» » » Сот жүйесі жетілдіріліп келеді

Сот жүйесі жетілдіріліп келеді

qarmaqshy-tany.kz «Әділетті мемлекет» құру тұжырымдамасының алғы шарты – дұрыс әрі әділ шешім шығаратын сот жүйесін қалыптастыру. Бұл ретте елімізде азаматтардың құқықтары мен бостандығын қамтамасыз ету жұмыстары жыл санап жетілдіріліп келеді. Қара қылды қақ жаратын әділ сот төрелігін жолға қою мақсатында ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Сот – әділ, әрі бейбіт жолды көрсететін алтын көпір болуы керек. Осы орайда аудандық сот төрағасы Қуаныш Мыхановпен әңгімелескен едік.
– Қай қызметтің болсын өз жауапкершілігі бар. Ал сот саласындағылар адам тағдырына жауапты. Мойынға әділеттің жүгін артқан саланың бүгінгі көрінісі қандай? Ел сенімі қаншалықты ақталып жүр?
– Қазіргі кезде сот процестері барынша ашық және халыққа қолжетімді. Кез келген адам тікелей не заманауи технологияларды пайдаланып сотқа арыздана алады, азаматтардың өз құқықтарын сотта қорғауына кедергі жоқ. Көпшіліктің көкейінде жүрген мәселелердің бірі – сот төрелігінің әділдігі. Құқықтық мемлекеттердің бәрінде адам тағдырының шешілер жері де, жаза атаулының кесілер жері де – сот. Адам мен оның өмірінен қымбат құндылық жоқ. Біздің Ата заңымызда да дәл осылай жазылған. Сондықтан сот төрелігін жүргізетін судьялардың, бабалар тілімен айтсақ, бүгінгі заман билерінің бұра тартуға да, жаза басуға да құқы жоқ. Оны абыроймен орындау үшін ешкімге жалтақтамай, тек заң мен арға ғана бағынып, бар білім-білігімізбен халыққа адал қызмет етуіміз қажет. Қазіргі кезде соттың жұмысы баршаға мәлім. Заман ағымына сай әр азамат электронды түрде сотқа арызын ұсынып, оның қозғалысын кедергісіз бақылай алады. Соттың ашықтығы мен жариялылығын қамтамасыз ететін жүйедегі жаңа өзгерістер қоғамның сот қызметіне деген сенімін арттырып келеді. Бұл мәселеге Мемлекет басшысының да ұдайы көңіл бөліп отыруы судьяларға үлкен жауапкершілік жүктейді.

Аудандық соттың атқарған жұмысына келер болсақ, азаматтық істер бойынша 2022 жылдан осы жылға 11 іс қалдықта қалған.
2023 жылдың І тоқсанында әртүрлі нысандағы барлығы 148 арыз, 3 іс түсіп, соның ішінде 100 арыз бойынша азаматтық іс қозғалып, 12 сот бұйрығы, 40 шешім шығарылып, эксаумақтық соттылығы бойынша – 1 іс, соттылықпен – 4 іс жолданса, медиация тәртібімен – 20 іс тоқтатылып, 13 іс қараусыз қалдырылып есептік кезеңде барлығы 90 іс аяқталған. 2023 жылдың І тоқсанында өткен жылдан 2 іс қалдықта қалып, 20 адамға қатысты 14 қылмыстық іс түсіп, 18 адамға қатысты 13 қылмыстық іс аяқталып, 7 адамға қатысты 3 қылмыстық іс сәуір айына қалған. Аудандық сотта осы жылдың 3 айында 124 құқық бұзушыға қатысты 124 әкімшілік іс түсіп, 3 құқық бұзушыға қатысты 3 әкімшілік іс мәні бойынша жолданса, 120 құқық бұзушыға қатысты 120 әкімшілік іс аяқталып, 1 іс 2022 жылдан қалған. Барлық істерді өткен жылдың 3 айымен салыстырғанда қылмыстық істер 4 іске, азаматтық істер 11-ге көбейсе, әкімшілік істер 10 іске азайған.

– Сот жүйесіне байланысты қандай өзгерістер бар?
– Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық Заңына және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне процестік заңнаманы жетілдіру және сот жүйесін реформалау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды.

