» » » «Қармақшы – қасиет қонған мекен»

«Қармақшы – қасиет қонған мекен»

qarmaqshy-tany.kz Ауданның 95 жылдық толғаулы тарихында көптеген азаматтың ізі сайрап жатыр. Бірі – жыраулық өнердің тасын өрге домалатса, бірі – егіннен тау тұрғызып, ырзық-несібенің мол болуына маңдай терін төкті. Ал енді бірі – басқарушылық қызметте көш бастады. Олардың қатарында Қармақшы, Жалағаш аудандарының және Қызылорда қаласының құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері Шахизат Төребаевтың да есімі аталады. 2001-2004 жылдары аудан әкімі лауазымын атқарған ағамызбен сұқбаттасудың сәті түсті.
– Шахизат Хамитұлы, биыл 75 жасқа толады екенсіз. Алдымен мерейлі жасыңызбен құттықтап қояйық. Адам бірден үлкендікке жетпейді. Әркімнің жүріп өткен жолы, қарым-қабілеті, тәлімтәрбиесі болады. Мейлінше, осы нәрселер адамның қалыптасуында шешуші рөл атқармақ. Сіздің өскен ортаңыз, шыққан тегіңіз жайлы білсек. Әңгімені осы сауалдан тарқатсақ?
– Мен 1948 жылы дүниеге келіппін. Әкешешем Хамит Төребаев пен Назипа Өтегенова Жалағаш ауданына қарасты Таң ауылының тумалары. Кішкентайдан отбасында жалғыз бала болып өстім. Қармақшымен бізді не байланыстырады? Әкем 1937-1938 жылдары педагогикалық училищені бітіріп, Қармақшы ауданына, оның ішінде елге барып қазіргі Дүр Оңғар ауылында мектеп директоры болған. Ол кездегі мектепті елестетер болсақ, 2 бөлмелі қоржын там ғой. Өзі айтып отыратын, күн салқында ағаш бұтап, көмір жағатын едік деп. 1942 жылы сол Қармақшының әскери комиссариатынан соғысқа аттанып кетеді. Одан аман-есен оралған соң ауылда жұмыс істеген, Өзбекстан барған. Онда да қарап жүрмей, өзбек жеріндегі қазақ балаларының білім алуына септігін тигізген. Қазақ мектебін ашып, өзі соған басшылық жасайды. Сөйтіп, қазақ балаларын оқытқан. Біздің отбасы 1956 жылы Қызылордаға келдік. Қаладағы Осипенко, одан кейін 1 мамыр атындағы мектепте білім алдым. 1965 жылы мектепті үздікке бітіріп, үлкен өмір жолына шықтым. Қазіргі жастарға сабақ болсын, айта кетейін. Біздің жас кезімізде де әртүрлі топ жететін. «Шанхай», «Автобаза», «Шымбай», тағы басқасы. Сонда мектепке сырттан дене шынықтыру пәнінің мұғалімдері келіп, бокстан үйірме ашты. Сол үйірмеге 30-40 баладай қатыстық. Арасынан қалалық, облыстық, республикалық деңгейдегі жеңімпаз-жүлдегерлер өсіп шықты. Сол спорттық үйірмеге қатысқанымыздың арқасында ешқандай бұзақы топқа қосылмай, бұзақылық жасамай, сабағымызды оқып және бізге де ешкім тиіспей, оқуымызды бітірдік. Спортпен айналысқанның болашағымызға көп көмегі тиді. 1966 жылы орта мектепті бітіргеннен кейін Алматыдағы политехникалық институтына оқуға түстім. «Автоматика және есептеу машиналары» деп аталатын факультетке қабылдандым. Конкурс жоғары болды. Бір орынға бірнеше абитуриент таластық. Оқу орнын 1971 жылы аяқтап шықтым.
– Студенттік уақыт адам өмірінің қызықты бір кезеңі ғой?
