Ынтымақ бар жерге ырыс-несібе келеді
Ауыл – қазақтың қаймағы, қайнар көзі. Оны дамыту кезек күттірмейтін іс. Осы ретте тілшілер тобы жақында ауданнан шет аймақта орналасқан Қуаңдария ауылдық округінде болып, тіршілігімен танысқан болатынбыз. Көпті көрген қария, Қармақшы ауданының Құрметті азаматы, ҚР "Ауылшаруашылығы саласының үздігі", тыл және еңбек ардагері, ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ешмағамбет Дүйсебаевпен әңгімелесудің сәті түскен еді.
– Аға, ауылға келіп қалдық. Мекендеріңізден гір тасын көтеруден Азия чемпионы шығып жатыр екен, алдымен осы игі жаңалықпен құттықтап қояйын.
– Рахмет, мұндай үлкен жаңалыққа тайлы-таяғымызбен қуанудамыз. Шүкір, ауылымыз жылдан-жылға көркейіп, жаңарып келеді. Біздің елді мекенде көптеген мәселе шешімін тапқан. Атап айтқанда, Жаңа Қазақстанды құру кезіндегі бағдарламаларға сәйкес, ауылда мектеп, денсаулық сақтау нысаны, жастардың демалатын клубы болу керек болса, осының үшеуі де бар. Бұрын көшелерімізде болмаған жарықтандыру жұмыстары жүргізілсе, көшелердің дені асфальттанып жаңғыра түсуде. Ауылымыздың жастары да белсенді. Жаңалықтар әкеліп тұрады. Жастар аллеясында сахна, киіз үй тұрғызып, мешіт салып, айналасын қоршап жатыр. Аудан әкімінің қолдауымен кіреберіске ауыл паспорты, балалардың ойын алаңы салынды. Жалпы алғанда, тыныс-тіршілігіміз өте жақсы. Сонымен қатар өзімізден аудандық, облыстық мәслихатқа сайланған депутаттарымыз Орынбасар Төлепов, Нұрлан Бақтияров, Болат Бөгетов секілді азаматтар ауылдың тіршілігіне қатты араласады. Соның бірі – жем-шөппен қамтамасыз ету. Ауылда бақша егу жұмысы жанданды. Осындай шаруаларда Орынбасар інім 3,5-4 шақырым жерге дейін канал қаздырып берсе, ауылымыздың кәсіпкері эксковаторды жүргізуге тонналап жанар-жағармаймен қамтыды. Осындай тірліктің нәтижесінде қауын, қарбыз, картоп мәселесі шешілген.
Ауылда аядай халық болғанымен, жаңалық көп. «Ынтымақ бар жерге ырыс-несібе келеді» дегендей, жастар арасынан әлем биігін бағындырған жеңімпаздар шығуда. Олардың қатарында кеше ғана Азия чемпионатында мектеп оқушысы Еркебұлан баламыз гір тасын көтеруден еліміздің туын желбіретіп қайтты. Чемпионымызды ауыл болып күтіп алып, дүркіретіп той жасадық. Сый-құрметімізді көрсеттік. Міне, Қуаңдария ауылы әлемдік бәсекелерде мықты спортшылар дайындауда үлкен мектеп болып тұр. Шүкір сонымен қуанамыз, марқаямыз. Сол балаларымыздың әрбір ісіне елдің аға ұрпақ өкілі ретінде мән беріп отырамыз. Жыл сайын мектеп бітіріп жатқан жастарымызға да жыл көлемінде тәрбиелік мәні бар әңгімелер өткізіп, олардың білімге құштарлығын оятуда септігімізді тигіземіз. Тәртіпке шақырамыз. Қазір білім алушыларға мемлекет тарапынан бар жағдай жасалынған. Балаларымызға мамандық алып, Қазақ елінің өсіп-өркендеуіне үлестеріңді қосыңдар, деп ақыл айтып, кеңес беруден жалыққан емеспіз. Былтырғы мектеп түлектерінің барлығы да жоғары оқу орнына түсті. Биылғы бітірушілерімізден де жоғары нәтижеге үміт артудамыз. Білім саласында көрсеткіш жаман емес.
