» » » Кездейсоқ келген мамандық көпке танытты

Кездейсоқ келген мамандық көпке танытты

Заманауи архитектура кімді болса да қызықтыратыны сөзсіз. Әсіресе әлемге танымал қазақ сәулетшілердің көз тартар туындысын көргенде мақтана қарайтынымыз рас. Алайда бұл зәулім өнер ғимараттарын тұрғызуға күш салған сәулет майталмандары жайында біріміз білсек, енді біріміз білмесіміз анық. Соның бірі – еңбек жолын сонау Мәскеу қаласында бастаған, құрылыс жұмыстарын табиғатқа залал келтірмей жасауды өмірлік ұстанымына айналдырған сәулетші Тотан Күзембаевпен сұқбаттасқан едік.

– Тотан аға, сіз әлемге танылған белгілі архитекторсыз. Алайда сіз жайлы жазылған кей мақалаларда сіз сәулетші болуды мүлдем армандамаған екенсіз. Осы жағынан әңгіменін тінін тарқатсақ?
– Ол рас (күліп). Менің бұл салаға келуімнің өзі қызық жағдай. Ленинградта әскери борышымды өтеп келгеннен кейін мамандық таңдау керек болды. Алдымен үйдегі қарындасым «Сіз несіне бұл ауылда сандалып жүрсіз. Олай болмайды, я жұмыс істеңіз, болмаса оқуға барыңыз» деді. Менің бірден жұмыс істегім келмеді, одан да оқуға барғаным дұрыс шығар деп шешім қабылдадым. Бұл ойымды құптаған ол алдыма түлектерге арналған анықтама кітабын әкеліп «Ішінен таңдаңыз» деп берді. Мен ойланып, анықтаманың ішінен жұмысты аз істеп отыратын мамандықты іздей бастадым. Өзімнің сурет салатын өнерім бар, неге суретші болмаймын деп соған қарай ойысып сол мамандық бойынша екі институт таптым. Екеуі де Мәскеу қаласында екен. Таңдаған оқуымды дұрыстап қарасам ең төменгі жағында «Өзіңізбен бірге натюрморт ала келу керек» деп жазып қойыпты. Содан натюрмортты түсінбей жұрттан сұрастырдым, ешкім білмейді. Ауылдағы төрағаға барып, «Сіз жер көргенсіз ғой, натюрморт деген не?» деп сұрадым. Ол кісі де ойланып «білмедім» деді. Натюрмортты білмесем ұят болып жүрер деп қайтадан басқа мамандықты таңдауыма тура келіп, архитекторды белгіледім. Ол да Мәскеуде.  Ішінде әлгі білмегенім жоқ екен бірақ. Осыған түсемін деп бел шештім. Сөйтіп оқуға барсам ол мамандық сурет салу емес, үлкен үйлердің жобасын сызып салатын жауапкершілігі мол мамандық екен. Ойламаған жерден осылайша сәулетші болып кеттім.

– Жалпы сурет салу өнері кімнен қонған, әулетіңізде сізден басқа осы өнерге жақын адам бар ма?
– Үйде бұл өнерге жақын тек мен. Кішкентайымда үйдің қабырғаларына, дуалға сурет салып тастайтынмын. Қолымнан тастамай жүретін түрі бөлек қарындашым болатын, қазір ол жоқ. Үйдегі ағаларым салған суретіме қарап мазақ қылатын. Сол кішкентайымнан басталған қызығушылық өсе келе серігіме айналды. Мектепте жүргенде ақын-жазушылардың, достарымның портретін салатынмын.

– Сол уақыттағы салған туындыларыңыз сақтаулы ма? Қазір де сурет салып жүрсіз бе?
– Өкінішке қарай сақтап қала алмадым. Ешнәрсе қалмапты. Керек десеңіз әскердегі альбомыма салған суреттеріме дейін жоқ. Әлі күнге өкінемін. Ал суретті кейде демалыс үшін саламын. Жұмыстан шаршаған уақытта ермек қыламын. Кей туындыларымды 15 минутта салып бітірсем, енді бірін ұзақ саламын. Оған әртүрлі себеп болады. Көңіл күйге қарайсың, кейін ойланып қосатын жерлері бар дегендей. Бірақ сол суретті салып бітірсем де артынан «мына жері қалып қойыпты, былай келтіруім керек еді» деген өкініштер болып тұрады.