Қабылданған түзетулер Жоғарғы Сот Кеңесінің анық кадрлық функциялары бар толыққанды институт ретіндегі мәртебесін одан әрі нығайтуға бағытталған. Осы заңнамалық шаралар Кеңес жылдарында осы бағытта іске асырып жатқан іс-шаралардың жалғасы болып табылады. Заңнамалық түзетулермен Жоғарғы Сот Кеңесіне судьялыққа кандидаттарды даярлау, олардың біліктілігін арттыру, шекті жасты ұзарту, жұмыс істеп жүрген судьялардың өкілеттіктерін тоқтата тұру және тоқтату бірқатар мәселелері берілді. Атап айтқанда, 2024 жылғы 15 шілдеден бастап кеңеске судьяларды қайта даярлау және біліктілігін арттыру мәселелерімен айналысатын сот төрелігі Академиясы берілетін болады. Сондай-ақ судьяларға мәселелер бойынша Жоғарғы Сот Кеңесіне тікелей жүгіну құқығы берілді. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан Республикасының Сот әкімшілігінің кейбір мәселелері туралы» 2023 жылғы 19 қаңтардағы №106 Жарлығына сәйкес «Қызылорда облысы бойынша Соттар әкімшісі» атауы – «Қазақстан Республикасы Сот әкімшілігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті» болып өзгертілді.

Жарлық негізінде Қазақстан Республикасының Сот әкімшілігі басшысының бұйрығымен облыс бойынша департамент басшысы болып Сағатбек Сүлеймен тағайындалды. Қазақстан Республикасының Сот әкімшілігі басшысының бұйрығымен Қызылорда облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары болып Мөлдір Асанова, аудандық сот әкімшісінің басшысы болып Ербол Мәтжанов тағайындалды.

– Қос тарап даулы мәселелерді медиациялық жолмен шешіп, бейбіт келісімге келетін жағдайлар жиі кездесе ме? Осы жолмен қанша мәселе өз шешімін тапты?
– Медиация дегеніміз – делдалдық ету, тараптардың өзара тиімді шешімге жету тәсілі. Медиатор араздасушы екі жақ тараптармен жеке әңгімелесіп, барынша әділетті және ұтымды амалдарды қолданады. Медиация рәсімі азаматтық даулар бойынша шарт жасаған күннен бастап күнтізбелік отыз күннен кешіктірмей аяқталуы тиіс. Қажет болған жағдайда, тараптардың өзара шешімі бойынша медиацияны жүргізу мерзімі тағы бір айға ұзартылуы мүмкін. Азаматтар дауды сотқа беріп қойған соң, қайтып алуға болмайды деп ойлайды. Медиацияның ерекшелігі сол, бәлкім ыңғайлылығы да болар дауды соттың қарауында жатқанда да сұратып алып, медиаторлар шешіміне ұсынуға болады. Бұл бір-бірімен соттасып жатыр деген жаман сөзден құтқаратын жол. Ынтымақтаса жасаған жұмыстың көрсеткіші көңіл қуантады. Медиация тәртібімен осы жылдың бүгінгі күніне дейін азаматтық істер бойынша 60 медиациялық келісім жасалып, тараптар өзара келісімге келді. Бұл істердің 90 пайызы несие қарыздарын өндіру мәселесі бойынша орын алған.

– Бүгінгі қоғамда өзекті мәселелер аттап басқан сайын кезігеді. Қазірде интернет алаяқтығы көбейіп тұр. Осы орайда аудандағы ахуал қандай?
– Қазіргі уақытта алаяқтық қылмыстарының көп тараған түрі – ол интернет ресурстары және әлеуметтік желі арқылы жасалған алаяқтық. Әлеуметтік желі арқылы адамдарды тартып, олардан ақша сұрап, халықты алдап, сеніміне кіріп, өздерінің шоттарына ақшаны аудартып алу жағдайлары жетерлік. Оның себебі, адамдар әлеуметтік желіде отырып, ақшаны оңай жолмен табуға болады деп түрлі жағдайға ұрынып жатады. Алаяқтардың жарнамасының дені «смартфон, ноутбук ұтып алдыңыз», «өте төменгі баға», «тек қана осы апта», «тауар саны шектеулі», «сатып алуға асығыңыз» деп басталып, ұтысыңызды алып кету үшін жеке мәліметтерді сұрайды. Мұндай күмәнді хабарламаларға мәлімет бермеу қажет. Халыққа ескертетін бір жайт, банк болсын, құқық қорғау органдары болсын, еш уақытта сізге телефонға хабарласып немесе мессенджермен жазып, логин, пароль секілді құпия мәліметті сұрамайды. Тіптен қажет болған жағдайда, банк қызметкері сізге хабарласып, мәселені нақтылау үшін «біздің кез келген бөлімшеге келіп кетіңіз» деп өтінуі мүмкін. Өйткені телефон арқылы мұндай мәселелер шешілмейді. Осыны ұмытпаған жөн. Аудан бойынша биыл интернет алаяқтығы бойынша қылмыстық істер тіркеліп, қаралған жоқ.

