» » » Жастар әскерден жалтармау керек

Жастар әскерден жалтармау керек

qarmaqshy-tany.kz Ер бала – отбасының тірегі, елінің қорғаны. Мықты қорғаны болмаған елдің болашағы да бұлыңғыр. Ал намыс туын желбіретіп, мемлекеттің айбынын көтеретін ол – әскер. Ол елдің бетке ұстар айбары. Өрекпігеннің мысын басар қаруы. Халқының қорғаны, тәуелсіздіктің күзетшісі. Әскер – кеудесі от жүректі жастардан құралады. Ал біздің жастарымыз отан қорғау ісіне дайын ба? Мереке қарсаңында аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің басшысы, майор Дастан Байдәулетовпен аз-кем әңгімелескен едік.
– Дастан Әмірханұлы, жаңа қызметке келгеніңізге де көп бола қойған жоқ. Көпшілік білетіндей, әскери қызметкердің еңбек жолы өңірлерге жиі ауысып тұратынымен белгілі. Өзіңіз бен өмір жолыңызды кеңірек таныстырып өтсеңіз...
– Жалпы біз, әскери қызметшілер еңбек жолымыз бір орында шектеліп қалмайды, өңірденөңірге жиі ауысып тұрамыз. Өзімнің өмір жолымды айта кетсем, 1996-1999 жылдары Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Кадет корпусын тәмамдағанмын. Содан кейін 2004 жылға дейін бірнеше әскери бөлімдерде бөлімше сержантынан, рота сержантына дейінгі лауазымында болдым. 2004 жылдан бастап осы уақытқа дейін жергілікті әскери басқару органында қызмет атқарып келемін.

– Қазір көктемгі науқан. Әскерге шақыру жұмыстары қалай жүргізілуде? Ауданға қойылған талаптың нәтижесі қандай?
– Әскерге шақыру жұмысы – жергілікті атқару органдары көмегімен атқарылады. Дәрігер, медициналық жабдықтар, көлік, полиция қызметімен қамтамасыз етілген. Дәрігердің барлығы да – білікті сала маманы. Барлығы өз ісінің шебері. Қазіргі уақытта жергілікті атқару органдарының ұйымдастыруымен көктемгі мерзімді әскери қызметке шақыру жұмысы жалғасын табуда.

– Әскердің жүгі жеңіл емес. Осы орайда аудан жастары қаншалықты әскери қызметте жүр?
– Еліміздің аймақтарында әскери қызметте жүрген қармақшылық сарбаздар баршылық. Қазақстан Республикасы Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің шекара қызметіне де азаматтарымыз аттандырылды. Қыста 16-ға толған жасөспірімдердің әскерге тіркеу жұмысы жүргізілсе, 2 рет – күзгі, көктемгі әскерге шақыру комиссиясы ұйымдастырылады. Негізінен жастарда – салмақ жетіспеушілігі, май табан, жүйке жүйесінің әлсіздігі сияқты ауру түрлері кездеседі. Комиссиядан өтуіне бөлімде барлық жағдай жасалған. Жалпы, Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінде немесе басқа да әскери құралымдарда қызмет ету үшін денсаулық жағдайы талаптарына сәйкес өте алмай қалған азаматтар үшін емделуге 3 айдан 1 жылға дейінгі мерзім беріледі. Емделгеннен кейін аталған азаматтар қайта медициналық тексерістен өтіп, егер жараса әскерге жіберіледі. Өткен жылы мерзімді әскери қызметке шақырылғандар саны – 88 адамды құраса, 2023 жылдың 1 наурызынан бастап бүгінгі күнге дейін шақырылғандар саны – 19 адам.

