» » » Ардагерлер қоғамның жаңаруын қолдайды

Ардагерлер қоғамның жаңаруын қолдайды

Алдыңғы буын аға-апалар. Олардың ақыл-кеңесі әркез маңызды. Жұмыс  барысында мол тәжірибесімен бөлісіп, жас мамандарға бағыт-бағдар  беретін де осы кісілер. Сол себепті ардагерлердің әрбір ісі қоғамда бағалы. Осы ретте мереке қарсаңында аудандық полиция бөлімі ардагерлер кеңесінің төрағасы, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қызметкері, Қармақшы ауданының Құрметті азаматы, запастағы полиция подполковнигі  Есет Назарқұловпен әңгімелескен болатынбыз. 
– Есет Камаладинұлы, келе жатқан полиция қызметкерлерінің кәсіби мерекесі құтты болсын. Оның ішінде елімізде тұрақтылықты сақтап, сала қызметкерлеріне үлкендік жол көрсетіп келе жатқан Сіздердің де еңбектеріңіз жемісті болсын. Сөзіңізді өзіңіз басшылық етіп отырған ардагерлер кеңесінің жұмысынан бастасаңыз?
– Рақмет. Кеңес құрамында бүгінде 47 ардагеріміз бар. Оның 3-еуі нәзік жан да, қалғаны ер азаматтар. Әйел-аналар қатарында Сәрсенкүл Бақбергенова, Райхан Мұханбедиярова, Жанат Байменованың есімдерін құрметпен атаймын. Қайбір істе болсын, мәселені 9 алқа мүшесі ақылдасып, кеңесіп шешіп отырамыз. Атап айтқанда олар – Бейбіт Ермаханов, Сағындық Тойбазаров, Аққозы Қошыретов, Наурыз Төлепов, Әбен Қаракөзеев, Муттахим Ысқақов жас зейнеткерлер Бағдат Ақтаев, Жарылқасын Мусаев, тағы басқалары. Ардагерлердің орта жасы 56-да болса, ең үлкеніміз Қуаныш Усекеев ақсақал 80 жаста, ең кішіміз Болат Алмағамбетов 44-те. Жалпы органның ерекшелігі, қызметте 20 жыл еңбек өтілі болса, зейнетке шыға алады. Кеңестің ұйымдастыратын іс-шаралары болады. Ардагерлердің өз қоры  құрылған. Зейнеткерлеріміздің қуаныш-ренішінде сол қорды пайдаланамыз. Денсаулықпен мәселе туындағанда еміне, дәрі-дәрмегіне, тағы басқасында осы қорға жүгінеміз. Ардагерлеріміздің отбасыларына жағдай сұрай немесе мерекелерде құттықтап барғанда құр қол бармай, сый-сияпатымызбен барамыз. Қолымыздан келгенше тіл көмегімізбен қатар, материалдық көмек беруге тырысамыз. 
– Кеңестің мақсаты қандай?
– Мақсатымызға келер болсақ, аудандық полиция қызметкерлерімен қоян-қолтық жұмыс істеп, олардың қылмысты ашуына, тәртібіне, жас полиция қызметкерлерінің қалыптасуына ықпал етеміз. «Бірлесіп жұмыс істеу – жақсы нәтиже береді» дегендей, қоғамдық тәртіпті сақтауға белсене араласып, көмегімізді тигізудеміз. Қызмет жолынан өткен ардагер тәжірибелі, көргені мол жан. Халықпен үнемі байланыстамыз. Елдің арасында болып жатқан жаңалықтардан да хабардармыз. Сырт көзге білінбеуі мүмкін, бірақ ардагерлер қай кезде де белсенділігімен ерекшеленеді. Өзіңіз білесіз. Алда төл мерекеміз келе жатыр. Соған сай өмірден өткен ардагерлеріміз бен полиция қызметкерлерін еске алып,  рухына арнап ас беруді жоспарлап отырмыз. Ардагерлердің  мерейтойларында облыстық, аудандық әкімдіктер мен салалық басшылықтардың марапатына ұсынып, сыйлығын дайындаймыз. Кейбірінің шаңырағында болып немесе мекеменің мәжіліс залында мәдени іс-шаралар ұйымдастырамыз, құрмет көрсетеміз. Сонымен қатар, жаңадан оқу орнын бітіріп келіп, жұмысқа тұрған жастарға тәлімгер бекіту – бізде бұрыннан қалыптасқан үрдіс. Мысалы, соңғы 6 айда 9 жас полицей қызметке орналасса, бөлім басшысымен келісе отырып, ішінара мамандығына байланысты жеке-жеке ардагерлер бекітеміз. Оның өз іс-шарасы болады. Арыз-шағым тексеруге бірге барады. Қылмысты ашуға көмектеседі. Жұмыс тәсілін көрсетеді. Тәжірибесімен бөліседі. Сөйтіп, ол тәлімгер бір жыл бойы жас маманның қасында жүріп, оның қалыптасуына жағдай жасайды. Оның себебі, қанша айтқанымызбен оқу бір бөлек те,  практика бір бөлек. Біздің ардагерлеріміздің негізгі жұмысы – осы десем дұрыс болар.  
