» » » Табыстың формуласы – талпыныс пен тәуекел

Табыстың формуласы – талпыныс пен тәуекел

Бүгінгі нарықтық экономиканың дамыған заманында көпшілік жеке кәсіпкерлікпен айналысуды қалайды. Дегенмен, мақсатын жүзеге асыру жолында сәтсіздікке ұшырап, бастаған ісін тастап кетіп жататындар қаншама?! Осы орайда, аудандағы белді кәсіпкердің бірі, тұрғындарды сапалы көкөніс, жеміс-жидекпен қамтамасыз етіп отырған Тынышкүл Үкібаевамен бизнестің қыр-сыры жөнінде сұқбаттасудың сәті түсті.  

– Тынышкүл Жалғасқызы, ең әуелі, бүгінгі қолға алған кәсібіңізге қалай келдіңіз, дәл осы бизнес түрімен айналысуға не себеп болды сол жөнінде айтып берсеңіз?
– Бұл кәсіп біздің бала күнімізден санамызға сіңген десем де болады. Себебі ата-анам бақша егіп, оның өнімдерін сатып, күн көрдік. Мектепті бітірген соң, ата-анамның оқытқысы келді. Бірақ менің қалауым осы кәсіп болды. Осылайша 1998 жылдан бері кәсіп жасап келемін. Шүкір, өкінген кезім болған емес. Кәсіптегі ең басты ұстаздарым да, үлгі аларым – ата-анам. Қазір де істі отбасымызбен біріге жасаймыз. Балаларым, апамның сіңілілері дүкендерімде жұмыс істейді. Өзіммен бірге алыс жолдарға шығып, елге сапалы өнім жеткізуде көмек беріп жүрген Зарқұм Ұзынтілеуов деген інім де бар. Отбасымның мұндай қолдауы менің алға қарай қадам басуыма шабыт береді. Сырттай қарағанда кәсіпкер 8 сағат жұмыс істейтіндерден бос, еркін секілді көрінетін болар, бірақ шынымды айтсам қазір жарты сағатқа да бос уақытым жоқ. Кәсіпкер болу – 24 сағат бойы өзіңді жасап жатқан жұмысыңа  арнау деген сөз. Онсыз нәтиже шықпайды. Ал көкөніс пен жеміс-жидек сатудағы басты себеп – біріншіден бала кезден көз таныс болған дүние, екіншіден халық ең көп тұтынатын өнімдер. Әрбір сатылатын өнімді өзіміз Өзбекстан елінен алып келеміз. Себебі ол жақта таңдау еркіндігі мол, Тез бұзылатын өнімдер болғандықтан, шығыны да шаш етектен. Осыны да қаперге алып, үйлестіре білуің қажет. Қандай кәсіп болсын, өзіне жетіп артылар қиындығы бар. Оны бірі – білсе, бірі – біле бермейді. Кәсіпкердің мемлекеттік қызметшіден артықшылығы атқарған жұмысыңа қарай қаражат тауып, басшыға тәуелділіктен еркін боласыз.

– Кәсіпкердің мақсаты қандай болуы керек?
– Бұл тұрғыда әр кәсіпкердің мақсат-мұраты өзінің құндылығына байланысты демекпін. Мәселен, мен істеп жатқан жұмысым халыққа пайдалы болса екен деймін. Елдің қажетіне жарап, алғыс-сауабын алып отырсаң – оның өзі ғанибет. Екіншіден балаларым ештеңеден тарлық көрмесе деймін. Құдай берген үш перзентім бар. Сол үшеуіне үш кәсіпкерлік нысанды қалдырсам деген ниеттемін. Үлкен ұлым ақ халатты абзал жан болуды қалады. Қазір осы салада еңбек етіп жүр. Қызым да ағасының ізін жалғап, биыл қолына дипломын алды. Кенжем әзірге мектеп оқушысы. Ал келінімнің сауда саласына икемі бар. Алдағы уақытта оған кәсіптің қыр-сырын үйреткім келеді.  «Балам – балым, немерем – жаным» дегендей, екі немересі бар жас әжемін. Солардың болашағы жарқын болса екен деймін.

– Кез келген адам кәсіпкер бола ала ма? Ол үшін қандай алғышарт керек?
– Кәсіпкерлік – үнемі дамып отыратын сала. Біз енді қол жеткізіп жатқан білім экономикасы дамыған елдерде әлдеқашан ескіріп қалған. Мысалы бұрынғы сымсыз телефон мен бүгінгі смартфонның арасы жер мен көктей ғой. Кәсіпкерлікті дамыту үшін ең басты нәрсе – білім деп ойлаймын. «Өзіңді дамытуға инвестиция қысқа мерзімде, кемі 15 есеге өседі» деген тұжырым бар. Бірде аустралиялық бизнес кеңесшіден бір кісі: «10 000 $ бар, қандай бизнес ашсам болады?» деп сұрапты. Сонда «ақшаны өз біліміңе жұмсау керек» деген кеңес алады. Кәсіпкердің кеңесін бұлжытпай орындаған әлгі кісіден жаксы кәсіпкер шығады. Менің өмірден түйгенім, кәсіпкер болу да бір талант. Біреу бұл іске икемді болып туылады, екіншісі білім арқылы өзінен кәсіпкер жасайды.

