» » Егер әскерден жалтарса...

Егер әскерден жалтарса...


ЕР БАЛА – ОТБАСЫНЫҢ ТІРЕГІ, ЕЛІНІҢ ҚОРҒАНЫ. МЫҚТЫ ҚОРҒАНЫ БОЛМАҒАН ЕЛДІҢ БОЛАШАҒЫ БҰЛЫҢҒЫР БОЛМАҚ. АЛ НАМЫС ТУЫН ЖЕЛБІРЕТІП, ЕР БАЛАНЫ ОТАНСҮЙГІШТІККЕ БАУЛИТЫН, МЫҚТЫ ЕТЕТІН – ӘСКЕР. БІЗДІҢ ЖАСТАР ОТАН ҚОРҒАУ ІСІНЕ АТҮСТІ ҚАРАП ЖҮРГЕН ЖОҚ ПА? ҚОРҒАНЫС МИНИСТРЛІГІ ҚАНДАЙ ХАБАРЛАМА ТАРАТТЫ?
Қазақстанда көктемгі әскерге шақыру науқаны өтуде. Азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыру 1 наурыздан басталып, 30 маусымға дейін жалғасады. Азаматтарды шақыру пункттеріне медициналық комиссиядан өту үшін шақыруға қатысты барлық рәсімдер заңнамаға сәйкес жүргізіледі. 18-ден 27 жасқа дейінгі әскерге шақыру жасындағы жасөспірімдер шақырту қағазы және sms-хабарламалар жіберу арқылы медициналық комиссиядан өтуге келу қажеттігі туралы мәлімделеді.
– Егер әскерге шақырылушы бірнеше рет хабарлағаннан кейін жинау пунктіне келмесе, онда жергілікті әскери басқару органдарының қызметкерлері полиция қызметкерлерімен бірлесіп жалтарушының тұратын және жұмыс істейтін жеріне барады. Шақыру медициналық комиссияның нәтижелері бойынша шақырылушының мерзімді әскери қызмет өткеруге жарамдылық дәрежесі айқындалады. Егер жас жігіт жарамсыз деп танылса, онда сол күні ол жинау пунктінен үйіне қайтады. Егер әскерге шақырылушы қосымша тексеруді қажет етсе, онда ол медициналық мекемелерге жіберіледі, – делінген Қорғаныс министрлігінің хабарламасында.
Медициналық комиссия тексеруінен сәтті өткен және қызметке жарамды деп танылған әскерге шақырылушылардың әрбірін әкімнің орынбасары төрағалық ететін шақыру комиссиясы дербес қарайды. Осылайша, әскерге шақыру туралы шешім қабылданады.
– Сонымен қатар шақыру бойынша медициналық комиссия мен әскери қызметтен жалтару әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік ретінде қара­латынын естеріңізге саламыз.­ Шақыру қағазы бойынша ме­дициналық тексеруге келмеген жағдайда 5 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. Әскери қызметтен жалтару 1 мың АЕК мөлшерінде айыппұл салуға, не сол мөлшерде түзету жұмыстарына, не 400 сағатқа дейінгі қоғамдық жұмыстарға тартуға, не бір жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге немесе одан айыруға әкеп соғады, – дейді министрлік.
Айта кеткен жөн, қазіргі уақытта елдегі 1 АЕК мөлшері 3063 теңгеге тең. Осылайша, әскери қызметтен жалтарғандарға 3 млн 63 мың теңге айыппұл салынуы мүмкін.
Иә, әр бала әрқалай. Бір бөлігі – әскерге баруға қызығып, ниет білдірсе, екінші бөлігі – ұйқыда. Әскерге құлқы жоқтармен учас­келік инспектор етене жұмыс істеуде. Үйіне барып, ата-аналарымен сұқбат жүргізіп, түсініктеме алады. Жалтарғандардың де­ні әлеуметтік жағдай мен жұмыс­сыздықты алға тартады. Бірі – несиесі барын айтса, бірі – ата-анасына қарап отырғанын себеп қылады. Ал енді бірде ата-анасы асырап отырған баласын әскерге жібергісі келмейтінін ашық айтады. Негізі балалардың әскерден жалтаруына басты себеп – жұмыссыздық. Күнкөріс қамымен де сыртта жүргені көп. Одан бөлек жалтарғандардың арасынан жауапкершіліктің жоқтығы да анық байқалады. Себебі ауруын айтып, не өзге де сылтаумен өтіріктің шырмауында жүр.
– Үлкендер біледі ғой, кезінде жастар үшін әскерге бару бедел болса, бүгінде «армия» десе ат-тонын ала қашатындар жетерлік. Неге? Жасыратыны жоқ, қазір әлеуметтік желі мен телеарнадан түрлі жаңалықтар бірінен соң бірі тарап жатыр. Ал ата-ана үшін әскер әлемі осынысымен қорқынышты болып тұр. Егер әскерге барудан жалтарған жағдайда оларды құқық қорғау органдарымен біріге отырып іздестіру жұмыстары жүргізіледі. Алайда қандай жағдай болмасын әскерге шақырылған уақытта міндетті түрде келуі тиіс. Заң бәріне ортақ. Қазақстан Республикасын қорғау – әрбiр азаматтың қасиеттi парызы әрі мiндетi. Олардың бойындағы патриоттық сезім бесікте жатқаннан-ақ бо­йына сіңуі тиіс. Ананың айтқан әлдиінен бар тәрбиені жиып өскен бала әкенің қатал мінезімен бой түзейді. «Бала ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі». Әрбір отбасындағы тәрбиенің өзіндік маңызы зор. «Ер ел үшін туады, ел үшін өледі» дейді дана қазақ. Қашан да халықтың ұлы болу – әрбір ер азаматтың биік арманы. Әсіресе, Отан алдындағы борышын өтеп, әскер қатарына қосылу – нағыз азаматтықтың белгісі. Қайсарлықтың көрінісі. Мұны жүрегі қазақ деп соққан әрбір жастың түсінері хақ. Әскери тәртіпті көзбен көріп, тіршілігін түйген жігіт біршама есейеді, сабырлылық пен төзімділікті бойға жияды. Бойында қазақтың қаны тулаған, жүрегінің түгі бар жігіт «әскер» деген жауапкершіліктен жалтармайды. Ал қоғам жастарды әскерден жалтаруға емес, оған ұмтылуға жұмылдыру жолында тәрбиелеуі тиіс, – дейді аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім­нің бастығы Рүстем Тұрғанов.
Қазір аудан бойынша әскерге аттану маусымы қарқынды жүруде. Мәселен, азаматтар ҚР ҰҚК шекара қызметіне аттанса, бүгінде Қарулы Күштер қатарына аттандыру мамыр айының соңына дейін жалғасады.
Айнұр ӘЛИ
19 сәуір 2022 ж. 654 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 053

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031