Ойын алаңы ашылды
Жаңажолдық балалар қуанышқа кенелуде. Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында «Жаңажол» ЖШС қолдауымен ауыл орталығынан түрлі әткеншектері, адам денсаулығына пайдалы спорттық құрал-жабдықтары бар, демалып отыратын орындықтар қойылған ойын алаңы ашылды.
Балалар ойын алаңының ашылуы – ауылымыз үшін айтулы оқиға. Бүлдіршіндер бос уақытын спортпен шұғылдануға арнап, физикалық қабілеттерін дамытады. Бала – біздің болашағымыз. Сондықтан оларды көзден таса қылмай, үнемі қамқорлық жасап, дені сау, сергек болып жүрулеріне жағдай жасалуы керек.
Ауыл орталығындағы ойын алаңының ашылу салтанатына ауылдық округ әкімі Әбимүсілім Қоқанов, облыстық мәслихат депутаты, «Жаңажол» ЖШС директоры Орынбасар Төлепов, ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бақытбек Тәуекелов қатысып, ауыл тұрғындары мен спортсүйер қауымды құттықтады. Мұнан соң ойын алаңының лентасын еңбек ардагері, Қармақшы ауданының құрметті азаматы Бибігүл Әбішева мен ардагер Шақша Бекенов қиды. Салтанатты жиынға қатысқан ардагерлер тағы бір ойын алаңының ашылғанына ризашылық білдіріп, осы ойын алаңын салып берген «Жаңажол» ЖШС директоры, облыстық мәслихат депутаты Орынбасар Төлеповке алғыстарын білдірді. Ауыл ақсақалы Бегалы Пірдашев ақ батасын жаудырды. Естеріңізде болса, осыдан 20 күн бұрын облыс әкімі Г.Әбдіқалықованың қатысуымен тағы бір ойын алаңы ашылған болатын. Ауылдың күннен-күнге көркейіп, ерекше кейіпке енгені бәрімізді қуантады.
Серік САПАҚОВ