«Сот кабинеті» электрондық ақпараттық сервисі – сотқа жүгінудің қолайлы тәсілі
Республика судьяларының VI съезінде Елбасы әділ сот төрелігінің халықтың барлық топтары үшін қолжетімді болуын қамтамасыз етуді, бұл істе электронды ресурстарды кеңінен пайдалануды тапсырған болатын. Міне, бүгінгі күні ел азаматтары мен заңды тұлғалары үшін сот жүйесіне қолжетімділікті арттыру және оңтайландыру мақсатында «Сот кабинеті» ақпараттық жүйесі іске қосылды. Азаматтар ақпараттық сервистердің арқасында өз үйлерінен шықпай-ақ, ғаламтор арқылы сот құжаттарымен таныса алады.
«Сот кабинеті» – сот органдарының сервисіне электронды түрде қолжетімді біртұтас терезе. Сонымен қатар, СМС-хабарлама мен гибридтік пошта жүйесі енгізілді. Бұл сот шығындарын едәуір қысқарта отырып, процеске қатысушыларды хабарландыруды жеделдетуге мүмкіндік берді.
«Сот кабинеті» сервисіне тіркелу үшін алдымен, халыққа қызмет көрсету орталығында электронды цифрлық қолтаңба алуы қажет. «Сот кабинеті» сервисіне тіркелген әрбір тұлға электронды құжаттарды беру жүйесін пайдаланушы болып саналады.
Сот жүйесіне заманауи технологияларды енгізу және қолдану сот ісін жүргізуді оңайлатады, төрешілдік тосқауылдарды жояды, сот жүйесі қызметкерлерінің азаматтармен байланысын азайтады, бұл сыбайлас жемқорлықтың орын алмауын қамтамасыз етіп, азаматтардың уақытын және қаражатын үнемдейді, сот жүйесінің жариялылығы мен қолжетімділігіне қол жеткізуге мүмкіндік береді.
Қазіргі кезде жергілікті Халыққа қызмет көрсету орталықтарында халыққа қолжетімді болу мақсатында «Сот кабинеті» ақпараттық жүйесін қолдану үшін арнайы орындар ашылып, сотқа электронды өтініштер мен талап-арыздарды Халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы жолдауға болады.
«Сот кабинеті» және «Сот құжаттарымен танысу» электронды сервистері Жоғарғы соттың www.sud.kz ресми сайтында іске қосылған. Аталған қызметтерді электронды цифрлы қолтаңбасы бар азамат тұтына алады.
Қармақшы аудандық сотының маманы С.Қожабаев