Жыр жұмағына бөленген – Бидас жырау
Қазақта еңсесі биік, рухани жаңғыруы мәңгі өшпейтін бір сала болса ол – жыраулық өнер. Тарихтың соқпағын көп көрсе де осынау ұлттық мәдени құбылыс ұрпақтан-ұрпаққа жалғасуда. Кезінде ханнан бастап бас иген ұлы жыраулар ел тарихының мәңгі өшпес жыр-шежіресін жасап кетті. Бүгінде бұл өнердің бір тармағы – Сыр өңірінде тамыр жайған. Міне, осы дәстүрлі жыраулық өнерді жалғастырушы, дәрпі алты Алаш пен төрткүл дүние төріне тараған Сыр сүлейлерінің мұрагері, әйгілі Жиенбай жырау мен даланың соңғы жырауы атанған Рүстембектің артында қалған алтын тұяғы, ағасы Көшенейдің ізбасары, жырау ұстаз – Бидас Рүстембекұлы 70 жаста.
Осыған орай аудан орталығындағы Жыраулар үйінде республикалық, халықаралық жыраулар мен жыршы байқауының жеңімпазы, дәстүрлі жыраулық өнерінің майталман шебері, «Мәдениет саласының үздігі» мен «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, Қармақшы ауданының құрметті азаматы белгілі жырау, ұстаз Бидас Рүстембекұлының 70 жылдық мерейтойына арналған шығармашылық кеш өтті.
Тағылымды шарада жыраулық өлкенің өрені, жыршы Әділхан Қуаңбаев кештің шымылдығын ашып, өзінің арнауын тарту етті. Мұнан соң аудан әкімі Мұса Қалдарбеков мерейтой иесіне ізгі лебізін білдіріп, құттықтауын жеткізді.
«Сан ғасырдан бері ата-бабамыздан мұра болып қалған жыраулық өнердің алтын жібін жалғап, келешек ұрпаққа аманат етуде қосқан үлесіңіз өлшеусіз. Сөз қадірін ұғынған сіздей ардақты азаматты қашанда Қармақшы халқы мақтан тұтады. Бүгінгі мерейлі мерейтойыңызбен шын жүректен құттықтаймын!» деген аудан әкімі, жыраулық өнерді құрметтеп, оны жаңғыртуда кейінгі ұрпақтың санасына сіңіре білген Бидас Рүстембекұлының еңбегін ерекше атап өтіп, дәстүрге сай иығына шапан жауып, құрмет көрсетті.
Құттықтауды одан әрі жалғастырған «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ләйлә Төрешова партия төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің құттықтау лебізін жеткізді. Сонымен бірге Қызылорда облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Нұршат Наурызбаева аймақ басшысының Құрмет грамотасын және басқарма басшысының құттықтауын табыстады.
Жыраумен жүздесуде ҚР-ның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, композитор, ақын-жырау Алмас Алматов «Ер Едіге» дастаны жырының аудио нұсқасын сыйға тартты. Қазақстанға танымал жыршы, филология ғылымдарының кандидаты, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері, Францияның Өнер және әбедиеті орденінің кавалері, Өзбекстанда өткен «Бахшы» өнер фестивалінің бас жүлде иегері, ұстаз Ұлжан Байбосынова мәдениет майталманы Бидас Рүстембекұлына құрмет грамоталарын табыстап, сый-сияпат көрсетті. Сонымен қатар М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғалымдарының арнайы дайындаған «Қазақ әдебиетінің тарихының» 10 томдық шығармаларын табыстады.
Мерейлі кешті жүргізуді қолға алған Ұлжан Мәлікайдарқызы концерттік бағдарламаны одан әрі жалғастырып, Сыр өңірінің жыршыларына кезек берді. Сахна төріне Арал өңіріндегі Нұртуған жыр мектебінің өкілі, ақын жырау Айбек Тәңірбергенов, республикаға танымал жыршы жыраулар Серік Жақсығұлов, Бейсенбек Төлеубаев көрерменге жырдан шашу шашса, мерейтой иесінің төл шәкірттері республикаға танымал жыршы Айгерім Ешбаева, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері Күнсұлу Түрікпен, Құрманғазы атындағы ҚҰУ-нің дарынды шәкірті Тоғжан Бақытова, Малика Алдамжарова ұстазға арнауларын жеткізді.
Ерсін СӘДУҰЛЫ