– Сот қашанда халық қорған сұрап баратын жердің бірі. Мұнда туралықтан тайып, әділдіктің арнасын бұруға ешкімнің де хақысы жоқ. Осы ретте судьялардың әдеп кодексі қалай жүзеге асуда?
– Конституцияда көрсетілгендей, Қазақстан Республикасында сот төрелігін тек сот қана жүзеге асырады. Судьялар сот төрелігін жүзеге асыру кезінде тәуелсіз және Конституция мен заңға ғана бағынады. Осының барлығы сот жүйесі мен бүгінгінің билеріне деген үлкен құрмет және жанашырлық деп түсінген абзал.

– Сотқа, заңға байланысты ақпараттардың ашықтығы, қолжетімділігі қандай деңгейде? Халықпен кері байланыс қаншалықты жиі орнатылады?
– Жариялылық, ақпараттың қолжетімділігі мен ашықтығы – сот төрелігін жүзеге асырудағы әлеуметтік бақылау мен азаматтардың сот қорғауына кедергісіз қолжетімділігінің көрінісі. Бүгінгі жаһандану заманында, қоғамға ұсынылатын ақпараттың шынайы болуы, бөгде күштердің бұрмалауынсыз жеткізілуі маңызды. Сол себепті «кері байланыс» орнатушы баспасөз қызметінің маңызы күннен-күнге артуда.
Жалпы барлық деңгейдегі соттардың баспасөз қызметі азаматтарға қажетті ақпаратты дер кезінде және жеткілікті дәрежеде ұсынады дей келе, жұмыстарына оң баға беруге тұрарлық.

Халықпен тығыз байланыста болу мақсатында Инстаграм, фейсбук әлеуметтік желілеріне Smart sot telegram чатының, сот кабинетінің тиімділігі туралы бейнероликтер, мақалалар жарияланып отырады.

Әр дүйсенбіде сағат 15.00-ден 17.00-ге дейін сот төрағасы жеке азаматтарды қабылдау өткізеді. Ал, ақпараттандыру мәселесіне тоқталсақ, жыл басынан бері «Бәйтерек» газеті мен жергілікті «Қармақшы таңы» газетіне 15, интернет ресурсына 15 мақала жарық көрді.

– Қоғамда келеңсіздіктер, әкімшілік құқық бұзушылықтар, қылмыс орын алмас үшін, олардың алдын алуда қаншалықты жиі брифинг, дөңгелек үстел отырыстарын ұйымдастырасыздар?
– Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жыл сайынғы бекітілген жоспарына сәйкес судьялар мен кеңсе қызметкерлері құқық қорғау, жергілікті атқарушы және мемлекеттік органдардың қатысуымен биылғы жылдың 4 айында 2 дөңгелек үстел, 10 семинар сабақ және сот әкімшісі қызметкерлерінің медиа жоспарға сәйкес газет, интернет ресурсына 30 материал жарияланды.

– Сот жүйесіндегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы қандай іс-қимылдар жүргізіліп жатыр?
– Аудандық сот жүйесіндегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы жариялылық, ашықтық қағидаттарына бағытталған жұмыс күшейтілуде. Сот органдарының сервистері мен қызметтерінің цифрландыру көлемі ұлғайтылуда.

– Халықтың құқықтық санасы мен мәдениетін қалыптастырып, құқықтық сауаттылығын арттыратын жобалар жүзеге асып жатыр ма? Нәтиже қандай?
– Бұл бағытта тек сот саласына қамтылған арнайы жобалар жоқ. Алайда жалпыұлттық бағдарламалар мен тұжырымдамалар қабылданып, іске асырылуда.

– Уақыт бөліп, әңгімелескеніңізге рақмет!
Әңгімелескен Ақнұр САҒЫНТАЙ
29 мамыр 2023 ж. 983 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№88 (10353)

05 қараша 2024 ж.

№87 (10352)

02 қараша 2024 ж.

№86 (10351)

29 қазан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 2 965

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930