Дүр Оңғардағы мектепте «Coworking» орталығы ашылды
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясында жас буынның білімділік сауаттылығын арттыру, оқырманды кітапханаға көбірек тарту мақсатында 2021 жылғы 29 қаңтар күні Дүр Оңғар ауылындағы №107 орта мектебінде «Coworking» орталығы ашылды. Білім ордасындағы рухани орталықтың ашылу салтанатына аудандық білім бөлімінің басшысы Дастан Нәзікбаев, "Жаңажол" ауылдық округі әкімі Әбимүсілім Қоқанов, "Жаңажол" ЖШС төрағасы, облыстық мәслихат депутаты, меценат Орынбасар Төлепов, ата-аналар кеңесінің төрайымы Рыстай Жұмаева және мектеп директоры Бақытбек Нұрманов қатысты.
Кітап мекенін салтанатты түрде ашу және лентасын қию рәсімі Дастан Мырзабекұлы мен Орынбасар Өтепұлына берілді. «Nur Otan» партиясының «Қазақстан кітапханалары – заманауи білім орталықтары» жобасы аясында қолға алынып отырған мұндай бастама – рухани азықтан алыстап бара жатқан өскелең ұрпақты кітап оқуға баулудың таптырмас жолы. Яғни, жастарға көркем әдебиетті оқыту арқылы құндылықтарымызды, тарихымызды дәріптеу. Әсіресе, бұл мекен компьютерлік ойындарға тәуелді жастардың назарын кітапқа аударуға зор үлес қосады. Кітапханада балалар тек кітап оқумен ғана шектелмей сүйікті істерімен яғни тоғызқұмалақ, шахмат, дойбы ойындарын ойнап, ән тыңдап, әртүрлі шаралар өткізіп әлеуметтік желіден қажетті ақпараттарын ала алады. Орталықтың жұмысы туралы кітапхана меңгерушісі Кенішкүл Қарақұлова түсіндіріп, қалай жұмыс жасайтынын таныстырып өтті. Одан соң, іс-шараға келген қонақтар жылы лебіздерін айтып, орталық пен кітапхана туралы өзіндік ой-пікірлерін білдіріп, игі бастамаға сәттілік тіледі. Жаңаша безендіріліп, өзгеше жабдықталған орталықтың ашылуына бастамашы болып, демеушілік көмек жасаған "Жаңажол" ЖШС төрағасы, облыстық мәслихат депутаты, меценат Орынбасар Өтепұлына мектеп ұжымы атынан айтар алғысымыз шексіз. Мұнан соң салтанатты шараға қатысушы қонақтар мектеп оқушыларының бос уақытын тиімді ұйымдастыру, түрлі өнерге баулу және салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында жүргізіліп жатқан үйірме жұмыстарымен танысты. Тағылымы мол, мәнді де мазмұнды шара соңын мектеп директоры Нұрманов Бақытбек Мәнсүрұлы қорытындылады.