– Ол рас, студенттік кезде де қарап жүрмедік. Қоғамдық жұмыстарға араластық. Ыңғайымды байқады ма, факультеттің деканы Баян Рақышев мені жатақханаға студенттер кеңесінің төрағасы етіп сайлады. Тәртіп, тазалық, уақытылы жатақханада болу секілді мәселелермен айналыстық. Бір қызығы – сол жерде «Дос-Мұқасан» ансамблі құрылды. Досым Сүлеев, Мұрат Құсайынов, Шәріп Омаров, Мейірбек Молдабеков, Сағидолла Қасенов деген азаматтар бәріміз бірге оқыдық. «Самал» атты клубын құрып, сол «Дос-Мұқасан» ансамблінің дүниеге келуіне себепші болдық.
– Жоғары оқу орнын бітірген жас жігітсіз. Өмір жолы қалай жалғасты?
– Иә, институт бітірген соң Қызылордаға келіп, ол кезде политехникум, қазіргі агроколледжге мұғалім болып орналастым. Алланың сәтімен жолымда кіл жақсы адамдар кездесті. Политехникумға келгенімде директор Алексей Цойдан көп қолдау көрдім. Алдаберген Көшкенбайұлы деген де кісі болды. Осында 5 жыл жұмыс істедім. Екі жарым жылдан соң мені техникумның комсомол комитетінің хатшылығына сайлады. Оның 1500 мүшесі болды. Айлық төленетін. Облыстың студенттер отрядын басқардым. 2-3 жыл обком комсомолдың тапсырмасын орындадық. Бірде обкомға қызметке шақырды. 1976 жылы обкомның бір бөліміне нұсқаушысы болып жұмыс ауыстырдым. Онда біраз жыл еңбек еттім. Үлкен азаматтармен таныстым. Көп нәрсе үйрендім. Пара деген болмайтын. Мысалға, қай жұмысқа барсам да пара берген емеспін. Қабілетің болса, қызметте көтерілетінсің. 1987 жылы Қызылорда қалалық атқару комитетіне төрағаның орынбасарлығына жіберді. Тәуелсіздік алып, нарыққа көшкеннен соң қоғамға қиындау болғаны белгілі. Бірінші болып жекешелендіруді халыққа үйреттік. Кооперативтер ашылды. Үлкен кісілер жағы біледі, жетіспеушіліктер орын алды. Сол кездегі Еркін Әуелбековтің көмегімен көптеген шаруа тындырылды. Әкімдікте қала әкімінің орынбасары, бірінші орынбасары болып 9 жыл жұмыс істедім.
– Парламент Мәжілісінің депутаты болып сайландыңыз. Қандай мәселелерге ат салыстыңыз?
– 1995 жылы Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің депутаты болып сайландым. Ол уақытта облыс әкімі Бердібек Машбекұлы болды. Оның тазалығы, адалдығының арқасында сайлауға 5 адам түсіп, олардың ішінен жеңіп шықтым. Ондағы тіршілік мүлде бөлек. Үлкен өмір мектебі. Тәжірибе алдық. Сол жақта жүріп бірнеше депутат Абай атындағы жоғары оқу орнында сырттай оқып, заңгерлік білім алдық. Депутаттық қызметімде Арал мәселесін көтердім. Техника ғылымдары бойынша кандидаттық диссертация қорғадым. Ал енді 4 жылда не істелді дегенге келсек, ол кезде демократия бар еді. Ойымызды бүкпесіз айтатынбыз. Келіп түскен заңды қабылдасақ, қабылдаймыз, шикілігі болса кері қайтарып, әр позициядан пікірімізді айтатынбыз. Мажоритарлық жүйенің мықтылығы да сонда жатыр ма деймін. Кейін партиялық тізімге көшті. Ол жерде партияның фракциясы не айтады, соны қолдау керек. Сөйтіп, депутаттардың күш-қуаты әлсіреп қалды деп ойлаймын. Айлық та, зейнетақы да уақытымен берілмей, ақша табылмай жатқан тұс. Өліара шақта Қызылорда қаласында арнайы экономикалық аймақ құрылды. Оның құрылуында Бердібек Сапарбаевтың өлшеусіз еңбегі жатты. Ол Мемлекет басшысына арнайы кіріп, осы