» » » «Бағы жанған бақытты ұстазбын»

«Бағы жанған бақытты ұстазбын»

Баланың заман көшінен қалмай, жан-жақты дамуына ықпал етіп жүрген Оқушылар үйінің маңызы зор. Мектепте меңгерген ақпаратты тереңдете түсіндіруде бұл мекеннің ықпалы мол екенін айта кету керек. Талай өренді жеңіс тұғырына көтеріп жүрген ұжымның директорымен жақында тілдесудің сәті түскен еді.
– Құралай Қорғанбекқызы, жаңа қызметіңіз құтты болсын! Әуелгі сұрақты өзіңізден бастасақ. Білім жолына қалай келдіңіз?
– Игі тілегіңізге көп рақмет! Мен аудан орталығында алғаш ашылған С.Есқараев атындағы дарынды балаларға арналған мектептің түлегімін. Білімге деген құштарлығым ерте жастан басталды. Мектепте үздік оқушы болдым. Ұйымдастырушылық, басқарушылық қабілетімнің арқасында бірінші сыныптан бастап әкімші болып, қоғамдық жұмысқа белсене араластым. Мектеп қабырғасында сабақ берген ұлағатты ұстаздарым Қалдыгүл Мұқышева, Райкүл Қаратаевадан тәлім алып, сол кісілердің жолын қудым.
Осы белсенділігім жоғары білім алғанымда да жалғасын тапты. Жұмысқа деген жауапкершілігім, қызметке деген адалдығым әрқашан менімен серік болды. Университетті де үздік бітіріп, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі атандым.
«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» дегендей, ұстаздық жолды таңдағаныма еш өкінбеймін. Мәртебелі мамандық иесі болғаныма шын қуанамын. Бағы жанған бақытты ұстазбын!
– Оқушылар үйі жаңа оқу жылын бастап жатыр. Биыл қандай өзгерістер бар? Алдағы жоспарлар қандай?
– Өнегелі өнер ордасы атанған аудандағы Оқушылар үйі Білім күнін жыл сайын 15 қыркүйекте атап өтеді. Осы айтулы күнде салтанатпен, көтеріңкі көңіл-күймен барлық білім алушыларды қарсы аламыз. Үйретері көп үйірменің алғаш табалдырығын аттаған балғындардың да қуанышын бірге бөлістік. Қазіргі таңда қосымша білім беру ұйымында 28 педагог үйірмелерге жетекшілік етеді. Әлеуметтік-педагогикалық, ғылымитехникалық, био-экологиялық, гуманитарлық, тарихиөлкетану, көркем-шығармашылық, музыкалық, спорттық бағыттарда жұмыс жасайтын үйірмелерге 1072 бала қамтылып отыр.
Ғимарат 70 орынға арналғанымен, екі ауысым бойынша үйірме сабақтарын өткізіп, күніне 200ге жуық білім алушыны қосымша біліммен қамтып отырмыз. Сонымен қатар орын тапшылығынан «Көркемөнер», «Бейнелеу өнері», «Қызықты математика», «Шахмат», «Руханият», «ART-дизайн» үйірмелері кент орталығындағы мектептер, аудандық балалар кітапханасы, «Дәметкен Ана» орталығы және Педагогикалық-психологиялық түзету кабинеті жанынан өз жұмыстарын жүргізуде.
Жаңа оқу жылында Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «Біртұтас тәрбие» бағдарламасын жүзеге асыру бойынша жұмыс жоспары жасалды. Білім алушылардың бойында құндылықтарды дарытуда үйірме сабақтарының да маңызы зор. Ай сайын өткізілетін іс-шаралар озық ойлы оқушыларымыздың біртұтас тұлғасын қалыптастыруға бағытталған. Құндылықтарды қалыптастырудағы жүйелі және кешенді жұмыс оқу-тәрбие процесінде күн сайын және апта сайын іске асырылып жатыр. Атап айтар болсақ, қоңыраудың орнына «Күй күмбірін» пайдаланып, үзіліс кезінде арнайы күй тыңдатып, қазақ халқының мәдени мұрасы мен дәстүрлік құндылықтарын сақтап, жас ұрпақ бойына сіңіруде ілкімді істер атқарып жатырмыз. «Қамқор», «Еңбегі адал – жас өрен», «Шабыт», «Smart bala» әлеуметтік жобалары аясында түрлі ісшаралар өткізу жоспарлануда.