Одан бөлек, Жосалы кентінің арғы және бергі бетінде орналасқан тірек бекеттері бар. Ол жерлерге де бекітілген ардагерлер бар. Оған да жиі бас сұғып, учаскелік полиция қызметкерлерімен бірге көше аралаймыз, тұрғындармен сөйлесеміз. Арыз-шағымдарының шешілуіне көмектесеміз. Қазір тіпті сала қызметкерлеріне қиын болып кетті ғой. Мәселен, отбасылық, майда бұзақылық болғанда 102-ге шақырту түссе, барады. Бірақ уақытша ұстайтын жер болмай тұр. 3-4 жылдың клемі болды, әлі бұл мәселе шешімін таппауда. Мұның бәрі полиция қызметкерлерінің беделін  түсіріп жатыр. Шақыртумен отбасылық айқай-шуға барады, ер адам ішіп алған. Мас адамды алып кетеді. Артынша ол қайта келеді отбасына. Сонда әйеліне «Мен қазір келгеннен кейін көкеңді көрсетемін» деп кіжініп жатады. Расымен де заң органының да оны көлігінде 3 сағаттан артық ұстауына құқысы жоқ. Бұл мәселеден облыс хабардар. Алдағы уақытта шешімін тауып қалар деген үміттеміз.
– Менің замандастарым жақсы біледі. Кезінде біз мектепте оқығанда Сәрсенкүл, Райхан деген милиционер апаларымыз болды. Олардың төбесі анадайдан көріне бастағаннан бүкіл оқушы жым болатын.  Олар тәртіптің айнасы сияқты еді. Жаны нәзік әйел-ананың бұл салада жүруінің өзі ерліктей көрінеді. Бүгінде органда сол апаларымыздың  өкшесін басып келе жатқан сіңлілері, қыз-келіншектер көптеп саналады. Сұрайын дегенім, оған ер азамат ретіндегі сіздің көзқарасыңыз қандай?
– Қыздардың  полицияда еңбек етуі – заман талабы. Облыс орталығында  әйелдер батальоны құрылуда. Бір жағынан қарасақ, салада қыздар да болу керек. Былтыр қызметке жаңадан бір қызымыз келді. Күрестен спорт шеберлігіне кандидат. Батылдығы жағынан ер адамнан ешбір кем емес. Полиция мектептерінде бұзақылардан қорғану, ауыздықтау мақсатында қорғану әдіс-тәсілдері үйретіледі. Былайша айтқанда, құқық қорғау саласында қыздардың болғанын қолдаймын. Қызмет барысында әйелмен әйел адамдар сөйлесуі керек. Заңында да солай. Қыз-келіншек деп бөлінетін ештеңесі жоқ, тек бастысы өз ісіне мығым, жауапкершілігі жоғары болуы тиіс.   
– Ішкі істер органының қазіргі бағыты дұрыс па? Сіздің ойыңызша неге мән беруі керек?
