» » » «Жыр тыңдап өскен баланың болмысы бөлек болады»

«Жыр тыңдап өскен баланың болмысы бөлек болады»

qarmaqshy-tany.kz Қазақ руханиятының шоқтығы биік саласының бірі – жыраулық өнер. Ханнан бастап қарашаға дейін бас иген ұлы жыраулар халық тарихының мәңгілік жыр-шежіресін жасап кетті. Алаштың өр рухы мен болмыс-бітімін бедерлей таңбалап, ешқашан ескірмес үлгі қалдырды. Отаншылдық сарын тұнып тұрған қайраткер жыраулар поэзиясы – туған ел мен жерге адалдық, ар-намыс пен адамдық қадір-қасиеттің туын биікке көтерген асыл мұрамыз, баға жетпес рухани қазынамыз. Тарихтың теперішін көп көрсе де осынау бірегей тарихи-мәдени құбылыс ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келеді. Әлем мәдениетінде теңдесі жоқ бұл өнердің бір тармағы – Сыр сүлейлерінің мектебі. Осы ретте бабадан қалған асыл өнеріміздің бүгінгі жай-күйін білмекке аудандық К.Рүстембеков атындағы Жыраулар үйінің директоры, белгілі жыршы Айгерім Ешбаевамен тілдескен едік.
– Айгерім Бостанқызы, халқымыздың жыраулық дәстүрінің тарихы тым тереңде жатыр. Ал жыраулардың орны қашанда төр, шоқтығы биік болған. Бүгінде бұл дәстүрдің хал-ахуалы қалай?
– Әрине, жыраулық өнерді сонау Қорқыт атадан басталған деп айтамыз. Одан бермен қарай Ақтамберді, Шалкиіз жыраулар, дәстүрлі өнерді жалғаушы Жиенбай жыраудың өкілдері болып жалғаса береді.
Жалпы Қармақшы жері «Жиенбай жыраудың мектебі» болып саналады. Бұл дәстүрді бүгінгі жалғаушылар өте жақсы дәрежеде алып келеді деп айта аламын. Жыраулық дәстүрдің қазіргі жағдайы өте басқаша. Оған себеп – қазір бұл өнер иелеріне жан-жақтан келіп, үлкен-үлкен телевизиялық түсірілімдерге шақыртулар келуде. Мәселен, Қазақстан ұлттық телеарнасындағы «Күміс көмей» бағдарламасына жыл сайын қатысып жүрміз. Сонымен қатар былтыр облыс әкімі тек жырауларды жеке қабылдап, «Құрмет» ордені мен «Құрмет» грамотасымен марапаттады. Жыраулық дәстүрге деген осындай оң көзқарастың қалыптасып келе жатқаны бізді қуантады. Жан-жақты қолдаудың, демеушілердің арқасында жыраулық өнерді жалғайтын үйірмелер көптеп ашылуда. Қазір аудандағы Жыраулар үйінде «Базар жырау», «Көшеней жырау», «Рүстембек жырау», «Тасберген жырау», «Жиенбай жырау» үйірмелері жұмыс істейді.
– Өзіңіз өнердің бұл саласына қалай келдіңіз? Жыраулық өнер не себепті жаныңызға жақын?
– Мен жыраулық өнерге, дәстүрге бала күнімнен құмарта бастадым. Үйде әкем кішкентай кезімізден шертпе күйлер тартып отыратын. Терменің мақамында «Ән бастау», «Ән шақыру» деген бар. Соларды үнемі домбыраға салып шертіп отырушы еді. Осыдан бала күнімізден домбыра үні құлағымызға сіңіп өсті. Одан беріректе Айнұр есімді 5 жас үлкен әпкем болды. Жыраулық өнерде Бидас Рүстембековтен тәлім алып, жоғары оқу орнында осы сала бойынша тәмамдады. Алдымдағы осы әпкемді де тыңдап өстік. Менің жыраулық өнерге келуіме ең бірінші отбасым себеп болды десем артық айтқаным емес. Үйден көрген тәлім өмір жолымның өнермен біте қайнасуыма әсер етті. Мектеп қабырғасында оқып жүргенімде Бидас Рүстембековтен 5 жыл жыраулық класты бітіріп, тәлім алып, жыр-термелер үйрендім. Ағай бізді жыраулық өнерге баулып қана қоймай, облыстық, республикалық деңгейдегі жыр фестивальдеріне қатыстырды. Жас болсам да осы кездердегі жетістіктерім де жетерлік. Мұның барлығы – ұстазымның ұлттық өнерді бойыма дарыта білгенінің арқасы. Жыраулық өнердің маған жақын болу себебі – бірінші отбасымдағы құлаққа сіңген таныс үндер болса, екіншіден ұстазымның біліктілігі. Жыраулық өнерде айтылатын өсиет нақыл сөздерді, дастанды, жырды мақамға салып орындау – бұл бір керемет дүние.