Қосымша білім беру педагогтерін әдістемелік қолдау мақсатында шығармашылық топ құрылды. Осыған орай педагогтердің зерттеу тақырыптары бойынша облыстық семинар өткізуді жоспарлап отырмыз. Ағымдағы оқу жылы біз үшін жағымды жаңалықпен басталды. Әріптесіміз, білікті педагог, «Бейнелеу өнері» үйірмесінің жетекшісі Ербол Жұмабеков ҚР Оқу-ағарту министрлігінің «Қосымша білім беру ісінің үздігі» Құрмет дипломымен марапатталды. Жұлдызды жетістіктер қатары биыл да жалғасатыны сөзсіз. Сондай-ақ әріптестер арасынан «шебер-педагог» және «Үздік педагог» конкурсының жеңімпаздарын шығару – алдағы игі мақсаттарымыздың бірі.
– Мекеме үйірмесіне бар бала үйір. Көрсеткіш те артпаса кемімек емес. Жалпы, балалар тарапынан қай үйірмеге сұраныс басым?
– Иә, дұрыс айтасыз. Қазіргі таңда үйірмеге келетін балалардың саны жыл сайын артуда. Себебі «Үлгісі көптің өрнегі көп, өрнегі көптің ермегі көп» деп халық нақыл сөзінде айтылғандай, үйірменің оқушыларға берері көп. «Әр бала бір жарық жұлдыз, жарқырауына жәрдем бер!» қағидасын ұстанған ұжымда түрлі бағытта үйірмелер жұмыс жасайды. Ата-ана мен оқушылардың қызығушылығы мен сұранысына орай барлық үйірмелер өз жұмысын қарқынды бастады. Әр үйірменің мақсаты мен міндетіне және бағытына сәйкес өзгеше қырлары болады. Оқу жылының соңында әр үйірмеге қамтылған білім алушыларға мониторинг жасалып, талдау жүргізіледі. Көбінде бастауыш сынып оқушыларына арналған «Жылдам оқу», «Тілашар», «Сауат ашу» және «Қызықты математика» үйірмелеріне сұраныс көп. Себебі бұл жастағы балалар үлкен қолдауды қажет етеді, шығармашылық жағынан да сүйемелдеуді қалайды.
Орта жастағы балалар үшін көркем-шығармашылық бағытта жұмыс жасайтын «Көркемөнер», «Бейнелеу өнері», «Шебер қолдар», «Хореография», «ART-дизайн» үйірмелері өте маңызды рөл атқарады. Білім алушылар бос уақытын тиімді әрі мазмұнды өткізеді. Ғылымитехникалық бағыттағы «Робототехника», «3D модельдеу» үйірмелері де үлкен сұранысқа ие. Жаһандану заманында цифрлы кеңістік құру – заман талабы десек, әрбір баланың цифрлық сауатты болуы өте маңызды. Сонымен қатар, спорттық бағыттағы «Дойбы» және «Шахмат» үйірмесі де ата-аналар тарапынан қызығушылық тудырып отыр. Эко-биологиялық бағыттағы «Жас натуралист», «Жас эколог», «Фитодизайн» үйірмелері еңбекқорлық пен кәсіби біліктілікті талап етеді. Аталмыш үйірмелерге де қатысатын білім алушылар саны жылдан-жылға көбейіп келеді. «Қазақ тілі», «Орыс тілі», «Ағылшын тілі», «Математика» сияқты пәндік үйірмелер де өз маңыздылығын жоғалтқан емес. Ерекше білім беруді қажет ететін балалар үшін ашылған «Руханият» үйірмесі де 10 жыл бойы қосымша білім беріп, ата-ана алғысын алуда. Бір сөзбен айтқанда, барлық үйірме балалар үшін қызмет етеді, сабақ кестесі де балалардың ыңғайына қарай жасалған.
– Оқушылар үйі – шығармашылықтың ортасы. Мұнда мектептегі қатаң қағида бар ма? Әлде шығармашылық еркіндік беріле ме?
– Мектеп білім мен тәрбие берсе, Оқушылар үйі балалар мен жасөспірімдердің рухани әлемі мен жеке тұлғасын байытып, қосымша білімге деген сұраныстары мен қажеттіліктерін қанағаттандырып, оларды ұлтжандылыққа, елжандылыққа баулу және шығармашыл, дарынды балаларды іздеу, қолдау көрсету мақсатында жұмыс жасайды. Бұл білім беру ұйымында бала басқаша білім жолын басып өтеді. Қатаң қағидаға негізделмеген Оқушылар үйі барлық балаға құшағын жайып, қарсы алады. Бізде балаларға шығармашылық еркіндік пен таңдау берілген.
– Өзіңіздің жан-жақты жан екеніңізді жақсы білеміз. Қалай ойлайсыз, бүгінгі қоғамдағы әйелдің рөлі қандай?
– Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Оқу-ағарту министрлігі биылғы жылдан бері Президенттік Жастар кадрлық резервінің үлгісімен білім берудегі өзгерістер көшбасшыларын іріктеу және даярлау тетігін әзірлеу мен бекіту жөніндегі жобаны іске асырып келеді. «Білім берудегі жаңа өзгерістердің 1000 көшбасшысы» жобасына қатысып, өз бағымды сынап көрдім. Бағдарламаның басынан бастап, біз іріктеудің әртүрлі кезеңдерінен, аймақтың озық мектептерінде тағылымдамадан өттік. Мен осы жобаның бір бөлігі болғаныма өте қуаныштымын. Аталған жобаны сәтті аяқтап, сертификатқа ие болдым. Бағдарламаның бірінші плеиадасының түлегі ретінде конкурс рәсімдерінен өтпей басшылық қызметке келдім. Білім беруде мақсаты айқын, бастамашыл көшбасшы болу – абыройлы миссия. Осы тұрғыдан алып қарасақ, бүгінгі қоғамдағы әйелдердің рөлі зор, беделі үстем. Қазақ әйелдері өздерінің отбасылық қана емес, қоғам мүшесі ретіндегі әлеуетін де барлық салада көрсетіп, өзін-өзі дамытып, салиқалы қалпын жоғалтпай, елдің қамын ойлайтын ел анасы деңгейіне дейін көтеріле білді. «Бақ қонатын елдің қызы есті болады» дегендей, қазіргі таңда еліміздің игілігі мен отандық білім берудің өркендеуі үшін одан да зор құлшыныспен жұмыс жасайтын әйел басшыларымыз жетерлік. Бастысы, «Әйел бейнесі – ұлт бейнесі. Әйел ұстанымы – ұлт ұстанымы» екенін ұмытпауымыз қажет.
– Білім ошағында басшысыз. Ал отбасы, ошақ қасында қандайсыз? Бос уақытыңызды қалай өткізесіз?
Ұрпақ тәрбиелеуде қандай қағиданы басшылыққа аласыз? – Басшы бола жүріп, отбасын қатар алып жүру – үлкен еңбекті талап етеді. Бұл қызметте жұмыс істеу үшін отбасының да қолдауы қажет деп ойлаймын. Үйде береке-бірлік болса, жұмыс та жүреді. Сондықтан, отбасында асыл жар, аяулы ана ретінде артылған жүк пен жауапкершілікті сезіне отырып, отбасындағы жылулықты сақтап, берекесін арттыру – өз еншімдегі міндет деп білемін. Бос уақытымда отбасылық демалысқа шығып, бірге саяхаттағанды жақсы көремін. Сонымен қатар, «Кітап оқу – жанға тоқу» дегендей, кент кітапханасының тұрақты оқырманы ретінде қызықты кітаптар алып оқимын.
«Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бас иген құл болмайды» деп Бауыржан Момышұлы айтқандай, отбасы – шағын мемлекетіміздің өз қағидалары бар. Әрбір атаана өз баласының тәртібі мен тәрбиесіне аса мән беріп, бос уақытының тиімді әрі мазмұнды өтуіне атсалысса, ұрпағының келешегіне бейжай қарамағанын көрсетеді. Осы орайда, бар бақытым – балаларым сабақтан тыс уақытта қосымша үйірмелерге барып, өз шеберлігін шыңдауда. Ең бастысы, отбасындағы балалар үйдегі ата-анадан үлгі алады. Бала тәрбиесіндегі алғашқы ұстаз – әрине, ол ата-ана болуы тиіс. Балалар ата-аналар қолына берілген аманат екенін ұмытпауымыз керек.
– Жолдасыңыз да білім жолында қызмет етеді. Бір салада жұмыс істеудің қандай жағымды тұстары бар?
– Өмірлік жолдасым екеуіміз отбасын құрғанымызға биыл 15 жыл болды. Жылы ұямызда 2 ұл, 1 қыз тәрбиелеп отырмыз. Білім саласында да бірге қызмет етеміз, яғни бір толқында өмір сүреміз десем, артық айтқандық емес. Ең бастысы, отбасындағы ерлізайыптылардың арасында сенім мен қолдау болса, бақыттың шамы сөнбейтіні анық. Қазіргі таңда бала тәрбиесі, қызмет мәселесінде жауапкершілікті тең көтеріп, үлгілі отбасыға айналдық.
– Уақыт бөліп сұхбат бергеніңізге рақмет!
Әңгімелескен Ақнұр САҒЫНТАЙ
24 қыркүйек 2024 ж. 613 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№79 (10344)

05 қазан 2024 ж.

№78 (10343)

01 қазан 2024 ж.

№77 (10342)

28 қыркүйек 2024 ж.

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 2 181

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031