– Қазіргі үкіметтің саясаты меніңше дұрыс. Бұрын біздің кезімізде тәртіп нашарлау тұғын. Шынын айту керек, әсіресе, орындаушылық тәртіп нашар болды. Мысалға айталық, арыз түсті делік. Оның кей жағдайда тіркелмей де жататын кездері кездесетін. Әр учаскелік полицейдің папкісінде 3-4 арыздан жүретін. Компьютер жоқ уақыт. Ал қазір цифрландыру заманы. Арыз-шағым келді ме бірден компьютерге түседі, одан оны ешкім жойып ала алмайды. Нұсқасы орталық базада сақталып тұрады. Өзінің белгілі күні бар қаралатын, сол уақытта шешімін таппаса күн создырып алады. Ал орындалмаса, тәртіптік жаза көріледі. Тіркемесе, үстінен іс қозғап жібереді. Жауапкершілік күшейген. Техникалық қамтамасыз ету де жолға қойылып келеді. Біздің кезімізде 3-4 көлік қана болатын. Қазір учаскелік полицейлерде 6-7 көлік бар. Кезекшілікте де көлік тұрады. Баяғы ППМ дегенде мекемелерден ескі көліктер сұрап алып, жөндеп күн көрдік. Рация, жанар-жағар май мәселесі шешілген бүгінде. Бұрын әркімге жалынып, алақан жайып бензин сұрайтын едік. Қазір жағдай жасалған. Жалақы да біртіндеп өсуде. Нағыз жұмыс істейтін кез.
 – Саланың имиджін көтеру үшін не істеу керек деп ойлайсыз?
–Әлі де жалақыларын көтеру керек. Оқу бітіріп келген жас лейтенант 150 мың теңге айлық алады. Қай дүниең де қымбат бүгінгідей қоғамда ол қаражат па? Бала-шағасын қалай асырайды? Жоғары жалақы алатындар бар, олар шені жоғары, еңбек өтілі көптер. Біздің кезімізде мұғалімдер полицияға жұмысқа келгісі келетін. Бүгінде керісінше, полициядағылар мұғалімдікке барғысы келеді, себеп – айлық жоғары төленеді. Екіншіден, полицейлер күн-түн тынбай жұмыс істейді. Штаты аз. Біздің кезімізде 106 адам штатпен жұмыс істесе, қазір 86 штат шамасында. Ал тұрғындар саны жыл санап өсуде. Ескере кетерлігі, жастардың тәртібіне алаңдаулымыз. Оларды тәртіпке шақыру да оңай болмай барады. Ұялы телефоннан небір теріс нәрселерді көріп отыр. Жұмыс істеу өте қиын. Мәселен, АҚШ-та полицияның жұмысына кедергі келтіргенді бірден атып тастау заңдылығы қарастырылған. Бізде тәртіпке бағынбайды. Полиция қызметкерлерінің құқығы қорғалмаған. Бұлай кете беретін болса, саланың беделі түседі де, жұмысқа ешкім келмейді. Солтүстік облыстарда орган орындарына вакансия өте көп. Мұның себебін де осы жерден іздеуге болады.
– Сіздің отбасыңызды еңбек әулеті ретінде танимыз...
– «Әке көрген оқ жонар...» дегендей, ішкі істер органы батыл да қайсар жігіттердің қызметі. Балаларымның да таңдауы осы салаға түсті. Әсерім болмады деп айта алмаймын. Күштегенім де жоқ. Өздерінің қалауы. Ұл-қыздарымның анасы, немерелерімнің әжесі, жұбайым Ақерке Шерниязқызымен бірге 5 бала тәрбиелеп өсірдік. 3 ұл, 2 қыз. Үлкеніміз Нұрбол полиция майоры, Ерлан полиция подполковнигі, Еркін ішкі қызмет подполковнигі шенін алса, қыздарымыз Айгүл жеке нотариус қызметін жүргізуде. Ақмарал мектеп директорының орынбасары болып абыройлы еңбек етуде. Балаларымыздан тараған 16 немере мен 1 шөбере көз қуанышымыз.
– Енді әріптестеріңізге, көпшілікке мерекелік тілегіңіз болса?
– Сала ардагерлері мен қиын да жауапты қызмет атқарып отырған Бақытбек Жарқынбаев басшылық ететін аудандық полиция бөлімі қызметкерлерін  төл мерекемен құттықтаймын. Отбастарына береке-бірлік, табыс тілеймін. Денсаулықтары зор болсын. Жақсы күндерде, жақсы жаңалықта басымыз қосылсын. Мемлекет қолдан келген көмегін жасап жатыр, әлде де жасайды деген ойдамын. Еліміз тыныштық, бейбітшілікте өмір сүре берсін!
– Сұқбатыңызға көптен-көп рақмет!
Әңгімелескен Сәрсенкүл ЖАУДАТБЕК    
        
    
20 маусым 2023 ж. 361 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 010

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031