» » » Әділ төрелік – айнымас қағида

Әділ төрелік – айнымас қағида

Дархан КЕНТБАЕВ
аудандық сот төрағасы

БІЗГЕ ӘДІЛ ТӨРЕЛІК, ТИІМДІ СОТ ЖҮЙЕСІ КЕРЕК. БҰЛ РЕТТЕ ЕЛІМІЗДЕ АЗАМАТТАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫ МЕН БОСТАНДЫҒЫН ҚАМ-ТАМАСЫЗ ЕТУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖЫЛ САНАП ЖЕТІЛДІРІЛІП КЕЛЕДІ. ҚАРА ҚЫЛДЫ ҚАҚ ЖАРАТЫН ӘДІЛ СОТ ТӨРЕЛІГІН ЖОЛҒА ҚОЮ МАҚСАТЫНДА АУҚЫМДЫ ЖҰМЫСТАР АТҚАРЫЛУДА. ОСЫ ЖӘНЕ АДАМ ТАҒДЫРЫНА ЖАУАПТЫ МАМАНДАРДЫҢ БҮГІНГІ БОЛМЫС-БІТІМІ ХАҚЫНДА АУДАНДЫҚ СОТ ТӨРАҒАСЫ ДАРХАН КЕНТБАЕВТЫ ӘҢГІМЕГЕ ТАРТҚАН ЕДІК.