– Жыраулық өнердің ұрпақ тәрбиесінде атқарар рөлі қаншалық?
– Өте зор деп айтар едім. Жырды, термені жаттап, тыңдап өскен бала тәрбиені де, тәлімді де бойына сіңіріп өседі. Мұнда өлең мақам-сазға салынып айтқаннан кейін, бала бойына қонымды, санасына сіңімді болады. Жыраулық өнерді ұстанып өскен бала өзінің тәрбиесін де, алдағы болашағын да жақсы жолға бағыттайды. Жыр тыңдап өскен баланың жаманы болмайды. Себебі жыр-терме тұнып тұрған нақыл, іші ақылға толы құнды қазына.
– Жыраулық өнер ел арасында қалай насихатталып жүр? Бұл өнерді одан әрі дәріптеу үшін тағы не істеу керек деп ойлайсыз?
– Жыраулық өнер ел арасында орындаушылары арқылы кеңінен насихатталып жүр. Жыраулардың мерейтойларында олардың төл шығармаларын тыңдарманға ұсыну арқылы жыраулық дәстүр ұмыт қалып жатқан жоқ. Осы ретте «Рухани жаңғыру» бағдарламасына да тоқталып кеткім келеді. Себебі осы бағдарлама аясында көптеген іс-шаралар, мерейтойлар өткізіліп, жыраулық өнер халыққа кеңінен насихатталды. Жыраулар көптеген жерге шақыртулар алып, телевизиялық түсірілімдерге түсті. Жырды сағынған, өсиетті аңсаған көптің тілегі орын- далып, ел жырға қанықты. Ал тыңдарманды, бүгінгі ұрпақты қызықтыру үшін мерейтойлар, жырға қатысты іс-шаралар көп өткізілуі керек. Жыраулық үйірмелер барлық жерде ашылып, мектеп бағдарламасына енгізілсе деймін. Оқушылардың жыраулар шығармашылығымен сусындап, жыраулық өнер білім бағдарламасымен бірге бойласа нұр үстіне нұр болар еді.
– Бүгінгі балалардың жыр өнеріне қызығушылығы қандай?
– Қазіргі балалар біздің үйірмелерге жоғары қызығушылықпен қатысады. Осында тәлім ала жүріп түрлі жарыс, конкурс, фестивальдерге барады. Ондағы көрген-білгендерін құрбы-құрдастарына айтады. Мұны естіген өзге балалар үйірмеге қатысуға ынта білдіреді. Осылайша жырға құмар балалардың саны артуда. Мұнан бөлек, «балам осы жыраулық өнердің жолына түссе екен, өзінің өнерге бейімі бар» деп қолынан жетектеп, бізге өзі әкелетін ата-аналар да бар. Ұлттық өнердің құнын түсінетін осындай ата-аналар мен балалардың қатарының көбейіп келе жатқаны бізді де қуантады. Себебі бұл өнер ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқанда ғана өміршең болады.
– «Шәкіртсіз ұстаз тұл» дейді. Шәкірт тәрбиелеу ісінде қандай жетістіктерге жетіп жүрсіздер?