мәселенің оң шешілуіне ықпал еткен азамат. Ондағы мақсат – облыстың экономикалық, әлеуметтік жағдайын көтеру. Бұл – бірінші. Осындай аймақ республикада 2 жерде болды. Солтүстікте Лисаковскіде және бізде. Екіншісі Арал экологиялық апат аймағына байланысты берілетін жеңілдіктер туралы заң. Осы мәселелер бойынша 4 жыл бойына заңды қорғадым десем, артық айтпаған болармын. Осы заңдар 2000-жылдары қозғалмай тұрды. Арал заңын бірнеше мәрте жоюға ұсыныс берілді де. Бірақ біз қабылдамай тастадық, тек бір бөлігінде халыққа тегін дәрі-дәрмек беретін жерін ғана жойдық та, қалғанын қалдырдық. Бізден кейінгі депутаттарға қарным ашатыны, мысалы, ,Арал, Қазалыда жұмыс істегендерге 50 пайыз, қала, басқа аудандағылардың айлығына 30 пайыз экологиялық үстеме қосылып беріледі. Ал енді зейнетке шыққанда дым берілмейді. Бұл қалай сонда, зейнетке шыққасын ол адам ешкімге керегі жоқ па?! Бұрын Арал аймағында 15 жыл тұрған адам басқа жаққа көшіп барғанда оған сол жеңілдіктер сақталатын. Оған арнайы анықтама берілетін. Қазір соның бәрі жойылған, бірде-біреуі жоқ.
Парламентте жүріп, елмен таныстық, халықпен етене жұмыс істедік. Одан кейін 1999 жылы облысқа шақырылып, облыс әкімінің орынбасарлығына тағайындалдым. Облыстың экономикасы мен орта және шағын бизнес кәсіпкерлігінің кураторы болып қызмет атқардым. Шүкір жаман жұмыс істемеген сияқтымын. Не істедіңіз дегенде, қалада көпір салынды. Ең халыққа керекті деген жұмыстармен айналыстық. Көпір салуға 3 млрд теңге қаржы бөлінді. Соған қолымнан келгенше үлес қостым.
– Қармақшы ауданына әкім болып келдіңіз?
– Кезінде Қармақшы, Жалағаш аудандары еншісі бөлінбеген ел тұғым. Басында бір аудан болған. Орталығы – Қармақшы еді. Сол себепті халқы жақсы араласып отырған. Осы себепті де барған кезімде әкемнің атына ұят келмесін, мүмкіндігінше дұрыстап жұмыс істейін деген мақсат қойдым алдыма. Барғаннан кейін облыс әкімінің орынбасары кезімнен білемін, «ПетроҚазақстан» мекемесі сол жақтан терминал салғысы келіп жүрген. Олардың басшылығына шығып, ауданға шақырдық. Жер бөліп, терминал салуға шешім шығарып бердім. Менің кезімде сол терминал салынды, оның бер жағында инвесторлар тауып, вагон жуатын станса аштық. Олардың бәрі сол кезде жұмыс істеп тұрды. Аудандағы қызметіме кіріскенімде туберкулезге қарсы күрес ауруханасына барып шықтым. Аэропортта ескі мекенжайда орналасқан екен. Бұл аурумен ауыратын адамдарға дұрыс ғимарат, жай керек екені түсінікті. Сөйтіп, дарияның бергі бетінен жаңадан туберкулезге қарсы күрес ауруханасын салуға көп күш салдым. Ауыз су мәселесінде де атқарған жұмыстарымыз болды. Ауыл шаруашылығы саласында, күріш өндіруден басқа аудандар арасында да алдыңғы қатарда тұрдық. 