– Суретші Тотан, оқуға түскеннен кейін сәулетші мамандығын қалай қабылдады? Қиындық болды ма?
 – Өте қиын болды әрине. Сурет салғандай еркіндік мұнда болмады. Бұрын соңды сызу сызып көрмегенмін ғой, әр сызғаның өлшем бойынша тиянақты болу керек. Одан бөлек мен көрмеген сызу құралдары «бұл не?» дегендей, көз алдымда сұрақ болып тұрды. Уақыт өте бәрін қасымдағы жігіттерден үйреніп алдым. Бір оңай болған жері мектепте геометрия сабағын жақсы көретінмін. Ондағы тіктөртбұрыш, домалақ, конусты салу ұнайтын. Сол пәннің пайдасы жақсы тиді. Кейін ойлап қарасам сызудағы әр бөлшектер геометриядан алынған екен ғой.

– Қанша туындының авторысыз?
– Қазір есімде жоқ. Бірақ Қазақстанда, шет елдерде менің авторлық жобам бойынша көп ғимарат бой көтерді. Мәселен, елімізде экспоға салынған павильон менің идеяммен жүргізілді. Бірақ көп жұмыс істегеніміз жоқ. Қазір Алматыда қонақ үй салынып жатыр, одан бөлек жеке үйлердің құрылысы менің жобам бойынша жүріп жатыр. Жақында Астанада үлкен жұмыс болуы мүмкін. Жобаларымның көбі Мәскеуде салынды. Алпысқа жуық туындым жүзеге асты десем болады. Латвияда теңіздің жағасында 5 қабатты қонақ үй тұрғызылды. Америка, Франция, Украйна, Черногория, Әзірбайжанда үлкен ғимараттар бой көтерді.

– Туған жеріңізге тарту ретінде жоба сызып беру жоспарыңызда бар ма?
– Әрине бар. Егер ұсыныс берсе қуана жоба сызып берер ем. Баяғыда бала кезімде ауданға келіп бірінші рет екі қабатты үйді көргенімде қатты таңқалғаным бар. Сол сияқты қазір де сәулеті келіскен ғимараттар салуға болады. Кейде осындағы достарыма ұсыныс берсеңдерші, салайық деп әзілдеп те айтып қоямын.
– Құрылыс барысында кейде өзіңіздің жобаңызға көңіліңіз толмайтын кездер бола ма?
– Болады. Менің жобаларым көбіне сызбадағыдай салынбайды. Құрылысшылар ғимаратты салу барысында кейбір тұстарын келтіруге қиналады. Жалпы сәулетші ғимараттың сызбасын қолға алғанда көп еңбектенеді, әрбір кететін бөлшекті есептейді. Өзіне сынақ ретінде жасап көреді. Мәселен, мен өзіме екі үй салсам оны үйім емес, зертхана деп айтамын. Дәрігер профессорлар жаңадан бір нәрсе ойлап тапса алдымен өзіне сынап, тексеретін болған ғой. Менің үйім сол секілді, бөлмелердің едені қисық, бірінен биік салынған. Сол үшін кейде бірінші жобада кеткен қатені екіншіге қайталамауға тырысамын.   

– Мәскеуде тұрақтағаныңызға елу жылдан асыпты. Тіпті сол жаққа сіңісіп кеттіңіз. Алайда қазақ тілін ұмытпапсыз, оның өзі үлкен ерлік. Бұлай өз тіліңізде таза сөйлеуге не себеп болды?
– Қазақта «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» деген жақсы сөз бар. Менің өз тілімде қалуыма әдеби кітаптар, қазақша әндер үлкен сеп болды. Әлеуметтік желі қарасамда қазақша жаңалықтар қараймын, достарыммен хабарласып тұрамын. Ауылға жиі келуге тырысамын. Осының бәрі қазақ тілін ұмытпауға көмектесті. Тіпті үйімізде қазақы дәстүрді ұстанамыз. Ет асып, палау жасап достарымды шақырамын. Бір жақын досым бар, үйге келсе ет асшы деп отырады. Ауылға барсам міндетті түрде ағарған, құрт алып Мәскеудегі достарыма таратамын.

– Тотан аға, биыл сіздің 70 жасқа келуіңізбен қатар ауданымыздың да 95 жылдығы тойланбақшы. Елге айтар тілегіңіз болса?
– Мен әркез туған жеріме келген сайын үлкен өзгерісті байқап жүремін. Бір жыл бос тұрған жерлерге келер жылы келсем жаңа ғимараттар салынып, ауданымыз көркейіп тұрады. Мұны ел экономикасының дамығаны деп білемін. Әр жыл сайын ауданымыз көркейе берсін. Біз соның куәсі болып жүре берейік. Қармақшы ауданының 95 жылдығы құтты болсын.
– Сұқбатыңызға рақмет!

Әңгімелескен Ерсін СӘДУҰЛЫ
12 қыркүйек 2023 ж. 476 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 021

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031