» » » Аурудың алдын алуда жеке бас гигиенасын сақтау маңызды

Аурудың алдын алуда жеке бас гигиенасын сақтау маңызды

qarmaqshy-tany.kz Ауырғанда денсаулықты шипалы ететін дәрігердің аялы алақаны мен жылы сөзі. Науқасқа дер кезінде диагноз қойып, ем-шара бере білу де білікті маманның қолынан келетін іс. Сол себепті де қоғам өз ісіне берілген, мамандығын аса жоғары бағалайтын мамандарға арқа сүйейді. Осы тұрғыда ұзақ жыл медицина саласында сәтті қызмет етіп келе жатқан кәсіби маман, өз ісінің шебері, аудандық аурухананың психо-әлеуметтік кеңес беру кабинетінің дәрігері Айткүл Балмахановамен сұқбат жүргізген болатынбыз.
– Айткүл Майданбайқызы естуімізше, бала кезіңізде дәрігер болуды қатты армандаған екенсіз. Сол рас па?
– Өмірде қарап отырсақ, әркімнің мамандық таңдау жолы әрқилы. Оныңыз рас. Мен дәрігердің аппақ киіміне кішкентайымнан қызығып өскенмін. Баласының болашағына қай әке де үмітпен қарайтыны анық. Әрі сыншысы да. Қабілетіне қарап, болжам жасайды. Соған сай бағыт беріп отыратын да осы жанашырың әке ғой. Мен көпбалалы отбасында өмірге келгенмін. Асқар таудай әкеміз әрбіріміздің икемімізге қарай мамандықты таңдауға да әсерін тигізіп отыратын. Соның ішінде маған әркез дәрігерлік жайында, адам емдеу турасында көп ой тастайтын. Мысалдар келтіретін. Содан менің жадымда сол балалық шақтан ақ халат кисем, адам емдесем деген пікір қалыптасты.

– Әлемде психолог қызметіне жүгінетіндердің дені – мамандық таңдауда қателескендер деген де дерек бар. Сіз дәрігер болғаныңызға өкінбейсіз бе?
– Дәрігер болғаныма қуанбасам, ешқашан өкінген емеспін. Қаламасам осы салада қырық жыл еңбек ете алмас едім. Әрине медицина саласы – жауаптылықты, ұқыптылықты, адамгершілікті талап етеді. Қанша адам болса, сонша мінез болады. Сол мінездің бәріне сабыр мен төзімділік керек. Дәрігерлік – ол қиындығы мен қызығы қатар жүретін қызмет. Қоғамның ажырамас бір бөлігі болғандықтан маңызы жоғары деп ойлаймын. Бұл жерде атаанамның айтқан әңгімелері әсерлі болған шығар. Балмахан атамның кісі емдейтін қасиеті болған. Сол кездерде ауыл-аймақтан ауырған адамдар келіп, атама емделетін болған. Атам түрлі жарақаттар мен жара қараған. Медицина дамымаған тұста еміне шипа іздегендер атамды өздері іздеп тауып отырған. Бәлки, менің мамандығым сол қанмен берілген қасиет болар десем, өтірік болмас.

– Осы арада әңгімемізді үзе тұрып, сіздің өмір жолыңызға ойыссақ?
– Мен ауданға қарасты Ордазы разъезінде 1964 жылы қарапайым еңбек әулеті отбасында дүниеге келгенмін. Қызылордадағы теміржолшылардың балаларына арналған мектеп интернатында 10 жылдық орта мектепті бітірген соң, аудандық туберкулезге қарсы күрес ауруханасында кіші аяжан болып жұмысқа орналастым. Еңбек өтілім 1981 жылдан басталады. 1985-1993 жылдар аралығында Алматы қаласындағы Медициналық институттың "Емдеу ісі" мамандығы бойынша білім алдым. Қазір дәрігер болып науқастарға қызмет көрсетіп келе жатқаныма қырық жыл болған екен.