Ауылдың аяқсу, ауызсуында мәселе жоқ. Үйлерді көріп отырсыз, қаламен бірдей. Үйге су кіргізілген, күндіз-түні ағып тұр. Көшелеріміз түн мезгілінде жарқырап жанып тұрады. Президентіміздің шетелдермен шекаралас аймақтарда тұратын елді мекен тұрғындарын тұрақтандыру үшін жүргізіліп жатқан мәселесі жүзеге асуда десек болады. Өйткені мемлекет тарапынан жаңадан мәдени ошақтың салынуы, мектептің бой көтеруі, халықтың тұрмысын жақсарту мақсатында жаңадан баспана салып, тұрақтануға бет бұруы – ауылымыздан анық көрінеді. Көшелерді аралап көрсеңіздер, қуанасыздар. Тақтайдай теп-тегіс асфальтымыз қандай керемет! Келешек артымызда қалатын ұрпағымыз, немере-шөберелеріміз осындай жақсы жағдайда өмір сүреді деген ниеттеміз.
– «Адам ұрпағымен мың жасайды» дейді ғой. Балашағаңыз туралы айта кетсеңіз...
– Отанасы Қаншай Матаевамен 60 жылға жуық уақыт бірге тату-тәтті өмір сүріп келеміз. Жетістікке жетіп, абыройға кенелсем, сыйлы болсам, онда ол жарымның да еңбегі. Отбасының да, келген қонақтың да жайын жасап, балалардың тәрбиесіне де өзі бәйек болып жүреді. Менің жасым бүгінде 87-де. Қазақ атамыз немере-шөберенің санын айтпаған ғой. (Саған өзім деп айтып жатқаным). 3 ұл, 2 қыздан 14 немерем, 7 шөберем бар. Соның 2-еуі мектепте оқыса, қалғаны жоғары білімді мамандар. Қазақстанның әр түкпірінде еңбек етіп, қызмет қылуда. Алды мұғалім, кейінгілері прокуратура, құрылыс, мал дәрігері, журналист, мұнай саласында жұмыс істейді. Мен мамандығым бойынша мал дәрігерімін. Осы саладан зейнетке шыққанмын. Жолымды қусын, білгенімді үйретейін деп, бір немеремді осы мамандыққа баулудамын.
– Ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасысыз. Ұйымның басты жұмысына не кіреді?
– Зейнетке шыққаныма 30 жыл болды. 1994 жылы зейнеткерлік демалысына шыққанмын. 16 жылдан бері ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы болып келемін. Тұрғындарға, жастарға ақыл-кеңесімізді береміз. Тәрбиелік мәні бар жұмыстардың, іс-шаралардың басы-қасында жүреміз. Ауылда 100-дің үстінде ардагер бар. Өзіміздің күшіміз жеткен мәселені өзіміз іштей шешеміз. Аудан, облыс әкімдерінің ауылға деген көзқарасы өте жақсы. Себебі айтылған әңгімеміздің аяқсыз қалғаны жоқ. Түгел орындалып тұр десем, артық емес.
– Биыл ауылдың 60 жылдық мерейтойы. Оны қалай атап өтудесіздер?