– Өзім Бидас Рүстембековтен тәлім алғанымды жоғарыда атап өттім. Ал қазір мен де ұстазбын. Тәлімгерімнен алған дүниемді өз шәкірттерімнің бойына сіңірудемін. Айдана Амантай есімді оқушыммен былтыр ғана «Ұлы дала елі» атты республикалық жыраулар фестиваліне қатысып, Б.Сағынтаевтың дипломымен марапатталдық. Біздің үйірмелерден тәлім алған оқушыларымыздың әрі қарай жыраулық өнерді таңдап, жоғары біліммен жалғап жатса соның өзі біз үшін үлкен жетістік. Мәселен, Малика Алдамжарова есімді шәкіртіміз осында 5 жыл тәлім алып, одан соң Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің «Дәстүрлі ән-жыр» факультетін бітіріп, бүгінде Түркияда осы сала бойынша білімін жетілдіруде. Сондай-ақ Шұғыла Мархабатова да қазіргі таңда Т.Жүргенов атындағы колледжде «Дәстүрлі жыраулық өнер» мамандығы бойынша білім алуда. Үйірмеден үйреніп, оны өмір жолымен жалғап, шәкірттеріміздің жыраулық жолды таңдауы – біздің ең үлкен жетістігіміз. Қазан айындағы Республика күні мерекесіне орай дайындаған облыстық концертте біздің 13 шәкіртіміз сахна төрінен көрінді. Балалардың сахналық киіміне аудан әкімдігі қолдау білдірсе, облыстық концерттің бағдарламасына жыр-терменің қосылғаны, шәкірттеріміздің өнер көрсеткені біздің мерейімізді асырды.
– Өзіңіз басқарып отырған Жыраулар үйінің алға қойған жоспарларымен бөліссеңіз? Нендей жаңалықтарыңыз бар?
– Биылғы жаңалығымыз – Жыраулар үйі жас мамандармен толықты. Мақтан тұтар шәкірттеріміздің бірі Әлішер Мырзағалиев Қазақ ұлттық консерваториясынан білім алып, өзі тәлім алған жерге ұстаз болып келді. Қазір Алдашбай ахун ауылында үйірме жұмысын жүргізуде. Одан бөлек, Ақсұңқар Бүркітбай есімді шәкіртіміз, бүгінгі әріптесіміз Жаңақала ауылында жыраулық өнерді үйретуде. Сондай-ақ облысқа танымал айтыскер Сырым Әділбеков жыраулар үйінде орынбасар қызметін атқарады, әрі балаларды айтыс өнеріне тәрбиелеуде. Былтыр Көшеней Рүстембековтің 75 жылдығына орай облыстық жыршылар фестивалін өткіздік. Оған атақты Ұлжан Байбосыновадан бастап қатысты. Көшеней жыраудың өмірі мен шығармашылығын дәріптеу мақсатында биыл тағы да жоспарға қойдық. Жақында «Мен едім көкке бойлай жанған жалын» тақырыбында үйірме балалары арасында фестиваль өткіздік. Ол күй, айтыс, жыр жанрларында болды. Алдағы уақытта 30 жасқа дейінгі жас жыршы-термешілердің байқауын ұйымдастырудамыз. Мұндай іс-шараларды жыл сайын дәстүрлі түрде өткізуді мақсат етіп отырмыз. Жыраулар үйінде іс-шаралар облыстық, республикалық деңгейде өткізілуде. Келесі жылы Тұрымбет Салқынбайұлының 155 жылдығы, Омар Шораяқұлының 145 жылдығы, Молдахмет Дабылұлының 130 жылдығы тойланады. Осыған орай кең көлемдегі іс-шараларды жоспарлаудамыз. Қолдаушы табылса, біз бұл өнерді өміршең, ғұмырлы етуге қашанда дайынбыз. Себебі бұл жыраулық өнер – ұлтымызды өзгеден ерекше ететін ұлттық кодымыз. Әрі ұрпақ бойына тәлімді тәрбие берер мықты құрал. Сондықтан бұл өнер ел жадында үнемі жаңғырып отыруы тиіс. Ал біз бұл жолда тынымсыз еңбегімізді мейлінше жалғастыра береміз.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұқбаттасқан Ардақ СҮЛЕЙМЕНОВА
28 қараша 2022 ж. 848 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 020

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031