– "Қай жерің ауырса, жаның сол жерде" дегендей, қай аурудың да жеңілі болған емес. Сіздің салаңыз – тері аурулары екенін білеміз. Басқа да қандай науқастарға көмек қолын созасыз?
– Аурудың қайсысы болсын, жанға оңай тимейді. Кез келген дерт емделеді. Бірақ, асқындырып алмай уақытында дәрігерге қаралу керек. Менің контингентіме – тері аурулары, жұқпалы тері аурулары, жыныс жолымен жұғатын аурулар, АИТВ жұқтырған науқастар кіреді. Бір өкініштісі, жылдан-жылға тері аурулары көбейіп бара жатыр. Әсіресе, аллергиялық аурулар өсуде. Оның басты себебі, ауа райының күрт өзгеруінен, шаңды желдердің әсерінен болып отыр. Сонымен қатар, дүкен сөресінде самсап тұрған дәмдеуіш қосылған тағамдар мен газдалған сусындардың да аллергияға қосып отырған үлесі салмақты. Одан бөлек, әртүрлі шаш бояғыш бояуларды да осы қатарға қоссақ, қателеспейміз. Мұндайда науқас дәрігердің кеңесіне құлақ түріп, ұқыптылық танытуы тиіс. Емнің нәтижелі болатынына сеніммен қарап, жақын адамдарының қолдауын сезіну – жақсы әсерін тигізеді. АИТВ инфекциясын жұқтырған адамдар алғашқы жылдары өздерін барынша саумыз деп есептейді. Себебі, ауру белгілері көп науқастарда кездеседі. Кейін адам әбден әлсірейді де ЖИТС пайда болады. Осыны сезінген уақыттағы адамның күйін көрген дәрігерге ең ауыры – науқасқа үміт отын жағу, өкініштісі кеш түсінген науқасқа ем тиімсіздігінің жоғарылауы. Өйткені, ЖИТС – бұл аурудың соңғы сатысы саналады. Бүгінде осы дертті жұқтырған 19 адам есепте тұрады.

– Дерттің медицинада емі бар ма және оның қалай алдын алуға болады? Дәрігер ретінде кеңесіңіз?
– АИТВ инфекциясынан толық айықтыратын ем жоқ. Емі – ол өмір бақи антиретровирусты дәрілерді уақытылы, ұзақ жылдар қабылдау. Тоқтатпау. Инфекция сүйіскенде, жөтелгенде, сөйлескенде, қол алысқанда, түкіргенде, ортақ ыдыс-аяқты пайдаланғанда, киімдерді алмастырып кигеннен, бір төсекте ұйықтағаннан, жәндіктер шаққаннан жұқпайды. Кеңеске келер болсам, әрбір адам салауатты өмір салтын ұстанып, жеке бас гигиенасын сақтап, кездейсоқ жыныстық қатынастан аулақ болғаны жөн.

– Бұйырса аз күндерде мектеп түлектері қолдарына аттестат алып, өздері армандаған оқу орындарына қарай жол тартады. Олардың ішінде медицина саласын таңдап отырғандары да бар. Сол жастарымызға қандай тілек айтар едіңіз?
– Биылғы мектеп бітіргелі отырған түлектерге айтарым, мамандықтың бәрі жақсы. Егер жүрек қалауымен болса, әрине. Медицина саласына баратын жастардың мынаны білгені дұрыс. Қиын да қызықты, қыры мен сыры әлі толығымен зерттелмеген осы мамандықтың шын иесі болуға лайық болыңыздар. Еліміздің болашағы – жастар. Яғни, сіздерсіздер. Бұл ретте жастарға артылар жауапкершілік те аз емес. Дендеріңіз сау, таңдаған мамандық иесі болыңыздар, дегім келеді.

– Отбасыңыз туралы айтып өтсеңіз?
– Жанұяда екі ұлым, келінім және немерем бар. Кенжем менің жолымды қуып, бүгінде медицина оқу орнында екінші курс студенті.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұқбатты жүргізген Сәрсенкүл АҚКІСІ
23 мамыр 2023 ж. 789 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.
Хабарландыру

Хабарландыру

18 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 099

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031