– Ата Заң – Есім ханның ескі жолы, Қасым ханның қасқа жолы мен Әз Тәукенің Жеті жарғысын үлгі еткен айбынымыз. Мереке қарсаңында сұқбаттасудың сәті түскеніне қуаныштымыз. Жалпы аудандық сот атқарған жұмыстар легімен бөліссеңіз.
– Биылғы жылдың 7 айында аудандық сот өндірісінде азаматтық 268 ic қаралып аяқталды. 32 арыз бо­йынша сот бұйрығы, 132 азаматтық ic бойынша шешiм, 50 азаматтық іс медиация тәртібімен шешімін тапты. Сонымен қатар, 51 азаматтық іс оңайлатылған іс жүргізу тәртібімен шешіліп, 10 іс соттылығы бойынша жолданды. Құқық бұзушылық бо­йынша 202 әкімшілік іс түсіп, 199-ы қаралып, аяқталды. Қылмыстық іс бойынша 30 адамға қатысты 30 іс қаралып аяқталса, 25 қылмыстық іс бойынша 26 адамға үкім, 5 қылмыстық іс бойынша 5 адамға қатысты іс өндірістен тоқтатылды.
– «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарының 20 қадамына сәйкес барлық сот процесінде аудио және бейнежазба жүйесіне жазу шараларын міндетті түрде енгізу тапсырылды. Айтылған мәселелер өзіңіз басқарып отырған аудандық сотта қаншалықты шешімін тапқан?
– Аудандық сот залдары аталған құрылғылармен толықтай жабдықталған. Бұл – сот жүйесінің алға қойған негізгі міндетінің бірі. Әрине, сот төрелігінің барынша ашықтығын қамтамасыз ету үшін аудио және бейнежазбаға түсіру құрылғыларымен қамтамасыз етіл­ген. Оның мақсаты – сот талқылауы барысын дәл тіркеу үшін, азаматтық, қылмыстық, әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша іс жүргізуде, не тәртіптік іс бойынша іс жүргізу шеңберінде нақты деректерді белгілеу. Ең алдымен ҚР Азаматтық процесуалдық кодексіне сәйкес, төрағалық етуші сот отырысын ашады. Қаралатын істі айтқан соң сот отырысында аудио және бейнежазба құралы пайдаланатыны жайында хабарлайды. Мұның мүмкіндігі көп. Қазіргі пандемиялық ақуалға байланысты сот отырыстары қашықтан онлайн түрде өткізілуде.
– Қазір өзекті мәселенің бірі – алаяқтық. Дендемесе, азаймай тұр. Ал аудандағы ахуал қандай?
– Иә, қазір алаяқтық азаймай тұр. Ауданда осы мәселе бойынша бір қылмыстық іс қаралды. Айыпталушы азаматша жәбірленушіге өзінің есепшоттарының бұғатталып тұрғанын, бір кісіден ақша аудартып алатынын айтып азаматшаның сеніміне толық кіріп, жеке куәлігі мен «Халық банк» карточкасын алып, өзінің ұялы телефоны арқылы онлайн түрде несие рәсімдейді. Солай ақпараттық жүйені пайдаланушыны алдау жолымен бөтеннің мүлкін жымқырып, алаяқтық жасаған. ҚР Қылмыстық Кодексі 11-бабының 3-бөлігіне сәйкес сотталушы жасаған қылмыс орташа қылмыстар санатына жатады. Азаматша өзінің кінәсін толық мойындап, келтірілген зиян­ды толық өтеп, екі жақ өзара ымыраға келіп, татуласуына байланысты ҚР ҚК-нің 68 бабының 1 бөлігіне сай жауаптылықтан босатылып, оған қатысты қылмыстық іс тоқтатылды. Осындай жағдайға тап болмас үшін алдымен құжаттарды қараусыз қалдырмаған дұрыс. Күмәнді интернет-конкурстарға, ло­то­реяларға қатыспау керек. Ақ­шаны алаяққа басып беруге асықпай, жеке мәліметтерді өзгеге айтпау қажет. Оны әлеуметтік желіде жарияламау керек. Шексіз қоңыраулар мен күмәнді бейтаныстардан аулақ болған жөн.
– Медиацияны құрғандағы негі­зі нысан – сотқа дейін жеткізбей мәселені шешу. Мұндағы мақсат пен мүдде қатар ұштасады. Жалпы, медиация мақсаттан шығып отыр ма?
– Бүгінде сот жүйесінің дамуы қарқын алып келеді. «ҚР 2010 жылдан 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған құқықтық саясат тұжырымдамасы туралы» Елбасының Жарлығы сот билігінің қызметін толық, объективті және бейтарап етуге мүмкіндік берген еді. Солай «Медиация» институты құрылды. Оның тарихы тереңде. Адам арасында алғашқы дау қай кезде туындаса, бітімгершілік те сол заманда пайда болған. Сондықтан, бұл әдіс алғашқы қауымдық құрылыс дәуірінде болған. Жалпы медиатор – бітімгер. Бұл – қазақ халқының ұлттық болмысына ең жақын ұғым. Іргесі берік қазақ қоғамында небір даулы мәселелерді екі ауыз сөзбен шешкен, даулы ауыз билер болғанын тарихтан жақсы