– Бизнесменге қажет басты қасиеттер мен машықтар қандай?
– Бизнес – үлкен сынақ. Мен өз жұмысымда күнделікті әр түрлі кедергілерге кезігемін. Ешқашан жылтыр мұзда сырғанағандай болған емес, болмайды деп те ойлаймын. Өйткені бизнес тек сынақтардан тұрады. Кедергі болған соң адам сүрінеді, құлайды, тек нағыз кәсіпкер ғана қайта тұра алады. Майк Тайсонның: «Егер сен құлап барып тұрсаң, бұл – физика емес, мінез» дейтін жақсы сөзі бар. Сол сияқты бизнес күнделікті соққы жасайды. Кейбіреуі айналып үлгермей жатып, маңдайыңа тиеді, сол кезде тұра білу керек. Бизнесің құлашын кеңге жайған сайын проблемалардың да көбейетінін естен шығармау керек. Жетістікке жетудің жеңіл жолы болмайды. Сондай-ақ, кәсіпкерге ең басты керек қасиет – ашықтық және тұтынушымен жылы қарым қатынас. Заман алға жылжыған сайын тұтынушы алдыңдағы өнімге ғана емес, оны ұсынып тұрған адамға да қарайды. Егер қабағың қатулы болса, келесі жолы сенің дүкеніңе мүлде бас сұқпайды. Сондықтан, кәсіпкер болғысы келетін жан клиентпен дұрыс қарым-қатынас орната білуі тиіс.

– Естуіміз бойынша жиі кентте, ауылдарға барып жәрмеңке жасап тұрасыз. Бұл халыққа көп жеңілдік қой. Сондай-ақ жасаған қайырымдылығыңыз бен жақсылығыңызды жұртқа жария етпейсіз?
– Иә, «Жақсылық қылсаң өзіңе, Жамандық қылсаң өзіңе» дейді емес пе? Негізі өте қарапайым жанмын. Қарапайымдылық – қаныма сіңген қасиет. Кәсіпкермін деп кеуде керу – ата-анамда да, менде де жоқ. Көмек сұраған адамға қолымнан келсе қол ұшын созуға тырысамын. Бұл адамдық борышым деп білемін. Ал жасаған жақсылықты мақтан үшін жария еткім келмейді. Анығын Құдай біледі. Себебі үнемі жолда жүремін. Сол көмек алған кісілердің іштей тілеуінің өзі маған жетіп жатыр.

– Қазір біздің ауданға қандай бизнес қажет деп ойлайсыз?
– Бізге дәл қазіргі уақытта үлкен қаладағыдай балалар ойнайтын ойын алаңы салынса деймін. Баланы бақытқа балап, оларда барлығының жақсы болғанын қалаймыз ғой. Оның үстіне қазір смартфонның да бала денсаулығына тигізер зиянды тұсы көп. Үлкен атракциондар, түрлі ойындары бар орталық ашылса тұрғындар қуана-қуана қала аспай-ақ барушы еді. Халықтың ортасында жүргеннен соң, білемін ғой. Балаларын жиі-жиі қала орталығындағы ойын алаңына апарып тұру халықтың қалтасына сай келмейді. Жергілікті жерде, бағасы қолжетімді болса, тұтынатын тұтынушы жетерлік. Сосын ауданымызға тағы бір керек дүние – осындай жаздың ыстық күндерінде паналайтын бассейндер. Бұл да көптің қалауы. Қазір бір мезгіл жағалау жағалап, демалып келу үшінде қалаға жол тартып жатамыз. Бұлардан өзге де көптеген кәсіпкерлік саладағы нысан ақсап тұр. Негізі, істеймін деген адамға жұмыс көп қой. Тек ниет пайдаға қарағанда халыққа қызмет ету болса болғаны.

Сіз үшін жетістікке жетудің құпиясы неде?
– Негізі кәсіп болсын, басқа болсын кез келген салада ең бірінші адамға табандылық керек. Табандылық танытпай, орта жолдан бұрылып, бір істі соңына дейін апармасаң, еш уақытта жетістікке жетпейсің. Сондықтан да табандылық – табыстың кілті деп ойлаймын. Бірақ, сол табандылыққа да мотивация керек. Ісің алға жүрмей жатса, болмаса қиындықтар туындаған сәтте адам күш-жігерін сарқып алмауы тиіс. Жалпы, бір істі алғаш бастағанда оның жүрмей қалу қаупі бар. Сондықтан, қолға алған бір кәсібім сәтсіз шықты деп теріс айналуға болмайды. Үлкен жетістікке жеткен кәсіпкерлердің көбі бизнестің 10 түрін ашып көруге кеңес береді. Сол он кәсіптің біреуі міндетті түрде сенің бағыңды ашады. Мысалы, Стив Джобс немесе Билл Гейтс смартфон мен компьютерге дейін де талай бизнесті қолға алған. Алайда, айы оңынан тумады. Сол сияқты отызға жуық әні бар әншінің бағын тек бір ғана ән ашады. Жалғыз ән үлкен танымалдық әкеледі. Сондықтан да өткен қателіктеріңнен сабақ алып, білім мен тәжірибені ұштасыра отырып кәсіп ашсаң жетістікке жетудің ықтималдығы жоғары болады.

– Кәсіпкерде бос уақыт болмайды ғой. Десе де, алтындай уақытыңызды бөліп әңгімелескеніңізге рахмет!

Сұқбаттасқан Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
 
 
22 шілде 2023 ж. 892 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 018

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031