49-51 центнер аралығына дейін өнім беріп жүрдік. Маған сол салада Қылышбек Әбішев деген азамат көп көмек берді. Өте білімді, сауатты агроном еді. Шаруашылықтарды ірілендіруге де құлшына кірістік. Тұрмағамбет, Ақжар, Ақтөбе ауылдарында шаруашылықтар майдаланып кеткен екен. Осы ауылдардағы шаруашылықтарды ірілендіріп, кейін халық соның тиімділігін көрді. Тұрмағамбет ауылында серіктестікке Мұратбек Құланбаев деген азаматты төраға етіп қойдым. Тұрғындар қандай риза болды ол кісінің жұмысына. Аудан орталығын абаттандыруға мән бердім. Себебі, қалада істеген тәжірибем жеткілікті. Орталық алаңды абаттандырарда алдымен бұзу жұмыстары жүрді. Сонда екі ақсақал келіп, «Ай, айналайын, мынаны бұзып не істеп жатсың?» деді. «Бұл жақсы болса абырой болады, жаман болса ұят болады» деді тағы салмақты сөйлеп. Бізде өз тарапымыздан «жақсы болады» деп жауап бердік. Құрылыс жұмысына архитектор, Қармақшының тумасы Еркін Ибраимов деген азамат көмектесті. Барлық сызбасы мен жоспарын қағазға түсіріп берді. Орталық алаңды ашқанда халық қалай қуанды десеңізші. Елдің жүзінен жарқыраған қуаныш көрдім. Орталық көшелерге жөндеу жүргізіп, жарық берген кезде, олардың түнде қыдырғаны әлі менің есімде. Осының барлығын қиын кезде, қаражат тапшыда жасадық. Мен барғанда бюджет 280 млн теңгедей болған. 2004 жылдың мамырында кеттім, сонда сол жылдың бюджетін 1,5 млрдқа жеткіздім. Ол қаражат – ол кез үшін үлкен ақша. Ауыл-аймақтан денсаулық сақтау нысандары салынды. Мектеп бой көтерді. Халықтың күшімен, ықыласымен Марал бабамыздың атында мешіт салынды. Жалпы Қармақшының топырағына қасиет қонған. Осы жылы ауданның құрылғанына 95 жыл толып отыр екен. Бір жағында Қорқыт ата болса, екінші жағында Марал баба жатыр. Құмға қарай Ер Сейтпенбет бабаның жамбасы тисе, Балықшы бабаның да бейіті аудан аумағында. Қарап отырсаңыз, ауданның тұрған жері тегін емес. Халқының ұйытқысы бұзылмаған, қалпы таза, адал келеді. Осы топырақтан қазақылықты, мұсылманшылықты, бір-бірін сыйлауды үйреніп қайттым десем, артық болмас. Елге мен қызмет істесем, ел де мені тәрбиеледі. Аудан әкімі лауазымынан соң облыстық орман және аңшылық шаруашылығы аумақтық басқармасының басшысы болдым. Содан зейнетке шықтым.
– Зейнетке шықсаңыз да, бос отырған жоқсыз. Қоғам ортасындасыз, республикалық «Қансонар» аңшылық шаруашылық қауымдастығы» бірлестігінің облыстағы өкілдік төрағасысыз?
– Менің ауданда қызмет еткен кезеңімде қармақшылықтар жақсы біледі, аңдардың, әсіресе киік саны азайып кеткен уақыт болатын. Оларды бетбақдала популяциясы дейді, мына Қарағанды, Қостанай, Торғай, Ақтөбенің Шалқары жағынан Қызылордаға қарай келеді. Сол киіктердің аумақта небәрі 20-30 мыңдайы ғана қалған-ды. Қазір табиғи жолмен көбею популяциясы 1,5 млн-нан асып кетті. Биыл соны шамамен қысқартуға үкіметтен қаулы шығып жатыр. Өйткені жайылымдық жер, егістік бар. Осы салада сіздің тәжірибеңіз бар дегесін, бүгінде «Қансонар» қоғамдық бірлестігіне басшылық етіп отырмын.
– Елге айтар тілегіңіз болса?
– Қармақшы ауданының болашағы зор. Жер кіндігі саналатын Байқоңыр ғарыш айлағы әлемге танымал. Түркі жұртына ортақ қазына – Қорқыт атаның мемориалды кешені орналасқан. Осындай құндылықтардың үстінде отырған өңірге туризмді қарқынды дамытуға мүмкіндік мол. Ел-халыққа айтарым, бейбітшілік заман болсын, әрбір отбасына бақ-береке, денсаулық тілеймін. Ауданымыз жылдан-жылға көркейіп, абаттана, гүлдене берсін!
– Әңгімеңізге көп рақмет!
Сұқбатты жүргізген Сәрсенкүл ЖАУДАТБЕК
03 қазан 2023 ж. 553 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 053

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031