білеміз. Ендеше, сот жүйесіне бітімгерлік тәсілін енгізу қазақ халқының бүкіл әлемге үлгі етерлік шешендігі мен көсемдігін жаңғыртуға жасалған игі қадам деп түсінемін. Бүгінде судьялардың жүктемесі ауыр. Сондықтан, ең алдымен, кейбір істерді медиаторлардың қарауына беріп, соттардың жүгін әжептеуір жеңілдетуге қол жеткізіледі. Бұл жол тараптардың өздері үшін де тиімді. Оның үстіне қазір адамдар арасындағы кейбір қақтығыстар қантөгіспен аяқталып жатады, мұн­дай жағдайда араздасқан адамдарды бітімгершілік жолмен татулас­тыру ең оңтайлы жол болып отыр. Ауданда кент әкімшілігінен медиация кабинеті ашылған. Кабинет халыққа дауларды соттан тыс жағдайда шешудің артықшылықтарын білу­ге мүмкіндік беретін маңызды қад­ам. Кабинет қажетті техникамен жаб­дықталған. Медиацияны қолдану аясы және оны жүргізу қағидаттары туралы ақпараттар жазылған арнайы стенд орналастырылған. Медиация институтының дамуына ауданда кәсіпқой емес медиаторлар да ат салысуда.
– Тарихтағы билер сотының түпкі мақсаты – екі жақты татулас­тыру, табыстыру болған. Мәселен, ажырасу үшін екі тарап билерден ақыл сұрап, мәселенің түйінін шешкен. Соның жалғасы іспеттес бүгінде пилоттық жоба ретінде «Сотсыз татуластыру» орталығы құрылды. Нәтиже қандай?
– Елбасы Н.Назарбаев дауларды соттан тыс реттеу институттарын дамытуды жалғастыру, ұсақ-түйек мәселе бойынша дауды шешу соттан тыс тәртіппен жүргізілетіндей тетіктер қарастыру жөнінде нақты тапсырма берген болатын. Осыған орай, ҚР Жоғарғы Сотымен қоғамдағы даукестік деңгейін төмендету, дауларды сотсыз шешу институтын дамыту, халыққа түсіндіру жұмысын жүргізу үшін «Сотсыз татуласу орталығын» құру жобасы ұсынылып отыр. Әрі оны жүзеге асыру үшін пилоттық аймақ ретінде Қызылорда облысы белгіленді. Мақсат – халықтың санасын өзгертіп, қоғамдағы даукестіктің деңгейін төмендету және дауларды келісім арқылы тиімді шешу.
– Сот қашанда халық қорған сұрап баратын жердің бірі. Мұнда туралықтан тайып, әділдіктің арнасын бұруға ешкімнің де хақысы жоқ. Осы ретте судьялардың әдеп кодексі қалай жүзеге асуда?
– Бүгінде елде жүргізіліп жатқан сот-құқықтық реформалар оң нәтижесін беруде. Республика азаматтарының әділ сот төрелігіне деген сенімі уақыт өткен сайын артып келеді. Сот билігінің бұрынғы бес сатыдан қазіргі үш сатыға ауысуы да қарапайым жұрт үшін сот төрелігінің қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатындағы оң өзгерістер деп айтуға болады. Өзінің құқығы бұзылды деп ойлаған кез келген азамат алдымен сотқа жүгінетіні заңдылық. Бұл – бүгінгі жүргізіліп отырған мемлекеттік саясаттың оң нәтижесі. Ал қоғам дамыған сайын судьяның кәсіби біліктілігіне деген талап күшейе түспек. Сонымен қатар, бүгінгі күні судья мәртебесі Елбасының 2000 жылғы 25 желтоқсанда қол қойған «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық заңымен белгіленгені жұршылыққа аян. Одан бергі жылдары аталған заң үнемі жетілдіріліп, судьяның доғарысқа немесе зейнет жасына толуына бай­ланысты оларды әлеуметтік қор­ғау мемлекет тарапынан үнемі қолдау тауып келеді. Ата Заңымызда көрсетілгендей, Қазақстан Республикасында сот төрелігін тек сот қана жүзеге асырады. Судьялар сот төрелігін жүзеге асыру кезінде тәуел­сіз және Конституция мен заңға ғана бағынады. Міне, осының барлығы сот жүйесі мен бүгінгінің билеріне деген үлкен құрмет және жанашырлық деп түсінген абзал. Сотты өзгерте отырып, қоғамды өзгертеміз. Мұн­дай жетістікке қол жеткізу үшін, жаңғырту кешенді сипатқа ие болуы керек. Бір саланы реформалай келе, басқасын өзгеріссіз қалдыру арқылы табысқа жету мүмкін емес. Сондықтан Президент Қасым-Жомарт Тоқаев инаугурациялық сөзінде он бағытты атаған болатын. Сол бойынша да бірнеше жұмыс атқарып келеміз.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұқбаттасқан Айнұр ӘЛИ
30 тамыз 2021 ж. 963 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 025

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031