– Отан алдындағы азаматтық борышын өтеуге жастардың көзқарасы қандай? Әскерге баруға не кедергі?
– Әр бала әрқалай. Бір бөлігі – әскерге баруға қызығып, ниет білдірсе, екінші бөлігі – немқұрайлық танытып жатады. Әскерге құлқы жоқ жастармен учаскелік инспектор етене жұмыс істеуде. Үйіне барып, ата-аналарымен сұқбат жүргізіп, түсініктеме алуда. Жалтарғандардың дені әлеуметтік жағдай мен жұмыссыздықты алға тартады. Бірі – несиесі барын айтса, бірі – ата-анасына қарап отырғанын себеп қылады. Ал енді бірде ата-анасы асырап отырған баласын әскерге жібергісі келмейтінін ашық айтады. Негізі балалардың әскерден жалтаруына басты себеп – жұмыссыздық. Күнкөріс қамымен де сыртта жүргені көп. Одан бөлек жалтарғандардың арасынан жауапкершіліктің жоқтығы да анық байқалады. Бүгінде «әскер» десе ат-тонын ала қашатындар жетерлік. Неге? Жасыратыны жоқ, қазір әлеуметтік желі мен телеарнадан түрлі жаңалықтар бірінен соң бірі тарап жатыр. Ал, ата-ана үшін әскер әлемі осынысымен қорқынышты болып тұр. Егер әскерге барудан жалтарған жағдайда оларды құқық қорғау органдарымен біріге отырып іздестіру жұмыстары жүргізіледі. Алайда, қандай жағдай болмасын әскерге шақырылған уақытта міндетті түрде келуі тиіс. Заң бәріне ортақ. Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексі бойынша азаматтың «мен әскерге бармаймын, азаматтық борышымды өтемеймін» деген арызы түссе, 387-баптың бабына 1-ші, 2-ші тармақтарына сәйкес шара қолданылады. Өз уақытында келмеген жағдайда әкімшілік кодекс бойынша 647, 648, 649-баптарға сәйкес айыппұл салынады.

– Әскерге шақырудан қандай азаматтардың кейінге қалуға мүмкіндігі бар?
Қазақстан Республикасының 2012 жылғы 16 ақпандағы әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы №561 Заңының 35-бабы мынадай себептермен беріледі. Отбасы жағдайы бойынша, денсаулық, оқуды әрі қарай жалғастыру, басқа да себептермен кейінге қалдыра алады. Әйтсе де әр себеп құжаттармен расталу тиіс.

– Қазіргі жастың психологиялық, моральдық деңгейі қандай? Бұл әскерге баруға қаншалықты әсер етеді?
– Жастардың психологиялық-моральдық деңгейі төмен болғандықтан, әскер қатарына баруға кері әсерін тигізіп жатады. Ондай азаматтармен психолог мамандары жұмыс жүргізіп жатыр. – Жасөспірімдерге әскери-патриоттық тәрбие беру бойынша қандай шаралар ұйымдастырылуда? – Ауданда «Жас сарбаз» әскери-патриоттық ұйым ашылды. Төрағасы – Ерсін Шерепетов есімді азамат. Ол қазіргі таңда білім беру органдарында ерлік сабақтарын жүргізуде. Әскери мерзімін өтеп келген азаматтар да білім беру орындарында кездесулер өткізіп жатыр.

– Жастарымызға әскери мамандық иесі атану үшін қандай кеңес берер едіңіз?
– Жастарымызға әскери мамандық иесі атану үшін жоғары әскери білім беретін оқу орындарында әртүрлі мамандықпен білім алуы қажет. Сондайақ мерзімді әскери қызмет өтеген соң, сол әскери бөлімде келісімшартпен қызмет етуге болады. Мерзімді әскери қызмет өткерген соң, Қазақстан Республикасының барлық жоғары оқу орындарына әскери кафедраға грант негізінде білім алуына мүмкіндік бар.
– Уақыт бөліп, әңгімелескеніңізге рақмет!
Сұқбаттасқан Ақнұр САҒЫНТАЙ
10 мамыр 2023 ж. 611 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

№97 (10362)

07 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 791

Сұхбат

Мәдениет

Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.
БАБАДАН ҚАЛҒАН ҰЛЫ ӨНЕР

БАБАДАН ҚАЛҒАН ҰЛЫ ӨНЕР

08 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 836

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031