– Ұлыстың Ұлы күні – 22 Наурыздағы іс-шараға қоса, ауылымыздың 60 жылдық мерекесін атап өттік. Ол жоғары деңгейде өтілді. Мешітте ата-баба аруағына Құран оқылып, ауыл сыртында атшабыс жасалды. Қазақ эстрада жұлдыздары концерт қойып, көпшіліктің көңіл күйін көтерді. Одан бөлек, Ауыл күні аталып өтті. Онда да өзінше форматта 60 жылдығымыз аталды. Тасаттық беру, қайырымдылық іс жасау, айттарды атап өту жолға қойылған, құр жібермейміз. Осындай игі істерді ұйымдастыруда ауыл әкімі Ардақ Аймырзаев белсенді атсалысады. Ауыл әкімінің жергілікті жерден болғанын қолдаймын. Сырттан келген адамның не баспанасы, не отбасы көшіп келмейді. Әкіміміздің жұмысына көңіліміз толады. Айтқан жұмысымызға, істелу керек мәселелерімізге терең мән беріп, ден қояды. Біз шалғайда, құмның ішінде жатқан елміз. Техника тапшы. Осындайда басқа шаруашылықтардан көмек сұрай қалсақ, дер кезінде қолдарын созады. Оларға көп рақмет. Сұрағанымызды беріп жатады. Бірі – бульдозер, эксковатор техникасын бөлсе, енді бірі – жем-шөп әкеліп жатыр. Әрине ақшасына аламыз. Десе де шалғай жерге келіп, бұлайша қызмет көрсетуінің өзі біздерге үлкен көмек саналады. Осындай жұмыстардың бәріне ауыл әкімі көңіл бөледі.
– Қалай ойлайсыз, ауылды көркейтуде әлі де жасалатын жұмыстар бар ма?
– Ауылды көркейту үшін негізгі мәселе – ауыл халқын урбанизациялауға ұшыратпай, көшірмей, тұрақтандыру керек. Бұл біріншіден. Екіншіден, қала типіндегідей қылып теңестіруіміз қажет. Ол үшін не істеу керек? Мына ауылдық жерлердегі өндіретін өнімдерді – малдың терісі, еті, балығы бар соны қалалық жерге ұйымдастырмай, ауылда майда кәсіпкерлікпен айналысуды күшейтуіміз керек. Үшіншіден, ауылда кәсіпкер азаматтар бар. Олар кәсіптерін несиемен бастаған. Пайдасын көрмей жатып, сол несие алған заматында төлеуді талап етеді. Олай етуге болмайды. Одан алатын өнімнен барып, содан соң сұрау керек қой. 2 жылға дейін ештеңе алмау керек. Асықпай малдың басын өсірсін, өнімін өндірсін, сосын барып сұрасын да. Осы мәселені облыс көлемінде көтеріп, ұсыныс-пікірімді айтып жүрмін. Жастар арасындағы жұмыссыздықты азайтамыз десек, әлі де осы мәселелерге араласуымыз керек. Қазақты өсірмейтін – жалқаулық. Қатты айтсаң ренжиді, жай айтсаң түсінбейді. Жиналыс сайын осы мәселені көтеремін де тұрамын. Кей адамдар қалаға кетіп қалады. Ол жақта тұрақтамай, қайтып келеді. Осындай жандардың қолдан келгенше жұмысқа орналасуына мүмкіндік жасауға тырысамыз.
Алма бақ, жоңышқа еккенді тәуір көреміз. Өкінішке қарай, бізге су кеш келеді. Ең болмаса, сырттан жоңышқа егуге ниет білдірген кәсіпкерлер шығып жатса, жақсы болар еді. Келіп жатса, жер жетеді, жұмыс көзін ауылдан алса, нәпақа болады. Ауылдан өзге, ауданды да қамтамасыз етсін. Мал басы бар, шұжық цехын аша ма, бізде мал асырап отырғандар жетерлік. Бірақ өткізетін жері болмауда.
– Елге айтар тілегіңіз бар ма?
– Тілегім, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Елге қызмет етіп отырған азаматтарымыз аман болсын. Соған тілекшіміз. Аудан, ауылымыз үшін биылғы жылдан да жақсылықтар күтеміз. Абыройлы жыл болсын!
– Әңгімеңізге көп рақмет!
Сұхбаттасқан Сәрсенкүл ЖАУДАТБЕК