп келе жатқанына жақсы қанықпыз. Осы тұрғыда ұл тәрбиесінде нені басты назарға аласыз? Қалай тәрбиелеген дұрыс?
– Өте жақсы сұрақ. Ұлды ұлша тәрбиелесеңіз ұлша, құлша тәрбиелесеңіз құлша дейді. Ең бірінші – тәртіп. Дастарқан басында балаға өсек емес, өсиет айтып, мәдениеттілікке, парасаттылыққа баулитын дүниелерді жиі айтып отырамын. Үлкенді құрметтеу, сыйлау ол болса да басты орында. Кейінгі кезекте тазалыққа, ұқыптылыққа шақырамын.
– Қыз-келіншектердің көбі коучтарды жиі тыңдайды. Олардың айтуынша, өмірде өз жолыңызды таба алмасаңыз, әкеңмен қарым-қатынасыңызды түзеңіз дегенді алға тартады. Баланың қоғамда өз орнын табуына әкелер жауапты дейтін болсақ, сіз әкеңіз арқылы бойыңызға қандай қасиетті жия алдыңыз? Ол кісі сізге қалай әсер етті? Ал, сіз балаға қаншалықты әсер беріп жүрсіз?
– Жалпы балаға қасиет әкенің қанымен, ананың сүтімен дариды ғой. Тектілік те солай. Мен әкемнен бір сөзділікті, дарқан кеңпейілділікті көретінмін. Әкемнің әңгімесін тыңдағанда көз алдыма дала академигіндей әсер қалдыратын. Мен балаларымның бойына рухани және мәдени дүниелерді сіңіріп, бірге кітап оқып, қол еңбегімен шұғылданып, зейін ашатын түрлі бағыттағы спорт, өнер, тіл, тағы басқа тақырыптарды талқылаумен әсер қалдырып жүрмін деп ойлаймын.
– Уақыт бөліп, әңгімелескеніңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Ақнұр САҒЫНТАЙ